Ауыл шаруашылығын құрудың Сталиндік-Голощекиндік үрдісі

Техникалық жағынан түбірлі қайта жарақтандыру негізінде ауыл шаруашылығын қайта құруға бағыт алу 30-жылдардың қарсаңында қажеттілікке айналды. БК(б) П XV сьезі (1927 жылдың желтоқсаны) ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға бағыт алуды жариялады. Бірінші бесжылдықта (1928-1932 ж.) жеке шаруа шаруашылықтарының 18-20% колхоздарға біріктіру, ал ауыл шаруашылық кооперациясының қарапайым формаларымен шаруашылықтардың 85%-на дейін қамту жоспарланды.

Ұжымдастыруға көшудің негізгі себептерінің бірі елдің жалпы экономикалық дамуын тежеп отырған ауыл шаруашылығының техникалық жағынан артта қалуы мен тауарлы өндірістің төменгі деңгейде болуы еді. 1927-1928 жылдары астық дайындаудағы дағдарыс жаңа басталған индустрияландыруды одан әрі жүргізуге қауіп төндірді. 1928 жыл «жаппай колхоз қозғалысы» жылы болып жарияланып, ұжымдастыруға бағыт алынды.

Тұрмыстың дәстүрлі көшпелі және жартылай көшпелі сипаты, мал шаруашылығының экстенсивтілігі, материалдық-техникалық базаның төмендігі еске алынып, Қазақ АКСР-іне ұжымдастыру науқанын аяқтау негізінен 1932 жылдың көктеміне белгіленді. Қазақстанның астықты аудандарында колхоз құрылысының негізгі формасы – ауыл шаруашылық артельдері, ал мал шаруашылықты аудандарда – жерді бірігіп өңдеу жөніндегі серіктестік болуға тиіс еді.

Қазақстандағы ұжымдастыру төрт кезеңде жүзеге асырылуға тиіс болды:

  1. 1929 жылғы мамыр мен 1930 жылғы наурыз – жылдамдатылған ұжымдастыру науқаны;
  2. 1930 жылдың наурызы мен 1932 жылдың тамызы – ұжымдық шаруашылықтардың әр түрлі типтерін тәжірибеден өткізу;
  3. 1932 жылдың қыркүйегі мен 1934 жылдың қарашасы – ТОЗ-дарды ұжымдастырудың жаңа толқыны ретінде пайдалану;
  4. 1934 жылдың желтоқсаны мен 1938 жылдың желтоқсаны – ТОЗ шаруашылықтарын ауыл шаруашылық артельдері етіп қайта құру.

Ұжымдастыруды табысты жүргізу мақсатында орталық үкімет «жиырма бес мыңшылар» деп аталған 25 мың жұмысшыны жұмылдырды. Қазақстанға Мәскеу, Харьков, Ленинград қалаларынан 1204 «жиырма бес мыңшылар» жіберілді. Ереже бойынша бұл қызметкерлер ұжымдастырылып жатқан колхоздардың төрағасы қызметіне ұсынылды.

Егер Қазақстанда 1928 жылы ұжымдастыруға барлық шаруашылықтардың 2% қамтылса, 1930 жылдың 1 сәуірінде – 50,5%, 1931 жылдың күзіне қарай – 65 % жуығы, 1934 жылы — 89,9 % тартылды.

Қазақстанда тоталитарлық жүйенің күшеюі Ф.Голощекиннің есімімен байланысты болды. Ұсақ саудагер отбасында дүниеге келген, патша отбасы мүшелерін атуды ұйымдастырушылардың бірі Голощекин Қызылордаға келісімен, ауылда Кеңес өкіметі әлі орнамағанын, онда байлардың әмірі жүріп тұрғанын айтты. Қазақстанда «Кіші Қазан» революциясын өткізу идеясын айтып Сталинге хат жазды. Ауылдың дәстүрлі әлеуметтік құрылымын жою негізгі міндет ретінде айқындалды. Келесі кезекте қазақтарды жаппай тұрғылықты өмір салтына көшіру көзделді.

Голощекин өзінің ой-пікірін қолдамайтын партия басшыларына қарсы күрес басталды. 1926 жылдың өзінде С.Сәдуақасов және С.Қожановқа «ұлтшыл» деген кінә тағылды. Қазақстандағы оппозицияны іс жүзінде ығыстырған Голощекин «Кіші Қазан» идеясын өмірге енгізе бастады. 1926-1927 жылдары жыртылатын жерлер мен жайылымдар қайта бөлінді. 1360-қа жуық десятина шабындық және 1250 десятина жыртылатын жерлер ауқатты шаруашылықтардан тартып алынып, кедейлер мен  орта шаруаларға берілді.

Ұжымдастырумен бір мезгілде астық дайындау науқаны да белсенді жүргізіле бастады. Ол 1928 жылы тінтулердің, тұтқынға алу, еркінен айыру мен ату жөнінде үкім шығарған соттардың көмегімен шаруа шаруашылықтарынан артық астықты тартып алудан басталды. Партия ауылдар мен деревняларға шаруалардың жасырған астығын табу үшін «жедел өкілетті уәкілдер» және «жұмысшы жасақтарын» жіберді. Осындай қатаң жазалау шараларының арқасында Қазақстанда 1927 жылы 43 мл пұт, ал 1928 жылы 300 млн пұт астық дайындалды. Астық пен етті жасырды деген айыппен 33 мыңнан астам адам қуғынға ұшырады.

1927 жылдың 15-23 қараша аралығында VI Бүкілқазақтық партия конференциясында қазақ байларын күшпен тәркілеу туралы шешім шығарылды. 1928 жылдың 21 маусымында Қазақ ОАК «Қазақстанның барлық еңбекшілеріне» үндеу жариялап, онда тәркілеу туралы заңның 1928 жылғы сәуірдің 1-нен бері мыңдаған малы бар, Кеңес өкіметіне анық жау, неғұрлым ірі байлар қожалықтары дүниелерін тәркілеу және оларды жер аудару бағытында жасалып жатқаны, алғашқы кезекте бұрынғы хан, сұлтан тұқымдарынан шыққан ірі байларға қатысты жүргізілетіні атап көрсетілді.

Қазақ байларын тәркілеу туралы декрет 1928 жылдың 27 тамызында қабылданды. Декрет пен үндеу 5 қыркүйекте баспасөз бетінде жарияланды. Онда қазақ байларын тәркілеу 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталатындығы ескертілді. Қабылданған декрет бойынша, ірі байларға көшпелі аудандарда ірі малға шаққанда 400 бастан жоғары малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300 бастан жоғары малы бар, ал отырықшы аудандарда 150 бастан жоғары малы бар қожалықтар жатқызылды.

30 тамыздағы қаулыда Қазақстан үкіметі ірі байлар жер аударылатын аудандарды нақты анықтады. Ауыл адамдары уәкілдерден көп қорлық көрді. Мәселен, Сырдария округінің Жаңақорған ауданында уәкіл Төленов деген батырақты байдың малын жасырып қойғаны үшін өлімші етіп ұрған.

Ұжымдастыруға байланысты әр түрлі іс-шаралардың нәтижесі – Қазақстаның барлық аудандарын қамтыған бұрын-соңды болмаған аштыққа ұрындырды. 1929-1930 жылдың қысында жұт болды. 1931 жылы көктемде бұл кезде астанаға айналған Алматыға жер-жерден аштық жөніндегі мәліметтер келіп түсе бастады. ОГПУ-дің деректері бойынша қазақтар Батыс Сібір, Орта Поволжье, Қалмақстан, Солтүстік өлкеге көше бастаған. Нәтижесінде 1931-1933 жылдары аштықтан, суықтан және өзге де аурулардан 2 млн-дай қазақтар мен 200-250 мыңдай басқа ұлттардың өкілдері қаза тапты.

Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы О. Исаев қазақ халқының мүшкіл жағдайы жөнінде Сталинге жазған хатында хабарлады. Онда қазақтардың басқа аймақтар мен республикаларға жаппай қоныс аударуының күшейіп, қазақ халқының жағдайы нашарлай түскені айтылды. О.Исаев өз хатында Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинді орнынан босатуды ұсынды. 1933 жылы Ф. И. Голощекин қызметінен босатылып, оның орнына Л.И.Мирзоян сайланды.

Сталин мен үкімет органдарына тек жекелеген қызмет адамдары, қазақ зиялыларының өкілдері ғана емес, қарапайым адамдар да хат жолдады. Көрнекті қазақстандық мәдени қайраткерлердің «Бесеудің хаты» атанған хаты Қазақстан тарихында ерекше орын алады. 1932 жылы жазда Ғ.Мүсірепов, М.Ғатаулин, М.Даулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышевтар Сталинге қазақ даласындағы мүшкіл ахуал жөнінде хат жазды.

Сталиндік басшылық Қазақстан аумағын елдің басқа аудандарының оңдаған мың шаруалары үшін «кулактық жер аудару» аймағы ретінде қарастырды. Республикаға Одақтың әр түрлі аудандарынан 46 091 отбасы немесе 180 015 адам жер аударылды.

1928-1932 жылдары Қазақстанда күштеп әрі заңсыз негізде өткізілген ұжымдастыру – іс жүзінде орасан көп адам құрбандығымен қатар  жүргізілген қазақ халқына қарсы геноцид еді. Ағылшын-американ тарихшысы, сталинизм табиғатын терең зерттеуші Роберт Конквест «Қазақстандағы ұжымдастыру қазақтардың орасан зор адами трагедиясына айналғанын» жазды.

Ғалымдардың есебі бойынша Кеңес өкіметі жылдарындағы Қазақстанда 3,5 млн адам саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. 

 

Бекіту сұрақтары:

  1. Қазақстандағы ұжымдастыру неше кезеңде жүзеге асырылуға тиіс болды?
  2. Қай жылы қазақ байларын күшпен тәркілеу туралы шешім шығарылды?
  3. 1931-1933 жылдары аштықтан, суықтан және өзге де аурулардан қырылған қазақтардың саны?
  4. 1933 жылы Ф.И.Голощекин қызметінен босатылып, оның орнына кім келді?
  5. 1932 жылы жазда Сталинге «Бесеудің хаты» атанған хатты жазған кімдер?

           

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *