ХХ ғасырдың басындағы саяси қуғын-сүргін кезеңі

1937 жылы И. В. Сталин мен оның айналасындағылардың «халық жаулары және олардың құйыршақтарын түп-тамырымен жоюдың» қажеттігі жөніндегі нұсқауы барлық жерде қолдау тапты. Осындай жағдай И. В. Сталин мен оның серіктері мүмкін болатын оппозицияны орталықта ғана емес, ұлттық республикаларда да біржола талқандауды ұйғарды.

Шаруалар, әсіресе қазақ шаруалары өте қиын жағдайға душар болды. Дәстүрлі қалыптасқан өмір салтын түбегейлі өзгерту, күштеп ұжымдастыру, ауыл шаруашылығы өнімін дайындаудың мемлекеттік саясаты аштықтан бұратылып, өлуге шақ тұрған оларды Кеңес үкіметіне ұйымдасқан түрде наразылық білдірудің жолына итермеледі. Толық емес деректер бойынша, 1929-1932 жылдары Қазақстанда 372 көтерліс болды. Ең ірі қақтығыстар Батпаққара, Созақ, Бостандық, Ырғыз, Қазалы, Абыралы, Шұбартау аудандарында өтті.

1929-1930 жылдарда КСРО республикаларында ұлт-азаттық қозғалыстарының бұрынғы басшылары мен қатысушыларына қарсы жүргізілген алғашқы қуғын-сүргін кезеңінде, Қазақстанда Алаш қозғалысына қатысушылар, соның ішінде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев тұтқындалды және әр түрлі мерзімге сотталды. ОГПУ үштігінің бұларға таққан айыптары:

  • Кеңес өкіметінің саясатына қарсы әрекет жасау;
  • Шығыс Бұхарада басмашылықты басқарған, кейін эмиграцияға кеткен Зәки Валидовпен байланыс орнату;
  • Ферғанадағы басмашылармен байланыста болу;
  • Жауапты қызметкерлерге қатысты лаңкестік әрекеттер жасау үшін жастардың жауынгерлік топтарын жасақтау;
  • Жастардан әскери кадрлар даярлау;
  • Байлармен тығыз ынтымақтасу мақсатында «Алқа» үйірмелерін ұйымдастыру;
  • Қоныстандыру науқандары мен іс-шараларына нұқсан келтіру;
  • Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізу.

Қазақстанда 1937-1938 жылдарда сотталған және атылған, «халық жаулары» аталған адамдардың істері айғақтағандай, оңшыл оппортунистер мен троцкистердің, сондай-ақ буржуазиялық ұлтшылдардың қызметіне қатысқандары туралы айыптаудан басқа, оларға көбіне экономикадағы, әсіресе 30-жылдардың бас кезіндегі ауыл шаруашылығындағы сәтсіздіктер кінә етіп тағылды. Мәселен, 1938 жылы бұрынғы Алматы облыстық комитеті мен қалалық комитеттің бірінші хатшысы Ж.Сәдуақасовқа, жазушы С.Сейфуллинге, Халық ағарту комиссариатының төрағасы Т.Жүргеновке және басқаларына Қарақұмда, Ырғыз, Сарысу аудандарында «көтерілісті ұйымдастыру» айыбы тағылды.

1928 жылы Л. Троцкий сияқты оппозиционерлердің Қазақстанға жер аударулары ішкі жаулардың әрекеттерін жіті қадалаған режимге наразы жергілікті қызметкерлерді солармен одақтасты деп айыптауға ілік болды. Соның нәтижесінде қазақстандық қызметкерлердің бір бөлігіне троцкийшілдермен және оңшылдармен байланыс жасағандары жөнінде айып тағылып, қуғын-сүргінге ұшырады. Осы ауыртпалық 1927-1928 жылдары ең алдымен Жер шаруашылығы халық комиссары Ж.Сұлтанбековтың, Сырдария губкомының төрағасы Ы. Мұстамбаевтың басына түсті.

1928 жылдың соңында жалған айыптаумен «буржуазиялық ұлтшылдар» аталатындардың қатарынан 44 адам, Алашорданың бұрынғы қайраткерлері, солардың ішінде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов тұтқындалды. Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов, А.Байділдин, Д.Әділов, Ғ.Бірімжанов ату жазасына кесіліп, қалғандары әр түрлі мерзімге түрмеге қамау үкімі шығарылды. Олардың кейбіреулері лагерьлерде (М.Дулатов) қайтыс болып, қалғандары (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев) жазаны өтегеннен кейін, 1937 жылы Алашорданың қызметіне қатысқандары үшін жауапкершілікке екінші қайтара тартылып, 1937-1938 жылдарда атылды.

Қазақстан аумағында 1931 жылы құрылған Қарағанды лагері болды. Оның құру тарихы 1930 жылға барып тіреледі. Халық Комиссарлар Кеңесі өзінің 1930 жылғы 13 мамырдағы жабық отырысында қаулы қабылдады, қаулыда ол Жер шаруашылығы халық комиссариатының қорытындысы мен Лагерьдің қазақ басқармасының Ақмола және Қарқаралы округтарынан «көлемі 110 000 га тұтас жер алабын мерзімсіз және өтеусіз пайдалануға кесіп беру туралы» өтінішімен келісті.  Болашақ Карлагтың аумағында 80 мың адам тұратын 4 мың қазақ киіз үйі тігіліп, неміс және орыс халқының 1200 үйі тұрғызылды. Олар өзендердің жағалары мен ең құнарлы жер учаскілеріне қоныстанып, егін шаруашылығымен белсенді айналысты.

Республиканың партия және кеңес басшы қызметкерлері түгелге жуық қуғын-сүргінге ұшырады. 1937-1938 жылдарда жазаланған «национал-фашистер» аталатындардың істері айғақтағандай, Н.И.Ежов пен оның жандайшаптары оларға жаба жабуда пәлендей бас қатырмады. Түрлі топтарға қатысқандардың, ұлтжанды азаматтардың бұрынғы істері көтерілді, солардың қатарына кезінде республиканың мүдделерін қорғаған, қазақ халқының 1931-1933 жылдарда жаппай қырылуына ашық наразылық білдірген адамдар да жатқызылды. Маңызын асырып көрсету үшін ХКК Төрағасының орынбасары Т.Рұсқұлов, КСРО хатшысының орынбасары Н.Нұрмақов, Қазақ КСР ОАК төрағасы Ұ.Құлымбетов бастаған «национал-фашистердің» «Қазақстанды КСРО-дан бөлуге және оны Жапонияның протекторына беруге әрекет жасағандары» туралы болжам ойдан шығарылды және оларға жапон-герман тыңшылары деген жала жабылды.

Оғаш болса да факт, кезінде Кеңес өкіметін орнатуға қатысқандар да  қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл орайда Кеңес өкіметін орнатуға және Азамат соғысына белсенді қатысқан, ұжымдастыру жылдарында Қаз Аткомының хатшысы болған Абдолла Асылбековтың мойындаулары назар аударуға тұрарлық. Ол 1937 жылғы тергеуде «менің антисоветтік пиғылым ұлтшылдық негізде, Қазақстанда ұжымдастыру саясаты қызу жүріп жатқан кезде туындай бастады. Мен қазақ ауылдары ұжымдастыруға дайын емес деп есептедім. Ал көшпелі мал шаруашлығымен айналысатын мекендерге қатысты оларда ұжымдастыру жүргізудің мүлде мүмкін еместігін айттым. Содан кейін жалғасқан асыра сілтеулер мен соған байланысты қазақ ауылдарындағы өмірдің ауыр жағдайларын мен партия және Қазақстан үкіметі саясатының бұрыстығын бұлтартпас дәлелі деп қабылдадым. Мен аудандарды араладым, ауылдың ауыр тұрмысын өз көзіммен көрдім» деген ақпар берген.

КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы 1936-1938 жылдарда облыс орталықтары мен Алматы қаласында НКВД органдарының қырағылығы арқасында анықталған халық жаулары мен контрреволюциялық ұйымдардың істерін сан қайтара қарады. 1936 жылдан бастап 1938 жылдың соңына дейін КСРО  Жоғарғы Соты Әскери алқасы көшпелі сессиясының өзгеріссіз төрағасы болып бір ғана адам – дивизиялық әскери заңгер Горячев жіберілген. Оның сот қызметінің бірнеше мысалын келтірейік. Қазақстанның астанасына келген ол, 1938 жылы 25 ақпаннан 13 наурызға дейін күн сайын дерлік бірнеше ондаған адамдарды өлім жазасына кесіп отырған. Мәселен: 

— 1938 жылы 25 ақпанда ол 39 адамға ату жазасы үкімін шығарған, солардың қатарында С.Сейфуллин, С.Асфендияров, Т.Жүргенов, С.Меңдешев;

26 ақпанда – 37 адам, соларды ішінде І.Жансүгіров, Ж.Шанин;

27 ақпанда – 41 адам;

28 ақпанда – 40 адам.

Сөйтіп осы тізім 14 наурызға дейін жалғаса береді. Сот тыңдаулары, егер оларды солай атау мүмкін болса, 15-20 минутқа, әйтпесе одан  да аз уақытқа созылған. Адам тағдыры осылай оп-оңай шешілген.

Кейінгі жылдарда ҚР-ның 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңын іске асыруда Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары үлкен жұмыс атқарды. Кейбір құжаттардың «құпия» белгісі алынып тастады және баспасөзде жарияланды, солардың ішінде жаппай саяси қуғын-сүргін жүргізу үшін негіздеме болған Қазақстан Компартиясы ОК-нің қаулылары бар.

Тоталитарлық режимнің қылмыстарын әшкерелеу бүгінгі күннің зәру қажеттілігі. Қазақстан Республикасы Президентінің «1997 жылды жалпыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы етіп жариялау туралы» Жарлығы осыған шақырады. Оны іске асыру тарихи әділдікті толығымен қалпына келтіруге, демек, республикада қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға есеп болары анық.

 

Бекіту сұрақтары:

  1. 1929-1932 жылдары Қазақстанда қанша көтеріліс болды?
  2. ОГПУ үштігінің қазақ зиялыларына таққан айыптары қандай?
  3. Кімге Қарақұмда, Ырғыз, Сарысу аудандарында «көтерілісті ұйымдастыру» айыбы тағылды?
  4. Қарағанды лагері қай жылы құрылды?
  5. КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасы кімді Қазақстанға жіберді?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *