Сыр өңірі әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлердің бірі ақын, жазушы, журналист Едіге Кішкенеев 1947 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Ақын өз тұстастары сияқты соғыстан кейінгі қиын кезді басынан өткерді, оның балалық шағы еңбекке ерте араласқан құрбыларымен бірге өтті. Еңбек ете жүріп, ойнады, еңбек ете жүріп оқыды, сол кездегі өзінің қатар-құрбылары сапында түйе машинасына мініп, шөп те шапты, қолына ескек алып, балықшылармен бірге толқынмен де алысты, таң атқанша кеудеден су кешіп, ау да салды.Алғашқы мақалалары, қысқа хабарлары, балаң өлеңдері аудандық газетте жариялана бастады.
Соғыстан кейінгі қалпына келтіру жылдарымен балаң, жасөспірім кезі тұспа-тұс келген, еңбекпен есейген болашақ ақын арман қуып, Алматыға келді. Арман қала, әсем қала Алматыда жүргенмен, ақынның туған жеріне, жастық кезіне деген сағынышы молая берді. Студент жігіт, балаң ақын туған жерін түсінде көрді, жүрегін жыр мазалады. Бұл туралы енді ақынның өзін сөйлетсек, ол «Ақеспе» атты өлеңінде былай дейді:
Жағасы жайлау көк шалғын,
Айдының шалқар Ақеспе.
Өзіңде өткен шат балғын,
Жігіттік шағым бәрі есте.
Түндігін түннің күй түріп,
Жасарды жаным сел үнге.
Жүзімді тостым сүйдіріп,
Қыз ерін самал лебіне.
Қаймағын нұрдың қалқып ап,
Алау күн дөңнен қарайды.
Алқызыл, көкпен шаршылап,
Толқындар шашын тарайды…
Ақын туған жеріне деген махаббатын, сағынышын ерекше иіріммен жеткізеді. Оған дәлел табиғаттың жанды кейіпке енуі, бүкіл дүниеге жан бітуі.Осы өлеңнің өзінде ақын бірнеше ішкі иірімдер жасайды:
…Жарасты күлкі, жақсы әзіл,
Шағала шаттық айналам.
Жеткен бе жүйрік жоққа әзір,
Сонау бір кезді ойға алам…
Кездескен едік біз ерте,
Гүлдерін теріп қырыңның.
Мазалай берген жел ерке,
Тарқатып оның бұрымын.
Мен содан кеткем жолға алыс,
Қоштастық айлы кешінде.
Қимастық көңіл. Толғаныс,
Еңбексіз зейнет бола ма- деп келеді де, ақын енді туған жерін сағынышына ару қыз сағынышын қабат өреді:
Арман жүр әлі жеткермей,
Үзілді хаттар арада.
Қанаты сынған кептердей,
Жазғырып әлде жүр ме екен.
Есейіп менен ол бұрын,
Мөлдірей кімге күлді екен.
Жазғырма мені, Ақеспем,
Балаша саған шағындым,
Куәсі өзің емес пе ең,
Махаббат жастық шағымның!
Оның студенттік жылдары да шығармашылықпен тұтасып кеткен деуімізге аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде жарияланған көптеген мақала, суреттеме, репортаж, өлеңдері негіз бола алады деп ойлаймыз. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Е. Кішкенеев Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде қызмет атқарды. Міне, оның шығармашылығындағы өсу кезеңі осы тұс еді. Ол туралы «…Иә, ол туған жердің түлегі болды. Әні мен жыры туған жермен тілдесіп жатты. Ақын нағыз өнердің иесі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» сөзі Едігеге айтылған сияқты. Өйткені, ақындық пен өзге өнерді қоса игерген Едіге Кішкенеев композитор, күйші, әнші еді. Домбырада, сырнайда, қобызда, сыбызғы мен дауылпазда, гитара мен скрипкада тамаша ойнай білді. Нағыз талант иесі еді. Арал ауданының «Көзжетпес» ауылында дүниеге келген Едіге шын мәнінде ауыз толтыра мақтанып айтып жүретін сыр елінің аяулы азаматы болды» деп жазады Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Самат Қалуов.
Едіге Кішкенеев журналист қана емес, ең алдымен ақын ретінде халыққа ерте танылды. Оның өлеңдерінің негізгі арқауы- Отан, Ана, ел, халық бірлігі, туған жерге деген сүйіспеншілік. «Қасиетті Отан – Ана», «Ұлы сөз», «Бар шығар әлі», «Туған жерге оралады», «Ана суреті алдында», «Қызылқұм ырғақтары» топтамалары және т.б. өлеңдері осындай шығармалар. Иә, оның өлеңдерінің кейбірінде ашық, кейбірінде тәтін астарында берілер негізгі ой, негізгі арқау- туған жер, Отан, ел, қазақ даласына деген махаббат. Оның арқа сүйері де туған жер. Пікірімізді ақынның өз жырымен дәйектей отыралық. Ол «Туған жербарын білгейсің» атты өлеңінде:
Алдыңа келсе,
Атаңның құнын кеш» деген,
Кең пейіл болсаң,
Кетпейді, бауырым, ештеңең.
Сүйекке таңба,
Жүрекке ауыр болады,
Ішіңнен тынып,
Түйінін сырдың шешпеген.
Білмеймін әзір,
Ғұмырдың көбін-азын да,
Білерім бірақ,
Өтеді жастық-жазың да,
Атадан алтау,
Әкеден төртеу емеспін,
Өтпейді менің
Ешкімге сөзім, назым да.
Түсінем сені,
Сырт көзге ғана дүрдейсің,
Өзіңдей мен де,
Жетісіп қай бір жүр дейсің?!
Тағдырға ношып,
Жабығып кейде мұңайсаң,
Артыңда елің,
Туған жер барын білгейсің…- дейді.
Иә, туған жерді осылай жырлаған Е.Кішкенеев Алматыға келгенде Ақеспесін, Көзжетпесін сағынса, елге келгенде жалын жастығы, бал дәурен қызығы, шаттықты студенттік күндері өткен, білім мен ғылым, өнер қуған Алматыны сағынады. Бұл жөніндегі ойымызға С.Қалуовтың жоғарыда аталар мақаласынан алынған мына бір үзінді де дәлел бола алады деген ойдамыз.
«Едіге Кішкенеев өмірден жас кеткен, бірақ артына өлмес мұра қалдырған ақын. Оның өлеңдерінен адам баласының болашаққа деген зор сенімі, туған жерге махаббат сезімі елестейді. Ол туған жерін сүйді, оның адамдарын аялады. Жырақта жүрсе де өзінің өскен жерін өлең-жырға қосты, білім алған Алматысын асқақтатты.
Қия алмай Алатау мен Алматымды,
Оранып ақ сағымға қалды артымда.
Аттандым жылы жаққа жыл құсындай,
Көңілдің бозторғайын самғаттым да.
Гүл қала бөліп берген несібесін,
Қамажай, сауық-сайран…есімдесің,
Лебіздер…Ақ тілектер, ақ армандар…
Күй болып құлағыма естілесің.
Асығып кетіп барам ауыл жаққа,
Борайтын шағыл, құмы дауылдатса.
Сағынып оралмай ма, қызғыш құстар.
Туған жер ұясына бауыр басса…
Ал прозасы деген әңгімеге келсек, «Жала мен дауа» атты повесін ерекше бөліп алып қарауға болады. «Жала мен дауа» повесі- қазіргі замандағы, тап бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі- жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс, оны ауыздықтаудағы мемлекеттік орган қызметкерлерінің ерлік істерін баяндайтын ел, адам қауіпсіздігі, құқықтың сақталуы тақырыбына арналған детектив жанрындағы шығарма.
Қазақ поэзиясындағы ертеректегі ақындарда ғана кездесетін аңыз-өлең, өлең-шежіре жанрына қалам тартуы ақынның жан- жақтылығын, әдебиетті терең түсінетіндігін байқатады. Оның «Айқала туралы аңыз», тарихи дастаны мен «Малбике руының шежіре- дастаны» атты шығармалары ақындықтың шырқау шыңы десе де боларлық.
Әр қаламгердің сөз өнеріне келу жолы әр түрлі, әр қилы екені белгілі, алайда, ақындардың көпшілігін алғашқы сезім, махаббат сезімі жетелегені анық. Міне, сондай ақындардың бірі- Едіге Кшкенеев. Өлеңнің кейде ақын құпиясын жайып салары да барша қауымға белгілі. Мұны кезінде Абай да айтқан. Біздің жоғарыдағыдай пікір айтуымызға, ой түюімізге, осылайша тұжырым жасауымызға себеп болып отырған нәрсе- ақынның студент кезінде жазған өлеңі. Біздің жоғарыдағы пікірімізге дәйек болып отырғандықтан өлеңді тұтас алуды жөн санадық. Өлең «Іліп қойған ақ жамбыдай ағарып» деп аталады:
Іліп қойған ақ жамбыдай ағарып,
Тас төбемнен қарайды ай қадалып.
Бұлқып жүрек көкірегіме сыймайды,
Сағыныш пен махаббаттан нәр алып.
Жігіт жырдың құшағына сүңгіген,
Ояттым да ойлы ару түнді мен.
Аққайыңның бұрымынан сипадым,
Құс ұйқылы манар бақта мүлгіген.
Үмітімді мінгізіп ап құр атқа,
Ағараңдап жол бастады қыратқа.
Түнгі жарық жеткізбейді көзді арбап,
Бір таныс ән естіледі құлаққа…
Еліне белгілі ақын болды. Осылайша, Едіге Кішкенеев өз тағдырын өлеңмен, жырмен қабат өріп, өлең тағдыры мен өз тағдырын тұтастырып жіберді.
Туған жермен тілдесу
О, Туған жер!
Дабылыма құлақ сал,
Бізде ерте сөнеді екен шырақтар…
Бізде ерте солады екен құрақтар…
Көкірегімде селдей тасқан сұрақ бар.
Масайратқан даңққұмар пендені,
Апат- дерттің кеш білінді төнгені.
Балаң болып жоқтамасам жоғыңды,
Дауыл айдап қайырлаған кеменің,
Үміті зор жолаушысы мен едім.
Су- тіршілік,
Су- өмірдің бастауы,
Бүгінге емес ертеңіме сенемін!
Анам болып кешермісің сен мені?!..
О, Туған жер!
Жыр оқысам қия алмай,
Жақындайсың құшағыма сиярдай.
Таршылықта табылмасам қаыңнан,
Ұлыңмын деп қалай айтам ұялмай?!
Ұштығы жоқ құс қанаты талатын,
Құрғақ сөзден таусылады тағатым.
Уәде емес,
Кетпен керек дәл қазір,
Олқылықты тамырымен шабатын.
Ұзатылған қыздай көште сыңсыған,
Сәуегейшіл жортақ үннен қымсынам.
Қимыл керек жұдырықтай жұмылған,
Мейманасы тасып өрге ыршаған.
САЙРАШЫ, БОЗТОРҒАЙЫМ
Жүректің құпиясын сан ақтарып,
Ойдан ой туындайды сабақталып,
Сырласым – поэзия бозторғайы,
Сайрашы, аспанымда қанат қағып.
Оянып құлагерлер дүбірімен,
Асыға қырға қарай жүкіріп ем,
Жармастым көк тайымның шоқтығына,
Жаратып қамау тері үгітілген.
Баладай тәй-тәйлаған қаз бастырып,
Жебейді қолтығымнан талмас үміт.
Халқымның қастерлеген сөз өнерін
Келемін тағдырыммен жалғастырып.
Жырыммен жылыта алсам адам жанын,
Демеймін ерте маздап жана алмадым.
Қырықтың қырқасына иек артып
Мен бүгін мекенімді таба алмадым.
Гүл дәурен енді қайта оралмайды.
Тәтті түс көргендеймін олар жайлы.
Көңілімнің күй пернесін шеки басып,
Сайрашы, поэзия бозторғайы.
ҚАСИЕТТІ ОТАН-АНАМ
Қасиетті отан-анам,
парызым көп өтелмеген.
Бақытымды тосам алдан,
Арманым көп жетем деген.
Сүйем мына гүл өмірді,
Аялайды алтын заңым.
Жылытуға жүрегіңді,
Шапағың боп жарқылдадым.
Көктен күліп жолаушы күн,
Нұрын төксе жер бетіне.
Талардай боп қарашығым,
Көп қараймын келбетіңе.
Азаматтық қуат берген,
Мерейіңнің жидым нәрін,
Тілдесетін уақытпенен
Бөлшегімін миллиондардың.