Мұсадан хат келді

Бейімбет Майлин

Мұсадан хат келді

Мұса – орысша оқыған жігіт. Өзгерістен бері қызметке кірмей елде жүрсе де, губернелік қазақ кемесиесі шақыртып алып, жұмысқа қосқан. Мұса губернеде қызметте.
Мұсаның үйі, елі екі-үш айдан бері көрмей, Мұсаны сағынып жүрген. Бір күні Мұсадан хат келді.
— Мұсадан хат келді! – деп балалар жүгіріп жүріп, бүкіл ауылды хабарландырып болды. «Қадірлі баланың» хатын оқып, хабарын білгелі кемпір-шалдар бүкшеңдеп, қатын-балаға шейін қалмай жиылды.
Хат қазақша жазылған. Мұсаның әкесі Байғабыл хат танитындығы бар, хатты оқи бастады. Хаттың сөзі мынау: «Ассалаумағалейкум, әке! Әжеме сәлем! Ауыл, көршіге де дұғай-дұғай сәлем дерсіз! Ең басында айтар сөзіміз үшбу дүр: қызметке кірдім. Айлық жалуыниам 90 сом. Күніне 8 сағат занимайтса етем. Қаланың бір удобны жерінен – тсентрден куәртир алдым».
Байғабыл отағасы соңғы сөздерге түсіне алмай, азырақ мүдірді. Жанындағы қатыны төніңкіреп:
— Бапасы-ау, немене қылдым деп айтады дейсің? – деп қарай қалды. Байғабыл тағы оқуға кірісті: «Риуәлиутсиеден бері күләткісі елементтер жабысумен келеді уылысқа. На дынах басталады переуибұр. Сондықтан бұл переуибұрда күләтскі елементтер местіні уылыстан керек қуылуы». Байғабыл хаттың осы жеріне шейін сүрініп-қабынып зорға жетті. Не дегеніне оқушы Байғабыл да, тыңдаушы жұрт та түсіне алмады.
— Мұсажан «денім сау» деп пе? – деп бір кемпірлеу әйел Мұсаның шешесіне қарады. Байғабыл басын қасыды.
— Күнде өзгеріп жатқан заман ғой, балалар заманның ағымына түсіп, тіл тауып алғанын көрмейсің бе? Біз шалдар жастардың жаңа тіліне қайдан түсіне алайық, — деп Байғабыл отағасы күрсінді.
— Жаңа тілімен бізге жазбай-ақ қойса қайтеді екен, бізге осы қазақтың ескі тілі-ақ түсінікті, — деді отағасы.
Мұсаның хаты сағатында бүкіл ауылды ойпаң-тойпаң қылды.
— Мұсадан хат келді.
— Аман ба екен?
— Аман көрінеді. Хатына түсінген жан жоқ, жаңа тіл тауып алыпты.
— Жаңа тіл? Қазақ тілін қайтеміз?

«Ауыл»,
1924 ж. 18 қазан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *