Шетелдік интервенция және азамат соғысы кезіндегі қазақ өлкесі

Шетел интервенциясы Антантадан үнемі, әсіресе әскер көмек сұраған ресейлік әскери командованиенің арандатуымен басталды. 1918 жылы көктемде Кеңес республикасы аумағында шетелдік интервеницияның өрті тұтанды. Брест бітімінің шарттарын бұзған неміс әскерлері сәуірде Украинаны, Қырымды және Солтүстік Кавказды оккупациялады. Германия өз елдеріндегі соғысқа және үкіметке қарсы көңіл күй мен отарларындағы халықтардың ұлт-азаттық қозғалысының өсуіне Қазан революцяиысының ықпал етуінен қауіптеніп, Ресейдегі Кеңес өкіметін құлату өз елдеріндегі тұрақтылықты сақтайды деп есептеді.

Шетелдік соғыс интервенциясының етек алуына Антанта елдері дайындап, солардың нұсқауымен жасалған 1918 жылы 25 мамырдағы Чехословак корпусы бүлігінің үлкен маңызы болды. Бұл іс жүзінде Азамат соғысының басталуын білдірді. Патша үкіметінің тұсында-ақ Австрия-Венгрия армиясының Антанта жағында Шығыс майданындағы соғысқа қатысуға келісімін берген әскери тұтқындардан  50 мыңдық легион құрылған болатын.

Брест бітімі бойынша легион қарусыздандырылып, Владивостокқа аттандырылды, одан әрі теңіз жолымен Францияға жіберілуі тиіс еді. Қаруын тапсырмағандар ату жазасымен қорқытылды.  Бірақ легионерлер қару тапсырудан бас тартып, шығысқа қарудың күшімен бұзып өтуге шешім қабылдады. Бүлікшілерді Антанта қолдап, чехословак корпусын одақтастар армиясының екпінді күші деп жариялады. Чехословак корпусының бүлікшілері ішкі контрреволюциялық күштермен бірлесе отырып, Сібірдің бірқатар қалаларын, Оралды және Қазақстанның – Петропавл, Ақмола, Қостанай, Атбасар, Семей қалаларын басып алды.

Чехословак корпусының бас көтеруі Ресейдің басқа аймақтарындағы большевиктерге қарсы күштерді қозғалысқа келтірді. Поволжьенің бірқатар аудандарында көтерілістер бұрқ ете түсті. Кеңес өкіметіне қарсы қолдарына қару алған А.И.Дутов бастаған Орал және Орынбор казактары көтерілді. Олардың іздерінше қолдарына қару алған ішкі контрреволюцияның күштері Қазақстанның солтүстік аудандарында бас көтерді, шаруалардың бүліктері көбейді.

Кеңес республикасы өзін қорғау үшін белсенді әрекеттер ұйымдастыра бастады. Қарсыластардың бірігуіне мүмкіндік бермеу мақсатында патша отбасының көзін жоюға шешім қабылданды. 1918 жылы 16 шілдеде ІІ Николай мен оның отбасының барлық мүшелері атылды. Сол күндері патшаның інісі Михаил мен императорлық әулеттің 18 адамы өлтірілді. 1918 жылы 2 қыркүйекте Кеңес республикасын «әскери лагерь» деп жариялады. Біреулері социализмді, басқалары капитализмге қайта оралу мен помещиктік жер иеленуді қалпына келтіруді жақтады.

Қазақстандағы Азамат соғысының ең алғашқы ошақтарының бірі 1917 жылдың қарашасында Орынбор қаласында пайда болды. Соңынан большевиктерге қарсы күштер мен Кеңес өкіметімен күрес орталықтары Орал мен Жетісуда қалыптаса бастады. Омбыда адмирал Колчак басқарған Уақытша сібірлік ақ гвардияшыл үкімет құрылды. 1918 жылы шілдеде Орынборды атаман Дутов басып алып, Кеңестік Түркістанды Ресейден бөліп тастады. Алашорда Азамат соғысы мен Кеңес өкіметін құлату жағдайларында Кеңестерге қарсы бірігіп күресу мақсатымен Орынборда Дутовпен одақ жасасты, Омбыдағы Уақытша сібір үкіметімен тығыз байланыс орнатып, Орал, Сібір, Жетісу казактарымен байланыстарын нығайтты. Сондай-ақ Алашордаға қарулы күштерді құруға жәрдем сұрау мәселелері де қарастырылды. Алашорда Самарадан 600 винтовка пен пулемет, 300 бердеңке, 20 мың патрон мен елеулі мөлшерде киім-кешек алды, солардың көмегімен екі атты әскер полкын құру мен отрядтарды әскери іске үйретуге кірісті.

Қазақстандағы Азамат соғысы жылдарында нағыз қаһармандық пен табандылық үлгісін Ә. Жангелдин экспедициясы танытты. Ә. Жангелдин бастаған экспедицияға ақ гвардияшылармен шайқаста ауыр жағдайда қалған Ақтөбе майданының әскери бөлімшелерін қару-жарақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. 1917 жылғы тамыз-қараша айларында Мәскеуден Шалқар станциясына дейінгі 2 мың шақырымнан астам жолды экспедиця ерлікпен жүріп өтіп, алға қойған мақсаттарын орындап шықты. 11 қарашада, 57 күннен кейін, аса қиын дала жолымен жүріп өткен экспедициялық отряд өзін асыға күтіп отырған Ақтөбе майданының әскері тұрған Шалқар станциясына келіп жатты. 1927 жылы Ә.Жангелдин осы экспедицияны ұйымдастырғаны және Отан алдында басқа да сіңірген еңбектері үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. 

Алашорда көсемдерінің жағдайы 1919 жылы көктемде бірқатар себептерге байланысты мүлде күрделеніп кетті. Колчактық режим шын мәнінде монархиялық билікті қайта орнатуды көксеушілердің диктатурасы болды. Ол 1918 жылы қарашада билікке келген бетте Сібір мен Қазақстанның солтүстігінде Кеңес өкіметін құлатуда көрнекті рөл атқарған эсерлерге қарсы жазалау шараларын бастады.

1919 жылы наурызда тұтқынға алынғандардың ішінде кейбір Алаш белсенділері де болды, олар: азаматтық іс бойынша қазақ сотының төрағасы Ж.Ақбаев және «Сарыарқа» газетінің редакторы Имам Әлімбеков еді. Оларды большевизмге қатысы бар деп кінәлады. И. Әлімбековке бұған қосымша заңсыз қару сақтаған, эсерлер ұйымымен астыртын байланыс орнатқан және үкіметке қарсы листовка құрастыруға қатысқан деген айып тағылады. Петровалда шығатын және өз оқырмандары арасында Алаш қозғалысының идеяларын насихаттайтын «Жас азамат» газеті жабылады.

Ақтар режимі Алашордаға сенімсіздік білдірді, кейде жаулық пиғыл танытып қауіп төндірді, сөйтіп одақтасының мүлде түңілуін тудырып қана қоймай, оған ұлттың өз тағдыры өзі анықтау проблемасын шешудің басқа әдіс-амалдарын іздеуге ұмтылдырды. Екі оттың ортасында қалған Қазақстан мен Татарстан және Башқұртстан ұлттық-демократиялық қозғалысының көсемдері 1919 жылдың басынан бастап Кеңес өкіметі жағына амалсыз өту туралы шешімге келді.

1919 жылы жазда Шығыс майданда Колчак армиясының жеңіліске ұшырауына байланысты Батыс, Солтүстік, Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат ету мүмкіндігі пайда болды. 1919 жылдың соңында ақ гвардияшылдардан Қазақстан аумағы түгелге дерлік азат етілді және 1920 жылы наурызда Қазақстандағы Азамат соғысының соңғы майданы – Солтүстік Жетісу майданы жойылды.

Бекіту сұрақтары:

  1. 1918 жылы 25 мамырдағы Чехословак корпусы бүлігінің маңызы неде?
  2. Қазақстандағы Азамат соғысының ең алғашқы ошақтарының бірі қай қалада пайда болды?
  3. Ақтөбе майданының әскери бөлімшелерін қару-жарақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатымен шыққан экспедицияны басқарған кім?
  4. Қай жылы Шығыс майданда Колчак армиясының жеңіліске ұшырады?
  5. Қазақстандағы Азамат соғысының соңғы майданы?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *