Шүйде сүйегі (қарақұс) — ми сауытының төменгі және артқы бөлігін құрайды. Оның сыртқы жағы дөңес ішкі беті ойыс келеді. Шүйде сүйегінің үлкен тесігін айнала төрт бөлігі жатады: қабыршақты бөлігі,қос латеральды бөліктері және негізгі бөлігі. Латералды бөлігінің астыңғы бетіндегі екі кебіс тәрізді буын дөңесіне ауыз омыртқаның буын ойысы жалғасады.
Шүйде сүйегінің қабыршақты бөлігінің сырт жағында бір-бірімен көлденең параллель өтетін желке бұдырлары болады. Оларға желке еттері тіркеледі. Қабыршақ бөлігінің ішкі беті сайшалар арқылы төрт ойысқа бөлінген.
Шүйде сүйегі алдыңғы жағынан сына сүйегімен, екі жағынан самай және төбе сүйектерімен шектеседі.
Шүйде сүйегінің жұту төмпегі, ылдиы болады.
Төбе сүйегі-төрт бұрышты жұп сүйек. Оның төмпегі, маңдай, қабыршақты, шүйде, сагиттальды шеттері, шүйде бұрыштары, сигма тәрізді қойнаудың сайы болады.