ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН


ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН

“Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман…” – Абайдың 1886 ж. жазған өлеңі. Көлемі 50 жол. Ақын өз дәуіріндегі қазақ қоғамының әлеуметтік топтарын дәл ажыратып, айқын саларалап, әрқайсысының мін-мерезін ащы тілмен күйдіре өртейді. Еңбексіздік, терін сатпай, телміріп көзін сатқан теп-тегіс алармандықты айыптайды. Абай таңбалайтын өкілдер мыналар: бай, би, болыс, елубасы, жау, жарлы, дос, сұм-сұрқия, аларман, орыс. Бәрі де әрекетімен, өз қылығымен көрінген. Осылардың әрқайсысының адал еңбек етпей, арамдық пен дүние табар амалдарын зерек суреткер дәл басып, мінез, психология ерекшеліктерін, қулық-сұмдық табиғатын, айла-шарғы тәсілдерін улы сатира найзасына қалай тастайды, не деп боспалайды қалай қорқытады, қалай торға түсіреді – осы сауалдардың жауабы бар, әр кейіптің сыры жария болады. Жанды бейнелер жасалады. Табан ақы, маңдай теріне сүйенбей, айла-шарғыға аяқ артқан, біреуді-біреу жеген қоғамдық ортаның азуын ақын қайғысы суреткен айналдырады. Айналып келгенде, бір шаңырақ астынан да береке-ырыс кеткен, Ата мен бала, аға мен іні арасына от түскен. Бәрі де арын сатып, өтірік ант ішіп, алдау-арбаумен мал табуға бет бұрған. Жүз құбылған, қысқа күнде қырық жерге қойма қойған, қулық ойлаған сойқандар түгел мансұқ етіледі. Аруақты ақынның алдамшылық, жәдігейлік, айлакерліккке қарғыс айтқан қаһарлы байламы бар. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы үлгісімен жазылған. Алғаш рет 1909 ж. С.-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құланбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстол, өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 3-шумақтың 3-жолы “Жалаң қаққан жат мінез жау алады” болса, 1939, 1945, 1957 жылғы басылымдарда “Жалаңқая жат мінез жау алады” деп берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында 6-шумақтың 2-жолы “мал сойып, сен мендік бол деп берем деп”, 7-шумақтың 2-жолы “Ант бұзушы кім ойлар дерт көрем деп”, 10-шумақтың 2-жолы “Ит қорлық немене екен көрген күні” делінсе, жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде “Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп”, “Ант ішуді кім ойлар дер көрем деп”, “Ит қорлық немесе екен сүйткен күні” болып алынған. Кейінгі басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша 6-шумақтың 3-жолы “бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен”, 10-шумақтың 3-жолы “Арын сатқан мал үшін антұрғанның” деп берілсе, 1909 жылғы жинақта бұл жолдар “Қара қарға сықылды шуласын жұрт”, “Бар ма екен жай жүрген жұрт қанағатпен”, “Жанын сатқан мал үшін антрұрғанның” болып алынған. 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 11-шумақтың 3-жолы “Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар” делінсе, қалған басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы жинақ негізінде “Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар” деп алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда соңғы шумақтың соңғы жолы “Өз үйінде шіренген паңы құрсын” болса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда 1909 жылғы басылым бойынша “Өз үйінде шартиген паңы құрсын” деп берілген. Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, ұйғыр т.б. тілдерге аударылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *