Гигиена – негізгі профилактикалық пән ретінде медицинада маңызды орын алады. Ол алдын алу бағытының бірінші кезектілігімен ерекшеленеді.
Қазіргі таңда ғылыми – техникалық дамуға байланысты гигиенаның алдына қойған мақсаты көбейіп, күрделене түсті. Ғылыми – техникалық дамудың жетістіктері адамды жұмыспен қамтып, бір жағынан жақсы әсер етсе, яғни материалдық жағдайын жақсартса, екінші жағынан атмосфералық ауаны, топырақты, суды әр түрлі зиянды заттармен ластап, оның денсаулығына теріс әсер етеді.
Адамға тек табиғи факторлар әсер етіп қоймайды, сонымен қатар қоршаған ортаның химиялық, биологиялық, физикалық факторлары, әлеуметтік ортаның қалыптасуы мен антропогендік факторлардың біртұтас кешені әсер етіп жатқан қазіргі кезеңде гигиенаның маңыздылығы бұрынғыдан да асып түсті.
Осыған байланысты орта медицина қызметкерлері үшін өзінің кәсіптік жұмысында гигиеналық сауаттылық айрықша маңызды, өйткені олардың күнделікті жұмысы, аурухана жағдайында болсын, өнеркәсіп кәсіпорындарында болсын әр түрлі факторлардың әсер сипатын біліп, аурудың пайда болуын анықтауға, дәрігерге дейінгі көмекті дұрыс көрсетуге және алдын алу шараларын дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді. Аурулар үшін емдік сауықтыру режимін, медициналық қызметкер үшін қолайлы жұмыс жағдайын, ауруханаға қойылатын санитарлық талаптарды білудің де маңызы зор. Оларды сақтау ауруды дұрыс емдеуге, ауруханаішілік инфекцияны болдырмауға және медицина қызметкерлерінің ауыруының алдын алуға ықпал етеді, сонымен қатар гигиеналық білімдер — орта буынды медицина қызметкерлерін әлеуметтік және табиғи жағдайлардың адам денсаулығына қалай әсер ететінімен және салауатты өмір салтының адам денсаулығы үшін маңыздылығымен таныстырады.
Гигиена – адам денсаулығын қорғау саласында теориялық және клиникалық пәндердің мәліметтерін біріктіретін медицина ғылымдарының профилактикалық бөлімдеріне жатады.
Гигиена дегеніміз қоршаған ортаның, яғни топырақтың, судың, ауаның, тамақтың адам ағзасына әсерін зерттейтін ғылым.
Гигиена пәнінің алдына қойған міндеті — аурудың алдын алу шараларын анықтап, оны іске асыру.
Гигиена пәні – негізгі алдын алу пәні болғандықтан, оны барлық медицина мамандары білуі қажет. Гигиена медицина қызметкерлеріне адамдар арасында санитарлық ағарту ісін дұрыс жүргізу, балалардың күн тәртібін дұрыс құру үшін, тамақтануды дұрыс ұйымдастыру, ауру адамдардың қалай тамақтануы керек екендігі туралы дұрыс ақыл — кеңес беру үшін және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу үшін өте қажет.
Санитария – гигиена ғылымының мақсатын тәжірибе жүзінде іске асырады.
Гигиена сөзінің өзі грек тілінен аударғанда «денсаулықты алып келетін» деген мағынаны береді және ежелгі грек денсаулық құдайы Эскулапаның қызы Гигеи есіміне тура келеді.