Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты

1989 жылдың өзінде КСРО-ны конфедерация принциптері негізінде өзгертудің нақты көріністері байқалды. Осыдан соң республикалар өздерінің бөлінетіндігі жайлы батыл мәлімдей бастады. Балтық жағалауы республикаларының, онан кейін Украина, Қырғызстан және Ресейдің парламенттері өз дербестігін қорғай отырып, Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Егемендік туралы Декларацияны қабылдай отырып, одақтас республиалардың көпшілігі республикалық заң шығарудың басым тұстарын көрсететін арнайы бөлімдер енгізді.

Қазақстан өзінің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын 1990 жылы 25 қазанда жариялады.

1991 жылы 7 қыркүйек сағат 10-да Алматыда Қазақстан Компартиясының кезектен тыс және төтенше сьезі ашылды. Ұзаққа созылған айтыстардың нәтижесінде сьезде Қазақстан Компартиясын тарату және жаңа партия құру туралы шешім қабылданды. КОКП мүшелерінің бір бөлігі 1991 жылы 5 қазанда құрылған Қазақстанның халық конгресі партиясының құрамына кірді. Бұл партияның негізгі міндеті, оның бағдарламалық құжаттарында айтылғандай, парламенттік тәсілді пайдалана отырып, республиканың бұдай былайғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болды.

Әкімгершілік жүйенің ауқымынан босап шыққан республикалардың көпшілігі «Кеңестік» және «социалистік» деген атаулардан бас тарта бастады. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Республика Жоғарғы кеңесінің сессиясында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын Қазақстан Республикасы деп атау жөнінде шешім қабылданды. Бұрынғы атаудың идеологиялық астары болғандықтан, республикадағы қазіргі шынайы өмірді бейнелей алмайтын еді. Осымен бір мезгілде туған жер туралы құнды мағлұматтар беретін тарихи атауларын қайтару мақсатымен еліміздің қалаларының, көшелерінің, алаңдарының аттарын өзгерту жұмыстары басталды. 1989-1992 жылдары Гурьев қаласы – Атырау, Целиноград – Ақмола, Шевченко – Ақтау, Голощекин ауылы – Приуралье болып өзгертілді. Республика картасынан «Коммунистік», «Социалистік», «Октябрь» деген сөздер жоғала бастады.

Заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды құқықтық негізде ақтау жұмысы жолға қойылды. Қысқа мерзім ішінде жазықсыз қуғынға ұшыраған 33 мыңнан астам азаматтар ақталды. 1990 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «30-40 жылдар аралығында және 50-жылдардың басында заңсыз қуғын-сүргіннен зардап шегіп, кейіннен ақталған азаматтарға жәрдем көрсету жөніндегі шаралары туралы» Жарлық шығарды.

Көптеген қиындықтарға қарамастан, халық өзінің аса көрнекті ұлдарын жадынан шығарған жоқ. 1991 жылы 12 желтоқсанда Н.Ә.Назарбаев «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде» Жарлық шығарды.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде оның мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті. 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылғы 11 желтоқсанда Республика Әнұранының жаңа мәтіні қабылданды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі. Тудың ені ұзындығының жартысына тең. Бірыңғай көгілдір түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізі – шаңырақ. Шаңырақ – мемлекеттің түп негізі – отбасының негізі. Тұлпар – дала дүлділі, ер-азаматтың сәйгүлігі. Ол жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, қажырдың, тәуелсіздікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті білдіреді. Қазақстан Республикасының Елтаңбасының авторлары – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уалиханов.

Ал 2006 жылы қабылданған қазіргі әнұран сөзінің авторлары Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған Шәмші Қалдыаяқов. Халық арасында ыстық ықыласқа, сүйіспеншілікке бөленген Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні ХХ ғасырдың ортасында, Хрущев әкімшілік реформалары кезінде шыққан.

Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі астананың ауысуы болды. 1994 жылы 6 шілдеде «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті. 1995 жылы 15 қыркүйекте ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты.

1997 жылы 10 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен Парламент пен Үкіметтің біріккен мәжілісі өтті. Осы күннен бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды. 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы астанасының ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті.

1994 жылы 7 наурызда республика парламентіне сайлау болып өтті. Бірақ кейбір жерлерде заңсыздық орын алып, сол себепті 1995 жылғы 6 наурыздағы Конституциялық сот қаулы қабылдап, сайлау заңсыз деп танылды. 1995 жылы күзде Қазақстанның екі палаталы Парламенттіне жаңа сайлау болып өтті. 1996 жылғы 30 қаңтарда Алматыдан жаңадан сайланған екі палаталы Парламент өз жұмысын бастады.

1995 жылы тағы бір референдум өткізілді. Қазақстан халықтары Ассаамблеясы үндеуін ескере отырып және Президенттің 1995 жылғы 29 сәуірдегі Жарлығына байланысты өткізілген республикалық референдумға бір ғана сұрақ шығарылды. «1991 жылы 1 желтоқсанда бүкіл халық сайлаған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?». Қазақстандықтардың басым көпшілігі референдум кезінде Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуды жақтап дауыс берді.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Қашан Қазақстан өзінің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын жариялады?
  2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары кімдер?
  3. Қазақстан астанасы Ақмоладан Астанаға ауыстырылған жыл?
  4. Не себепті 1995 жылы референдум өткізілді?
  5. 1989-1992 жылдары қандай қалалардың аттары өзгертілді?

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *