Сәкен сынды ұл қайда?
Большевиктер заманы орнаған 1917 жылдан бергі жерде де, қазақтың өз атына өзі ие бола алмай жүргеніне Сәкен сынды ұлтшыл қазақтың қаны қайнамай тұрмас еді. Ол қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтерілу қамын ойлап, күрделі мәселелерді көтере бастайды. Ол өз ұлтының арғы-бергі тарихына көз сала отырып, содан үлгі алар, өнеге тұтар тұлғалардың іс-әрекетін қастерлей қарастыра бастайды. Бір мысал… Тілдің мәртебесін көтеру үшін, тіл патшалығының алтын тағында отырған Ахметті төрелеп, Орынбор қаласында 1923 жылдың қаңтар айында 50 жылдығын өткізуі қазақ мәдениетінің тарихындағы ірі оқиға…
… Сәкен «Тағы да Ахмет туралы Ә.Айтиевке жауап» деген мақаласын өзі редакторы болып отырған «Еңбекші қазақ» газетінде жариялайды.
Ахаңды алға сала отырып, Сәкен қазақ тілін кеңсеге, яғни мемлекеттік мекемеге енгізбей елде тұтастық болмайтынын, көсегеміздің көгермейтінін айтып тікелей іске кіріседі. Қазақ тілінің беделін көтермей, қазақтың беделі көтерілмейтінін уағыздай бастайды. Сөйтіп 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласын жариялайды. «Қазақстанның еңбекші табы шын қатарға кірісіп, өз тізгінін өзі алсын деген азамат бұл іске жан аямай кірісуі керек» деп елді жігерлендіре түседі.
… Сол жылдың 25 маусымында «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» деген екінші мақаласында ол нақты істер нобайын көрсетіп, қадағалауды қолға алды.
Сөйтіп Сәкен ыждаһаттылығының нәтижесінде 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдады. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болды. Мұның тарихи мәні зор болатын. Қазақ өз алдына ел болып, оның тілінің Үкіметтік деңгейге көтеріліп, хатқа түсуі бұл. Бірақ бұл шараның мәні 60-70 жыл бойы көмескіленіп, есепке алынбай келгені өкінішті.
Жалпы Сәкен Тіл мүддесін қозғайтын 9 мақала жазған екен. «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге: «біреу ұлтшыл деп атайды…» деп бой тартады. Бірақ бұл – қулық, бұл – коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» дер, бірақ одан қымсынбай, айылын жинамай іске кірісе беру керектігін» қадап, қазып айтады.
Шіркін, біздің қазіргі басшыларымыз мәселені осылайша ұғып, осылайша қадағалап отыратын болсайшы. Жалтақтаса, Кеңестік, шовинистік құрсаудың қысымында отырған Сәкеннің-ақ жалтақтайтын реті бар еді, ал тәуелсіз елге басшылық жасап отырғандар кімге, неге жалтақтайды? Егер мемлекеттік тіл тағдырын қазір дәл Сәкенше қолға алған болсақ, 15 жыл бойы сарсаңға түспес едік-ау деген ой келеді.
Өмірзақ Айтбайұлы,
академик.