ЖҰМАБАЕВ Мағжан

ЖҰМАБАЕВ Мағжан (1893-1938) – қазақтың ұлы ақыны. Ж.Солтүстік Қазақстан облысы, Бұлаев ауданының жеріндегі Сасықкөл мекенінде іргелі, әйгілі шаңырақта дүниеге келген. Өз әкесі Бекен, бабалары Жұмабай қажы, Шонай, Өтеген, Өтеміс – бәрі де исі Атығай ішінде даңқы шыққан белгілі, көшелі кісілер. Мағжан өзімен емшектес Мүсілім, Қаһарман, Мұхаметжан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күләндам, Гүлбарам деген бауырларымен құлын-тайдай тебісіп, анасы Гүлсімнің бауырында ауыл баласының қызықты, романтикаға толы тәтті, қимас шағын бірге өткізген. Кәрім, Мұхаметжан молдалар, Данияр қажы, Ахитден мұғалім – болашақ ақынның тілін сындырып, хат танытқан, арабша, парсыша, түрікше, орысша оқытқан алғашқы ұстаздары. Алдымен Қызылжарда медресе де Хасен молдадан дәріс алған Мағжан Уфа қаласына барып, медресе Ғалияда татар халқының ұлы жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтан оқыды. Алғашқы әдеби тәжірибе басталып, тырнақалды, көк қауырысын жырлар тудырды.
Жаңа заман рухы бойын билеген, тырнақалды “Шолпан” (1912 ж., Қазан) кітабы шыққан асау жүрек,жас сұңқар орысша білім алуға ерекше талаптанып, 1913 ж. Омбы қ-на келіп, семинарияға түседі, оны 1916 ж. бітіріп шығады. Бұдан кейін ел өміріндегі ұлы оқиғалар жас азаматты көгала толқынына тартып әкетеді. Үш революция дүмпуі, Алаш қозғалысы, дүниетанымдағы сілкіністер, қоғамдық-әлеум. тартыстардың поэзиядағы көріністер, жеке бастағы шырғалаңдар – осылардың баршасын көре жүріп, Мағжан да 1919 жылдың көктемінен бастап, жаңа құрылысқа бел шешіп, білек сыбанып кіріседі. Қызылжардағы “Бостандық туы” газетінде редактор болады (1919). Ташкентте Қазақ-қырғыз институтында сабақ береді (1922). Москвада Күншығыс баспасында аудармашы. В.Я.Брюсов атындағы көркем әдебиет институтында оқиды (1928), Бурабайда техникумда, Қызылжарда кеңес-партия мектебінде сабақ береді. 1929 ж. жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалады, содан Карелияға жер аударылады. М.Горькийдің және оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен 1936 ж. айдаудан босап шыққанымен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан жазықсыз 1938 ж. 19 наурызда атылып кетеді. Өзі ғана емес, ағалары Мүсілім, Қаһарман, інісі Мұқаметжан да репрессия отына шалынады. Әкесі Бекен 1934 ж.. анасы Гүлсім 1943 ж., дүние салған.
Мағжаннан қалған әдеби-шығармашылық мұраның көлемін, сапасын, сақталуына қатысты әңгімені нақты айтуға мүмкіндік бар. Талантты ақынның алғашқы өлеңдері Уфадағы, Омбыдағы қабырға газеттерінде, қолжазба журналдарда, өз кезіндегі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүріп, көзге түседі, елеп-ескеріледі де, жұртшылық назарын аударады. 1912 ж. Қазанда “Шолпан” деген өлеңдер жинағы шыққанда Мағжан он сегіз-он тоғыздардағы уылжып тұрған қыршын жас. Абай кітабының басылғанына үш-ақ жыл өткенін ескерсек, жас ақынның даңқы қазақ сахарасы аспанында қалай көтерілгенін ұғу қиынға соқпас. Бұдан кейінгі кезеңде дүниеге келген қазақ газет-журналдарының бетінде Мағжан шығармалары, 1929 ж. жаламен күйіп, абақтыға түскенге дейін үздіксіз жарияланып тұрды. Негізінен ақын өлеңдері екі-ақ рет жинақталып, топталып, оқырман қолына тиді. Бірінші рет 1922 ж. Бернияз Күлеев Қазанда бастырып, екініші рет осы кітап толықтырылып Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен 1923 ж. Ташкентте шықты. “Педагогика”, “Сауатты бол” (араб, латын әріптерімен бірнеше рет басылған) кітаптары,аудармалары басылды. Қысқасы, Ж-тың, қаламгерлік сапары бас-аяғы жиырма жылға жетпей, тым ерте үзілді, он жылдай өмірі абақтыда, лагерьде, қуғын-сүргінде, азап-қорлықта өтті.
Мағжанның “Алтын хакім Абайға” (1912) деген өлеңі 6 шумақ, 24 тармақтан тұрады, 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Салған жерден жас талапкер ақын Абайды қарадан хан шыққан хакім, оның сөзі мың жылда да дәмі кетпес деп бағалайды. Абай өлеңдеріндегі кейбір оралымдарды құбылта пайдаланады, “тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме”, “қор болды қайран сөзім босқа деме” деген жолдардың төркіні белгілі, ұлы ақын сөзі мәңгі жасайтынына ерекше сенім бар.
Ұлы Абайдың поэтик. мектебінің тағылымдарының ізі Мағжан жырларында сайрап жатыр. Қазақ өлеңінде Абай әкелген жаңа өлшем, үлгілерді, соны бейне, сөз тіркестерін Мағжан кеңінен қолданады. Ең терең жақындық – ақындық, көркемдік мұраттардың туыстығында. Абай барған мәңгілік тақырыптарға Мағжан да барған, өз талантына, өз заманына лайық жаңаша көркемдік игіліктер жасаған. Әсіресе Мағжан қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі дәуірде табиғат, махаббат, философия лирикасының ең үздік үлгідерін тудырды.
Мағжан бала күнінен халық фольклорына, ауыз әдебиетіне, елдің дарынды сөзіне сусындап өсумен қатар, қаршадайынан арабша, орысша хат танып, артынан арнаулы оқу орындарын аяқтап, сүйегіне біткен сұңғыла, зерек, қиялшыл қасиеттеріне орай, Шығыс пен Батыстың поэзиясын терең біліп, көңілге тоқып, жүрекке ұялатып, бойына сіңіру арқасында таза талғаммен биік парасатқа, көркемдік нысанға тіпті ерте жеткен. Ақын таланты шын мөлдір қасиетін сақтап, табиғат-ұста соққан қалпында қалған. Бала – бозбала, оқушы-шәкірт қолынан шыққан, әр нәрсенің басын шалған, шөпті де, шөңгені де өлең еткен әрекеттен ада, европалық үлгідегі мәдениетті ақынның, қаламгерлік жолы басталған. Алғашқы күннен Мағжан қара сөзбен айтуға болатын, мақаламен көмкеретін жәйттерге өлең арнамайды; үгіт-насихат сарынынан, ғақлия-өсиет мақамынан, терме-қисса арнасынан бойын мүлде аулақ салады; аз күндік, ұранға ілесе жазылған қошемет, мадақ жыр, біреуді марапаттаған қолпаш өлең атымен жоқ. Тоқ етерін айтқанда, қазақ поэзиясының аспанына көтерілген жаңа жұлдыз – Мағжан салған жерден ақындықты көз жасы, жүрек қанынан сорғалайтын – асыл сөз, дарынды сөз, қасиетті өнер, шарапатты өнер деп біліп, бұл сапарды туған жерге, Отанға, халыққа қызмет етудегі киелі жол санайды.
Табиғатпен сырласудан туған толғанысты жырлары – көзіңді арбап, жүрегіңді тебірентетін мұңлы пейзаж, ғажайып суретші қолынан шықан картина секілді тізіп, шолып, термелеп айтқан, жер бедерін баяндай көрсеткен тұрмыс-салт көрінісі, маусым кескіні емес, қайта әр түрлі сезім-түйсік арқылы қабылданған психологиялық астарлы сырлары бар реалистік пейзаж үлгілеріне қоса кей тұста фантастикалық сурет, пері, періште, тәңір араласып кетеді. Әлем поэзиясы классиктерінің шығармалары қалай, менің туындым қалай дегендей, ақын әр түрлі үлгілерді қатар жарыстырып беріп отырады.
Ақын шыққан аса биік эстетик. Тұғырлардың бірі – пейзаж лирикасы. Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классиктік тәжірибеге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады. Бұл топтағы жырларда кескін өнерінің тәсілдері, сәуле мен көлеңкені ойнату, уақыт пен кеңістік диалектикасын көрсету, панорама, әр түрлі ракурс, этюд, түрлі астастыру принциптерін пайдаланғанын байқауға болады.
Алдымен жазғы не қысқы сахараның аумақты, мол көрінісі алдыңнан шығады: кең дала, асқар тау, саумал бұлақ, ақ қайың. Бірте-бірте ақын жалпы суреттен жеке бейнеге, нақты детальға, дәлді бейнеге көшеді. Мұның үстіне ашық, жарқын сәулелі бояулар азайып, қара, қорқынышты, үрейлі таңбалар молаяды, дауыл соғады, нөсер төгеді, боран ұлиды. Ақырында аштан бұралған, үсіп өлген, түтекте адасқан, ажал жұтқан пенде. Әуелде кісіге дос, жақын етене табиғат бірте-бірте тасбауыр тартады, өлімге пейіл береді. Қуаныштан, рахаттан, ләзаттан басталған пәк дүние соңы – апат, қырғын, зобалаң, нәубет, селебе.
Осындай күрделі, қат-қабат, өмір-болмысты, табиғат-ортаны екі ұдай болып жарылған, ақыры құрдыммен аяқталған қанқырғын трагедиялық сипатта көру – үлкен ақынның көркемдік танымындағы тұтас суреткерлік жүйе екенін ашып айту керек.
Мағжан поэзиясының мәңгі өлмес, ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны – махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық хикаясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр дүниелері.
Ақын лирикасындағы қыз, әйел, қай жағынан алғанда да, жігітпен, еркекпен тең, иықтас, деңгейлес. Көп ретте әйел адамгершілік – ізгілік, махаббат сезімдері тұрғысынан суреткер үшін дүниедегі ең қасиетті, ең ардақты, ең құрметті адам, торыққан, қиналған, тапталған кездерінде медет сұрап, сыр бөлісіп, қайырым тілеп, әйелге тіл қатады, ақтық демі таусылып, ажал тырнағына ілінер сәтте де айтылар сөз сүйген жарға, туған анаға арналады.
Ғашықтық сезімнің сан алуан толқындары: ұнату, құлай сүю, бір көргеннен құлап түсу, ұзақ уақыт сүйсіпеншілік зарын кешу, ләззат рахатына бату, ажырасу азабын тарту, айырылып күйзелу, тіл таба алмай торығу, бір кездесуге құмарту, жалт еткен ықылас, түңіле безіну, махаббат жолында жан қию, ерлі-зайыпты қоңыр тірлік, батаға адалдық, неке су ішісу, жастықтың әр кезеңі, қызықшылық, серілік, ұйқысыз түндер, тоқырау, тәубаға келу, отбасы, ошақ, қасына қарап қалу – осы алуандас сезімдер, күйлер, мұң-қайғылар Мағжан өлеңдерінде жеке адамдардың тұтас тағдыры, көзден жас, жүректен қан, тілден у ағызған сырлар болып төгіледі.
Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін енгізген Мағжан Абай тағылымдарын жаңғыртып, эпик. жанрда поэманың ықшам түрлерін қалыптастырды. Бір қарағанда, тақырыптық тұрғыдан алғанда, алып-жұлып, әкетіп бара жатқан ерекшелік көрінбейтін секілді: “Қойлыбайдың қобызы”, “Қорқыт”, “Түркістан” “Оқжетпестің қиясында”, “Батыр Баян” – аңызға, тарихи белгілі оқиғаларға, “Жүсіпхан”, “Өтірік ертек” – шығыс сюжетіне, мысал, тұспалдарға құрылған. Ішкі мазмұн тұрғысынан келгенде бұл шығармалардың бәрінде де халықтық аңыз, тарихи дерек, ежелгі әңгіме сарындары, өзгере құбылып жаңа сипатта эстетикалық желі тартады. Мағжан фольклорды игеруде соны жол, жаңа бағыт ашты, қайта жырлау, назира, сарындау емес, түп-түгел тосын, биік, асқақ көркемдік жүйелер жасады. Ең бастысы, ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарды. “Қойлыбайдың қобызында” фантастикалық күйлер, бәйгеге қобыз қосу көрінісі ғажап шебер бейнеленеді; “Қорқытта” өмір мен өлім арпалысы, мәңгілік үшін күрес, өнердің өлместікке апарар киелі қасиеті жыр етіледі, “Жүсіпханда” тұлға мен тобыр, мансап пен ұждан диалектикасы, “Өтірік ертекте” мысал, тұспал әдісімен берілген әлеуметтік тартыс сыры бар. Фольклорда, тіпті жазба әдебиеттің өзінде қазақ ұғымындағы дәстүрлі батырдың айқын, анық кескіні белгілі: ел қорғау жолында жанын береді, жолбарыс жүрек, дүдәмал, шектену, күдіктену деген жоқ, бір әрекеттің, бір ерліктің адамы. Жаңа заманда, үлкен эстетикалық әдеби мектептерден сабақ алып, өз бағытын тапқан зор талантты, ғаламт шабытты биік мәдениетті қаламгер аңыздан, фоьклордан негізгі оқиға сорабын, сюжет арнасын ғана ала отырып, мүлде тың тартыс, орасан қақтығыс-қайшылықтар тоғысына құрылған жаңа сипаттағы, ең бастысы реалистік трагедиялық поэма шарттарына, жанрдың классикалық заңдылықтарына жауап беретін, қазақ поэзиясындағы аса көркем, терең, ғажайып шығармалардың бірі – “Батыр Баянды” туғызған. Отаршылдық тепкіні, ұлттық езгіні көрген, ал адамгершілік нормалары бұзылған жылдарда сталиндік қанқұйлы қуғын-сүргін бұлты басына төнген Мағжан жүрегін қайғының қара толқыны басып, шерлі, мұңды жырлар төгілді. Әділетсізідкке, зорлық-зомбылыққа деген қарсылық, тақымына қыл бұрау түскен періште шындықтың шырқырауы – ақынның жәдігейлік, жағымпаздық, келісімпаздық дертіне шалдықпаған жігерлі, қайратты, намысты толғауларындағы сарындар “Батыр Баян” поэмасында бір арнаға құйды. Қазақ фольклорында, ауыз әдебиетінде, ақын-жыраулар поэзиясында өмір мен өлімнің беттесуі, тіршілік пен ажал айтысы терең арна тартқан емес. Оның үстіне мұсылмандық шарттар бұл дүниеден гөрі о дүниені мәңгілік, қасиетті орын етіп көрсеткендіктен де, жазба әдебиет өкілдері де өлім тақырыбына терең бойлап бара алған жоқ. Абайдың рухтың мәңгілігі, болашақ ұрпақпен сырласу хақында терең тебіреніспен жазған өлеңдері, Кемпірбайдың, Әсеттің тіршілікпен қоштасуы секілді үздік туындылары бір төбе.
Мағжан поэзиясындағы көкжал толқынның, көгал да ағыстың бірі – өмір мен өлім, тіршілік пен ажал айқасы, екеуінің бетпе-бет келуі. А.Данте, И.В.Гете сарындары, Дж.Байрон, А.С. Пушкин, М.Ю.Лермонтов әуездері, А.А. Блок, А.А.Фет, Д.С.Мережковский ырғақтары түйісіп, тоғысып келіп, қазақ ақынының қайғысына қайғы қосып, жүрегін тербеп, жаңа соны, бой түршігерлей күйлер тудырған. Періште, тәңір, пайғамбар, құдай, көк аспан, жер, ай, жолбарыс, арыстан, толқын, жел, теңіз, өзен, алдаспан, алмас қылыш, тұлпар, жүрек – міне осы секілді көптеген сөздер, ұғымдар Мағжан поэзиясында үнемі қайталанып отырады. Олардың жинақтаушылық, эстетикалық, бейнелік символдық, көркемдік орасан зор мәні бар. Өз ортасынан үздік шығып, уақыттан озып, кезеңінде замандастарына танылмай, жұмбақ болып, арада көп жыл өткесін, көп дүние өзгергеннен кейін жаңа қауыммен емірене табысқан өнер иелері әр халықта, әр топырақта, әр ғасырда бар болса, Мағжан поэзиясының бірқыдыру сыры осы арнадан табылса керек.
Ақынның күнделікті, мезгілдік, науқандық, тіпті анығын айтқанда, таптық күрес, тартыс талабына орайлас, елгезек, үгіттік, наисхаттық шығармалар жазудан бойын мүлде аулақ салуы таңғалдырады; тақырып таңдау, өлең нысанына келгенде ерекше талғампаздық, өзін-өзі саналы түрде шектеуді көреміз. Ал, бірақ, әлем поэзиясындағы ұлы шайырлар үнемі жыр еткен мәңгілік тақырыптар, мәңгілік бейнелер, мәңгілік сарындар қазақ ақынының жанын мазалайды: жарыса жырлану, бой теңестіру үстінде туған үндес туындылар еркін көсілген кейбір тұстарда адам таңғаларлық ғашықтық, сүйіспеншілік, ізгілік, мұңлы қайғы, текті қасірет толғаған сары алтындай саф дүниелерді мөлдіретіп жазып тастайды. Үш революцияның, аласапыран дәуірдің, саяси төңкерістердің, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістердің, санадағы сілкіністердің ықпал-әсерімен күнделікті іс-әрекет, талап-тілек, уақыт сұранысы өнер атаулыны өзіне баурап алған, публицистикалық, саяси ұрандар, ұғым – категориялар, байлам-тұжырымдар әдебиеттің барлық саласына ентелеп кірген заманның өзінде Мағжан поэзиясының зеңгір көкпен, тәңір, пайғамбармен мәңгі тілдескен заңғар шыңындай болып, таза ақындықты сақтады, ол бір тақырыптың, бір кезеңнің, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттардың желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуе-сарындармен тамырлас, өлмес туындылар берген ұлттық ақын болып қала береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *