Азамат соғысы аяқталып, Кеңес өкіметі бұрынғы Ресей империясының барлық аумағында орнады. Азамат соғысы аяқталғаннан кейінгі Кеңес елінің жағдайын В.И.Ленин «күйзеліс, жоқшылық, қайыршылану» деп сипаттайды. В.И.Лениннің пікірінше, жаңа экономикалық саясаттың мәні – елдің экономикалық жағынан артта қалу проблемасын шеше алатын жұмысшылар мен шаруалардың одағын жасау болды.
Жаңа экономикалық саясатқа бағыт алу Х сьезде қабылданды. 1921 жылы 20 наурызда Компартияның Х сьезінің күн тәртібінде екі маңызды мәселе қойылды:
- Партияның ішіндегі фракцияларға тыйым салу;
- Шаруаларға үш жыл бойы ауыр салмақ болған азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен ауыстыру.
Заттай салықтың орташа мөлшері азық-түлік салғырты мөлшерінен 30-50%-ға төмендетіліп, егілген егін көлемі мен топырақтың құнарлығы есепке алынды. Салық заттай түрінде салынып, оның мөлшері ертерек егін себу жұмыстары басталғанға дейін хабарланды, жиналатын бүкіл өнімнің 5%-ын ғана құрады. Бастапқыда 13 салық енгізілгенімен, кейінірек олар бірыңғай ауыл шаруашылық салығымен алмастырылды. 1924 жылдан бастап ол ақшалай алына бастады. Азық-түлік салығына көшу шаруаларға өз шаруашылығын жоспарлау мен ауыл шаруашылық өнімдерінің артығын өз бетінше пайдалануға мүмкіндік берді.
Жаңа экономикалық саясатқа көшу Қазақстанда орасан зор ауыртпалықтармен қатар жүрді. Республиканың басым бөлігінде 1921 жылы қуаңшылық орын алып, қатты жұт жайлады. Жұттың кесірінен малдың 80%-на дейіні қырылып қалды. 1921 жылдың қарашасында елдегі ашығулар саны бүкіл республика халқының 1/3 бөлігін құрап, 2 млн 300 мың адамнан асып түсті. Батыс Қазақстанның өзінде ғана ашығушылар саны 1922 жылдың маусым айында барлық тұрғындардың 82%-на жетті.
Қазақстанның ашыққан халқына көмектесу үшін егін шықпаған республиканың бірқатар аудандарының тұрғындарын азық-түлік салғыртынан босатты. В. И. Ленин 1921 жылғы 14 маусымда «Нақты ет салығы туралы» Декретке қол қойып, ол бойынша көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын ет салығынан босатты. Аштықтан тұтас ауылдар қырылып қалды, халықтың саны азайды. 700 мыңнан астам адам Қазақстаннан тысқары аймақтарға көшіп кетті.
Жаңа экономикалық саясат – халық шаруашылығына әміршіл-әкімшілдікті сақтай отырып, белгілі дәрежеде капитализмге уақытша ерік беруге есептелген пролетариат мемлекетінің ерекше саясаты. 1921 жылы көктемде жергілікті тауар айырбасына, жеке саудаға, жеке меншік кәсіпорындар құруға рұқсат беру жөніндегі декреттер қабылдады.
Кеңестердің Қазақстандағы 1921-1925 жылдардағы жүргізілген экономикалық саясаты қарама-қайшылықтарға толы болды. Революцияның шалғай аудандар мен ұлттық шеткері аймақтарға көрсеткен қолдауының маңызды мәні жөнінде көп айтылса да, жаңа режим Кеңес өкіметінің Мәскеу мен Ресейдің негізгі астықты аудандарында нығаюына көп көңіл бөлді. Қазақтарға сол кез үшін ең қажетті нәрсе – олардың мал шаруашылығымен айналысуға, дәстүрлі әлеуметтік құрылымдар мен мәдени салттардың сақтауға мүмкіндік беретін экономиканы қалпына келтіру еді.
Алайда экономиканы қалпына келтіру үрдісі айқын байқалды. 1925 жылдың соңына таман өнім өндіру деңгейі 1920 жылмен салыстырғанда 6 есе дерлік өсіп, шамамен соғысқа дейінгі деңгейдің үштен екісіне жетті. Өнеркәсіп орындарының 60%-нан астамы іске қосылды. Сауда кең құлаш жайды. 1926 жылы Қазақстан аумағында 200-ге жуық жәрмеңке жұмыс істеді.
20-жылдардың бас кезіндегі Қазақстанда жүргізілген аграрлық реформалар ауыл шаруашылығының дағдарыстан шығуына маңызды рөл атқарды. 1921 жылдың ақпан-сәуір айларында Қазақ АКСР ОАК қазақ еңбекшілеріне қоныс аудару басқармалары патша үкіметі казак әскерлерінің пайдасына 1916-1917 жылдары тартып алған, помещиктер мен капиталистерге кеткен, қоныс аударушылар заңсыз басып алған жерлерді қайтарып беру жөнінде декреттер қабылдады. Қазақтарға Ертіс өзенінің оң бойындағы он шақырымдық алқап пен бұрын қазақ әскерлеріне тиісті болған Жайық өзенінің сол жағалауындағы жерлер қайтарылды.
Түркістан Республикасы Кеңестерінің ІХ сьезі Жетісу мен Оңстүстік Қазақстанда жер-су реформасын жүргізу мен кедейлер Одағын құрудың қажеттігі жөнінде шешім қабылдады. 1921 жылғы қаңтарда болған қазақ және қырғыз кедейлерінің сьезінде Қазақстанның оңтүстігінде жер-су реформасын жүргізу жөнінде мәселелерді шешуге тиіс «Қосшы» одағын құру жөнінде шешім қабылданды. «Қосшы» одағын құру, оның жұмысын жолға қою және жер-су реформасын жүргізудің белсенді қайраткерлері О.Жандосов, А.Розыбакиев болды.
Бекіту сұрақтары:
- Жаңа экономикалық саясатқа бағыт алу қай сьезде қабылданды?
- Республиканың басым бөлігінде қай жылы қуаңшылық орын алып, қатты жұт жайлады?
- 1926 жылы Қазақстан аумағында қанша жәрмеңке жұмыс істеді?
- Жаңа экономикалық саясаттың әскери коммунизмнен ерекшелігі?
- «Қосшы» одағының жұмысын жолға қоюға атсалысқан қайраткерлер?