60-жылдардың ортасында кеңес экономикасын біршама нығайтуға тырысқа ел басшылығы жаңа шаруашылық реформаларын жүргізе бастады. Бұл бір уақытта бірнеше саланы – өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылғын қамтыған, соғыстан кейінгі кезеңдегі экономиканы қайта ұйымдастырудағы ең ірі шаралар болды. Мұндай қажеттілік 60-жылдардың бас кезінде, КСРО қуатты экономикалық және ғылыми әлеуетке ие болған кезде пісіп-жетілді. Ғылымның дамуының ерекше жетістігі – 1961 жылы 12 сәуірде Ю.А.Гагариннің адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа сапар шегуі болды. Бұл оқиғаның құрметіне қазақтың жас ақыны Олжас Сүлейменов «Адамға табын, Жер енді!» атты поэмасын жазды.
ОК-нің 1965 жылғы наурыз Пленумында ел басшылары тиімді аграрлық саясат талдамасын түзетуге кезекті әрекетін жасады. Оның шешімдері колхоздар мен совхоздардың экономикасын көтеруге бағытталған шаралар жүйесін қарастырды. КСРО үкіметі проблеманы шешудің жаңа жолдарын іздестіре бастады. 1967 жылы сәуірде ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі «Совхоздар мен өзге мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарын толық шаруашылық есепке көшіру туралы» қаулы қабылдады. Ауыл шаруашылығына жүргізілген тәжірибелер жалғаса берді.
Қазақстан Үкіметінің шешіміне сәйкес 18 совхоз толық шаруашылық есепке көшірілді. Басшыларының құқықтары кеңейтіліп, олардың әрбір совхоздың өндірістік қызметінің нәтижелері үшін жауапкершілігі арттырылды.
70-жылдары республика ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірқатары шаруашылық жүргізудің қалыптасқан құрылымын өзгертуге әрекеттенді. Сондай адамдардың бірі – И.Н.Худенко еді. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Іле» совхозын, кейін Алматы облысы Күрті ауданындағы «Ақши» совхозын басқарған ол ауыл шаруашылығын басқарудың жаңа формаларын енгізе бастады. Мысалы, ол сол кездің өзінде фермерлік шаруашылықты дамытуға әрекеттенді, қағазбастылықты күрт азайтып, шаруаларға бірқатар еркіндіктер берді. Мұндай бастама бұрынғыша шаруашылық жүргізудің ескі әдістерімен бұйрық беріп, әмір етіп үйренгендерге ұнауы мүмкін емес еді. И.Н.Худенконың тиімді әрі болашағы зор әдісінің тамырына балта шабылды. Оған қоса оның ісі сотқа беріліп, сотталды. Түрмеге отырғызылған И.Н.Худенко сонда қайтыс болды. Тек бірнеше жылдан соң, елде қайта құрулар басталған кезде И.Н.Худенко Қазақ КСР Жоғарғы Соты алқасының шешімімен ақталды.
1964 жылы 14 қазанда ОК-нің Бірінші хатшысы Н.С.Хрущевті өзінің бұрынғы серіктерінің бір тобы орнынан алды. Қазақстандағы басшылар да ауысты. 1960 жылы 19 қаңтарда Н.И.Беляевтің орнына бұған дейін республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Республика үкіметінің құрамы өзгертіліп, көптеген облыс басшылары қайта сайланды.
Кеңестік саяси жүйе үнемі әкімшілік әдістерді қолданғанда ғана әрекет ете алды. Жүйе дағдарысының айқын көрінісі – сол елдің үкіметінің тілегімен деген желеумен Ауғанстанның аумағына 1979 жылдың желтоқсанында Кеңес әскерлері шектеулі бөлігінің енгізілуі болды. Ауғанстанға әскер енгізуі КСРО-ның халықаралық беделі мен абыройына елеулі нұқсан келтірді. Ауғанстан аумағында болған соғысқа 21 979 қазақстандық қатысып, олардың 780-і қаза тапты, 393-і мүгедек болып, 22-сі хабар-ошарсыз кетті.
КОКП-нің ұлттық саясатының негізгі ережелерін қайта қарауды талап етудің әрекетін 60-жылдары Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ студенттері: Мақаш Тәтімов, Сәбетқазы Ақатаев, Мұрат Әуезов жасады. Олар «Жас қазақ» жасырын қоғамдық ұйымын құрып, саяси және ағартушылық қызметпен айналысты. Бірақ КГБ-нің қырағы көзінен ешкім жасырына алмайтын еді, көп ұзамай бұл ұйым таратылды.
Мамандығы жоғары, терең білімді философ Махмет Құлмағамбетов 1962 жылы кеңестік тәртіпке қарсылығы үшін Қостанай облысының Рудный қаласында тұтқындалып, Қылмыстық істер кодексінің 58-бабы бойынша 20 жыл мерзімге сотталды. Ол ұзақ уақыт бойы Мюнхендегі «Азаттық» радиостанциясының қазақ редакциясында жұмыс істеп, КОКП мен Кеңес үкіметінің ұлттық, экономикалық және әлеуметтік саясатына сын тұрғысынан баға берді.
1975 жылы Алматыда Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» атты кітабы жарық көрді. Ақын бұл кітабында ежелгі орыс әдебиетінің белгілі ескерткіші – «Слово о полку Игоревенің» (Игорь полкі туралы жыр) славян және түркі этникалық әлемінің шекарасында пайда болып, онда екі көршілес мемлекеттің өмір шындығы үйлесімді бейнеленгені жөніндегі қорытындыға келді. Сол кездегі КОКП ОК-нің хатшысы А.Суслов кітапты қатты сынап, оны академик Б.Рыбаков қолдады. Авторды қаралау науқаны баспасөз ретінде бірнеше жыл қатарынан жүргізілді. «Аз и Я» кітабы тауар айналымынан, кітапханалардан алынып тасталынды, жаңа басылымына тыйым салынды. Саяси жүйе О. Сүлейменовтің өзін жазалауға дайындала бастады. Оған О. Сүлейменовті республика басшысы Д. Қонаевтың қорғауы бөгет болды.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, 1955-1961 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі, Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған Жұмабек Тәшенов қазақ жерінің аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді.
1982 жылы қайтыс болған Л.Брежневті КГБ-нің бұрынғы төрағасы, ауыр науқасты Юрий Андропов алмастырды. Оның елде әкімшілік әдістерімен тәртіп орнатпақ болған әрекеттері табысқа жеткізе қоймады. Көп ұзамай, 1984 жылы ақпанда Ю.Андропов қайтыс болғаннан кейін, ел басшылығы мемлекет басшысына тән қасиеттері жеткіліксіз, ауыр науқасты Константин Черненкоға өтті. К. Черненко бір жылдан сәл астам уақыт бойы КСРО-ның басшысы болды.
1985 жылы наурызда К.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП ОК Бас хатшысының қызметіне М.С.Горбачев сайланды. КОКП ОК-нің сәуір Пленумында әлеуметтік-экономикалық өмір мәселелерін жаңаша қарастыру әрекеттері жасалды. Әлеуметтік-экономикалық дамытуды жеделдету бағыты жарияланды. Сол кездегі саяси басшылық алға қарай жылдам дамуды экономикалық өсу қарқынын төмендетпеу және негізгі күш-жігерді осы бағытқа жинақтау есебінен іске асыруды жоспарлады.
Бекіту сұрақтары:
- Қай жылы Ю.А.Гагарин адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа сапар шекті?
- «Жас қазақ» қоғамдық жасырын ұйымын құрған кімдер?
- Д.А.Қонаевтің қоғамдық-саяси қызметі туралы не білесіздер?
- Тоқырау жылдарында Республикада қандай демокртаиялық өзгерістер болды?
- О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын не себепті қудалады?