Салыкова Әсел Дарияқызы
п.ғ.магистрі, педагог-зерттеуші,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Бажирова Шаттық Рафхатовна
г.ғ.магистрі, педагог-модератор,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
«Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкін қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе.»
Ыбырай Алтынсарин
ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттерге көз жүгіртіп қарасақ, әліпбилерді әр түрлі атаулармен аталғанын байқаймыз, мысалы: «әріптер тәртібі», «әріптер реті», «алфавит», кейде «әліппе».
«Әліппе» оқулығының басты мақсаты – шәкірттің сауатын ашып, оқу-жазуға үйрету болып табылады.
Қазақ тілінің дамуы заман талабаны сай өзгеріп отырғаны баршамызға мәлім. Тарихқа үңілетін болсақ, қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты IY-Y ғасыр бойы араб жазуын пайдаланды. ХIХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зиялылар, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин тәрізді ағартушылар, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін толық бере алатын жаңа алфавит қабылдауды не осы жазуды жетілдіруді күн тәртібіне қоя бастады. Қазақ тіліне, нақтырақ айтқанда орфографиясына араб жазуының кемшіліктері байқала бастап, қазақ жазуын орыс (киррилица) графикасына көшіру идеясын қызу талқыланды.
Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, әліпби құрастырған қазақтың алғашқы фонологі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол бүкіл саналы өмірін қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан ірі ғұлама. Ол 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби түзеді. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, 24 әріптен тұратын әліпби құрастырады. А.Байтұрсынов реформалаған қазақ графикасы ресми түрде 1924 жылы Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш құрылтайында қабылданады.
А.Байтұрсынов: «Сауаттылық негізі оқу бола ма, жазу бола ма? Әрине, жазу болады. Сауаттылықты оқу мұқтаждығы тудырған», – деп түйеді [1]. Шынымен жазу болмаса, оқу да болмас еді. Жазу, таңба – бұл материалдық айғақ, тарихи дерек. Сол себепті ата-бабаларымыздың өз ойлары мен шығармашылықтарын жазуда қолданған әліпбилеріне қысқаша тоқталдық.
Әліпби (алфавит) – жазуда қолданылатын әріптердің белгіленген тәртіп бойынша орналасқан ретін білдіретін жиынтығы. Жазудың әліпбилік үлгісін, яғни таңбаның бір ғана дыбысқа (фонемаға) сәйкес келуін б.з.д. ІІІ мыңыншы жылдардың ортасында семит халықтары сына жазудағы таңбаларды пайдалана отырып, дауыссыз дыбыстарды дауыстылармен тіркесуіне қарай үш түрлі таңбамен берген, (мысалы: т дауыссызын та, те, ти), өйткені семит тілдерінде үш-ақ дауысты дыбыс бар. Ал б.з.д. ІІ мыңыншы жылдың алғашқы жартысында консонтаттық буын жазуының жаңа түрі пайда болып, кез келген дауыстымен тіркескен дауыссыз жоғарыда айтылған сына жазудағыдай әр түрлі таңбамен берілетін болған. Б.з.д. ҮІ-ІҮ ғасырларда Кіші Азиядан Үндістанға дейінгі билік құрған Ахемен әулеті билеген парсы мемлекетінде қолданылған парсы-арамей жазуы (парфян, соғды, хорезм жазуларына негіз болған), еврейлердің шаршы жазуы, сирия-арамей жазуы (манихей, несториан, яковит жазуларына негіз болған), жол асты, жол үсті дәйекшелерімен толықтырылған араб жазуы, т.б. арамей жазуының жергілікті тармақтарына жатады. Түзу сызықты финикий әліпбиі бастапқы түрінде Кіші Азия, Грекия, Италия т.б. елдерде қолданылады. Ал көне грек әліпбиі бірнеше тілдердің жазу-сызуына негіз болады. Бұлар жазу-сызу тарихында батыс әліпбилері деп аталады. Классикалық грек жазуы, Византия жазуы, копт (христиан мысырлықтар), гот, славян жазулары көне грек әліпбиінің Шығыс тармақтарына жатады. Ал италий, этрус, көне герман сына жазу т.б. батыс грек әліпбиінің тармақтары болып саналады. Этрус әліпбиі латын әліпбиіне негіз болған [2].
Еліміз Ресей бодандығында болған соңғы үш ғасыр көлемінде тарихымызды бұрмалап, оны жоқ қылып көрсеткісі келгенмен, зерттеулерге қарағанда б.з.д.Ү-ІІІ ғасырларда-ақ қазақтың ата-бабаларының ежелгі әліпбиі болғаны белгілі.
ҮІІІ-ХІІІ ғасырларда Орта Азиядағы түркілердің арамей сирия тармағынан тараған несторион, манихей жазуларымен жазған жазба ескерткіштері болды. Сондай-ақ парсы-арамей тармағына жататын соғды әліпбиі Шығыс Түркістанда кеңінен қолданылған көне ұйғыр әліпбиіне, көне ұйғыр әліпбиі ХІІІ ғасырдан кейін тұңғас-манжүр жазуларына негіз болған. Түркі халықтарының әлемге әйгілі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің әліпбилеріне соғды жазуы негіз болған деген пікір бар. Дания ғалымы В.Томсен мен орыс ғалымы Е.Д.Поливанов түркі әліпбиін арамей әліпбиіне жанасымы жоқ идеограммалардың негізінде пайда болды деген болжам жасаған. Орыс шығыстанушысы Н.Аристов түркі әліпбиін ешбір бөгде әліпбидің ықпалынсыз, түркі таңбалары негізінде туған төл жазу деп санайды.
Жазу-сызу мен сауаттылық орта ғасырларда дінмен тығыз байланысты болып, діни уағыздарды таратуда кеңінен қолданылды. Араб әліпбиі мұсылман дінінің, ислам мәдениетінің кеңінен таралуына байланысты көптеген түркі халықтарының жазу-сызуына негіз болды. Қазақ және түркі халықтары сан ғасыр бойы пайдаланып келген араб әліпбиі арқылы қазақ жазба мұраларының көпшілігі біздің заманымызға жетті. Араб әліпбиі қазақ халқының рухани өміріне, мәдениетіне, зиялы қауымның қалыптасуына ықпал етті [3].
Қазақтың ұлт болып қалыптасқанға дейінгі қолданылып келген әліпбилерін нақты мына әліпбиден кейін мына әліпби қолданылды деп кесіп айтуға болмайды, өйткені, ол кездерде жаппай сауаттылық болмаған және көбінесе жазумен әр халық немесе тайпа басшыларының арнайы адамдары айналысқан. Сондықтан түркі тілдес халықтардың арасында әртүрлі әліпбилердің ішінара қатар қолданылған тұстары да болған.
Тарихи деректерге қарағанда еврей жазуы, қыпшақ-армян жазуы деген ескерткіштердің де бар екендігі белгілі. Жекелеп тоқталатын болсақ, еврей жазуын кейіннен қазақ халқының құрамына кірген Хазардың беріш тайпалары қолданған.
Қыпшақ — армян әліпбиін қыпшақтар ХІІ-ХІІІ ғасырларда өз тілінде діни, заң және басқа әдебиеттерді жазуда қолданды. Әліпбидің бұлай аталуы мұнда армян әріптерінің басым болуында. Ғылымда бұдан басқа ұйғыр, соғди, манихей, сирия, тибет және брахми жазуларымен жазылған түркі тайпаларының эпиграфтық ескерткіштері де белгілі.
Қазақстан жерінде орхон әліпбиінен басқа ҮІ-ҮІІ ғасырларда ұйғыр-найман деген әліпби болған. Бұл әліпбидің орхон әліпбиінен айырмашылығы араб әріптері секілді сөз басында, сөз ортасында және сөз аяғында болуына байланысты әр түрлі болып жазылған. «Орхон да, ұйғыр да арамей әліппесінен өз алды өзгертілген, бірақ қай уақытта екені белгісіз…» – дейді С.Аманжолов әліпбилер тарихы туралы еңбегінде [4]. Орхон әліпбиіне қарағанда, ұйғыр әліпбиін қазақ халқына бір табан жақын деуге болады. Оның себебі ерте кезде сол әліпбиді қолданушы наймандар – бұл күнде қазақ халқының ішіндегі бір рулы ел. Екінші жағынан, ұйғыр әліпбиі қазақ ел болып қалыптасқаннан кейін де, Абылайға дейінгі қазақ хандығын, Еуропаның көбін өзіне қаратып алған монғолдардың заманында да түркі тілдес (ХІ-ХҮ ғ.) халықтардың негізгі әліпбиі болып саналды.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына нақты мүмкіншіліктер тудырған бірден-бір ғалым. «Ана тілі» деген терминді де өзі ұсынғанын біз есте сақтауымыз қажет. А.Байтұрсынұлының «Әліпбиі» мен «Оқу құралы» тұңғыш әліппеміз болса, оның бірнеше рет қайта басылуы сол кездегі білім беру жүйесі үшін ауадай қажет құндылықтарға айналғанына көз жеткізеді. Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, әліпби құрастырған қазақтың алғашқы фонологі – Ахмет Байтұрсынұлы өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан. А.Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесін кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби түзеді [5].
Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, 24 әріптен тұратын әліпби құрастырады. Әліпбиде қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріліп, кірме дыбыстар алынбайды.Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады.
Көне түркі ұрын жазуынан бастау алатын қазақ жазуы түрлі әліпбилерді бастан кешіріп, қазіргі таңдағы кириллица негізінде жасалған қазақ әліпбиімен жалғастық тауып, көптеген артық дыбыстардың болуына қарамастан тіліміздің дыбыстық ерекшелігін барынша қамтитын ұлттық жазбамызға айналып отыр.
Әдебиеттер:
1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. — 46 б.
2. Аханов К.Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 2003. — 410 б.
3. Бержанов Қ., Мусин С. Педагогика тарихы, -Алматы: Мектеп, 1984. -256 б.
4. Аманжолов С. Алфавит тарихынан кейбір мәлімет.–Алматы, 1940.-17 б.
5. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. –Астана, 2011. -20 б.