ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Халық болып қалыптасу қандай ұзақ және күрделі болса, оны зерттеу мәселесі де сондай күрделі. Бұл мәселені анықтауда археология, антропология, этнология, тіл білімі сияқты көптеген ғылым салалары құнды деректер береді. Қазақстанда қола дәуірінің кезінде еуропоидтық өңдес андрон тайпалары өмір сүрген белгілі. Антрополог ғалым О. Смағұловтың пікірі бойынша, олардан кейін сақ, сармат, үйсін тайпаларының келбеттері андрондықтарға ұқсас болған. Қазақстанда шығыстан келген ғұн тайпаларының жергілікті тайпалармен араласуының нәтижесінде моңғолоидтық белгілер дами бастайды. Ол белілер ерте орта ғасырларда тереңдей түседі.

Қазақ халқының этникалық жағынан қалыптасуында Ақ Орда тайпалары басты рөл атқарды. Оның басты себебі, мұнда қыпшақтар басым болды және оған жақын ру-тайпалар оларды қолдап, қосылып отырды. Әбілқайыр хандығындағы және Ноғай Ордасы мен Моғол хандығындағы этносаяси қауымдастықтар қазақ халқының халық болып қалыптасуын зор әсерін тигізген.

«Қазақ» сөзінің шығу төркіні туралы алуан түрлі ғылыми болжамдар мен көзқарастар бар. Көне түрік тіліндегі деректерге қарағанда «қазақ» деген атау Орхон, Енисей жазбаларындағы «қазғақ оғлұм» деген сөздегі «ғ» әрпінің түсіп қалуы нәтижесінде тұрақтанған. Алайда түрік тілінің заңдылықтары бойынша бұл пікір де қолдау таппады. Ежелгі Сібір тайпалары тілдерінде «қазақ» сөзі «мықты, алып» мағынасын берген.

Шығыс Дешті Қыпшақта «қазақ» атауы ІХ-Х ғ. әлеуметтік мағынада қолданылса, ал ХІ-ХІІ ғ. осы аттас этникалық топтардың болғандығы байқалады. ХІІІ ғ. басында жазылған мәмлүктік Египет мемлекетінің «араб-қыпшақ» сөздігінде «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе» деген түсіндірме берілген. Сонымен «қазақ» сөзі түрік дәуірінде пайда болып, ХІІІ ғ. дейін бостандық сүйгіш «еркін адамдар» деген мағынада қолданылып келген. Оның мағынасы өзінің «ханына немесе қожасына риза болмай,басқа жерге ауып  кетіп, өз еркімен жүрген, бастары бос, ерікті адамдарды білдірген. Бұл сөз XIV ғ. бастап этникалық мағынаға ие бола бастайды.

«Алаш» сөзін қазақ халқының аңыз-әңгімелерінде жиі кездестіруге болады. Сондай аңыздардың бірі – Алаш хан. Аңызда қазақ халқының, қазақ жүздерінің пайда болуы туралы айтылады. «Алаш» сөзі шамамен ІХ-Х ғ. алғаш рет айтылады. Бұл сөз қазақ халқының ұраны болған. Аңызда Қотан бидің үш ұлы Алашаны хан көтеріп, Үйсіні – Ұлы жүз, Болаты – Орта жүз, Алшыны – Кіші жүз болып еншілерін алып, бөлінеді. Бұларға барып қосылған қазақ қауымы «Алаш мыңы» аталады. Содан ел аузында «Атамыыз – Алаш, атымыз – қазақ, үш жүздің ұрпағымыз» деген сөз қалады.

Бұл аңыздың бекер айтылмағандығын Жезқазған аймағындағы Жаңғабыл өзенінің бойында Алаша хан ордасының, ал Қаракеңгір өзенінің оң жағында оның күмбезінің болуы дәлелдейді. Сәулетші ғалымдардың пікірі бойынша, күмбездің құрылыс жүйесі Х-ХІ ғ. салынған кесенеге ұқсас.

Халқымыздың тарихында жүздердің пайда болуы туралы әр түрлі пікірлер бар. Кейбір тарихшылар жүздердің пайда болуы 100 санына байланысты болды десе, енді біреулері жүздердің құрылуын әскери тайпалық басқарудың үштік – оң қанат, сол қанат, орталық қанат бөліп басқару жүйесімен байланыстырады. «Үш жүз» аңызында Таңбалы Нұра деген жерде қазақ халқының құрамына енген ру-тайпалар бір жартасқа өздерінің ең-таңбаларын салады. Талас-тартыс болған жағдайда осы араға келіп, әр ата өз таңбасы бойынша өкілін ортаға шығарып, талас мәселелерін шешетін болған.

Қазақ халқының жүзге бөлінуі Қазақ мемлекеті құрылғаннан кейінгі кезде өз жерін қорғау қажеттілігінен туған. Бұл туралы қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уалиханов былай деген: «Қазақ жүздерінің құрылу себебі, қазақтар көшіп-қонып жүрген жерлерінде өз құқықтарын қорғау үшін одақтар құрып. Ол одақ – қазақ жүздері».

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *