Алмагүл Шәріқызы Қаржаубаева 1956 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген.1981 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің
журналистика факультетін бітірген. 1974- 1994 жылдары Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде қызмет істеген. 1994 жылдан аудандық мәслихаттың бас маманы, аппарат басшысы болып қызмет атқарады. Ауднадық мәслихатқа деппутат болып сайланған. Аудагдық әйелдер кеңесі жанынан шығарылған «Ару ана» гаетінің қоғамдық негіздегі редакторы болды.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Бірнеше жинақтарға өлеңдері мен очерктері енген. 2006 жылы «Сыр самалы» атты, 2008 жылы «Қасиетті Қазалым- ел дегенім» атты кітабы жарық көрген.
Туған жерге, табиғатқа, өмірге, отбасы- Отанына деген сүйіспеншілік ақын жүрегінен әдемі жыр болып төгіледі. Ол қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге ұлағатты ой қоса отырып, шынайы сезім, мөлдір махаббат, биік адамгершілік,парасат- пайым туралы тақырыптарға қалам тербеген.
Қасиетті Қазалым-ел дегенім
Киелі өлкем- пірімсің сыйынатын,
Асау жыр боп жүректен құйыласың.
Қайтарады өзіңе қанға сіңген,
Күндей нұрлы сезімін жиып ақын.
Сезімдерге мөп- мөлдір шқлдеп едім,
Пейілдердің тап- таза кқрген емін.
Балаларым, бауырым, жарым- нарым,
Ағайын ғой, тілекші- ел дегенім.
Отырам деп төрге мен,
Олайсыз да биіктерге өрлегем.
Жан емеспін қайырымды міндет қып,
Бір тал шыбық алып келген көлденең.
Махаббат па?..
Ол туралы не айта алам…
Жастық- теңіз толқынында шайқаған.
Сағым болып сыр ашпаған сыйқырлы
Он сегізім келер ме екен қайтадан.
Аралмен сырласу
Арай жылжып, күн қашқан қабағынан,
Азалы күй сыңсыған самалынан.
Қария тұр жағада өткен күнін,
Іздегендей Аралдың табанынан.
Шқғылаға оранған алтын таңның,
Аңсап жүр ме теңіздің толқындарын.
Қазыналы қарттардың тілегі нұр,
Мүмкін емес мәңгіге тартылғағың.
Халық сенен айырған несібесін,
Айдыныңда жүз кеме көсілетін.
Сен барыңды бергенде ақтарыла,
Мерейіңдң мәрт елің өсіретін.
Балық ілген төсіңнен шағалаңды,
Елеңдеткен шаңқылы тамам елді.
Толқын баяу, базарың бәсеі тартқан,
Жүрек емін қай жақтан табам енді?
Көз сүрінген көрікті жамалыңа,
Оған куә серігің дала мына.
Шарасыздау күйіңе дімкәс осы,
Адамы ма кінәлі, заманы ма?
Сенсіз қалай күн кешер теңіз елі,
Тіршілігі өзіңмен егіз еді.
Ұлы анасын суалтқан көз алдында,
Соры қалың қазақтың сегіз елі.
Туған жер туралы толғау
Сонау зұлмат жылдары…
Зобалаңнан көз ашпаған туған дала қырлары,
Қиянаттан жапа шеккен қазағымның ұлдары.
Төрткүл дүние бұрышына шашырады тоз-тоз боп,
Қасіреттен қайысты елім, атамекен Сыр-дағы
Сонау зұлмат жылдары…
Куә болған сұмдықтарға көз көрмеген түн-дағы,
Талай боздақ ел-жұртымның маңдайдағы күн-бағы.
Жүректері жайлау, мөлдір ашылмаған сырлары,
Бірі болып менің атам жазаланжы жазықсыз,
Итжеккенге айналды да қалды артта құндағы.
Шаш ал десе бас алғандар қай кезде де болыпты ,
Сондайлардың бірікеліп тағдырына жолықты.
«Мынау өзі нағыз байдың құйыршығы екен» деп,
Жүрегінде қара ниет, қарау пиғыл мекендеп,
Сол жендеттің көзі қанға толыпты,
Күресерге дәрмен болмай ауыл-аймақ торықты.
Небір сұмдық көріністер бастан кешті көргісіз,
Абақтының тартып халін хайуанға да бергісіз.
Қудаланып жан-жары да жалғыз тұяқ қалыпты,
Менің атам мол кетіптісол кеткеннен белгісіз.
Тозақ оты қарығанда тәуекелмен қашыпты,
Таусылмаған талқаны бар, өмір құшақ ашыпты.
«Өлмегенге өлі балақ жолығады» дегендей,
Арғы бетке өтіп барып қорқынышын басыпты.
Міне, солай туған жерден кетіпті ол жырақтап,
Қараң қалып көп арманы, өшкендей боп мұрат- бақ.
Жел айдаған қаңбақ-сынды жердің жүзін шарлапты,
Бірақ, бірақ қала алмапты бір мекенде тұрақтап.
Жат өлкеде еңбегімен тірлік дәмін татыпты,
Жыл, ғасырға бергісіз боп талай таңдар атыпты.
Елестей боп атамекен көз ұшында көлбеңдеп,
Жүрегінде шемен болып сағынышы қалыпты.
Өтті күндер туған жерсіз сезіне алмай бақытты.
Кезеңдері көп болыпты биіктерге өрлеген,
Құрметке де бөленіпті туған елде көрмеген.
Бір көруге зар болыпты атамекен даласын,
Қалған жетім артындағы жалғыз ізі – баласын.
Солай күңгірт күй кешіпті сағынышпен шөлдеген,
Қалыңдапты дертке айналып жүректегі шер-шемен.
Қайтар жол жоқ. Замананың қаталзаңы көлбеңдеп,
Атамекен тал бесікте қайтсе, қалай тербелмек?
Соңғы демі үзілгенше армандапты адаспай,
Туған жердің топырағын басып тұрып өлсем деп.
Көк аспанын жалғыз көзбен көрсем деп.
Қасиетіңнен айналайын туған өлкем киелім,
Күмбірлеткен көкірегімді көрікті ойлы күй едің.
Атам-сынды өле-өлгенше терең, биік сезіммен,
Тау-тасыңды, аспаныңды шетсіз-шексіз сүйемін.
Тағзым етіп топырағыңа мен басымды иемін.
Ана – Ғұмыр
(баллада)
Ес білгелі бізбен көрші бір кейуана тұратын,
Елім аман болсын, — дейтін, — бар ең ізгі мұратым.
Жалғыздықты еншілеткен тағдырымды тәрк етіп,
Қарғыс атсын, — дейтін, — зұлмат сол соғысты сұрапыл.
Құрбан болған сол соғыста жан жары да, бауыр да,
Тіп — тік еді кәрі емендей қайыспаған дауылға.
Құрметтейтін ер-азамат, үлкен кіші әз тұрып,
Қадірменді ана еді өзі тұрған ауылда.
Кейуананың сол киелі Ұрқия еді есімі,
Ғұмыр-сынап сырғанаған әп-сәтте ғой өшуі.
Қиын-қыстау сол күндері періште пәк күйінде,
Жер қойнына берген дейді, болған екен бес ұлы.
Отыратын ақ жаулығы қарқарадай жарасып,
«Менің анам» дейтін едік кәдімгідей таласып.
Көрегендік көңілімен болжап айтып беретін,
Алыс кеткен жолаушыға құмалақпен бал ашып.
Науқастанса нәрестелер беретін-ді үшкіріп,
Мен де кейін талай барғам жанарыма шық тұнып.
Сәбиімді аластайтын бәле-жала сұқ көзден,
Өн бойында болатын-ды киелі бір мықтылық.
Қасіретті жылдардан ол естеліктер айтатын,
Кейде сонау бейіттерге құран оқып қайтатын.
«Біздей болған олар-дағы» дейтін еді мұңданып,
Ащы, терең күрсініспен біраз жайды байқатып.
Той-томалақ бола қалса төрден орын алатын,
Ерекше өзі… Отыратын қомдағандай қанатын.
«Басқарма едім…»,-деп бастайтын сол жылдардан естелік,
Үзеңгіге аяқ салып мінгендей-ақ жаңа атын.
Сол жылдары… Пейілі тым кең еді ғой халықтың,
«Соғыс бітсе» …Жалғыз тілек күні-түні зарықтық.
Ауылдағы қара есекті тошташы ақсақ қайнаға,
Қара қағаз келген сайын бірге өлетін жарықтық.
«Бітті енді,-дейтін еді-ау, тасымаймын хат-хабар,
Көрсін-дағы бұл жұмыстың қасіретін басқалар»
«Мүмкін емес… Жалған бәрі…» деп жағамнан алғанда,
Мүсәпір сол кейпімді көр баладай боп жас қанар.
Бір ауылдың төрт жыл бойы көтеріп бар қайғысын,
Үш бұрышты хатпен бірге алатын да алғысын.
«Жеңіс жетті» деген күні лайықтырып дорбасын,
Жас баладай қуаныштан еңкілдеді-ау байғұсым.
Осылайша ана өмірін әңгіме етіп шертетін,
Еске алатын жастық гүлін үсік шалған ерте тым.
«Елім аман болсын,- дейтін,- ынтымағы жарасқан»,
Аяулы ана үлкен жүрек, тектілігін көрсетіп.
Кейуананың жоқ ешкімі. Бар еді төрт ешкісі,
Баласындай аймалайтын келгендей-ак өпкісі.
Бұзақылар ешкілерін өлтіріпті азаптап,
Аз болғандай ол сорлығы бұл өмірдің тепкісі.
Таң ертемен жем-су алып келгенінде асығып,
Көз алдында екі ешкісі тұрды дарға асылып.
Ал екеуі қанға бүгіп жерде жатты обал-ай,
Не жазды екен соншалықты тілсіз, момын мақұлық?
Таусылғандай тіршіліктен дәм-тұзы менен тұрағы,
Сол бір күннен бастап ана тұрмастай боп құлады.
Қу заманға өкпеле ме, мейрімі азайған,
Жақ ашпайды келген жанға бітелгенде құлағы.
Қасиетті көнелердің көзіндей-ды елдегі,
Төрт ешкісі болатын-ды алданышы-ермегі.
«Бекер өмір сүргем екем» дегендей-ақ таусылып,
Хал сұраған үлкендерге үнсіз қолын сермеді.
Қимағандай тұл өмілді ұзақ жатты сүзіліп,
Бүкіл ауыл күзетісті кезек-кезек тізіліп.
Соңғы сәтте жалғыздығы шын жанына батқандай,
Қабақ шытқан күйі кетті қайран Ана үзіліп.
Бұл тағдырға не шара бар, жоқ қой өмір тоқтамы,
«Елім» деген ғазиз жүрек осылайша тоқтады.
Жарты ғасыр ғұмыр кешкен жалғыздықты енші етіп,
Қасіретпен өшті солай бір әулетте от тағы.
Қаймықпаған қиындықтан жан еді бір көнтерлі,
Шаңырағын сақтап еді сағаламай төркінді.
Ажал да емес, ауру да емес, кейуананы киелі,
Пенделердің бойындағы қатыгездік өлтірді.