ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЕЙГЕ БОДАНДЫҚҚА ӨТУІ

Қазақ елінің халықаралық жағдайының шиеленісуі Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресей империясынаүміт артуына себепші болды. Ол көрші ірі мемлекетпен тығыз байланыс орнату арқылы қалмақтар мен башқұрттардың қазақ жерін мазалауын тоқтатуға тырысты. Әбілқайырдың (1680-1748 ж.) сонымен қатар Петербург елшілеріне арқа сүйеп, Қазақстандағы өз қарсыластарының сағын сындыруды көздеді.

1716 жылы жоңғар шапқыншылығы басталғанда-ақ Тәуке хан Сібір губернаторы князь М. П. Гагаринге елші жіберіп, қалмақтарға қарсы күресте қолдау көрсетуін өтінген. Алайда Ресей Швециямен соғысып жатқандықтан, олар қазақ-жоңғар тартысына араласа алмады. 1730 жылы Кіші жүздің ықпалды билері Әбілқайырға Жоңғарияға қарсы күресу үшін Ресеймен келіссөз жүрізуді тапсырды. Алайда хан билер мәжілісінің шешімін бұзып, Петербургке аттандырылған елшілерге әскери одақ құру емес, Ресейдің қол астына кіруді қуаттайтын құжатқа қол қоюды тапсырды.

Қазақтардың жоңғарлармен соғысып жатқанын пайдаланып, қазақ жерінде бекіністер салу арқылы елді біртіндеп жаулап алуды ойластырды. Қазақтар мен башқұрттарды бір-біріне айдап салу арқылы өзінің отаршылдық саясатын күшейтуге тырысқан орыс үкіметіне Әбілқайырдың елшілігі күтпеген олжа болды. 1731 жылы 19 ақпанда қазақ елшілері Сейітқұл Қойдағұлұлы мен Құтлымбет Қоштайұлының Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы ұсынысын императица Анна Иоанновна қабыл алды.

Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылуға тілек білдірген феодалдық топтары мен Әбілқайырдан ант алу үшін Анна Иоанновна Қазақстанға арнайы елшілік жіберді. Оны сыртқы істер коллегиясының тілмашы, қабілетті елші А. И. Тевкелев басқарды. 1731 жылы қазан айының басында бірінші рет, 10 қазанда екінші рет орыс елшісі Кіші жүз билерімен кездесті. 1731 жылдың қазан айында Әбілқайыр мен оның саясатын қолдаған Кіші жүздің 29 старшыны Ресейдің қол астына кіруге рұқсат берді. Әбілқайырдың бұл шешімі қазақ өлкесінің империя құрамына қосылуының алғашқы қадамы еді.

Әбілқайырдың шешімі, әрине, қазақ жерін басты жау – жоңғарлардан қорғауда басты рөл атқарды. Алайда Ресей мемлекеті жылдан-жылға өзінің отарлау саясатын үдете берді. 1734 жылы орыс үкіметі Сенатының бас хатшысы И. К. Кириллов басқарған арнайы экспедицияны жабдықтады. Оның негізгі мақсаты – Ор өзенінің бойында бекініс тұрғызу, Орта Азия хандықтарымен керуен саудасын кеңейту, табиғат байлықтарын игеру, Сырдария бойында қала тұрғызып, біртіндеп өзен флотиясын ұйымдастыру болды. 1735 жылы Ор өзені бойында Ор бекінісінің негізі салынды.

Әбілқайыр және оның саясатын қолдаған феодалдық топтарды патша үкіметі басқа халықтардың азаттық күресін жаныштауға жиі пайдаланды. 1735-1737 жылдар аралығында башқұрт көтерілісін басуда орыс үкіметі Кіші жүздің жасақтарын пайдаланды. Алайда Әбілқайырдың башқұрт билеушілерімен ауыз жаласып кетуінен сескенген Петербург сарайы одан екінші рет ант алып, орыс үкіметіне аманат ретінде өзінің бір ұлын беруге мәжбүр етті.

1738 жылы тамыз айында Орынбор комиссиясының басшысы көрнекті тарихшы В. Н. Татищев Орынбор қазақ сұлтандарының сьезін шақырды. Әбілқайырмен қатар оның ұлдары Ералы, Нұралы бар, 60-қа жуық Кіші жүз бен Орта жүз старшындары Ресейге адалдығын қуаттап, антқа бармақтарын басты.

XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында Кіші жүз бен Орта жүз жерінің Ресей қол астына өтуі аяқталса да, бірқатар қазақ жері Орта Азия хандықтарына тәуелді еді. Ағылшын үкіметінің жасырын қолдауына сүйенген Хиуа, Қоқан және Бұхар хандықтары Каспий теңізінің жағалауынан Жетісуға дейін шабуыл жасап, қазақ ауылдарының берекесін кетірді. 1812, 1816 және 1820 жылдарда Хиуа ханы Мұхаммед Рақым қазақ қоныстарын жан шошырлық күйзеліске ұшыратты.

1817 жылы Сүйік сұлтан Абылайханұлы патша үкіметіне өзінің қарамағындағы рулардың Ресей құрамында болуын қалайтындығын мәлімдеді. Сөйтіп, жалайыр руынан 66 мың қазақ қоныс тепкен аймақ Ресей құрамына алынды. Бұл рулардың көшіп-қонатын жерлері Қоқан хандығымен шекаралас еді. Оңтүстік Қазақстанда Ресей ықпалы одан әрі күшейіп, әскери бекіністер пайда бола бастады. Орта жүз бен Ұлы жүз аумағы жапсарында Ақтау, Алатау, Қапал, Лепсі бекіністері салынды. Бұл жаңа бекіністер Ресейдің Іле аймағын отарлауына қызмет етті.

1825 жылы Жетісудың 50 мың адамы бар үйсін болысындағы қазақтар жаңа әкімшілік билікке мойынсұнып, өз ерлеріне сыртқы округ ашуға келісім білдірді. 1846 жылдың жазында Қызылағаш өзені бойында орыс әскерінің келуі, а 1847 жылы Қапал бекінісінің салынуы Лепсі мен Іле өзендері аралығында көшіп-қонып жүрген қазақтардың, Жантай, Жаңғар, Орман манаптар бастаған 40 мың қырғыз отбасының отаршыл Ресей империясы билігіне өз еріктерімен мойынсұнуын жеделдеткені анық.

Ұлы жүз қазақтарын басқару туралы нұсқауларға сәйкес 1848 жылы қаңтарда бұл өңірге ресейлік пристав тағайындалды. Орыс әскерінің Жетісуға тереңдеп енуі Орта Азия мен Кіші жүз жері арқылы іске асырылды. Ресейдің экономикалық және саяси мүдделеріне сай алдымен көз тіккен аймақтар – Қытай мен Қоқанға іргелес Жетісу және Іле өңірі болды.

Сонымен бұл процесс XVIII ғ. 30-жылдарынан басталып, бір жарым ғасырға созылды. Қазақ-орыс бай ланыстарының жолға қойыла бастауы, әрине, орыс патшасы IV Иван билік құрған кез деп қарастырған жөн. Ол дәуірде қазақ-орыс қатынастарының негізгі даму барысы саяси-дипломатиялық жүйеде қалыптасты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *