Молдахмет Қаназ

Молдахмет Қаназ 1942 жылы 23 ақпанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл стансасында дүниеге келген. 1963 жылы Шымкент педагогика институтының филология факультетін тамамдаған. 1963–1968 жылдары Қызылорда облысы, Қазалы ауданында мұғалім, аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1978–1985 жылдары «Жалын» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, 1985–1992 жылдары шығармашылық жұмыста, 1992 жылдан «Денсаулық» журналында бөлім меңгерушісі, 1993 жылдан осы журналдың бас редакторы. «Чика – Дабылдың баласы», «Жер кіндігі» повестері жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлде алған.«Сонар» (1973), «Жер кіндігі» (1975), «Арна» (1978), «Ақ тайлағым-ай» (1980), «Свет далекого солнца» (1982), «Құм қойнау» (1984), Старая зимовка» (1985), «Армандай алыс жағалау» (1988), «Экспресс из полынной степи» (1989), «Жаңбырлы жаз» (1991), «Чика – сын Дабыла» (1991), «Қияндағы күн нұры» (1993), «Жанқожа» (2001) атты кітаптары жарық көрді. «Ел қорғаны ер Жәкем» (2007) (С.Қалуовпен бірге) атты жинақ құрастырып шығарды.«Қияндағы күн нұры» повесі грузин тіліне аударылды. В.Карповтың «Тірілей ұсталсын» романын, болгар жазушысы Е.Пелиннің бірсыпыра әңгімелерін, И.Мелеевтің «Шатырұстар мырза» повесін, орыс жазушысы В.Распутиннің әңгімелерін тәржімалады.«Жанқожа» атты үш актілі тарихи драма, бірнеше танымдық проблемалық зерттеу мақалалар жазды.Толығырақ: http://alashainasy.kz/omir/moldahmet-kanaz—49395/

ЧИКА – ДАБЫЛДЫҢ БАЛАСЫ

Повесть

Чика немістің баласы болуы тиіс

   Мен білсем, Чика немістің баласы болуы тиіс. Шамасы, үлкендер бізден жасырып жүр. Күмәнданатын себебім де бар.

   Кеше кешкілік ауылдың әйелдері түп-түгел: «Тәнзиланың үйіне шілдеханаға барамыз», — деп, сонда жиналған. Тәнзила шеңшем туған жоқ, қаладан бала әкелді. Апам маған: «Не бар саған! Ерме ізіме! – деп зекіп тастап кетті. Өздері майға қуырған бидай жеп, шай ішіп, беттері қызырып қайтты. Ертеңгісін апамның көрші шеңшеме таңдайын қағып; «Тәнзиланың баласы мұсылманға, шырағым-ау, тіпті ұқсамайды», — деп сыбырлағанын құлағым шалып қалды да, дереу есіктің аузындағы езуі кеткен көне кебісті жалаң аяғыма іле сала, сол үйге тарттым. Қасқалдақтың жұмыртқасындай сепкіл-сепкіл сары бала қақ төрде отыр екен. Көзі тұздай. Қыр мұрынды. Қыл мойын. Доппен періп қалса, басы үзіліп түсері сөзсіз. Айнымаған суреттегі неміс. Кірген бойда маған тесіліп қарай қалды. Ақботаға тездетіп айта қояйын деп бұрылып алдым да, шыға жөнелдім.

    Ақботаны ертіп әкелсем, басқа балдар да естіп, жиналып қалған екен. Ішінде Жұмажан да бар.  Қораның күн шуағында топталып тұрып Тәнзиланың қаладан әкелген баласын әңгімелей бастадық. Мен айттым: «Өзі сап-сары. Менен де сары. Мойны қылдай-ау, қылдай». Қисық: «Кеше мен әкеле жатқанда көрдім. Басында генералский шәпкесі бар», — деді. Сөйтіп тұрғанда баланың өзі де көрінді.

Әнекей, шықты, — деп, Ақбота мені түртті.
Идом,идом, — деді Жұмажан. Ішіміздегі күштіміз – осы.

Арғы ауылдағы станцияның балаларына барып жүреді. Орысшаға содай жүйрік. – Не баяться … мы кушайт не будум.

    Анау жақындай түсті. Айтқандай-ақ, басында қызыл жұлдыз таққан су жаңа пилоткасы, белінде жалтыраған сары доғалы былғары белбеуі бар.

Пошемнан? – деді Жұмажан, пилоткасын нұсқап. Басқамыз тым-тырыс.
Не… Не…
Мо… Мо… – деп, Жұмажан бірден-ақ, оны мазақтады. – Немене, бұзаусың ба? Ал, мо… мо…
Не продаю.
Пырдаешь… Айттым ғой саған, пырдаешь. Бір сом.
Не ори! Не буду продавать…

Бөтен бала екі қолын қалтасына салды.

Мынау – неміс қой. Ысқыртып жіберу керек өзін. Бұл – фашист. Советский емес,

шистай фашист. Перед, фашиске! Перед! – деп, Жұмажанға тұра ұмтылды. Мен жүгіріп барып аяғының астына жата қалдым. Жұмажан итеріп жіберіп еді, анау шалқасынан түсті. Сосын жүгіріп барып төмпештей жөнелді. Қисық кеудесіне мініп алды. Мен бар пәрменіммен бөксесіне теуіп жібердім. «Мә, пәшес! Мә, пәшес!».

    Үйден айқайлап Тәнзила шыға келді де, тұс-тұсқа тым-тырақай қашып кеттік.

    Тәнзила алдымен көршілес біздің үйге келіп, апама шағынатыны сөзсіз. Апам ұмытыңқырып, ашуын басқанша, кідіре тұруым керек. Қораның түкпіріндегі шөптің қуысына бұқпалап барып еніп кеттім. Шөп үстінде жатып, былтыр соғыста өлген әкемді ойладым.  Апамның: «Дегеніне жетпегір, фашис! Қарғысқа ұшырағыр. Ұл-қызының рақатын көрмегір, фашис! Уа, жалғызынан жабысқыр, фашис!» — деп,  бетін жыртып жылағаны көз алдыма келді. «Неге ауылға фашисті алып келді осы?».

                                               Біз көрші тұрамыз

     Біз әлдеқананнан көрші тұрамыз. Сонан болу керек, Тәнзила Дабылдан хат келсе болды, алдымен маған оқытады,  маған жаздырып та алады.

     Кешкілік үйге Тәнзила кіріп келді. Бағанағы төбелесті айтпасы болар еді деп, бойым мұздап кетті.

Сарбала, көкеңе хат жазып бер. Елді сағынған шығар. Хабарын білсін, — деді

жайраңдап. Сонда барып көңілім орнына түсті. Қағаз-қарындашымды алып, жазуға кірістім. Өзі айтып отырды:

    «Алтыннан ардықты, күмістен салмақты отағасымызға ел-халықтан, жолдасыңыз Тәнзиладан үшбу хат».

     Ылғи осылай басталады. Мұны айтпастан бұрын-ақ жазып қойдым. Алғаш «үш бу хат» деп жазып шүруші ем, кейін «үшбу» деп ежіктеп айтқан соң, дұрыс жазатын болдым, бірақ оның мағынасын әлі түсінбеймін.

     «Өзіңе аллам қамқор, батыр атамның аруағы жар болып, аман жүрсең болар. Сүйінші, отағасы! Сүйінші. Балалы болдың. Ер бала. Аманатың орындалды. Қазір шаңырағында екі адам бірдей өзіңді зарыға күтіп отырмыз. Қуана бер. Дитдомға барып алдым. Жасы он бірде. Төртінші класс оқиды. Қазақшаға судай. Бір ойым қазақ алу еді, ойлана-ойлана, оны қойдым. Қазақтың «пішу-пішуі»таусыла ма? Ертең біреу: «Бұл баланың егасы мен едім», — деп шыға келсе, жерсоқты болып қалармыз. Қара қойыңды осы шаруаға расхоттадым. Шолақ қайнағаға айтып, дүкәментін алдырдым. Пәмилесі – Дабылов, аты – Бақытжан. Алла қабыл етіп, бақытты болар ма екен деп, солай жаздырдым. Дитдомда Тәңірәлі жиеннің қызы да, қыли атамның құдасы бар еді ғой, соның баласы да жүр. Қайтсін енді бейшаралар. Үкімет өлтірмейді, әйтеуір, бағып жатыр. Әкең соғыстан аман келеді деп балаңды күнде қуантып отырмын. Тілегіміз қабыл болып, аман-есен елге келгей, ылайым.

     Сылқым келіннің үш ешкісын, Сәдудің тайыншасын пойыз басып кетті. Төребала хат жазып, осы айдың он бесіне пойызбен өтем депті. Сонан қолғап-шұлығыңды, өзің кеткелі жинаған майымды беріп жіберермін.

     Хатты жиі жаз.

     Хатты жазушы – жолдасың Тәнзила деп білерсің. 1943 жыл, 7 апрель.

     Жан қалтасынан Дабылдан әлдеқашан келег үш бұрышты хатты алды да, бүктеуін жазып, алдыма қойды. Мен хаттың бетін жалап жіберіп, сия қаламды батырып адресін жаздым.

 

                                        Өшетілге бардым

      Ертеңіне өшетілге арнайы бардым. Ол бәрін білді. Өшетіл – мектепке былтыр келген, орыс тілінен беретін ағай. Күнделікке Сердалы Ахантаевич Ахантаев деп жазамыз. Былайынша жұрттың бәрі «өшетіл» дейді. Сосын біз де мектепте солай атаймыз. Ашуланбайды. Ауылға клубқа адамдарды жинап адып баяндама оқитын – жалғыз сол. Басқалардай емес, қағазға қарамай сөйлейді. Жұрт: «Сабаз-ай, қандай білгір. Мұғалімдердің ішіндегі ең күштісі – өшетіл. Бұл ма, бұл мүлде ауылнайдан да күшті», — деп, аң-таң қалады. Ол мені орындыққа отырғызып, жайыменен түсіндіріп берді.

      — Неміс дегеннің бәрі фашист емес. Ол басқа. Фашист деген – бөтен бір елдің жерін, суын тартып алып, халқын құлдықта ұстаймыз, тек өз мұқтажымызғы жұмыс істеткіземіз, қинаймыз, жер байлығы мен мал-мүлкін талан-таражға саламыз деп ел жаулап жүрген адамдар. Соның ең бастығы Гитлер деген қанішер. Бізбен соғысып жатқан – сол фашист. Неміс халқы соғысты қаламайды, оның ішінен атақты адамдар шыққан.

      Өшетіл: «Немістен пәленше деген ақын, түгенше деген жазушы шыққан, коммунистер болған», — деп, біреулерді айтып еді, аттары қиын екен, ұмытып қалдым. Бірақ немістің фашистен басқа екеніне көзім жетті.

      — Ал Тәнзила жеңшемнің алып келген баласы ше? Неміс қой?!

      Өшетіл шамалы ойланып қалды.

      — Ол фашис те емес, неміс те емес – кәдімгі қазақ. Фамилиясына қарамайсың ба – Дабылов, атына қарамайсың ба – Бақытжан.

       —  Сап-сары ғой. Көзі де көкпеңбек.

       — Айнаға қарасайшы. Сен де сарысың. Сонда сенің де фашист болғаның ба?

       Шошып кеттім. Өшетіл, шынында да, бәрін біледі, ол өтірік айтпайды.

                                      Бақытжан қазақша біледі екен

      Бақытжан қазақша біледі екен. Ертеңгісін ойнауға далаға шыққан кезімде күн шуақта мүйіз пышағымен ағаш жонып отырғанын көрдім де, қасына жақындаңқырап барып, орысшалай жөнелдім.

     — Бақытжан, ты казахский біледский?

     Ол маған қарап шамалы кідіріп отырды да:

      — Білем… ем, — деді жымиып.

      Аң-таң қалдым. Судай қазақша, әрі ашуланбайды. Менің кешегі төбелескенімді кек тұтпаған екен.  Ептеп жақындай түстім. Қаладан келген балалар қу болады. Әдейі алдап отырып, жақын келгенімде тарпа бас сала, ұстатпай қашып кете аламын. Олай етсе, несі бар, тікелей тартып отырып Жұмажанға айтамын. Қумады. Қасынан орын беріп, өзі әрі қарай ығысты.

      — Тачанка жасап отырмын…

     — Ол немене?

     — Чапаев мінетін жеңіл арба ғой. Кідіре тұр аз ғана. Доңғалағы жетпей тұр.

     Ойыма былтыр пештің қуысына тастаған көне машинам түсе қалды да, үйге тұра жүгірдім.

      — Қазір әкелемін.

      Машина майысып қалған, бірақ доңғалақтары аман екен. Бауыржан қуанып қалды.

      — Вот отлично… Мен саған жұлдыз берейін. Аласың ба?

      «Неге алмаймын? Аламын! Жұлдыз алмайтын адам болама?»

      Қалтасынын мыс түйреуішті жұлдыз суырып алып берді. Ортасында орақ пен балғасы бар қызыл жұлдыз. Жарқ-жұрқ еткізіп құлақшынның маңдайына тағып алсаң, балалардың бәрі таң қалары сөзсіз. Жүрегім алып-ұшып қуанып кеттім. «Бақытжан деген фашист емес, бар болғаны неміс екен ғой».

                                               Шарбақтың қарын күреп жатсақ…

       Шарбақтың қарын күреп жатсақ, аузы-мұрнынан буы бұрқырып Қисық келіп тұр. Ентігіп, сөзін де дұрыс айта алмай.

       — Балалар, өшетіл… Қаладан келді жаңа. Мектепке барды. Көзінде әшкиі бар. Пәпкісі…

       — Өшетілдің әшкиі жоқ.

       — Бар.  Көзінде бірдеңе бар. Анандай жерден көрдім.

       Чика күрегін омбы қарға қадай сала, Ақботаның үйіне жүгірді.

       — Ақбота, өшетіл келіпті, өшетіл…

       Ақбота үйден шығы, бізге қарамастан мектепке тартты. «Өшетіл, алақай! Өшетіл!» деп айқайлап барды. Ізінен біз де жүгірдік.

      Класты ашып жіберсек, ешкім жоқ. Мұғалімдердің де бөлмесі бос. Директордың кабинетіне бәріміз лап қойып кіріп бардық. Мұғалімдердің барлығы да сонда отыр екен, бізге үрписіп қалды. Төрде алақандай дөңгелек көзілдірігі бар, сұр гимнастеркалы бөтен кісі кіжініп, даусы қырылдап, жұдырығы түюлі қолын сермей сөйлеп тұр. Мұғалімдеріміздің мойындары салбырып, тым-тырыс тыңдай қалыпты. Қараймыз, өшетіл көрінбейді. Қисықтың көргені мына бір бөтен кісі болғаны ғой. «Балалар, жай келдіңдер ме?» — деді апай. «Өшетіл, өшетіл…» — деп арғы жағын айта алмай Ақбота тұтығып қалды.

      — Қайтыңдар. Үйлеріңе қайта қойыңдар. Бұл сендер араласатын шаруа емес.

     Иықтарымыз салбырып сыртқы қайта шықтық.

     — Қайталап айтамын, совет педагогикасына жат әрекет жасаған, ескіні көксеуші мұғалім арамызда болуы тиіс, жолдастар. Оқушы балаға қол жұмсау деген барып тұрған ескілік, ортағасырлық әдет. Так что… Жолдастар…

     Кешкісін апама өшетіл келген шығар деп мектепке барғанымызды айтып ем: «Жақсына қоя ма бұ қу құдай. Неғып маңдайымызғы сия қойды деп ем, пақыр барынша ақ көңіл еді…» — деп, күрсініп алды.

Сүйінші,Тәнзила! Сүйінші!

-Сүйінші,Тәнзила,Сүйінші! Сүйінші Байың келе жатырәскерден.Байың! жаңа станциядан пойыздан түсті.Міне,шабаданы,-деп,есіктің алдында айқайлап тұр Бостай пошта.

Тақтайдан жасалған екі чемодан бөктерулі.Өзі тұрған аттың өкпесін тепкілей береді.Көзі алақандай болып есі шығып кеткен.

-Уа,шық тездетіп!

Тәнзила жеңешем көйлекшең атып шықты.

-Уа,құдай,шүкір,шүкір… шын айтасың ба,ата?

-Ойбай,аппақ сақалыммен өтірік айтып ,кім қинап тұр мені.Көрмейсің бе міне,жүктерің ? Алдынан шық ,тез!Байың келе жатыр.

Сасқалақтап далақтап қайтадан үйге ұмтылды.

-Бақытжан, А,Бақытжан ! О…О…оу күнім!Әкең келе жатыр,

Үйден Чика да шықты.Екеуі станцияға қарай жүгіре жөнелді.Бостай пошта чемодандарды жерге түсіріп,үйге қарай сүйреледі.Мен де солардың ізіне ердім.Тәнзила жеңешем жолда қалды,Чика маған да жеткізер емес.Сол көйлекшең күйі анадай жерде ұшып барады.Станциядан келетін жолдан Дабыл аға көрінді.Ауылға жақындап қалыпты.үстінде сұр шинелі,басында жұлдызы жарқыраған көк құлақшыны бар ,қалбаңдап оң аяғын едәір сылтып басады.

-Папа!Папа-ау!-деп,Бақытжан мойнына асыла кетті.Дабыл оны жерден көтеріп алып,бауырына басып біраз тұрды да ,жолдың жиегіне отырды,Маңдайынан,бетінен сүйді.

-Айна…а…лайын, Айна…а…лайын!-Көзінен жас парлап тұр.Өзі борша-борша терлеп кеткен.-Айна…ал..лады әкесі.

Мені де танып құшақтап алды.

Тәнзила жеңешем өкпесін әлсін-әлсін ұстап,дода-дода болып ентігіп жетті.

-Шүікр,құдайға шүкір,-деп келіп Дабылға асыла кетті.

Бәріміз де қуаныштан жылап жүрміз.ауылдың адамдары бері қарай шұбырынып келеді.

-Таныдың ба балаңды?

-Таныдым,таныдым.Өзімнен аумайды.Әкесінің төресі ғой.Бақытжаннан айналды әкесі…

Абыр-дабыр шоғырланып ауылға беттедік.

Үйге адамтолды.Дабылды көрген соң Ақбота : «Көкем қа…йда…а,кө..ө…ке…ем»,-деп жылап еді,жұрттың бәрі де көздеріне жас алды.Болмаған соң Ақботаны әжесінің үйіне алып кетті.

Тәнзила қара сиырын сойдырып тастады.Тойға Бекбауылдың адамдарын шақырып келуге Бостай кетті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *