Асыл топырақ

Асыл топырақ
(Эфиопия ертегісі)

Еуропалық екі оқымысты Эфиопияға арнайы сапармен келіпті. Олар Эфиопияның тау-тасын қалдырмай аралап танысыпты. Асқар тауын, жосылған жолын, өзен-көлдерін мұқият картаға түсіріпті.
Қауесет жерде жатқан ба, хабар императорға жетіпті. Еуропалықтардың өз елін картаға түсіріп жүргенін білген император олардың қасынан екі елі қалмайтын қосшы қосыпты. Еуропалықтар араға жылдар салып ісін аяқтайды. Сол сәтте баяғы қосшы императорға келіп, мән-жайды баяндайды:
— Оқымыстылар бар көрген-білгенін қағазға түсірумен болды, — дейді ол. – Ніл өзені бастауын, өзендердің таудан қалай құлап ағарын бақылады. Тауда алтын мен күмістің қаншалық екенін байқады. Жосылған жолдар түгілі соқыр соқпақтарға дейін картаға түсіріп алды.
Император қонақтардың қандай іс тындырғанын түсінді. Елдеріне аттанғалы тұрған еуропалықтарды көргісі келгенін айтып, шақыратын шапқыншы жіберді.
Оқымыстыларды жылы жүзбен қарсы алған император оларды аста-төк дастарханда күтіп, қонақ етіп, баға жеткісіз қымбат сыйлықтар тартулады.
Жағалауға дейін олардың аяғын жерге тигізбей император қызметшілері аса зор құрметпен жеткізіп салды. Қонақтардың да көңілі шат еді.
Еуропалықтар корабльге отырар сәтте оларды императордың қызметшілері тоқтатты. Аз аялдап, аяқ киімдерін шешуді өтінді. Сөйтті де қонақтардың бәтеңкелерін қағып-сілкіп, мұнтаздай етіп тазалап, өздеріне қайтарды. Ғаламда жоқ тосын дәстүрге таңқалған қонақтар:
— Бұларың қандай дәстүр? – деді.
— Сіздер мұнда алыс та алып мемлекеттен келдіңіздер, — дейді сонда императордың қызметшісі, — Эфиопияның әлемдегі ең сұлу ел екенін көздеріңізбен көрдіңіздер. Туған жер – біздің асылымыз. Туған жер топырағына егін егіп, тіршілік етеміз. Малымызды туған жер нәріне жаямыз. Шаршап-шалдықсақ туған жер төсіне аунап-қунап демаламыз. Бауырлар көз жұмса – туған жер қойнына тапсырамыз. Сіздер тау-тасты аралағанда, орман-тоғайды кезгенде көрген жолдар мен сан түрлі соқпақтарда ата-бабаларымыздың ізі жатыр сайрап. Біз де, біздің ұрпақтарымыз да сол жолдармен жүреді, сол соқпақтармен армандарға беттейді.
Эфиопия жері – біздің Анамыз. Эфиопия жері – біздің Атамыз. Туған жер – біздің Бауырымыз. Сіздерді қонақжай бейілмен қарсы алып, қымбат тартулармен аттандырып тұрмыз. Алайда, Эфиопия жері, Эфиопия топырағы – соның бәрінен де жоғары, бәрінен де асыл, біздегі бар байлықтан да қымбат. Туған жер топырағына баға жетпейді. Сондықтан да туған жер – туған топырақтың титімдей қиыршығын да жат жұрттықтарға қимаймыз.
… Бәтеңкелеріңізді қағып-сілкіп жатқанымыз сол…

Аударған Құлбек Ергөбек,
ғалым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *