Кәсіпорын шаруашылық объектісі ретінде

Кәсіпорын шаруашылық объектісі ретінде
1 Кәсіпорын — шаруашылықты жеке жүргізетін субъект және нарықтық қатынастардың негізгі жүргізушісі
2 Кәсіпорын құрылымы

Кәсіпорын – заң тәртіптері бойынша тіркеуден өткен, мүлікті пайдаланудан, тауарларды сатудан, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету арқылы пайда табуға жүйелі түрде бағытталған кәсіпкерлік қызмет субъектісі.
Кәсіпорын – сұранысқа қажетті өнім өндіру, жұмыстарды орындау және қызмет түрлерін көрсету үшін материалдық және ақпараттық ресурстарды пайдаланатын жан-жақты шаруашылық субъект. Ол өз қызметімен жеке дербес түрде айналысады, салықтар, басқа да міндетті төлемдерді төлегеннен кейін қалған пайда мөлшерін өзі бөледі, яғни кәсіпорын жеке дербес тауар өндіруші болып табылады.
Барлық заңды тұлғалар қызмет ету мақсаттарына байланысты:
— коммерциялық ұйым – қызметінің негізгі мақсаты табыс келтіруді көздейді;
— коммерциялық емес ұйым — қызметінің негізгі мақсаты пайда келтіре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейтін ұйым.
Қолданылатын шикізат сипатына байланысты:
— өндіру өнеркәсібінің кәсіпорындары;
— өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары болып бөлінеді.
Салааралық құрылымы бойынша кәсіпорындар «тар» мамандандырылған , көп профилді және аралас болып бөлінеді:
— «тар» мамандандырылған – жаппай немесе ірі сериялы өндіріс өнімдерінің шектеулі ассортиментін шығаратын кәсіпорындар (шойын, ет, бидай өндірісі және т.б.);
— көп профилді кәсіпорындар түрлі жағдайда пайдаланылатын және кең ассортиментті өнімдерді шығарады. Өнеркәсіпте олар бір уақытта теңіз кемелерін, жеңіл көліктерді, компьютерлерді дайындауға мамандандырылуы мүмкін. Ауыл шаруашылығында – бидай, жеміс-жидек, малдарды өсіру және т.б.;
— аралас кәсіпорындар шикізаттың немесе дайын өнімнің бір түрін параллел немесе тібектей түрде басқа түрге, үшінші бір түрге ауыстырады.
Қызмет сипатына байланысты:
— өнеркәсіптік;
— өндірістік;
— сауда;
— транспорттық;
— инвестициялық және т.б. кәсіпорындар болып бөлінеді.
Кәсіпорын құрылымы – бұл бүтін шаруашылық объектіні құрайтын ішкі буындардың: цехтар, учаскелер, бөлімдер, лабораториялар және басқа да бөлімшелердің құрамы мен ара-қатынастары. Оның жалпы, өндірістік және ұйымдық құрылымы болады.
Кәсіпорынның жалпы құрылымы — өндірістік бөлімшелер мен қызметкерлерге қызмет көрсететін бөлімшелер кешенін және сонымен бірге кәсіпорынның басқару аппаратын қамтиды.
Кәсіпорынның өндірістік құрылымы — өндірістік үрдісті ұйымдастыру нысаны және кәсіпорын мөлшері, цехтар мен қызмет көрсету түрлерінің көлемі, құрамы мен үлестік салмақтары, олардың араласуы, сонымен бірге цех ішіндегі өндірістік учаскелер мен жұмыс орындардың құрамы, саны мен орналасуы туралы мәліметтермен сипатталады.
Кәсіпорынның ұйымдық құрылымы – бұл басқару аппараты бөлімшелері және олардың өзара байланыстары мен өзара бағыныштылығының құрамы. Кәсіпорынның басқару аппараты – басқарушылық шешімдерді дайындауға және оны жүзеге асыруға жауапкершілік жүктелген басшылар мен мамандар тобы. Басқару аппаратының ұйымдық құрылымы бірнеше буын сандарымен сипатталады, көбіне үш буынды жүйе қолданылады: президент (директор, басқарушы) – цех (бөлім) басшысы – мастер (бригадир). Әрқайсы өзіне жүктелген жұмыс учаскесіне жауапты болады. Басқару құрылымының түрлері: сызықты, функционалды, сызықты-функционалды, сызықты-штабты, өнімдік, дивизионалды, жобалық, матрицалық, бағдарламалы-мақсатты, бригадалық, төңкерілген пирамида түріндегі басқару құрылымы.
Әдебиеттер: [1-3, 7, 9]

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *