1940-1950 жылдардағы ұлттық зиялы қауымға қарсы қуғын-сүргін

Орталықта болып жатқан кез келген саяси науқан ұлттық республикада жаңа серпінмен қайталанып отырды. Биология, медицина, геология ғылымдары салаларында жемісті еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдарға 1948 ж. «космополит» (басқаша ойлайтындар) деген айдар тағылды. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға өзіндік пікір айтып, өзгеше ойлағаны үшін қудаланғандар басшылықтың ортаңғы және төменгі буындары арасынан да көп кездесті. 1950 жылдардан бастап жазалау әдістері біршама өзгерді: партия қатарынан шығарылды, қызметтен қуды, оған бой бермегендерді психиатриялық ауруханаларға күштеп салу етек ала бастады.

Сол кездегі орталықта ұстанған қоғамдық пікірге қарсы қатаң бағыт Қазақстанда да шешімін тапты. 1947 жылы 21 қаңтарда Қазақстан Коммунистік партиясының «Қазақ КСР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы»  қаулысына сәйкес – Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Сәрсен Аманжолов, Ғабит Мүсірепов, Есмағамбет Исмаилов, Қажым Жұмалиев, Нығмет Сауранбаев т.б. сынға алынып, аяусыз талқыға түсті және қызметтерінен қуылды.

«Абай жолы» романы жөнсіз сыналды. Ғ.Mүсіреповтің «Оянған өлке», Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», «Көз көрген» романдары қоғамдық өмірдегі қайшылықтың, солақайлықтың салқынына ұрынды. М.Әуезов қуғын-сүргінге ұшырап, бой тасалап Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Оған ұлтшылдығы, «арандатушы-консерваторлық, патриархалды өткен заманғы пантүркішілдік көзқарасты уағыздағаны» үшін айып тағылды.

Тарихшы Бекежан Сүлейменов те сотталды. Республиканың танымал тарихшысы Әлкей Марғұланның көзқарасы ғылыми жалған деп жарияланды. 1952 жылы кітапханалар мен сауда жүйесінен алынып, көзі жойылған кітаптар тізіміне: «Батырлар жыры» (1940), «Айтыс», Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы», «Мариям Жагорқызы», Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин туралы өлеңдер мен очерктер жинағы жатқызылды.

Қазақстандық ғалымдардың жазықсыз жазалануына араша болуға ұмтылған республика Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қ.И.Сәтбаев қызметінен босатылып, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. С.Мұқанов қазіргі тақырыпқа пьеса жазбайтындар ретінде сыналды. Ә.Тәжібаевтың «Біз де қазақпыз» шығармасы ескі хандар мен бай-шонжарлар өмірін мақтау, марапаттау деп сынға алынды. Белгілі композитор А.Жұбанов «феодалдық-байшылдық дәстүрлерді асыра дәріптегені» үшін қатаң сынға ұшырады.

1940-1950 жж. Мәскеуде «Дәрігерлер ісі», Ленинградта «Ленинград ісі» деп аталған саяси қуғындау ісі жүргізіліп жатқанда, Қазақстанда «Бекмаханов ісі»  қолға алынды. Бекмаханов 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» атты көлемді еңбектің негізгі авторларының бірі бола отырып, аталған кітапта Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы жаңа материалдарды енгізді. Ол 1947 жылы «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген атпен монографиясын жариялады.

Осыдан кейін-ақ Кенесары көтерілісін сынаушылар ашықтан-ашық Бекмахановқа қарсы тұрды. Егер бұрын сын пiкip Қазақ КСР тарихына бағытталса, енді                           Е.Бекмахановтың монографиясына ауысты. 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан зерделейік» атты мақала жарық көрді. Осы мақала КСРО ҒА Тарих институты Ғылыми кеңесінде талқыланып, Бекмахановтың жұмысы «күйе жағу, теориялық және саяси тұрғыда марксизмге жат буржуазиялық-ұлтшылдық көзқараста жазылған» деп бағаланды.

Белгілі тарихшы А.М.Панкратова Бекмахановтың еңбегін Қазақстанның жинақталған тарихын жазудағы алғашқы сәтті қадам деп бағалап, қаралау қорытындысында қол қоюдан бас тартты. 1951 жылы 6 қазанда Е.Б.Бекмахановты ғылыми дәрежелері мен атағын алып тастады, ал 1952 ж. 5 қыркүйекте тұтқынға алды.

Осыдан кейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Н.Бекмахановқа «сенімсіз адам» ретінде көңіл аударып, ic қозғады. Оған Кеңес өкіметіне қарсы пікірде болып, 1942-1951 жылдар аралығында ұлтшылдық идеяларды уағыздады және анти­советтік үгiт жүргізді деген айып тағылды. Қазақ КСР Жоғарғы Соты оны 1952 жылы 4 желтоқсанда 25 жылға соттады.

Дегенмен Сталиннің қайтыс болуымен және елдегі демократияландырудың ұшқынымен байланысты Е.Бекмаханов 1953 жылы 16 қазанда ақталды.

Кеңес билігі тұсында ауыр нәубеттердің сырын ашуға бағытталған зерттеулер жүргізуге тыйым салынды. Соның салдарынан көпшілік санасында Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы тек көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған, мәдениетке тек Кеңес билігі тұсында қол жеткізді деген ұғым қалыптасты.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Космополит дегеніміз не?
  2. Қашан «Қазақ КСР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысы шықты?
  3. Е.Бекмахановтың монографиясы қалай аталады?
  4. Бекмахановтың еңбегін Қазақстанның жинақталған тарихын жазудағы алғашқы сәтті қадам деп бағалаған кім?
  5. Е.Бекмаханов қай жылы аяқталды?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *