1985-2000 жылдар аралығында орта білім мен жоғары білім беру саласы түпкілікті өзгерістерге ұшырады. 1990 жылдан бастап Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиенің баламалы жүйесі – отбасылық, коммерциялық және мемлекеттік білім беру мекемелері қарқынды дами бастады. Жалпы білім беретін баламалы мектептер, соның ішінде төлем ақысы жоғарылығына қарамастан жеке меншік мектептер көбейді. Осы жылдардағы мектептегі түбірлі өзгеріс – кеңес мектептеріне тән идеологиялық бірсарыңдылықтан арылды, Қазақстан тарихы мен мәдениеті толық, жүйелі түрде оқытыла бастады.
1991 жылдан бастап жаңа үлгідегі мектептер мен арнаулы оқу орындары: лицейлер, гимназиялар, кәсіптік-техникалық мектептер, колледждер ашылды. Жеке меншік мектептер мен колледждердің көптеп ашылып, олардың табысты жұмыс істеп жатқанына қарамастан, 1995 жылғы Конституцияда: «Қазақстанда азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті», — деп атап көрсетілді.
1999 жылғы маусымда қабылданған «Білім туралы» Заң жалпы білім беретін мектептердегі сатылы оқытуды үш сатылық етіп бөлді:
- бастауыш (1-4-сыныптар);
- негізгі (5-9-сыныптар);
- орта (10-11-сыныптар).
Дарынды балаларға көмектесу үшін «Дарын» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, осы бағдарлама шеңберінде барлық облыс орталықтарында мектеп-интернаттар ашылды. Мұндай жүйені құру шынында да, жоғары және арнаулы білім алу үшін дарынды жастарды іріктеп алуға мүмкіндік берді.
Әлемдік өркениет жетістіктерін жылдам игеру мақсатында 1997 жылы орта білім беру жүйесін ақпараттандыру мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мектептер аз уақыт ішінде компьютерлермен және керекті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді.
Еуропалық нәсілді тұрғындардың тарихи отандарына көшуімен 1985-1995 жылдары төмендеген демографиялық ахуал біртіндеп жақсара бастады. Мектептерде оқитын балалар саны өсті. Мәселен, 2003 жылы Қазақстанда 8160 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер жұмыс істесе, олардың 2016-сы қалалық, 6144-і ауылдық жерлерде орналасты. Қазақ тіліндегі оқитын мектептердегі оқушылар саны – 1 млн 684 мың бала, орыс тілінде – 1 млн 300 мың бала, өзбек тілінде – 87 мың 300 бала, ұйғыр тілінде – 21 мың 500 бала болды.
Жүргізілген ауқымды реформалар жоғары оқу орындары бейнесін де өзгертті. Мәселен, 90-жылдар басынан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына бәсекелес жеке меншік жоғары оқу орындары да ашыла бастады. 2003 жылдың басына қарай республикада 127 жоғару оқу орны болып, оларда 257 мың студенттер оқыды. Жоғары оқу орнына түскенде жемқорлыққа жол бермеу, талапкерлердің бәріне бірдей жағдай жасау мақсатымен 1999 жылдан бастап арнайы гранттар мен несиелер бөліне бастады. Қабылдау комиссиялары абитуриенттер білімін тест тапсырмалары арқылы анықтауға кірісті. 2004 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық тестілеу енгізілді. Студенттер оқу ақысын төлеу ішін инвестициялық немесе депозиттік банктерден несие ала бастады.
1993 жылдың 11 қарашасында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» степендиясы белгіленді. 1994 жылы алғаш рет 187 қазақстандық студент АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Франция елдерінің жоғары оқу орындарына аттанды. Кеңестен кейінгі кеңестіктегі мемлекеттер тарихында бірінші рет талантты жастардың мемлекет есебінен шетелдерде білім алуына мүмкіндік туды. Егер 2004 жылы 785 студенттің әлемнің 13 елінде білім алуға мүмкіндігі болса, 2005 жылдан мемлекеттік степендия саны 3000-ға көбейтілді және әлемнің 32 еліндегі 630 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасалды.
«Болашақ» бағдарламасының түлектері мемлекеттік қызметте, білім және денсаулық сақтау жүйесінде, ұлттық компанияларда жұмыс істеуде. 2008 жылы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Болашақ» халықаралық стипендианттарының ІІ форумы өтті.
Ғылым. Кеңес Одағы құрамында болған уақыттағы кемшіліктердің орнын толтыру бағытында ҚР-ның ғылым және технология министрлігі нақтылы жұмыстарды қолға ала бастады. Министрліктің ұсынысына сәйкес 1992 жылы ҚР-ның Президенті «Ғылымды жетілдіру және республикалық ғылыми-техникалық потенциалын дамыту туралы» Жарлыққа қол қойды. Жергілікті жерлердегі бөлімшелері мен материалдық-техникалық базаларының жоқтығына қарамастан, аталған министрлік Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында үш аймақтық бөлім құрды.
1992-1993 жылдары аса маңызды мәселелерге байланысты 7 ұлттық ғылыми орталықтар дүниеге келді. Олар:
- электроника мен байланыс жүйесі;
- ақпаратты және есепті техника;
- биотехнология;
- экология;
- жаратылыс ғылымдары;
- минералдық шикізаттарды кешенді өңдеу;
- жаңа ғарыштық технологиялар.
1994 жылы Ғылым және технология министрлігі жанынан ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды мемлекеттік сараптау бөлімі құрылды. Аталған құрылым ғылымға арналған бюджеттік ассигнациялардан қаржыландыруға қабылданған ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың бәрін дерлік сараптаудан өткізуге тиісті болды.
1996 жылы ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында ғылымды басқарудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Жарлығы шықты. 1998 жылы республикада ғылым мен ғылыми-техникалық саланы дамыту туралы заңдар базасын жетілдіруге арналған жұмыстар атқарылды. Осыған орай, «Қазақстан Республикасында бірыңғай ақпарат кеңістігін құру және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Президент жарлығы және Үкімет қаулысы шықты.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігі құрылды. Қазіргі кезде ол ҚР-ның Білім және ғылым министрлігі деп аталады.
2001 жылы министрллік мақсатты бағдарламаларды қаржыландыруға көшті. Ғылыми зерттеу институттары мұндай бағдарламаларды қорғап, конкурстық негізде жеңіп алуы тиіс. Зерттеу бағдарламалары республикадағы ғылым дамуының басым бағытына сәйкес келуі қажет. Бағдарлама зерттеушілері істелген жұмыс жайлы жылда есеп беріп, егер ол алдын ала белгіленген талаптарға сай келмесе, қаржыландыру тоқтатылуы мүмкін. Ғылымды қаржыландыруға байланысты мұндай жағдай 2001 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заңда анықталған.
Бекіту сұрақтары:
- 1991 жылдан бастап жаңа үлгідегі қандай оқу орындары ашыла бастады?
- Қай жылдан бастап Бірыңғай ұлттық тестілеу енгізілді?
- «Білім туралы» Заң қай жылы қабылданды?
- Орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың маңызы неде?
- 1992-1993 жылдары аса маңызды мәселелерге байланысты неше ұлттық ғылыми орталықтар дүниеге келді?