1941-1945 жылдары республика бұрынғы КСРО-дағы қорғасын (85%), мыс (35%) қорыту, полиметалл және мыс рудаларын өндіру жөніндегі жетекші орнын сақтап қалды. Барланған кен орындарының негізінде металл өндіру, байыту мен қорыту кәсіпорындары салынды (Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Донской хромит кеніштері (рудниктері), Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты т. б.). Осының арқасында Қазақстан одақтағы молибден мен марганец рудаларының 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл рудалары мен қорғасынның 80%-ға жуығын өндірді.
Соғыс кезіндегі он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Соғыс қызып тұрған кезде республика қара металлургиясының «тұңғышы» — Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты іске қосылды, ал 1943 жылы Қазақ (Қарағанды) металлургиялық зауыты алғашқы 200 тонна көлеміндегі жоғары сапалы болат қорытып шығарды, бұл көрсеткіш 1945 жылы 4,6 мың тоннаға жетті.
Соғыс жылдарында республиканың қара металлургиясы ойдағыдай дамыды. Донбасты фашистер басып алғанда Қарағанды көмір кеніші соғысқа қажетті отынның 65 пайызын өндірген. Қарағанды шахтерлері төрт жыл ішінде 34 млн тонна көмір қазды. Елімізде соғыс жылдарында 19 жаңа шахта, жылдық қуаты алты миллион тонналық үш көмір разрезі салынып, пайдалануға берілді. Өлкеде көмір өндіру 1940 жылғы 6,6 млн тоннадан 1944 жылы 11,2 млн тоннаға жетті. Осы жылдары 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі ашылды. Атырауда мұнай айыратын зауыт салынды. Соғыстың төрт жылында алдыңғы жылдармен салыстырғанда 887,9 мың тонна мұнай жөнелтілген.
Ал республика жеңіл өнеркәсіп өнімдері бойынша одақта РКФСР-ден кейін екінші орынға шықты. Қызыл Армия жауынгерлерін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде республиканың жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары қыруар жұмыстар атқарды. Ер-азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегінің арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 56 млн пұт астық, 733,9 мың тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев (әр гектардан 202 центнер), атақты күрішшілер Ы.Жақаев, Ким Ман Сам, дәнді дақылдардан мол өнім алғандар М.Сатыбалдина, А.Дацкова, Н.Алпысбаевалардың ерен еңбектерін атап өтуімізге болады.
Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан майдан қорына 4,7 млн сом ақша, 2 млн дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш-Орск, Жамбыл-Шолақтау, Талдыкорған-Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. 1942 жылы Алматыда құрылысы басталған вагон жөндеу зауыты соғыстың соңына таман пайдалануға берілді.
Құрылыстың қарқын алуына орай Теміртау, Текелі, Жезді, Шығыс Қоңырат, Ақшатау, Макин секілді жаңа қалалар мен жұмысшы поселкелері бой көтерді. Қазақстандағы қалалар саны 5-ке, поселкелер саны — 35-ке өсті.
Соғыстың соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы еңбеккерлері фашизмнен зардап шеккен 48 аудан мен 12 қаланы қамқорлыққа алды.
Соғыс жылдары жалпы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахталар мен жеке өндіріс орындары, оның ішінде 300-дей эвакуацияланған кәсіпорындар салынды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск желісінің құрылысы аяқталды.
Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов жеке қаражатынан қорға 100 мың сом өткізді. Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.
Елдің корғаныс қабілеті армияны киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтаумен де анықталды. Соғыс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға женіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма және тері-былғары фабрикалары, майдан үшін жұмыс істей бастаған фурнитура зауыты іске қосылды.
1943 жылдын басында республиканың жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда шұлық бұйымдарын өндіру — 11,3 есе; мақта-мата — 7,4 есе, тоқыма бұйымдары — 4 есе, жүн мата — 2 есе, былғары аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс жылдары 500-дей дивизия солдаттардың жазғы киім-кешегімен, 70 дивизия — шинельдермен, 67 дивизия — қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия — жылы киімдермен, 25 дивизия — шолақ тондармен қамтамасыз етілді. Соғыс кезіндегі дивизиялардағы әскер саны 10000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеп алу қиын емес.
Бүтіндей алғанда республика өнеркәсібі өндірісі соғыс жылдары 37%-ға өсті. Бұл нәтижелерге үлкен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан арғы дамуы, оның жаңа салаларының, әсіресе жетекші салаларының пайда болуы Қазақстанды майданның қуатты арсеналына, маңызды экономикалық аудандардың біріне айналдырды.
Бекіту сұрақтары:
- Қазақ металлургиясының «тұңғышы» — ферроқорытпалар зауыты қай қалада іске қосылды?
- Қарағанды көмір кеніші соғысқа қажетті отынның қанша пайызын өндірген?
- Соғыс жылдарында тары өсірудің шебері болған кім?
- Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов жеке қаражатынан қорға қанша мың сом өткізді?
- Соғыс жылдарында Қазақстанда қанша эвакуацияланған кәсіпорындар салынды?