Оттегі – ауаның маңызды құрамдас бөлігі. Адамдар мен жануарлардың өмірі үшін, жану және тотығу процесі үшін өте қажет. Ашық атмосферада оттегі мөлшерінің ауытқуы қатты байқалмайды. Адам ағзасында физиологиялық өзгерістер ауа құрамындағы оттегінің мөлшері 16-17% төмендегенде байқалады, ал оттегінің мөлшері ауа құрамында 11-13% төмендегенде адамда айқын оттегі жетіспеушілігі байқалады. Бұл кезде адамның жұмыс қабілеті күрт төмендейді. Ауа құрамындағы оттегінің мөлшері 7-8% төмендегенде адам оттегі жетіспеушілігінен өліп кетуі мүмкін.
Парциалды қысымның төмендеуі адамдар мен жануарларда оттегі жетіспеушілігін тудырады ( қанның оттегімен қанығуы төмендейді). Оттегінің жетіспеушілігі, оттегінің парциалдық қысымының төмендеуінен пайда болады, мысалы, ондай өзгеріс адам самолетте ұшқан кезде байқалады, оны «биіктік ауруы» деп те атайды. Бұл мәселені оттекті приборлар, скафандрлар және самолет кабиналарына ауаны компрессорлардан өткізіп беру арқылы шешуге болады.
Мұндай өзгеріс адам тауға көтерілгенде де байқалуы мүмкін. 3000 метр биіктікке көтерілгеннің өзінде –ақ адамда « тау ауыруы» пайда болуы мүмкін. Бұл кезде ағзада, ұлпаларда тотығу процесі бұзылады, адам өзін нашар сезінеді, тыныс алуы жиілейді. Тау ауруының алдын алу үшін адам өзін — өзі шынықтырып, акклиматизацияға үйрету керек. Үнемі тауға шығып, шынығып жүрген адамдар және үнемі тауда тұратын адамдар оттегінің жетіспеушілігін сезінбейді.
Оттегінің аз концентрациясы жабық бөлмелерде көп адам болған кезде байқалады. Мысалы, су асты кемелерінде апат болған жағдайда, шахталарда, қолданылмайтын құдықтарда оттегін басқа газдар ығыстырып шығаруы мүмкін.
Медиктерді оттегінің жоғары концентрациясының адам ағзасына әсерінің ерекшелігі қызықтырады. Медицинада тыныс алатын ауаны оттегімен байыту (40-60% -ға дейін ), оттегі жетіспеушілігін емдеген кезде қолданылады. Барокамерада қысым 3 атм. болады, мұндай кезде гипоксия жағдайындағы ұлпалардың оттегімен қамтамасыз етілуі жақсарады, олардың жұмысы тұрақталады. Медицинада емдеудің бұл түрін «гипербариялық оксигенация» деп атайды. Бұл әдіс хирургияда және жедел терапияда, мысалы, адам көміртегінің монооксидімен уланғанда қолданылады.