Мектеп қай тілде болуы керек?

Қошке Кемеңгерұлы:

Мектеп қай тілде болуы керек?
(Айтыс ретінде)

Оқудың негізі – ауыл мектебі. Ол мектепті көздеген мақсатқа жеткізу үшін үйі, құралы, сайманы, кітабы, оқытушысы сай болу керек. Қазіргі ауыл мектебінің төрт түлігі сай деп ешкім айта алмайды. Бірі болса, бірі жоқ. Осы күнде ауыл мектептерінде комплекс (жиынды) әдіспен оқыту программаға кіргендіктен мектепте алдымен керегі оқытушы болып отыр. Оқытушы жеткілікті біліммен комплексті қолданса, мектептің басқа кем-кетіктерін толтырады. Балаларға керекті білім береді. Өйткені комплекске керек жаратылыс, шаруашылық жағдайлары ауылдан табылады.
Ал енді ауыл мектептеріндегі оқытушыларды алсақ, комплекс әдісін жүргізе алатындары некен-саяқ. Жазғы даярлау курстерден, педтехникумдерден шығып жатқан оқытушылар қайда? Қой бағып жүр ме? Курстен шыққан толық білімді пысықшылардың көбі түрлі себептермен басқа орындарда қызметтерде жүр. Ең аяғы милиция болып жүр, не ілгері қарай оқып кетеді. Педтехникум бітіргендері «әке» десең де ауыл мектебіне бармайды. Шаһарлы жерлерде қалады.
Сонымен ауыл мектебіндегі оқушылардың көбі басқа қызметтерге қолы жете алмаған, не жарай алмағандар, не шалғайдағылар, не өз шаруасымен байланыстылар. Бұл соңғы реттегі оқытушылар комплекс әдісін жүргізе алмайды. Көрнекті әдіспен оқытуға оқыту аспаптары, кітаптары басқа жағдайлы шарттары болмайды. Екі әдістің бірі болмаған соң, шала білімді оқытушылар бетімен оқыта береді. Балалар тиісті білімді ала алмайды. Осындай дүмбілез біліммен ауыл мектебінен бітіргендер шаһардағы орта мектептердің даярлау бөлімдеріне түседі. Өткен жылға шейін емтихан болған жоқ. Сондықтан әрбір оқытушы біліміне қарамай, ілгері бөлімге кіретін болды. Әуелде білім жеткіліксіз шала жансар болғандықтан, орта мектепте оқу ауыр болады. Жөнді түсінбейді, жыл сайын түсінбеу молая береді. Сондықтан бұл уақытқа шейін орта мектепті бітірді деген қағаз алушылар көп, бірақ толық білім алушылар аз.
Және бұл уақытқа шейін ауыл мектебін де бітірмей, болар болмас даярланумен орта мектептерге түсіп жүргендер де көп. Енді емтихан шығып отыр. Бұдан былай ауыл мектептерін бітіргендерге өріс бұрынғыдан тарылады. Қағазбен ілгерілей беруге болмайды. Бұдан былай ауыл мектебі жоғарыдағы айтылған күйде болғанда ауыл мектебін бітіргендер орта мектепке түскенде ілгері бөлімге түсе алмайды. Ауыл мектебінде соңғы жылда оқылуға тиісті сабақтарды бір жыл қайталап оқиды. Олай болса, ауыл мектебінің соңғы жылына шығарылған шығын желге кеткен шығын деп есептеу керек. Әзір ауыл мектептерінде жеткілікті комплекс әдісін жүргізерлік оқытушыларды таба алмайтын болсақ, ауыл мектебінде оқу екі жылдық болу керек. Осыған қарап орта мектептердің неше жылдық болуын шешу керек. Мұны шешпестен бұрын орта мектептерде оқу қай тілде болу керектігін шешу керек. Кейбір жолдастар орыс тілінде болсын дейді. Ондағы дәлелдері:
1) Қазақ тіліндегі орта мектепті бітіргендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайды.
2) Жеткілікті қазақша оқытушы жоқ.
3) Орта мектепте жеткілікті қазақша кітап жоқ дейді.
Әр дәлелдің салмағын өлшеп көрейік. Бірінші дәлелді бетке ұстайтындар: осы уақытқа шейін жарым-жарты қазақ тілінде болып келген педтехникумдерді, институттерді мысалға алады. Бұларды бітіргендердің орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайтындықтарын көрсетеді.
Бұл уақытқа шейін орта мектептегі қазақ оқытушыларының кемшіліктері: 1) әуелде жеткіліксіз біліммен секірулері; 2) орыс тіліне шалағайлықтары. Бұған себеп орыс тілінің қазақ балаларына орыстарға арналған әдіспен оқытылуы. Сондықтан орыс тілінде оқытылатын басқа пәндерге де қазақ балалары түсінбейтін. Бұл кемшіліктерді жоюға болады. Ең мықты дәлел: жеткілікті оқушы жоқ деген. Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды. Жеткілікті кітап жоқ деген күшті дәлел емес. Бірсыпыра кітап шығып қалды. Орта мектепте қолданылатын лабораторный әдіске қолайлы кітаптарды шығару бір-ақ жылдық жұмыс. Орта мектепте оқу қазақ тілінде болса, алдымен керегі – жаңа түрмен орыс грамматикасын қазақшаға үйлестіру және «Орысша-қазақша толық тілмаш» шығару. Осы күнде орыстарда неміс, ағылшын тілдері қандай әдіспен оқытылса, бізде де орыс тілі сондай әдіспен оқытылу керек. Орыс тілін оқытуды бастамастан бұрын орыс тіліндегі әдебиет, пән кітаптарын түсініп оқырлық дәрежеге жеткізу, болмаса орысша сөйлеу, орысша сөз, сөйлеммен дұрыс құрастыру, көбінесе, тәжірибемен болады. Орта мектепте қазақша тиісті пәндерден толық мағлұмат алғандар, орыс тілін толық үйренгендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге даусыз түсе алады. Жалғыз-ақ орыс тіліндегі пән кітаптарының терминдерін бір шолып өтсе болады. Әзірге ашылып отырған, ашылатын орта мектептерді қазақ тілімен жүргізу үшін орта, жоғары мағлұматы барлардан реттілерін таңдап алып оқыту әдісін үйрету үшін үш айлық курс ашып, орыстың атақты оқытушыларын шақырып отыру керек.
Енді бір бес жылда орта мектептерге жеткілікті оқытушылар шығарғанмен табылмайды деп, үміт кесетіндер басым болса, тәжірибе үшін Тәшкент пен Қызылордадан екі орта мектеп ашып, бірыңғай өтуді қазақ тілінде жүргізу керек. Орта мектеп қазақ тілінде болса, жоғары мектеп те бара-бара қазақшаға айналады. Орта мектеп қазақ тілінде болған күнде округтік қалада ашылатын 2-басқыш мектеп те, педтехникум де жеті жылдық болу керек. Екеуінің де алғашқы үш жылы даярлау болады. Даярлауышқа ауыл мектебін бітіргендер кіреді. Үш жылдық даярлауышта жаңа әдіспен орыс тілін көбірек оқыту керек. Осы даярлауышты бітіргендердің 50 процентін техникумдерге, рабфактарға жіберіп отыру керек. 3 жылдық даярлауышты жақсы бітіргендер техникум, рабфакке кіріп, орыс тілінде берілетін сабақтарды тыңдауға әбден жарайды. Әр ауданда жатақты (интернат) 5 жылдық үлгілі мектеп болу керек. Осы күнде мұндай мектеп Өзбекстанда ашылғалы жатыр. Мұны бітіргендер орта мектептің негізгі бөліміне түсетін болсын. Енді ауыл мектептері көпшілікке отырықшылыққа қарай үйлес болу керек.

«Еңбекші қазақ» газеті,
1 ақпан, 1927 ж.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *