ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ДАНАЛАРЫ

Әбу Наср әл-Фараби (870-950 ж.) Фараб аймағына қарайтын Отырар қаласында туған. Осы қалада қыпшақ тілінде білім алған. Араб тілін Исфахан, Бағдат, Дамаск қалаларында игерген. Дүние жүзінде Аристотель сияқты ғалымдардың бірі ретінде танылды. Өз еңбектерінде адам дүнииені және оның мәнін өзінің сезім мүшелері мен ақыл-ойы арқылы таниды деп түсіндірді.

Түрік тілдес халықтар Х ғасырға дейін бірнеше қоғамдық немесе мемлекеттік құрылыстарды бастарынан өткізді. Мұның өзі тілдің дамуына қолайлы жағдай туғызбады. Түрік тілдес тайпалардың бір-біріне жақындығын белгілі ғұлама Махмұд Қашқари зерттеген. Махмұд Қашқаридің (1030-1090 ж.) шын аты Махмуд Хусеийн ибн Мұхаммед Қашқари. Махмуд алғаш Қашқар қаласында, кейіннен Орта Азия мен Иранның ірі қалаларында білім алады. Араб тілін жетік білген ғұлама ғалым саналы ғұмырын өзінің туған халқының тілін зерттеуге арнаған.

Махмұд Қашқари үш кітаптан тұратын «Түрік тілдерінің сөздігі» (Диуани луғат ат-түрк) атты мәңгі өшпес мұра қалдырды. Бұл кітап – түрік дәуірінде өмір сүрген түрік тайпалары сөздігінің жиынттығы. Оның айтуы бойынша, бұл еңбекті жазудан бұрын ол бүкіл түріктердің жері мен елін түгел аралап шыққан. Атақты орыс ғалымы А. Н. Коноков Махмұд Қашқаридің бұл кітапты жазудағы басты мақсаты түрік тілінің мәртебесін көтеріп, оның араб тілінен ешбір кем түспейтіндігін дәлелдеу болды дейді. Ал екінші бір түрік тілінің маманы Н. А. Баскаков Махмұд Қашқари өзінің бұл атақты еңбегін жазуда түрік тілдерін өзара салыстыра зерттеушілердің көшбасшысы болды деген пікірді айтады.

Жүсіп Баласағұни (1021-1075 ж.). ғұлама Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Толық аты Жүсіп Хас Хажип Баласағұни. Ол өзінің атақты «Құт негізі – білік» (Құтадғу білік) атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түрік тілінде жазылған. Ғұлама өзінің еңбегінде: «Арабша, тәжікше кітаптар көп. Ал бұл – біздің тіліміздегі тұңғыш даналық жинақ» деп, түрік тіліндегі жазылған кітаптардың мүлде жоқ екендігін аңғартады. Ол өз тілін қорсынып, араб, парсы сияқты жат елдің тілінде сөйлеу, шығарма жазу сияқты әрекеттерге қарсы болған. Сондықтан да ана тілінде жазылған бұл еңбектің тарихи маңызы зор. «Құтадғу білікте» түріік тілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық саяси өмірі, әдет-ғұрып, наным-сенімдері туралы мағлұматтар көптеп кездеседі.

«Құтадғу білік» — ХІ ғасырға дейінгі түрік тілді халықтардың қоғамдық ой-санасында орын алған, терең мазмұнды ғылыми еңбек. Баласағұни еңбегін Баласағұнда бастап, Қашқарда аяқтап, Сүлеймен Арслан ханға сыйға тартқан. Хан ғұламаның бұл сыйлығы үшін оған Ұлы хас-хажип деген лауазым берген. Бұл еңбек бүгінгі таңда да түрік тілдес халықтардың бәріне ортақ. Олар өздерінің тілін, әдебиетін, тарихын, тағы басқа ғылым салаларын зерттеуде «Құтадғу білікке» жүгінген.

VII-IX ғасырларда өркендеген ауыз әдебиеті Х ғасырда қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің негізін қалады. Бұл кездегі ислам дінінің кеңінен таралуы да жазба әдебиеттің жандануына әсер етті. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі Қарахан мемлекетінің кезінде даңқы шыққан ақын Ахмет Иүгнеки болды.

Ахмет Иүгнекидің туған-өлген жылдары белгісіз. Шын аты Әбід Ахмет Махмұдұлы. Иүгнекидің туған қаласының да орны белгісіз. Археологтардың пікірі бойынша, Түркістан қаласының аймағында. Иүгнекиге халық көзінің тірі кезінде-ақ «ақындардың ақыны, даналардың көшбасы» деп баға берген. Оның бізге жеткен еңбегі – «Ақиқат сыйы». Дастан қарахан халқына түсінікті түрік тілінде жазылған.  Халықты инабатты болуға, адал өмір сүруге, арамдықтан аулақ болуға шақырады.

Қожа Ахмет Йасауи (1103-1167 ж.) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибраһим атақты ғұлама адам болған. Шешесі Мұса шайқының қызы Айша. Ахмет жастай шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалған. Ол өзінің әпкесі Гауһар-Шаһназдың қолында өседі. Бала кезінен Йасы қаласын мекен етеді. Кейін осы қаланың атымен Ахмет Йасауи атанады. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алып, Йасыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады.

Қожа Ахмет Йасауидан қалған мұра оның «Даналық кітабы» (Диуан-и хикмет) болып табылады. Кітап түрік тілінде араб әліпбиімен жазылған. Бұл еңбек адамды даналыққа, адалдыққа, имандылыққа шақырады.

Ахмет Йасауидің жолын қуған шәкірттерінің бірі – ғұлама ақын, ел ішінде Хакім ата атанған Сүлеймен Бақырғани. Ақын халықты имандылыққа шақырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *