Сейіл Боранбайұлы

Сейіл Боранбайұлы 1930 жылы Қазалы ауданының Сағындық ауылында дүниеге келген.

1953 жылы Қызылорда Мемлекеттік институтының тарих факультетін бітірген.

1957-1962 жылдары Қазалы аудандық «Социалистік жол» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактор болып істеген. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы болды. ңғ1963-1982 ж.ж аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы, 1982 жылдан 1990 жылға дейін облыстық «Ленин жолы» газеті бас редакторының І орынбасары, облыстық баспасөз басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

1966 жылы «Ұстаз» атты өлеңдер жинағы, 1970 жылы «Қалытқы» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. 1980 жылы «Жазушы» баспасынан «Табиғатқа тіл бітсе», 1985жылы «Мырза маусым», 1989 жылы «Қайырлы таң», 1999 жылы «Халқым қалай күн көрер?» атты жыр кітаптары жарық көреді.

1959 жылдан бастап Қазақстан Журналистер Одағының, 1986 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

  С.Боранбайұлы- азамат ақын. Оны жеке басының жай күйінен гөрі, бүкіл бұқараның, қараша қауымның көңіл күйі көбірек толғандырады. Оның «Қайғырмауға, қуанбауға мүмкін бе?», «Бақыт пен бақытсыздық», «Қуаныштан қайғым көп», «Шыдам- шөлмек», «Осындай да бастан дәурен өткен-ді» және басқа да өлеңдерінде ақын уақыт тынысын, кезең келбетін терең тебіреніспен жырға қосады.

Ақынның «Отан» атты өлеңінде:

Дүниеге бақыт боп келгем десем,

Ұлы Отан, сол бақытты берген де сен.

Қойыныңда перзентің боп неге тудым,

Мұқалмас семсерің боп сермелмесем?!-

деп тереңнен толғайды. Отан, туған жер, атамекен, өскен орта- оының баршасы ақын жырларының айнымас арқауы сипатты. Осындай жырлардың қатарында «Туған ауылым», «Ескі қыстау», «Жаңа жұрт», «Дала», «Теңіз», «Жер- анамен мұңдасу» өлеңдерін атауға болады.  

С.Боранбайұлы- оптимист ақын. Заман ауысып, заң өзгеріп жатқан кезеңнің қиындықтарын толғай отырып та, ол кемел келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайды.

Ана тілім

Тілім барда қазағым бар,халқым бар,

Дәстүрім бар,

Ата жолы салтым бар.

Кең даладай жиналмаған шалғайы

Аңқау мінез,ашық мінез аңқылдар.

Тілім менің ерлігім де,елдігім,

Кемеңгерлік,

Кемелдігім,кеңдігім.

Тілім менің мөлдірлігім,пәктігім,

Ойлылығым,тереңдігім,теңдігім.

Алғаш рет ана сүтін жұтқам-ды,

Алғаш ретана тілін ұққам-ды

Өз анамды «мама» демей «апа»деп,

Алғаш рет менің тілім шыққан-ды.

Ана тілім ,

Ардақтым,ең асылым,

Санамдағы сарқылмайтын бас ұғым.

Өзәкемді «папа»демей әке деп,

Алғаш рет естілген жас үнім.

Ана тілім,аяулым да ардақтым,

Үмітімді келер күнге жалғаттың

Сен жоқ болсаң қараңғыда қармалап,

Мәңгілікке мәңгүрт болып қалмақпын.

 

Керек бізге ынтымақ

Біз кешпеген тозақ бар ма, от бар ма,

Кеудемізге қадалмаған оқ бар ма.

Тағдырындай тағдыр бар ма қазақтың.

Талай салған жат тақымы көкпарға.

Талай ғасыр бүліндік те қирадық,

Денемізді қылыш шапты қида ғып.

Бірақтағы көне алмадық қорлыққа,

Қас дұшпанның құрсауына сыймадық…

Жүдесек те тіршіліктен тарығып,

Алдымызда жарық сәуле бар үміт.

Бостандығың қолдан шығып кетпесін,

Талай ғасыр күткен шыдап, зарығып.

Сиынсақ та күшімізге сиындық,

Өздігінен жоғалмайды қиындық.

Алға басу үшін жігер, күш керек,

Жетеді енді тілді безеу жиын ғып.

Қолға қонған азаттықтың сұрқын ап,

Әр тарапқа тарту бекер тым- тым- ақ.

Қазір бізге ерлік керек, іс керек,

Қазір бізге керек берік ынтымақ.

 

Заң

Заң болмаса әлсізді әлді таптайды,

Қиянаттың қара бұлты қаптайды.

Нағыз әділ,

Қара қалды қақ жарған

Заң қоғамды азғындаудан сақтайды.

Қай кезде де заң өмірдің айнасы,

Бірге ғана емес,

Мыңға пайдасы.

Шын заң елдің күзетінде тұрғанда,

Аярлықтың жүзеге аспай айласы.

Заң алдында бірдей шенді, шенсіз де,

Мұның жайы елге мәлім менсіз де.

Мейлің білсін,

Байсың ба әлде бисің бе,

Заң ешкімді жібермейді жөнсізге.

Кейде риза болиай қалған тұстары,

Заң жөнінде сөз айтамыз ұшқары.

Бірақ, шын заң жақсылықтың жолдасы,

Ал жамандық атаулының дұшпаны.

Бірақ, сол заң іске аса ма, аспай ма?

Шындық өрге басады ма, баспай ма?

Сонда әңгіме,

Заң қолданар шенділер,

Асылыңды архивке атып тастай ма?

Солар заңды пайдасына бұрмай ма?

Талай- талай айла- шарғы құрмай ма?

Сөйлеген боп ел мен заңның атынан,

Сыртымыздан суық нәрсе ұрмай ма?

Ең алдымен заң бұзатын мықтылар,

Қара халық заң алдында тік тұрар.

Заңсыз елде тәуелсіздік болмайды,

Заңсыздықтың кеселі мол жұқтырар.

 

Атымды келер ұрпақ ұмытпаса

Дауылға мызғымайтын халқым-емен

Жамсаған жапырақпын,

Жалқы да емен.

Бір көктемдік өткінші ғұмырыммен

Мәңгі тірі елімнің даңқына енем.

Мен ешкімнен кем де емен,артық та емен,

Көппен бірге ілгері тартып келем.

Қамшы саптай қып-қысқа тіршілікте,

Берерімді еліме сарқып берем.

Мен ешкіммнен кем де емен,артық емен,

Бірегеймін,

Бүтінмін,

Жарты да емен.

Мәңгі көшер уақыт керуенінде

Алды да емен,

Ұрпақтың арты да емен.

Білемін,өткен күннің оралмасын,

Міндет,жүк жас ұлғайса болар басым.

Жырыммен өмірімді ұзартам деп,

Кешемін күні-түні ой- арнасын.

Тағдырдан кім құтылар құрықтаса,

Адаммын жаным құмартұныққа аса.

Арман не болашаққа жырым жетіп,

Атымды келер ұрпақ ұмытпаса?!

Сенемін ғой,ой күшіне,жыр күшіне,

Бір ғұмыр аз болып па бұл кісіге?

Мәңгі өлмес Өмір атты ғимараттың

Айналып қалсам болды кірпішіңе.

 

Майдангерлер-әулиелер киелі

 

Майдангерлер-әулиелер киелі

Бұл дүниенің болған солар тиегі

Қан майданда қалған жастық күндерін

Есіне алса кемсеңдейді иегі.

 

Жүрген кезін оқ пен оттың ішінде

Жиі-жиі көреді олар түсінде

Солар,сірә,бүгін ғұмыр кешуде

Опат болған жас достары үшін де.

Көкірегіңе жаққан тірлік жарығың,

Жас ұрпақтар,

Білдің бе оның қадірің?

Білмесең-біл,ұқпасаң-ұқ,

Ол-сенің

Бақыт,құтың,

Берген саған нәрі мың

Тамырыңда аққан қаның бүлкілдеп,

Соның қаны,

Жатсынба оны «бұл кім?»деп,

Олар қазір ғұмыр кешіп жүрсе егер,

Сендер үшін жүрген шығар мүмкін тек.

Жастық шағың,жігер-күшің,жан,арың

Солардікі

Білдің бе,оны, қарағым?

Тексіз келген жоқсың мына өмірге,

Ойсыз ашпа күніңнің әр парағын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *