Музыка өнері қазақ халқының қоғамдық және рухани өмірінде әрқашан ерекше орын алды. Дәстүрлі қазақ музыка өнері өзіне ғасырлар бойы ұрпақтардың рухани тәжірибесін сіңірді. Қазақтың дәстүрлі музыкалық тілі өте бай және ол халықтың ғасырлар бойғы тарихи тәжірибесін бейнеледі. Халық арасына кең тараған әрі кеңінен танымал қазақтың музыкалық және ән өнері Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап большевиктер партиясының аса мән берген, қызығушылығын тудырған нысанға айналды. Жетісу облысы ақындарының І слеті 1919 жылы Верный қаласында өткізілді. Халықтың музыкалық шығармасын жинастыру мен жүйеге келтіру жұмысы Азамат соғысынан кейін іле-шала басталды. 1921 жылы Бас саяси ағартушылық комитет құрылып, оның музыкалық бөлімі қазақ музыкасын жазып алумен, музыкалық ұжымдар ұйымдастырумен айналысты.
Белгілі ғалым-этнограф А.Затаевич өз өмірін қазақтардың музыкалық шығармаларын жинау және оны бір жүйеге келтіруге арнады. 1925 жылы ол өзінің көпжылдық еңбегінің жемісі – «Қазақ халқының 1000 әні», 1931 жылы «Қазақтың 500 ән мен күйлері» атты еңбектерін жариялады. Халық музыкасы мен ән өнерін көпке таныту мақсатымен ірі қалаларда қазақ орындаушыларының концерттері өткізіле бастады. 1925 жылы Парижде Кеңес әртістерінің құрамында Ә.Қашаубаев өнер көрсетіп, француз баспасөзінің ыстық ықыласына бөленді.
20-50 жылдарда репрессияларға қарамастан Қазақстан мәдениеті жетіліп, әдебиеттің дәстүрлі және драма жанрлары дами түсті. 20-жылдардың ортасына дейін Қазақстан әуесқой театр топтары болды. Олардың ішінде ең танымал болғандары – Семей әуесқой театры тобы және Халыққа білім берудің Орынбордағы қазақ институты. Институт негізінде 1926 жылы қаңтарда Қызылордада тұңғыш кәсіби қазақ театры ашылды. Онда М.Әуезов, Ж.Шанин, С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбав, Қ.Жандарбеков, З.Атабаева және басқа да дарынды драматургтер, режисерлер және артистер жұмыс істеді.
Бұл кезеңде Қазақстанның тұңғыш кәсіби суретшісі Ә.Қастеев керемет туындылар жазды. Оның шығармашылығы 20-жылдардың соңында басталды. Ол жазған көптеген акварель туындылар «Ескі және жаңа тұрмыс» деген топтама ретінде белгілі. Ә.Қастеев жазған мыңнан астам картиналар мен суреттер «республиканың көркемсурет қолжазбасы» деп бекер аталмаған. Ә. Қастеев туындыларында Қазақстанның жазира даласы суретшіге тән терең лирикамен бейнеленген.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Қазақстанның мәдени қызметкерлері де үлес қосты. Бұл кезеңдегі әдебиеттің негізгі тақырыбы – патриотизм және Отанды қорғау. Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім», Ә. Тәжібаевтың «Ленинград» өлеңдері көпке белгілі. Бірқатар жазушылар мен ақындар қолына қару алып, Отан қорғауға соғысқа аттанды. А.Жұмағалиев, Б.Бұлқышев, В.Чугунов соғыста ерлікпен қаза тапты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ 90-ға жуық ақындар мен жазушылар майданға кетті.
Қазақстан өнер шеберлерінің бригадалары майданға аттанды, осындай 11 бригада майданда болып 870 концерт қойды. Госпитальдарда, шақыру пункттерінде, әскери бөлімшелерде, шекаралық заставаларда 15 мыңнан астам концерт қойды.
Қазақ халқының музыкалық мәдениетінде үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақстан композиторлары 300-ден астам шығармалар: опералар, симфониялар, әскери-патриоттық әндер жазды. Соғыс жылдарында опера өнері дами түсті. 1942 жылы Е.Брусиловскийдің «Гвардия, алға!», 1944 жылы А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» опералары қойылды. Соғыстан кейінгі жылдарда М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы жазылды. 1949 жылы осы операның авторларына және негізгі партиясын орындаушыларға КСРО Мемлекеттік сыйлықтары тапсырылды.
1940 жылы «Көктем» атты алғашқы қазақ балеті қойылды. Соғыс жылдарында Қазақ музыкалық театрының балетіне Г.Березова жетекшілік етіп, сахнада әлемге әйгілі артистер өнер көрсетті. 1942 жылы маусымда Галина Уланова Алматыда алғаш рет театр сахнасына шықты.
Республикада жаңа театрлар ашыла бастады. 1937 жылы Қызылордада Корей музыка-драмалық театры, ал 1944 жылы Алматыда Балалар мен жасөспірімдер театры ұйымдастырылды. 1937 жылы Қазақ театры академиялық театрға айналды, бірқатар актерлер республиканың халық және еңбек сіңірген артистері атақтарын алды.
Соғыстан кейінгі уақытта әдебиетшілер шығармашылығы қатаң идеологиялық бақылауға алынды. Соған қарамастан 40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басы Қазақстан кеңестік әдебиетінің гүлденген кезі болды. 1947 жылы М.Әуезовтің «Абай жолы» романының 2-томы басылып шықты. 1948 жылы С.Мұқановтың «Сырдария», Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», 1949 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдары жарық көрді. 1949 жылы «Абай жолы» романы үшін М. Әуезовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, роман жазушыға дүниежүзілік даңқ әкелді.
Соғысқа дейінгі уақытта қазақ киносы да қалыптасты. 1938 жылы Қазақстанда тұңғыш көркем фильмдер студиясы ашылды. 1938 жылдың соңында Алматы кинохроникасы ұйымдастырылып, қазақтың тұңғыш дыбысты деректі фильмі «Жамбыл ата» көрерменмен табысты. Осы жылы «Ленфильм» киностудиясында қазақстандық киноматографистердің алғашқы көркем фильмі – «Амангелді» түсірілді. 1941 жылы Мәскеу және Ленинград киностудиялары Қазақстан астанасына қоныс аударып, олар Алматы көркем фильмдер киностудиясымен бірігіп көптеген фильмдер түсірді.
Бекіту сұрақтары:
- Жетісу облысы ақындарының І слеті 1919 жылы қай қалада өткізілді?
- 1925 жылы Парижде Кеңес әртістерінің құрамында өнер көрсетіп, француз баспасөзінің ыстық ықыласына бөленген кім?
- Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ қанша ақындар мен жазушылар майданға аттанды?
- Соғыстан кейінгі жылдарда жазылған «Біржан-Сара» операсының авторы?
- Қазақстандық киноматографистердің алғашқы көркем фильмі – «Амангелді» қай жылы түсірілді?