Кемістік және оның орнын толтыру (компенсация).
Дамудың алғашқы және туынды кемістігі туралы ұғымды Л.С.Выготский енгізді. Алғашқы кемістіктер қандай да бір биологиялық жүйенің (анализаторлар, ми бөліктері) патогендік факторлардың әсерінен органикалық зақымдануы мен жетілмеуі нәтижесінде пайда болады. Туынды кемістіктер – бірінші кемістіктерден туындамайтын, бірақ солардың негізінде қалыптасатын (саңыраулардың сөйлеу тілінің бұзылуы, соқырлардың қабылдау және кеңістікті бағдарлау қабілетінің бұзылуы, т.б.) психикалық жетілмеу және әлеуметтік мінез-құлықтың бұзылуы тәрізді сипатқа ие. Кемістік биологиялық негізден қаншалықты алыс болса, соншалықты психологиялық – педагогикалық коррекцияға оңай көнеді. «Элементарлық функциялармен салыстырғанда жоғары функциялар анағұрлым тәрбиеге көнгіш болады» (Т.5.- 131 б.)
Даму процесінде бірінші және екінші кемістіктер арасындағы, биологиялық және әлеуметтік шартты бұзылулар арасындағы қатынастар өзгереді. Егер оқыту мен тәрбиелеудегі негізгі кедергі органикалық кемістік болса, яғни, туынды кемістік бағыты «төменнен жоғары» болған жағдайда дер кезінде коррекциялық – педагогикалық жұмыстар басталмаса, екінші кезекте пайда болған психикалық жетілмеулер мен жеке тұлғалық қалыптың бұзылуы баланың әлеуметтік ортаға деген, өзіне деген кері, жағымсыз көзқарасының қалыптасуында жетекші орын алады. Психологиялық қиын мәселелер шеңберін кеңейте отырып, туынды кемістік барлық элементарлық психикалық функцияларға өзінің кері ықпалын жасай бастайды, патогендік әсерлер «жоғарыдан төмен» қарай бағытталады.
А.Адлердің компенсация теориясы.
А.Адлер теориясының түйіні адамда қалыптасатын «толыққанды болмау кешені» болып табылады, ол А.Адлердің
позициясынын алғанда, адамның өз дамуындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретін, басқалардан артық болуға деген үнемі ұмтылуы арқасында пайда болады.
Л.С.Выготскийдің кемістік пен оның орнын толтыру туралы ілімі.
А.Адлерден кейін Л.С.Выготский де функциональдық позициядан алғанда қандай да бір органикалық кемістік баланың кеміс екендігіне дәлел еместігіне назар аударады. Кемістіктің әсері ылғи да екі жақты: бір жағынан, ол ағзаның қалыпты әрекетін қиындатады, екінші жағынан — кемістіктің орнын толтыратын басқа функциялардың қарқынды жетілуіне жағдай жасайды. Л.С.Выготский былай деп жазады: «жалпыға бірдей бұл заң ағзаның биологиясына да, психологиясына да бірдей қатысты: кемістік минусы компенсация плюсіне айналады».
Психикалық функциялардың кемшілігі мен зақымдануларын компенсациялау тек жанама жолмен жүзеге асырылады. Жанама жолға жататындар — жүйе ішілік қайта құрулар (жойылған функциялардың сау компоненттерін пайдалану) немесе жүйе аралық, мысалы, соқырлардың оптикалық заңдылықтарды меңгере алмауы сипап сезумен компенсацияланатынады (Брайль шрифті) .
Л.С.Выготский баланың мәдени дамуының жанама жолынан емдік педагогиканың негізін көреді: «Кеміс баланың өзіндік дұрыс келбеті оның қандай да бір функциясының жоғалуынан қалыптаспайды,сол жоғалған функцияның бала дамуында жаңа бір құрылымдарды туғызатындығынан, яғни, жеке тұлғаның өз кемістігіне деген реакциясы мен даму процесіндегі компенсациясы».