Лейтмотив
Лейтмотив (немісше Leitmotiv – жетекші әуен) – музыкалық шығарманың өзекті образы ретінде қайталанып отыратын әуен айналымы (әуен, ән бөлшегі, бүтін музыкалық тақырып, кейде гармониялық аккордтар тізбегі). Ол шығарма идеясын айқындау немесе шартты түрде белгілі бір кейіпкерді, затты, көріністі эмоциялық жағынан сипаттау үшін қолданылады. 19 ғасырдан бастап операда, балетте және аспаптық-программалық музыкада кеңінен пайдаланылып келеді. Р.Вагнердің операларында лейтмотив музыка-драмалық өрістеудің негізгі өзегіне айналды. Лейтмотив орыстың класски композиторлары М.П.Мусоргский, П.И.Чайковский, Н.А.Римский-Корсаков шығармаларынан елеулі орын алды. 20 ғасырда жаңа музыкалық жанрларының дамуына байланысты лейтмотивтің басқа да түрлері пайда болды. Лейтмотив қазіргі музыкалық шығармаларда да (мысалы, Прокофьевтің опералары мен балеттерінде) жиі кездеседі. Қазақ музыкасында (негізінен Брусиловскийдің операларында) лейтмотив кеңінен қолданылды (мысалы, «Қыз Жібектегі» «Гәкку», «Ер Тарғындағы» «Қорлан», «Жалбырдағы» «Елім-ай» т.б.). Лейтмотив әдебиет тануда жазушы творчествосының басты арқауы, идеялық-образдық тұтастығы деген мағынада қолданылады. Лейтмотив қайталанып отыратын тақырыптық жүйе, көркемдік құралдар бірлігі, детальдар системасы орайында да танылады. Көркем шығармада дыбыстық, ырғақтық, әуендік т.б. лейтмотивтер мол. Портрет жасауда детальдық лейтмотивті Лев Толстой, дала бейнесін беруде жолды суреттеу лейтмотивін Мұхтар Әуезов жиі қолданған.