Бүйрек және несеп шығару жүйесі аурулары бар науқастарды сұрастыру.
Науқастар ісіну, бас ауруы, бас айналу, көрудің нашарлауы, жүрек аймағының ауыруы, ентігу, тәбеттің болмауы, жүрек айну, құсу, бел аймығының ауырсынуы, несеп бөлудің бұзылуы, дене температурасының көтерілуі, жалпы мазасыздық, әлсіздікке шағымданады. Бірқатар жағдайда бүйректің кейбір ауруларында ұзақ уақыт бойы ешқандай бүйректік симптоматикасынсыз жүреді.
Бүйректің көптеген ауруларында несеп бөлудің бұзылысы байқалады, олар несептің жалпы және тәуліктік бөліну ырғағының бұзылуымен сипатталады.
Несептің белгілі бір уақыт аралығында бөлінуі диурездеп аталады.
Диурез оң мәнді – науқас тәулік бойы қабылдаған сұйықтықтан бөлінетін сұйықтықтың көп бөлінуінде; теріс мәнді – оған қарсы қатынаста болуы мүмкін. Теріс диурез ағзада сұйықтықтың ұсталып қалуында байқалады. Оң диурез – несеп айдағыш дәрілерді қабылдағаннан кейін, ісінулердің тарауында кездеседі.
Несеп бөлудің бұзылуы дизурия деп аталады – жиілеуі, ауырсынуы, қиын бөлінуі. Қуықтың қабыну ауруларында, тас, ісік пайда болуында кездеседі. Тәуліктік несеп көлемі 2 л асса полиурия деп атайды. Ол бүйрек және бүйректен тыс текті болуы мүмкін.
Жоғары салыстырмалы салмақтағы ұзақ полиурия қант диабетіне тән. Қант диабеті кезіндегі полиурия глюкозаға бай несептің жоғары осмостық қысымы нәтижесінде бүйрек өзекшелерінен судың қайта сіңірілуінің нашарлауынан туындайды.
Қантсыз диабеттегі полиурия гипофиздің артқы бөлігімен бөлінетін антидиуретикалық гормонның қанға жеткіліксіз түсуі себебінен кездеседі.
Төменгі тығыздықты несептің бөлінуімен жүретін тұрақсыз полиурия — гипоизостенурия – бүйрек ауруының белгісі болып табылады: созылмалы нефрит, созылмалы пиелонефрит, бүйрек өзекшелерінде реабсорбцияның төмендеуі және бүйрек жеткіліксіздігі дамитын бүйректік артериосклероз.
Бір тәулікте несептің 500 мл аз бөлінуі олигурия деп аталады.
Олигурия бүйректік және бүйректен тыс сипатта болуы мүмкін –сұйықтықты аз қабылдау, жоғары тер бөлгіштік, көп құсу, тоқтаусыз іш өту, жүрегі ауыратын науқастарда декомпенсация сатысында.
Несептің бөлінуінің толық тоқтауы анурия деп аталады. Бірнеше күнге созылған анурия уремия туындауы мен науқастың өліміне дейін әкелеуімен қауіпті.
Анурияның себептері: секреторлы анурия (бүйректермен несептің бөлінуінің бұзылуы) – жіті нефриттің ауыр түрінде, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінде, нефронекрозда – сулемамен және т.б. нефротоксикалық улармен улану, сәйкес емес қан құйғанда, жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрінде, шок, массивті қан жоғалтуда, ұзақ жаншылу синдромы — ҰЖС.
Кейбір жағдайларда несептің бөлінуі бұзылмаған, бірақ ол несеп шығару жолдарында, несепағарда немесе несеп шығару түтіктерінде – тастың тұрып қалуы, шырышты қабатының қабынулық ісінуі, қатерлі ісіктің өсуі секілді кедергілердің болуынан шықпай қалуы мүмкін. Мұндай анурияны экскреторлы деп атайды және ол бүйректік шаншумен сипатталады.
Науқас естүссіз күйде жатып, қуықты босата алмайтын жағдайдағы несептің ұсталуын ишурия деп атайды.
Несеп шығарудың жиілеуі поллакиурия деп аталады, және де бұл кезде несепті тек күндіз ғана емес, түнде де бөлінеді.
Тәулік бойы бірдей уақыт аралығында бірдей көлемде несептің бөлінуі изурия деп аталады – бұл созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінде кездеседі. Диурездің түнгі уақытта көп бөлінуін никтурия деп атайды, ол созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінде, созылмалы гломерулонефритте, пиелонефритте, жүрек декомпенсациясында кездеседі.
Изостенурия — бірдей уақыт аралығында бірдей көлемде төменгі тығыздықты несептің бөлінуі, мысалы: 1,009-0,010.
Ауру тарихы
Алдын инфекциямен байланысының болуы (баспа, отит, ЖРА) жіті гломерулонефритке тән. Тұрмыстық және өндірістік уланулармен байланысының болуын да анықтау керек (сулема, фосфор қосылыстары, қан тобы сай келмейтін қанды құю).
Ауру ағымының сипатын анықтау: баяу, өршу кезеңдерімен өршімелі.
Өмір тарихы
Жиі салқындау, суық тиіп ауыру, ылғалды бөлмеде өмір сүру немесе жұмыс істеу.
Тексерудің физическалық әдістері
I. Науқасты қарау:
а. Жағдайының ауырлығын анықтау: қанағаттанарлық, орта ауырлықта, ауыр, өте ауыр, естүссіз.
б. Науқастың төсектегі қалпы: белсенді, пассивті (уремиялық комада), мәжбүрлік (паранефритте – науқас ауру жағында жамбас-сан және тізе буындарын бүгіп жатады), бүйрек ұстамасында мазасызданған.
в. Ісінулер – беті бозарған, ісінген, қабақтары ісінген және көз шелдері тарылған. Бүйрек ауруларындағы ісіну жүрек тектіге қарағанда ерекшеленеді:
• олар тез дамуы мүмкін «барлық дене бірден ісінеді», ал жүрек текті ісінулер баяу дамиды.
• жүректік ісінулер бірінші аяқтардан басталады, ал бүйректік беттен, қабақтардан басталады.
• бүйректік ісінулер жұмсақ және қозғалғыш, ісіну сұйықтығын бір жерден екінші жерге оңай ығыстырылады, ал жүректік ісінулер тығыздау және аз қозғалғыш келеді.
• жүректік ісінулер кезінде бауыр ұлғаяды, ал бүйректік ісінулерде бауыр ұлғаймауы мүмкін.
• бүйректік ісінулерде науқастар төмен жата алады және ентігу айқын болмауы мүмкін, ал жүректік ісінулерде науқас отыруға немесе басын басын жоғары қойып ұстауға міндетті, әйтпесе оны тұншығу мазалауы мүмкін. Бірақ көп жағдайларда бүйрек ауруларына жүрек-қантамыр жүйелерінің аурулары, бүйрек ісінулеріне жүрек жеткіліксіздігінің белгілері, соның ішінде жүректік ісінулер қосылуы мүмкін.
Бүйректік ісінулер байқалар алдында науқастар тез салмақ қоса бастайды, ол жасырын сұйықтықтардың – жасырын ісінудің болуынан болады. Ағзада көзге байқалмайтындай 5 л су жиналуы мүмкін. Бүйрек аурулары кезіндегі ісіну сұйықтығы тері асты май қабатында және т.б. тіндерде, қуыстарда серозды сұйық ретінде : плевра, ішастар, жүрек маңы қапшығы сияқты қуыстарда транссудаттар ретінде жинақталуы мүмкін. Аяқ-қолдың, бүкіл дененің ісінуі – анасарка деп аталады.
г. Науқастың терісінің түсі — бозарған, анемияның қосылуы салдарынан.
д. Теріде қышыну іздерінің болуы.
Тілі құрғақ, ауыздан жағымсыз аммиак иісінің шығуы созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысында кездеседі.
е. Паранефритте ауру бетіндегі бел тұсының домбығуы. Несеп-жыныс жүйелерін тексергенде бірінші бел тұсын қарайды, кейін бүйректерді терең пальпациялайды, бүйрек аймағын соққылап, бүйрек артерияларын тыңдайды. Одан кейін ерлерде қуық пен сыртқы жыныс мүшелерін тексереді.
Бүйректер құрсақ қуысының артында 11-12 кеуде және 1-2 бел омыртқа деңгейінде орналасады.
Қалыпты жағдайда олар дөңгеленген, тегіс беткейлі, тығыз эластикалық консистенциялы, ауырсынусыз, пальпацияланбайды.
Бүйректерді пальпациялау негізінен науқасты арқасымен жатқызып, үлкен дәретке отырғаннан кейін жүргізіледі. Терең бимануалды пальпация жасалады. Бірінші сол бүйректі анықтайды: оң қолдың алақанын іштің оң жақ бөлігіне тік бұлшықеттің қырынан қолдың саусақтары қабырға доғасы деңгейіне қоямыз. Сол қолдың алақанын оң жақ бел аймағына, 12 қабырға соңа қоямыз. Науқастың тынысы біркелкі, терең, құрсақтық тыныс алу түрі. Дем алғанда қолды жаймен құрсақ қуысына артқы қабырғаға жеткенге дейін енгіземіз. Бұл кезде сол қолдың саусақтарымен бел аймағын көтереміз. Нефроптозда бүйрек сезіледі. Егер сезілмесе, науқастан терең ішпен дем алуын сұраймыз, сонда ол төмен қарай ығысып, оң қолдың саусақтары оның астымен өтеді.
Пальпацияны абайлап, ауырсыну сезімін білдірмей жүргізу керек. Сол бүйректің пальпациясын да осылай жүргізеді. Бүйректің біреуінің көлемінің үлкен болуы ісікте немесе су жиналуда (гидронефроз) кездеседі. Екі бүйректің де ұлғаюы жиі поликистозда кездеседі.
Бүйрек аймағын соққылауды науқастың тұрған немесе отырған қалпында, екі жағын кезек-кезек жүргізеді. Дәрігер сол қолының алақанын тіке бағытта белге 12 қабырға аймағына қояды және оң қолдың сыртқы жағымен қысқаша үзікті соққылау жасайды. Бұл кезде ауырсыну туындаса бүйрек-тас ауруында, пиелонефритте, паранефритте, яғни оң мәнді Пастернацкий симптомы деп аталады.
Қуық кіші жамбас қуысында орналасқан. Бірақ ол тек оның өте толған кезінде ғана пальпацияланады. Пальпация әдістемесі жуан ішектің пальпациялау әдістемесіндей. Перкуссияны кіндіктен шапқа қарай ортаңғы сызық бойымен жүргізеді, бұл кезде тимпаникалық дыбыс тұйық дыбысқа ауысады.