Қазақстанға басқа халықтарды депортациялау

Социалистік заманда Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяи қуғын сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекеленген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар – сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.

Депортация – лат. «қуғындау», «көшіру» деген мағынаны білдіреді. Халықтар депортациясын белгілі бір ұлт өкілдерінің белгілі бір іс-әрекеттеріне байланысты елден қуылуы деп түсіну қажет. Ал шетел тілінен енген сөздігінде қылмыстық және әкімшілік жаза ретінде мемлекеттен қуылу.

1920-1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіру – сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920-1949 ж. аралығында 3,2 млн адамға жетті. Жаппай қуғын-сүргіндік көші-қондардың төмендегідей түрлері қолданылды:

  • Этностық белгілері бойынша (жазаланған халықтар, шекараларды тазалау, сенімсіз халықтар)
  • Әлеуметтік-таптық белгілері бойынша (1934 ж. дейінгі кулактарды жер аудару) кезінде келгендерді арнайы көшірілгендер деп атайды.
  • Саяси мүдде негізіндегі 1934-1944 ж. көшірілгендерді «еңбек қоныстарындағылар» деп атады. 1944 ж. бастап арнайы қоныс аударылғандар деген атау қолданылды.

Қазақстандағы байларды тәркілеу барысында шамамен 5500 отбасы сыртқа көшірілсе, Қазақстанға Орал, және Төменгі Еділ бойы, Мәскеу облыстары, Солтүстік Кавказ өңірінен 1932-1933 жылдары мыңдаған адамдар жер аударылды.

1930 жылдардың ортасында жаппай қуғын-сүргіннің тереңдеуіне Сталиннің «Троцкий-Зиновьев» топтарымен және оңшыл оппортунистермен күресі түрткі болды. Орталықтағы болып жатқан бұл оқиғалар ұлт республикасында, өлкелерде тұрғындарды жаппай саяси қудалауға жол ашып берді.

1936 ж. КСРО құпия қаулыларының негізінде Батыс Украинадан Қазақ АКСР-не 15 мың поляк және неміс шаруашылықтарын көшіру басталды. Олардың көп бөлігі Солтүстік Қазақстанға, қалғаны Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Ресейдің ішкі аудандарынан, Украинадан және Белоруссиядан арнайы қоныс аударылғандардың жалпы саны 1936 ж. қарай 360 мың адамға жетті.

Еділ өңірі немістерін Сібірге депортациялау идеясы 1915 жылы туса да, оны жүзеге асыруда көптеген кедергілер кездесті. Ал 1937-1938 жылдары немістердің ұлттық мәселесі қайта жандана бастады. Патша жүзеге асыра алмаған идеяны қолға алуға ыңғайлы кезең туғандай еді. Қазақстандағы «Кіші Қазан» науқаны кезінде босап қалған жерлерге корейлерді, финдер мен поляктарды орналастырғаннан кейін кезек немістерге келді.

1940-1941 жылдары 200 мыңдай поляк Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған, Жамбыл, Алматы облыстарына орналастырылды.

Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық корейлер ілікті. Олардың кейбір белсенді бөлігін 1935-1936 жылдары күштеп әкімшілік қоныс аудару басталды. Жаппай көшіп қоныстандыру 2 кезеңнен тұрды. Оның алғашқысы 1937 жылдың күзінен 1938 жылдың көктеміне дейін созылды. 1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді олар тұрақты мекендерге орналастырылды. 1938 жылы 1 қыркүйекте барлық корей тіліндегі мектептер, Қазақстандағы педагогикалық училище, 1939 жылы Қызылордадағы корей педагогикалық институты, корей тіліндегі оқулықтар жойылды.

70 корей ұжымшарлары республиканың 8 облысында – Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстанда орналасты.

КСРО-ның ұлт саясатында 30-жылардағы қуғын-сүргінге иран ұлты да ілікті. Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия және Армения аудандарында тұрып жатқан ирандықтар 1938 жылы қазан-қараша айларында Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Кеңес азаматтығын алған 6 мың адам арнаулы қаулы негізінде 1710 шаруашылық Оңтүстік Қазақстан облысы аудандарына, 300 шаруашылық Алматы облысы аудандарына орналастырылды.

Күрділердің Қазақстанға депортациясы да соғысқа дейінгі кезеңнен басталады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кавказ өңіріндегі күрділердің аз бөлігі Ресей империясының қол астына қарады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923 жылы Күрдістан автономиялы республикасы құрылғандығы белгілі. Алайда 1936 жылы күрділердің ғасырлар бойғы арманы аяқ асты етіліп, өздері «сенімсіз халықтар» қатарына жатқызылды. 1937 жылдан бастап ешбір негізсіз 7 300 күрділер Орталық Азия мен Қазақстанға көшірілді.

1943 жылы Қарашай автономиялы республикасы жойылып, қарашайларды көшіру туралы қаулы қабылданды. Жалпы саны 45 500 адам Қазақстанның Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Қалған отбасы Қырғызстанға, Өзбекстанға аттандырылды.

Депортацияның қайғылы қасіреті балқарларға да келіп жетті. 1936 жылы құрылған Кабардин-балқар АКСР-нан 1944 жылы наурыз айында 650 мыңдай шешен, ингуш, қалмақ, қарашайлар көшірілді. Бүкіл техника, НКВД құрамалары мен армия бөлімдерінен 19 мыңдай офицер мен әскерилер қатыстырылған бұл операцияны Ішкі Істер халық комиссары Берияның өзі басқарды. Жалпы саны 40 мыңдай балқарлардан Солтүстік Кавказ түгелдей тазартылды. 46 600 отбасы оңтүстік облыстарға қоныстандырылды.

1945 жылға Қазақстанға көшірілген шешендер мен ингуштардың жалпы саны 406 300 адамға жетті. 1944 жылы 7 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен Шешен-ингуш АКСР-і жойылды. Барлық аудандардың аттары өзгертілді. Шешен-ингуш АКСР-нің орнына Грозный облысы құрылды. Облысқа дейін барлық жергілікті халықтың 85% құраған шешен мен ингуш халқы осылайша туған жерлерінен қол үзді.

1943 ж. 28 қазандағы бұйрық негізінде Қалмақ АКСР-нен 2,2 мың адам Қызылорда облысында орналастырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың дауылынан Қазақстан аумағына көшіп келушілер тасқыны шұғыл артты. Қазақстанға елдің батыс бөлігінен 536 мың адам көшіп келді. Майданда 410 мың қазақстандық жауынгерлердің мерт болуы мен 125 мың адамдардың хабарсыз кетуі, концлагерьлерде азаппен көз жұмуы сияқты соғыстың әкелген зардабы зор болды. Белгілі демограф М.Тәтімовтың болжамы бойынша, мұндай соғыстың зардабы 125 жылға дейін созылады екен.  Соғыс жылдарында Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам майданға шақырылды. Бұлардан 630 мың адам алғашқы аттанғандар болды.

1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6,9 млн адам тұрса, соғыс аяқталған соң көшіп келген және депортацияланған халықтар есебінен бұл көрсеткіш шамамен 7,5 млн болды.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Жаппай қуғын-сүргіндік көші-қондардың қандай түрлері бар?
  2. 70 корей ұжымшарлары республиканың неше облысында құрылды?
  3. Екінші дүнииежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстанға қанша адам көшіп келді?
  4. Соғыстың зардабы 125 жылға дейін созылады деген пікірді айтқан демограф?
  5. Депортация дегеніміз не?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *