Ұғым мен инновациялардың түрлері, инновациялық процесс және инновациялық қызмет.
Инновация (жаңалық жарату) — қазіргі ойлау үлгісі мен дәстүрлі таным ерекшелігіне ұқсамайтын жаңа ойлау жүйесін тауып шығару, кезектегі білім мен материалдық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көнені өңдеу, бар нәрсені тіпті де жақсарту, кем нәрсені толықтыру, жаңа нәрсені тапқырлау, тың нәрсені байқау, жаңа зат, жаңа әдіс, жаңа жол, жаңа орта жаңалығымен өмірді жаңарту, сөйтіп адамға және адамзатқа бақыт жарату.
Инновацияның мағынасы және маңызы
Инновация сөзін қазақтың «тапқырлық», «жаңалық» сөздерімен тең мағынада қолдануға рұқсат етіледі. Ағылшынша Innovation көбіне-көп ғылым техниалық тапқырлық пен жаңалық ашуды көрсетеді. Әрине инновацияның қазіргі мағынасы ауқымды, ол көбінесе адамның рухани белсенділі арқылы әуелде болмаған жаңа жоспарлау, жобалау, техника, мәдениет, сауда, және қоғамдық өмір салтын қалыптастыру, ал, тар мағынада тек жаратылыстану ғылымдары мен өндірістік техникада жаңа тапқырлық ашуды көрсетеді.
Инновацияны алдын ала мөлшерлеу қиын. Бірақ күнібұрын жоспарлап, ұйымдастырып, бейімдеп, белгілі бір саладан жаңалық ашуға жұмылдыруға болады. Әрине, кім қандай жаңалық ашады, қалай ашылады, ол көбінесе белгісіз болады. Ғылым-техникалық жаңалық көбінесе ғалымдардың жаңа ойлар мен мүмкіндіктерді өзара тоғыстырып, күрделі талдау жасау және синтездеу жұмыстары арқылы ашылады. Ғылым дамыса техникалық жаңалықты әлеуеттендіреді, техника дамыса ғылыми жаңалыққа алғышарт әзірлейді. Ол ізденіс пен қолданудың байланысына қатысты, көп түрлі мүмкіндікті тоғыстыра қолданудың жемісі. Көптеген жаңалықтар кездейсоқ пайда болғаны белгілі. Бірақ заман дамыған сайын инновацияны арнайы жоспарлау, мол қаржыландыру, жүйелі ұйымдастыру күнтәртіпке еніп келе жатқан секілді.
Инновацияда үлкен тәуекелшілдік болады. Егер кәсіпорын, немесе кез келген мекеме, тіпті кез келген адам бір деңгейде тұрып алса, бір түрлі әдіспен қайталанудан жазбаса, онда ол көбінесе күйреуге беттейді. Өйткені бәсекелестер жаңа мүмкіндік, арзан тауар жасап шығарып, пайдалы орайларды өздеріне қарай бұрып әкетеді. Christensen бұны «инновация тығырығы» деп атаған. (The Innovator’s Dilemma)Заманауи өзгерістің толассыз туылуына, және өзгеріс периоды уақытының қысқаруына орай өзгеріске қарсы шара ретінде инновация туралы ізденіс артты. Ақпарат технологиясының біртіндеп өзекті болуына орай әрбір адамды негіз еткен, әлеуметтік белсенділікті сахна еткен, ортақ жасампаздықпен шұғылдану мен жаңалық ашуды ерекшелік еткен инновациялық қоғам қалыптасу үстінде және ол осы салада табысты жұмыс жасаған халықтарға әлемнің дамыған елдері деңгейіне көтерілуге мүмкіндік берді.
Нағыз Байлық инновациядан алынады. Қанша мол табиғи байлық болса да, адам қанша көп болса да бәрібір, егер инновациялық ізденіс пен даму болмаса, ондай ел кедей, мешеу күйден шыға алмайды. Инновация жетелеген өндірістік даму қоғамдық байлық дамуының бірден-бір себебі екені тайға басылған таңбадай айқын. Инновацияның халықтар, елдер тағдырын белгілейтін өте маңызды тетік екеніне адамзат баласының көзі жетіп келеді.
Инновацияның болуы бір мәселе болса, оның өндіріске, тұрмысқа қатысып, кірісіп, өндіріс пен тұрмыста өзгеріс тудыра алуы тағы бір мәселе. Кей елдердің, мысалы Қазақстанның инновациялық жасампаздық қуаты жоғары болғанымен, советтен қалған жүйенің шектемесінде, белсенділіктің тапшылығында, өмірдің жансыздығында көптеген жақсы жаңалықтар мида тозып, ауызда тозып, кітаптар арасында тозып, сөреде тозып қалып жататыны жасырын емес. Бұл инновацияға ден қоюды, оны тұрмысқа, өндіріске бағыттауды негізгі міндет етпесе, халықтың миы алтын болса да онысы олардың тұрмыс деңгейін көтеруге септеспейтінін көрсетеді.
Қарапайым мағынада айтсақ, егер әлдебір өзгертулер, тапқырлықтар, жаңалықтар қоғамда жалпы қолданыла бастаса, онда ол жаңалық ашудың шындап толық іске асқанын көрсетеді. Көптеген салаларда заттар мен әдістерге жасалған жаңалық өмірде белгілі бір мағынаға ие болса, ол өмірдің көптеген салаларында өзгерістерге ықпал ете бастайды. Әсіресе өнердегі, экономикадағы, сауда мен саясаттағы өзгерістердің халық пен елге тиімділері инновация есептеледі. Экономиканы алсақ, инновация экономикалық өсімді туғызады, заттың құнын арттырып, бағасын түсіруге көмектеседі, еңбек күштерінің сырап болмауына көмектеседі, қаражат, материал үнемдейді, жұмыс тәртібін жақсартады, уақыт шығынын азайтады.
Инновацияның мақсаты белсенді өзгерістерге таяр болу, тіпті де жақсысын жасап шығуға белсену. Ол өмірді кедейлік пен мешеуліктен құтқару үшін жасалған адам белсенділігінің ең жоғары көрінісі. Инновация мұнда жаңа ой, жаңа зат, ол бір жаңалық жасау барысы, ол бір өндіру мен қызмет көрсету салаларының сапасының жаңа деңгейге көтерілуі, санының артуы.
Инновация түрлері
Intel компониясының жоғары техника қызметкері Gene Meieran -ның пікірінше инновацияның үш түрі бар:
1. Түбегейлі жаңалық ашу. Ол көбінесе мәлім салада дәстүрлісін бұзып, көнені жойып, түбегейлі өзгеріс алып келеді. Мысалы адамзат тарихында лампаның тапқырлануы, сандық технологияның тапқырлануы.
2. Жақсарту, жаңарту. Ол көбінесе біртіндеп өзгерістер жасау арқылы бәлім саланы, мәлім затты жетілдіріп, кемелді жаңасын жарату; жаңа артықшылықтар қосып, бір нәрсені бұрынғысынан тіпті де керемет ету.. Мысалы, Қаламның, машинаның жаңа түрін жасау.
3. Жаңаша қолдану. Яғни, бір нәрсенің бұрынғы қолданысынан басқа жаңа қолданысын тауып шығу. Ол заттың қолданысына жаңалық енгізіп, оны бұрынғыдан басқа мақсаттарда қолданудың жолын ашу. Мысалы мешеу елдер көмірді тек отқа жағуға пайдаланса, дамыған елдер көмірден 150 шақты тауар шығарады екен.[1]
Әдебиеттер
1. Шумпетер Й. Теория экономического развития. / Пер. с нем. В.С. Автономова, М.С. Любского, А.Н. Чепуренко / Общ. ред. А.Г. Милейковского. – М.: Прогресс, 1982. С. 158-159. – 456 б.
2. Рассудовский В. Интеллектуальная собственность и инновационное предпринимательство // Российская юстиция, — №12. — С.10-13.
3. Амирханова И.В., Романкова В.А. Правовое обеспечение индивидуального предпринимательства: проблемы теории и практики: Учебное пособие. — Алматы: Қазақ университеті, — 209 с.