Қазақстандағы Коммунистік партия мен комсомол ұйымдары

1917 жылдың тамызында Петроградта өткен VI сьезде жұмысшы жастардың коммунистік ұйымын құру мәселесі қаралды. Ал Қазақстан аумағында бұл әрекет азамат соғысы мен шетел интервенциясы жылдарында басталған болатын. 1918 жылы алғашқы комсомол ұясы дүниеге келді. Комсомолды ұйымдастырушылар Б.Атуев, Ғ.Сұлтанов, Қ.Сахыбалиев, Е.Сереченко, Х.Чурин болды.

1918 жылдың 29 қазанында Мәскеуде жұмысшы және шаруа жастарының І Бүкілресейлік сьезі ашылды. Комсомол тарихы осы кезден басталды.

Жергілікті партия органдары жаңа құрылған комсомол ұяларының қызметін бағыттап отырды. Бұл ұялар құрамына орташа 3-10 адамға дейін кірді. Негізгі өзегі майдангерлер мен жұмысшы жастар болды. 1918-1919 жылдары комсомолдың қоғамдық жұмысы әрбір әкімшілік аудандағы  жастарға комсомолдың әсерін таратуға бағытталды.

Түркістан жастарының аса көрнекті ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаев есімі комсомол тарихында мәңгі қалды. Кеңес өкіметін орнату кезінде Ғани Қазалы депутаттар кеңесінің жұмысына белсене қатысқан. 1920 жылы ол Түркістан комсомол сьезінің жұмысына қатысып, ОК мүшелігіне сайланды. Ол қазақ жастарымен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы болып бекітілді. 1922 жылдан бастап ол Түркістан Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды.

1921 жылдың 7-13 шілдесінде І Бүкілқазақтық облыстық сьезі өтті. Сьезге Жетісу мен Сырдария облыстарын қоспағанда, одақтың 20 960 мүшесінен 194 адам делегат болып қатысты. Оның 20 шақтысы қазақ жастары болды. Осы сьезден кейін комсомол ұйымдары Коммунистік партияға бағынышты жүйе болып құрылды. Партия тапсырмасын орындай отырып, комсомол саяси ағарту, жетім балаларға қамқорлық жасау және дінге қарсы насихатпен айналысты.

Комсомолдар қираған шаруашылықты қалпына келтіру үшін сенбіліктер мен жексенбіліктер ұйымдастыруға мұрындық болды. Қалалардағы комсомол ұйымдары жақын жатқан ауылдарды қамқорлыққа алып, айына 2-3 рет демалыс күндері сонда барып, пьесалар қойды, көркемөнерпаздар кешін өткізді, газеттер мен журналдар оқуды ұйымдастырып, саяси әңгімелер жүргізді. 1921 жылы Түркістандағы комсомол обкомында батырақ жастарды қорғайтын экономикалық бөлімдер ашылды.

1937 жылы құрамында 136 мыңнан астам ұл мен қыздары бар Қазақстан өлкелік комсомолы Қазақстан лениншіл коммунистік жастар одағы болып қайта құрылды. Комсомол республикалық, одақтық деңгейдегі социалистік жарыстарға жер-жердегі жастарды көбірек тарту мақсатында комсомол жастар бригадаларын ұйымдастырды.

Коммунистік балалар ұйымы өз қарамағына Кеңестер Одағының барлық мектеп оқушыларын қамтитын көпшілік саяси ұйым есебінде тарих сахнасына шықты. Партияның тапсыруы бойынша балалар коммунистік ұйымын құрумен комсомол айналысты. 1922 жылдың 19 мамырында өткен комсомолдың ІІ Бүкілресейлік конференциясында елдің барлық қалалары мен селоларында пионер отрядтарын ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды. 1922 жылдың желтоқсанында өткен комсомолдың V сьезінде жекелеген пионер отрядтары бір ұйымға топтастырылып, алғашында «Спартак» атын иемденді. Қазақстанда мұндай отрядтар алғаш Петропавлда, Перовскіде ұйымдастырылды. 1923 жылдың тамыз айында ОК-нің Бюросы «Спартак» атындағы пионерлердің балалар коммунистік топтарының ұйымдық Жарғысын бекіттті. Ұйым 10 мен 15 жас аралығындағы оқушыларды қабылдайды.  1922 ж 19 мамыр пионер ұйымының туған күні болып қабылданды.

1924 жылдың 23 қаңтарында өткен кезектен тыс пленумында «Спартак» атындағы жас пионерлердің балалар коммунистік топтары Ленин атындағы жас пионерлердің бабалар коммунистік топтары болып аталуы жөнінде қаулы қабылданды. Пионер ұйымдарының жұмысы жас ұрпақты коммунизм ісіне берілгендік рухта тәрбиелеуге, отанды сүюге, өзге ұлт-ұлыстарды құрмет тұтуға бағытталды. 1922 жылдың қаңтар айында Орынборда «Пионер» журналының алғашқы саны шықты.

1929 жылы 18 тамызында Мәскеуде КСРО пионерлерінің І Бүкілодақтық слеті ашылды. Слетке барлығы 7 мың жеткіншек қатысса, оның 80-і қазақстандықтар еді. Слет барысында спартакиада, олимпиада, көркемөнерпаздар үйірмелерінің конкурстары өткізілді.

1930 жылдың 14 наурыз күні «Қазақстан пионері» газетінің бірінші саны жарық көрді. 1930 жылы 6 тамызда Алматыда Қазақстан пионерлерінің І слеті ашылды.

1931 жылдың 10 сәуірінде Республикалық пионерлер штабы құрылды. Алғашқы құрылған бұл штабтың төрағасы болып Ә.Асылбекқызы, бюро жетекшісі болып З.Ақышқызы сайланды. Осылайша Қазақстанда орталыққа бағынған бірыңғай пионер ұйымы өмірге келді.

Пионерлердің жеке рәміздері: ту, галстук, төсбелгі, салют жас жеткіншектерді тәртіп пен өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа, бірлікке тәрбиелеуге үлкен рөл атқарды. Жалпы пионерлер қызметі комсомол жоспарлаған шараларды орындаумен ғана шектелді. Саяси құрылымнан комсомолдың кетуіне байланысты, В.И.Ленин атындағы бүкілодақтық пионер ұйымы да өмір сұруін тоқтатты.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Қай жылы алғашқы комсомол ұясы дүниеге келді?
  2. Түркістан жастарының аса көрнекті ұйымдастырушысы кім?
  3. Жекелеген пионер отрядтары бір ұйымға топтастырылып, алғашында қалай аталды?
  4. Пионер ұйымының туған күні қай күн болып белгіленді?
  5. Алғашқы құрылған пионер штабтың төрағасы болып кім сайланды?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *