КОМЕДИЯ
Комедия (лат. comoedia, грек. komodia — — сауық-сайран, әуезді ән) — өмір құбылыстарының, мінез-құлықтың, іс-әрекеттің күлкілі жақтарын көрсету мақсатымен сахнаға лайықталып жазылған драмалық шығармалардың бір түрі. Жанры түрліше: водевиль, фарс, сатиралық комедия, юморлық комедия, лирикалық комедия, музыкалық комедия т.б. комедияның алғашқы белгілері Ежелгі Грецияда шарап тәңірісі Диониске құрмет көрсетуге арналған ойын-сауықтан басталған. Оның сол дәуірдегі көрнекті өкілі – Аристофан. Өмір құбылыстарын бейнелегенде кейіпкерлер,жағдайлар, оқиғалар өсіріп, ұлғайтып суреттеледі де, күлкінің күшімен олқылықтар, кемшіліктер, қателіктер сыналып, озық идеялар, биік мұраттар мадақталады. Характерлер қақтығысы, мінездер шайқасы бірінші қатарға шығады. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлер тартысының үстінде жеке бастың мақсаты мен құлқының қамы үшін ұнамсыз кейіпкерлер өзара кикілжіңге батады, күлкіге ұшырайды. Комедияның ерекшелігі тартыспен, сюжетпен, қызықты оқиғамен қатар тіл өрнегіне де қатысты. Дараланған, өзгелерге ұқсамайтын әр кейіпкердің тілі күлкі шақырса, сахналық туындының ажары кіре бастайды. Бұл тұрғыда әсірелеу, ұлғайту (гипербола), өсіру (гротеск) сияқты көркемдік құралдары кеңінен пайдаланылады. Комедияда көбінесе жамандық жеңіліп, жақсылық үстем болып анықталады. Жағымсыз кейіпкерлер бармақ шайнап, қателігін мойындайды, жеңіліп тізе бүгеді, сөйтіп адал ниет, ақ тілек, әділ іс салтанат құрады.
Әлем әдебиетінде комедияның көптеген классикалық үлгілері жасалды. Англияда – У.Шекспир, Испанияда – Лопе де Вега, Францияда – Ж.Б.Мольер, П.Бомарше, Италияда – К.Гольдони тамаша комедиялық шығармалар берді. Орыс әдебиетінде Д.И.Фонвизиннің «Тоғышары», А.С.Грибоедовтің «Ақылдың азабы», Н.В.Гогольдің «Ревизоры» шебер жазылған туындылар қатарына жатады. Қазақ әдебиетінде алғашқы комедиялық шығарма Б.Майлиннің қаламынан туды («Шаншар молда», «Неке қияр», «Талтаңбайдың тәртібі» т.б.). М.Әуезов («Айман-Шолпан»), Ж.Шанин («Торсықбай», «Айдарбек»), Ә.Тәжібаев («Той боларда»), Қ.Мұхамеджанов («Бөлтірік бөрік астында»), Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаев («Беу, қыздар-ай»), Қ.Аманжолов («Досымның үйленуі») т.б. көптеген комедиялар жазды. Бүгінде қазақ совет комедиясы белгілі жанрлық жүйесі бар арналы салаға айналды. Ол көп ұлтты совет әдебиетінің партиялық, халықтық, шеберлік принциптерін айқын нысана ете отырып, социалистік реализмнің жемісті арнасымен дамып келеді. Комедия театр өнерімен қатар киноға да енді (қ. Кинокомедия).