1995 жылғы Конституция бойынша Қазақстан унитарлы мемлекет болып табылады. Мемлекеттік өкіметтің бірден-бір қайнар көзі – халықтың өзі. Мемлекеттік бірегей, ол заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары болып бөліну қағидасына сәйкес ҚР-ның Конституциясы негізі мен заңдарына сүйенеді.
Тәуелсіздік алғаннан бастап республикада демократияландыруға бағытталған саяси өмір өзгерістері байқала түсті. Бұрынғы уақытта «өкімет – қоғам» формуласы іс жүзінде асырылса, ендігіде, керісінше «қоғам – өкімет» негізге алынды. Мемлекеттік басқару органдары халыққа қалтықсыз қызмет ету арқылы құқықтық мемлекет пен еркін нарықтық экономикаға негізделген алдыңғы қатарлы азаматтық қоғам қалыптастыруы керек. Мазмұндық және құрылымдық жағынан келгенде, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы 10 жылы ішінде мемлекеттік басқару органдары бірқатар өзгерістерді басынан кешірді. Құрылымдық өзгерістер мына төмендегіше көрініс тапты:
- 1990 жылдың 24 сәуірінен бастап Республика Президенті орнының енгізілуі;
- Қазақстан Республикасының Конституциясы атап көрсеткендей, өкіметтің үш тармақтық принципінің қолданылуы;
- Орталық атқарушы органдардың қосалқы функцияларын жою, осыған байланысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдар жүйесін реформалаудың кезекті шаралары туралы» 1997 жылғы Президент Жарлығы негізінде оларды ең кемінде 50%-ға қысқарту;
- «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында олардың өзара іс-әрекетін реттеу үшін атқарушы органдардың функцияларын өзгерту.
Атқарушы органдардың қызметін Үкімет басқарды. Ал оның құрылуына Президент тікелей қатысады. Өз қызметінде Үкімет Елбасы алдында жауапты әрі Парламентке есеп беріп отырады. Тікелей және өздері сайлаған өкілдер арқылы халық ел басқару ісіне қатыса алады. Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің енгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Партиялық тізіммен дауыс беруге рұқсат етілген 2000 жылғы соңғы сайлау кезінде бұл анық байқалды. Бұл жағдай өз кезегінде елдің саяси өмірін одан сайын жандандыра түсті. Мұны мынадан көруге болады: 1998 жылдың соңы мен 2000 жылдың басында ҚР-ның Әділет Министрлігінде «Қазақстан азаматтық партиясы», «Қазақстан халықтық республикалық партиясы», «Отан» республикалық саяси партиясы, «Қазақстан аграрлық партиясы» және басқа да партиялар тіркеуден өтіп, өмірге жолдама алды.
Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген соңғы өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, ел аумағында пропорционалды сайлау жүйесі кіріктірілді.
ҚР саяси партиялар. Қазақстанның социалистік партиясы бұрынғы Коммунистік партияның тікелей мұрагері ретінде 1991 жылғы 7 қыркүйекте ҚКП-ның кезектен тыс XVIII сьезінің шешімдері нәтижесінде саяси сахнаға шықты. 1991-1993 жылдары ҚСП ымырашыл саясат ұстанып, солшыл-орталықшыл көзқараста болып, ықпалды болғанымен үкімет жүргізіп отырған саясатқа ашық келіспеушілік көрсете қоймады. 1994 жылдан бастап оппозициялық көңіл күйге ауысып, солға ығыса бастады.
«Алаш» Қазақстанның ұлттық партиясы қоғамдық ұйымы алғашқыда 1991 жылы 4 қыркүйекте өткен құрылтай конференциясында Қазақстан Республикалық партиясы болып құрылды.
Қазақстанның Халық Конгресі партиясы 1989 жылы құрылып, іле-шала Қазақстан аумағында басталып, Қазақстанның халқы және шетелдер құлшына қолдаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының базасында дүниеге келді. ҚХКП 1991 жылы 5 қазанда өткен І құрылтай сьезінде бекітілді.
Қазақстанның коммунистік партиясы 1991 жылы қазан айында XVIII кезектен тыс сьезден кейін құрылды. ҚКП мүшелері бұл партияны «өзін-өзі таратқан партияның қайта бірігуі» деп, ал өздерін 1993 жылы құрылған большевиктер партиясының заңды мұрагері деп есептейді. ҚКП-ның республикалық статусы бар. Қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты 1997 жылы 17 ақпанда қайта тіркеуден өтті. Өз қызметінің басынан-ақ ҚКП елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып келеді.
Қазақстанның демократиялық «Ақжол» партиясы – 2002 жылы құрылған, Қазақстанды одан әрі демократияландыру мәселелерін талқылауға белсене атсалысуда. 2002 жылғы сайлауда Мәжіліске 1 мандатқа ие болды.
Республикалық «Асар» партиясы – 2003 жылдың қазан айында құрылды. Идеялық тұғырнамасы «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасына сәйкес келеді, негізінен, ол билік орындары мен қоғамның назарын халықтың әлеуметтік мәселелері мен өмірлік мұқтаждарына аударды.
2006 жылы 22 желтоқсанда Астанада өткен Республикалық саяси «Отан» партиясының кезектен тыс Х сьезінде жаңа саяси ұйым – «Нұр-Отан» Халықтық демократиялық партиясы құрылып, оның құрамына «Қазақстанның азаматтық партиясы» мен «Қазақстанның аграрлық партиясы» және «Асар» партиясы кірді.
Бекіту сұрақтары:
- «Нұр Отан» партиясы қай жылы құрылды?
- ҚР Президентінің қызметі қай кезден бастап тағайындалды?
- Қазақстанның коммунистік партиясының статусы қандай?
- ҚР-ның Конституциясы бойынша Қазақстан территориялық бағытта қандай мемлекет?
- Қазақстанда енгізілген көппартиялы жүйенің маңызы қандай?