1992 жылғы қаңтардың ортасына қарай Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде әлемнің 30-дан астам мемлекеті таныды. Олардың арасында мынадай елдер болды: Түркия, АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Швейцария, Канада. Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып Түрік Республикасы таныды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасына өзіндік сыртқы саясат ұстанымын қалыптастыру қажет болды. Сыртқы саясаттағы негізгі мақсат – елдің қауіпсіздігін сақтау, саяси және экономикалық қарым-қатынастарда аймақтық, субрегионалдық құрылымдарға ену, тәуелсіздік мемлекет есебінде елдің дамуы үшін сыртқы қолайлы жағдайларды қарастыру және оны тиянақтау.
1993 жылдың 13 желтоқсанында Үкімет қаулысына сәйкес, ядросыз мемлекеттер қатарында Қазақстан «Ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісімге» қосылды. Республика аумағында бірнеше жылдар бойы ядролық қару болып келді. Бірақ оны Қазақстан өз бақылауында ұстай алған жоқ. 1994 жылы үш мемлекеттің – Еуропадағы қауіпсіздік пен өзара достық қарым-қатынастар жөніндегі Будапеште өткен Кеңесінде Қазақстанның қауіпсіздігін сақтауға Ұлыбритания, АҚШ және Ресей мемлекеттері өз кепілдіктерін берді. 1995 жылы оларға Қытай мен Франция қосылды. Сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіздігі, дербестігі, шекара біртұтастығы мен қауіпсіздігі басты ядролық державалар тарапынан кепілдікке алынды.
Ядролық қаруды өз жерінен көшіру үшін республика 84 млн доллар алды. 1995 жылдың 1995 жылдың 26 мамырында ядролық қарудың соңғы бөлшектері республика аумағынан әкетілді. 1995 жылдың 30 мамырында Семей сынақ алаңында қалған ең соңғы ядролық заряд жойылды.
90-жылдары әлемде бірақатар аса маңызды геосаяси және экономикалық өзгерістер болды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өзінің сыртқы саясатында мына төмендегі аймақтық геосаяси одақтарға сүйенеді:
- АӨСШК – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес – 1992 жылдың қазан айында болды. БҰҰ Бас Ассамблеясында Н.Назарбаев бұл ұйымды қолдап сөз сөйледі.
- Еуразиялық Одақ 1994 жылдың наурыз айындағы Мәскеуге сапары кезінде Н.Назарбаев бұл одақты құру жөнінде мәселе көтерді.
- 1992 жылдан бері Қазақстан Экономикалық өзара қарым-қатынас ұйымына Иран, Пәкістан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан мүше болды.
1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүшелікке алу жөннідегі қарарға қол қойылды. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше мән бере отырып, Қазақстан БҰҰ-ның бейбітшілікке бағытталған қызметіне белсенді түрде қолдау көрсетті. 1996 жылы Қазақстан БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдайтын шараларына қатыса алатын резервтік келісімдер жүйесіне қосылған 51-меммлекетке айналды.
1998 жылы 16 қарашада БҰҰ БА-ның 53-сессиясы «Халықаралық ынтымақтастық және тұрғындарды сауықтыру Қазақстандағы Семей аумағының экологиясы мен экономикалық дамуы мақсатындағы жұмыстарды үйлестіру» деп аталған қарар қабылдады. Қазақстан басқа да халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесіне айналды. 1998 жылы республика БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі жанындағы комиссия құрамына кірді. 1997 жылы Қазақстан БҰҰ-ның балаларға көмек қорының Атқару Кеңесіне мүше болды.
1995 жылы желтоқсанда Қазақстан «Ислам конференциясы» ұйымына толық құқықты мүше болып енді, ал бұл қаржы, жаңа технологиялар алмасуға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасына инвестиция тарту мақсатымен 2000 жылы 26-28 сәуірде Алматыда «Еуразия-2000» экономикалық саммиті өтті. Оның жұмысына ықпалды халықаралық қаржы орталықтары қатысты.
1997 жылы қарашада ЮНЕСКО-ның Париждегі Бас конференциясында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқару Кеңесінің мүшелігіне қабылданды. 1994-1995 жылдарда ЕҚЫҰ-ның төмендегідей құрылымдарымен тұрақты ынтымақтастық байланыстар орнады: аз санды ұлттар жөніндегі институты, демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы. 1999 жылдың қаңтарынан бастап Алматыда ЕҚЫҰ орталығы тұрақты жұмыс істейді.
Қауіпсіздікке кепілдік алуға қол жеткізу үшін Қазақстан бірқатар сыртқы саясат әрекеттерін қарастырды. 1992 жылы Ташкентте Қазақстанның, Қырғызстан, Тәжікстан, Белоруссия, Армения, Әзірбайжан, Грузия мен Өзбекстанның басшылары бас қосып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісімге қол қойды. Мемлекет басшылары және ТМД Біріккен Қарулы күш Бас қолбасшыларынан тұратын Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі құрылды. 1999 жылы 14 қыркүйекте Алматыда АӨСШК мүшелері – 15 мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті.
1995 жылы үш республика – Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары БҰҰ Бас хатшысына БҰҰ қарамағында Біріккен ортаазиялық бейбітшілік сақтау батальонын (ОртАзБат) құру туралы ұсыныс енгізді. 1997 жылы ОртАзБаттың алғашқы оқу-жаттығулары өткізілді.
1996 жылы бес мемлекет – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскери салада және шекаралық аудандарда сенім шараларын нығайту туралы Келісімге қол қойды. 1997 жылы шекаралық аудандардағы қарулы күштерді келісімді қысқарту туралы Келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер Қытаймен шекара жөніндегі дауды реттеуге негіз болды. 2001 жылғы көктемде бұл келісімге Өзбекстан қосылып, Шанхай бестігі Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) болып құрылды.
Қазақстан сыртқы саясатта көп қырлы, сындарлы саясат ұстанып отыр. Астанада халықаралық басқосулар өткізудің орталығына айналды. 2001 жылдың 22 қыркүйегінде Рим Папасы ІІ Иоанн Павел Қазақстанда болып қайтты. Бұл Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш держава ретіндегі рөлін мойындаудың көрінісі еді. Қазақстан астанасында аса маңызды бас қосу – Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының сьезін өткізу де дәстүрге айналып отыр. Алғашқы сьезд 2003 жылдың 24 қыркүйегінде болып өтті. Бұл басқосуға 17 конфессия өкілі қатысты.
Қазақстанның сыртқы саясаты 1991 жылдан 2001 жылға дейінгі 10 жыл ішіне күрделі даму жолынан өтті. 1991-1993 жылдары Қазақстан халықаралық құқық субьектісі ретінде әлемдік қоғамдастыққа ену шараларын жүзеге асырды, дүние жүзіндегі жетекші елдермен ынтымақтастықтың келісімдік-құқықтық базасын қалыптастырды.
1994-1997 жылдары сыртқы саясат қызметінде мықты құқықтық база құру жұмысы жалғастырылды, бірінші кезекте шет елдер стратегиялық ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету тетігін қалыптастыру міндеті шықты.
1997 жылдан бастап Қазақстанның сыртқы саясатында үшінші даму кезеңі басталды, ол ел алдында жаңа ғаламдық жағдайлар тууымен сипатталады. Қазақстанның сыртқы саясатындағы бағдары «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында ашып көрсетілді.
Бекіту сұрақтары:
- Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып қай республика таныды?
- Ядролық қаруды өз жерінен көшіру үшін республика қанша доллар алды?
- Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болған мемлекеттерді атаңыз?
- Қазақстан қашан БҰҰ-на мүше болды?
- Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының сьезін өткізудің маңызы неде?