Жоспар
- «Неке» және «отбасы» анықтамасы.
- Отбасы және неке институтын зерттеудің методологиялық негізі.
- Отбасының түрлері және құрылымы.
4.Отбасының өмірлік циклы.
- «Неке» және «отбасы» анықтамасы
Бұрынғы ойшылдар отбасының табиғатын, мәнін анықтауда түрлі көзқарастарды ұстанды. Неке-отбасы қарым-қатынастарының сипатын анықтауға алғаш тырысқандардың бірі ежелгі грек философы Платон. Оның пікірінше отбасы дегеніміз өзгермейтін бастапқы қоғамдық ұяшық: отбасылардың бірігуі нәтижесінде мемлекет пайда болған.
Француз ағартушысы Ж.-Ж. Руссо: «Барлық қоғамдардың ішіндегі ең ежелгі әрі жалғыз табиғи қоғам – бұл отбасы. Сонымен, отбасы – бұл, керек болса, саяси қоғамдардың бейнесі, үкімет – әке тәрізді, халық – балалары іспеттес», — деп жазды.
«Неке» және «отбасы» ұғымдары арасында тығыз байланыс бар.
Бұрынғы кез бен қазіргі заманның әдебиетінде олар синоним ретінде қолданылады, алайда бұл ұғымдардың жалпы мәні де, өздеріне тән жеке мәндері де бар. Ғалымдардың дәлелдеуінше неке мен отбасы әр түрлі тарихи кезеңде пайда болған. Қазіргі социологтардың беретін анықтамасы:
Неке дегеніміз әйел мен еркек арасындағы тарихи өзгеріп тұратын қарым-қатынастардың әлеуметтік нысаны, осы нысан арқылы қоғам олардың жыныстық өмірін тәртіпке келтіреді және оған рұқсат береді, олардың ерлі-зайыптылық құқықтары мен міндеттерін белгілейді.
Отбасы дегеніміз — некеге қарағанда күрделірек қарым — қатынастар жүйесі, ол тек жұбайларды ғана емес, онымен қатар балаларды да, туыстарды да, тіпті жұбайларға жақын адамдарды да біріктіреді. Отбасы – бұл әлеуметтік институт пен шағын әлеуметтік топ белгілерін иеленетін әлеуметтік жүйе. Отбасы әлеуметтік институт ретінде жұбайлардың, ата-аналардың, балалар мен басқа туыстардың өзара қарым — қатынастарын реттейтін әлеуметтік нормалардың, санкциялардың және мінез-құлық үлгілерінің жиынтығымен сипатталады. Отбасы — некеге немесе қандас туыстыққа негізделген шағын топ, оның мүшелері тұрмысының ортақтығымен, өзара моральдық жауапкершілікпен және өзара көмекпен байланысады.
Отбасының әлеуметтік функциялары оның әлеуметтік институт ретінде қоғамдық қажеттері мен өмір сүру сипатын, сондай-ақ отбасы тобының жеке қажеттерінің сипатын көрсетеді. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің әсерімен отбасының әлеуметтік функциялары мен олардың иерархиясының сипаты өзгереді. Алайда барлық уақытта да бала туу және оларды тәрбиелеу отбасының маңызды функциясы болып қалады, бірақ жекелеген функциялардың маңыздылығы өзгеріп отырады.
2.Отбасы және неке институтын зерттеудің методологиялық негізі
Түрлі мамандық иелерінің отбасы тақырыбына деген қызығушылығы ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, әлеуметтік ортада отбасының өмір сүруінің көп функциялы сипатына байланысты.
Жалпы алғанда, отбасын зерттеу бірнеше бағытта жүргізілді:
— отбасы мен некенің туындауын және қоғамда дамуын зерттеу (Дж.Ф.Мак-Леннан, Л.Морган Г., И.Бахофен, Ф.Энгельс, Ю.И.Семенов, М. Мид және басқалары);
— отбасы мен некенің типтері мен түрлерінің дамуын зерттеу (И.В.Гребенников, С.В. Ковалев, В.П. Меньшутин және басқалары);
— отбасы мүшелерінің өзара қарым — қатынасы психологиясының мәселелерін көрсету(С.В.Ковалев,Л.В.Ковалева, А.И.Кочетов, Л.В.Панкова, В.А.Сысенко, В.С.Торохтий, Т.А.Трапезникова, В. Сатир, Н.М. Ходаков және басқалары);
— отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін анықтау, отбасылық тәрбиенің әдіс -тәсілдерін жасау (Ю.П.Азаров, И.В.Гребенников, Н.К.Крупская, П.Ф.Лесгафт, А.С.Макаренко және басқалары).
Отбасы теориясының дамуының қазіргі кезеңінде бірнеше тұжырымдамалар қалыптасты, алайда олардың ішінен келесі екеуі басымырақ болып отыр:
— шағын әлеуметтік топ түріндегі отбасы туралы тұжырымдама;
— «әмбебап бастауыш топ» тұйық әлеуметтік жүйе түріндегі отбасы туралы тұжырымдама.
Екінші тұжырымдаманы толық талдамай-ақ, отбасын ашық әлеуметтік жүйе ретінде қарастыратын ғалымдардың тұжырымдамасына тоқталайық, себебі біздің ойымызша осы тұжырымдаманың келешегі бар.
Осы тұрғыдан алғанда отбасын қалыптасуы мен өмір сүруінде әлеуметтік қызмет үлкен роль атқаратын әлеуметтік ортаның факторы ретінде зерттеуге болады.
Ғылымда отбасы институтына деген басым көзқарастардың негізінде диалектикалық материализм классиктерінің, атап айтқанда отбасының туындауы мен дамуын ғылыми тұрғыда негіздеп берген Ф. Энгельстің ой-пікірлері мен қорытындылары жатыр. Автор «Отбасы бізге қоғамдағы қарама — қарсылық пен қайшылықтардың, өркениет кезеңі басталған уақыттан бастап қоғамның таптарға бөлінуінің кішірейтілген көрінісін береді»,- деп атап өтуімен бірге, отбасын әлеуметтік институт ретінде әрі қарай зерттеудің методологиялық негізін анықтап берді.
Қазіргі философтар отбасы институтын жеке тұлғаның қалыптасуына қатысатын факторлардың бірі деп зерттейді (В.В.Москаленко, Ю.Б.Рюриков, Ю.В.Сычев, М.С.Шепелева және басқалары). «Отбасы адамның ойлауының, әрекеттерінің, бағалауының қалыптасуына өмір бойына елеулі әсерін тигізеді» — деп М.С.Шепелева дұрыс атап өтті.
Ю.В.Сычев шағын ортаның (мектеп, достар және т.б.) түрлі факторларын қарастыра келе, ең маңызды рольді отбасына береді, себебі оның ойынша отбасы жеке тұлғаның әлеуметтік бағдар алуында басты роль атқарады — «…отбасы жағдайында мақсатты педагогикалық жұмыстың ғана орасан зор мәні болып қоймай, ішкі психологиялық климат, ата — аналар мен олардың әлеуметтік нұсқамалары арасындағы қатынастар сипаты, жалпы өмір сүру салты да үлкен мәнге ие болады» .
Жеке тұлғаның әлеуметтену барысында отбасындағы әдеттердің, дәстүрлердің, ғұрыптардың мәнін зерттейтін қазақстандық философтардың жұмыстарын атап көрсету керек (Қ..Нұрланова, Ж.К. Қаракөзова, Р.М.Мұстафина, М.Ш.Хасанов және басқалар).
Сөйтіп, Ж.К.Қаракөзова мен М.Ш.Хасанов отбасының жайлылығы үшін бала туу, үйлену, өлім сияқты оқиғалардың маңыздылығын атайды. Авторлардың ойынша некеге тұрғаннан кейін «…өмірдің үйлесімдік» кезеңі басталады.
Қазақтардың XIX ғасырдағы отбасындағы әдет — ғұрыптардың діни аспектілерін зерттей келе, Р.М.Мұстафина бұл мәселені қарастырады. Автор зерттеулердің нәтижесінде отбасы патриархалдық және отбасы — тұрмыстық дәстүрлерді сақтаушы болып табылады деген қорытынды жасады.
Социологтар фактологиялық және логикалық сәттерді ескере отырып, отбасына анықтама береді.
1) фактологиялық сәт адамдардың негізінде ерлі — зайыптылар байланысы жатқан топтарға бөлінуін ескереді;
2) логикалық сәт отбасының ерекше әлеуметтік феномен ретінде, қоғамның әлеуметті мәдени дамуының факторы ретінде мәнін анықтайды — «Қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістерді осынша сезгіш, қоғамдық — тарихи прогрестің табыстарын, қиындықтарын, қарама — қайшылықтарын айқын көрсететін мұндай басқа әлеуметтік институт жоқ».
«Институт» ұғымының негізіне американдық социологтар Ф. Бейте мен Р.Харлидің анықтамалары алынды: институт дегеніміз — белгілі бір функцияларды атқаратын әрекеттер мен қатынастардың күрделі жүйесі.
Жаңа қоғамдық — саяси қарым-қатынастар бекіп жатқан кезеңде қазіргі заманның отбасына әлеуметтік талдау жасайтын, отбасын нығайтудың және оның тұрақтылығын сақтаудың жолын белгілеген қазақстандық социологтардың зерттеулерін атап өту керек (Н.А.Аитов, У.Ауталипова, У.Бекжанов, К.Г.Габдуллина, З.Ж.Жаназарова және басқалары).
- Отбасының түрлері мен құрылымы
Социологияда отбасының құрылымы былайша анықталады:
1) оның мүшелері арасындағы қарым — қатынастар жиынтығы;
2) рухани, ізгіліктілік қарым — қатынастар жүйесі;
Туыстық құрылым бойынша отбасы былайша бөлінеді:
1) нуклеарлы отбасы (балалары бар ерлі — зайыпты жұп);
2 (кеңейтілген отбасы (балалары бар отбасы және күйеуінің не әйелінің сол үйде бірге тұрып жатқан туысы).
Жұбайлар арасында билікті бөлу құрылымы бойынша келесі отбасыларды бөлуге болады:
1) эгалитарлы – тең құқықтылыққа негізделген;
2) авторитарлы – басты шешімді күйеуі (әйелі) қабылдайды.
Балалар саны бойынша – көп балалы, балалар саны орташа, аз балалы, баласы жоқ отбасы болып бөлінеді.
үй міндеттерін бөлу сипаты бойынша – дәстүрлі отбасы (міндеттерді көбінесе әйелі атқарады) және ұжымдық отбасы (міндеттер бірлесіп не кезекпен атқарылады) болып бөлінеді.
Бос уақытты өткізу сипаты бойынша ашық отбасы (араласуға және мәдениет индустриясына бағдар алған) және жабық отбасы (бос уақытты үй ішінде өткізуге бағдарланған) болып бөлінеді.
Европалық отбасы әйелдің жұмыс бастылық деңгейінің жоғары болуымен, ажырасу деңгейінің жоғары және бала туу деңгейінің төмендігімен сипатталады. Ортаазиялық отбасыға, керісінше, әйелдердің жұмысбастылық деңгейінің төменірек болуы, бала туу деңгейінің жоғарылығы және ажырасу санының төмен деңгейде болуы тән. ТМД-ның бірқатар елдерінде – Қазақстанда, Закавказьеде отбасының аралас түрлері кездеседі.
Неке — әйел мен еркектің арасындағы қарым-қатынасқа рұқсат беретін әлеуметтік нормалар жиынтығы, сондай-ақ олардың отбасы мен отбасы тобының өмір сүруі үшін қажет өзара құқықтары мен міндеттерінің жүйесі түріндегі әлеуметтік институт.
Кейбір нормалар, құқықтар мен міндеттер заңды сипатта болады және заңнамамен реттеледі. Заңмен бекітілген нормаларға мүлікті иелену жөніндегі мәселелер, некені бұзумен байланысты бірқатар құқықтық проблемалар жатады.
Некеге отырудың ең төменгі жасы, неке бұзудың заңды негіздерінің тізімі де құқықтық реттелуге жатады. Олардың қатарына:
— көңіл білдіру, некеге отыратын жұп таңдау және некеге дейінгі мінез — құлық нормалары;
— жұбайлар арасында билік пен міндеттерді бөлу нормалары, олардың бейформалды байланыстарына қатысты жұбайлардың күту нормалары;
— отбасының экономикалық жағдайы үшін өзара жауапкершілік;
— бала тәрбиесі, отбасылық демалыс нормалары жатады.
Некеге отырудың нақты жас шамасы да, ажырасу барысында, ажырасқаннан кейінгі кезеңдегі қарым — қатынас сипаты да моральдық реттелуге жатады.
Азия мен Африканың көптеген елдерінде ата-анасымен келісіп некеге отыру, келін үшін қалыңмал беру және т.б. дәстүрлер сақталған.
Неке қию салтанатын өткізу шаралары бойынша азаматтық және шіркеулік неке қию болып бөлінеді.
Кейде некеге нақты некені немесе бірге тұруды жатқызады (яғни, заңда қаралған тәртіпте ресімделмейтін ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы). Бірқатар елде кейбір әлеуметтік топтардың, негізінен жастар мен қала тұрғындарының нақты некеде болуы көбейіп келе жатқаны байқалады.
өз құрылымы бойынша некелер Европа мен Америка елдеріне тән моногамды және Азия мен Африка елдеріне тән полигамды болып бөлінеді. Бірлескен өмірлерінің алғашқы жылдарында некені бұзу деңгейінің жоғары болуы мазасыздық тудырып отыр; ажырасудың шамамен 40%-ы жұбайлардың бірлескен өмірінің алғашқы 4 жылында болады.
- Отбасының тіршілік айналымы
Әлеуметтік саясат, сондай-ақ отбасылық әлеуметтік жұмыстың мақсаты мен міндеттерін назарға алсақ, отбасы пайда болып толық жойылғанша дейін отбасының өмірі бойына болып жататын өзгерістерге негізделген жіктеудің мәні зор. Басқаша айтсақ, отбасының тіршілік айналымына, яғни отбасының туындап, жойылған сәтіне дейінгі өтетін жай-күй (демографиялық және демографиялық емес) кезегіне негізделген отбасы типологиясы жөнінде сөз болып отыр. Отбасының тіршілік айналымы ата-аналық кезеңдерден тұрады, ата-ана болар алдындағы кезеңнен, яғни некеге тұрғаннан кейін алғашқы бала туғанға дейінгі кезеңнен басталады. Отбасының тіршілік айналымының келесі кезеңі – репродуктивті ата-аналық кезең, яғни бірінші бала мен соңғы баланың туу аралығындағы кезең. Репродуктивті ата-аналық кезең әлеуметтенген ата-аналық кезеңмен, яғни тұңғыш баланың тууы мен соңғы баланың отбасынан бөлектеніп шығуы аралығындағы кезеңмен араласады. Отбасының тіршілік айналымы арғы ата-аналық кезеңмен, яғни алғашқы немеренің тууынан арғы ата-анның бірінің қайтыс болуы аралығындағы кезеңмен аяқталады. Сонымен, жоғарыда сипатталған кезеңдер отбасының толық айналымын көрсетеді. Шынайы өмірде қандай да бір кезеңнің болмауына немесе жұбайлардың ажырасуына немесе бірінің қайтыс болуына байланысты толық айналым толық емес айналымға айналуы мүмкін. Отбасының тіршілік айналымының кезеңдеріне негізделген отбасылық құрылымдарды жіктеу отбасы саясатының міндеттеріне нақты, атиаулы әрі тиімді қарауға, отбасылық әлеуметтік жұмыстың белгілі бір тактикасын таңдауға, отбасыларына өз проблемаларын шешуге неғұрлым табысты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған отбасылық құрылымдар ең маңыздылар қатарына жатады, себебі отбасының әлеуметтік функцияларының орындауы осылармен тығыз байланысты. Екінші жағынан алғанда, дәл осы құрылымдарды көрсету арқылы отбасындағы дағдарыстар, оның қоғамдағы, отбасының әрбір мүшесінің өміріндегі орны мен ролін жоғалтуы нақтырақ көріне бастайды. Осы отбасылық құрылымдардың өзгеруі отбасының функционалдық әрекетсіздігінің артуының нәтижесі мен көрінісі, сонымен қатар олардың артуын күшейтетін, отбасы динамикасында жайсыз құбылыстардың тереңдеуіне жол беретін фактор мен жағдай болып табылады, қоғам мен отбасының ыдырауының артуы.
Негізгі әдебиеттер
- Гребенников И.В. Основы семейной жизни. – М.: Просвещение, 1991. С. 3-5.
- Законодательные документы Республики Казахстан 1995-2000 гг.
- Семья и молодежь: профилактика отклоняющегося поведения. п/р В.А. Балцевич. Минск, 1989., С. 144.
- Семья и общество. Отв. ред. А.Г. Харчев. М.,1982. С. 5-10.
- Бабанский Ю.К. Педагогика. /Учебник/. М.: Просвещение, 1988.
- Ковалев С.В. Психология современной семьи. М.: Просвещение, 1988.
Қосымша әдебиеттер:
- Бабанский Ю.К. Педагогика. /Учебник/. М.: Просвещение, 1988.
- Ильина Т.Н. Общая педагогика. /Учебник/. М.: Просвещение, 1988.
- Ковалев С.В. Психология современной семьи. М.: Просвещение, 1988.