Даму ауытқуы бар балалардың қиял ерекшеліктері.
Қалыпты дамудағы балалардың қиял қабілеттерін зерттеуге арналған еңбектерде сөйлеу мен қиял арасында тығыз байланысқа айрықша көңіл аударылады. Л.С.Выготский былай деп жазады: «Қиял дамуын бақылағанда бұл функцияның сөйлеу тіліне тікелей қатысты екендігі анықталды, тиісінше сөйлеу тілінің тежелуі – қиял дамуының тежелуі деген сөз».
В.П.Глухованың зерттеулерінде(1985) сөйлеу тілінің кемістігі бар балалардың қиялындағы өзіндік ерекшеліктер сипатталады. Бұл категориядағы балалар өнімді іс-әрекет деңгейі жағынан өздерінің сау құрбыларынан анағұрлым артта. Геометриялық фигуралардың көмегімен сурет салу немесе басталған суреттерді аяқтау сияқты эксперименттік тапсырмаларды орындауда, әдетте сау балалар тіл мүкістігі бар балалардан 5 бейнені артық сала алады. Ал жалпы тілі дамымаған балаларда заттың бейнесін көшіру, қайталау 2,5 есе артық кезігеді. Сөйлеу тілі бұзылған балаларда бірыңғайлылық, дайын үлгіден көшіруге бейімділік, инерттілік, қиял шеңберінің тарлығы, танымдық процестердің сарқылғыштығы байқалады.
Олардың жұмыс істеуіне анағұрлым көп уақыт керек, әрі тапсырманы орындау барысында әлсін-әлсін үзіліс жасауға тырысады. Жалпы алғанда тілдік патологиясы бар балаларға тән белгілер: қимыл-қозғалыстың аздығы, инерттілік пен қиял процесінің сарқылғыштығы.
Тіл мүкістігі бар балалардың дифференциалданбаған суреттерді (Роршах дақтары) қабылдаудағы санада пайда болатын бейнелерінің саны қалыпты дамудағы балалардан гөрі аз, әрі бейнелермен кеңістіктік операциялар жасау деңгейі төмен.
Бейнеленген суреттер бойынша қойылған сұрақтарға балалардың қайтарған жауаптары бірыңғай, суреттің атын ғана атайды немесе жай сөйлемдерден тұратын қысқа жауаптар қайырады. Балалардағы тілдік кемістік (жұпыны сөздік қор, фразамен сөйлеудің қалыптаспауы, толып жатқан аграмматизмдер т.б.) шығармашылық қиял дамуының тежелуімен ұласып, балалардың сөйлеу шығармашылығына айтарлықтай кедергі жасайды.
Олардың қиялы туралы екі түрлі кереғар пікірлер бар. Бірі – Л.Каннердің дәлелдегеніндей, ЕЖБА бар балалардың қиял әлемі өте бай. Екінші пікір – олардың қиялының қалыптан тыс патологиялық сипаты. Аутистік қиялдардың мазмұнында баланың кездейсоқ естіген ертегілері, әңгімелері, оқиғалары, кинофильмдерден көрген, теле және радио хабарларынан естіген, сондай-ақ нақты өмірде болған, ойдан шығарылған оқиғаларға толы, олар өзара араласып жатады. Балалардың патологиялық қиялдары өте айқындылығымен және бейнелілігімен ерекшеленеді. Қиялдардың мазмұнында көп жағдайларда агрессивтік реңк болады. Балалар күнде сағаттап немесе айлар, жылдар бойына бір әңгімені жалықпай айта беруі мүмкін. Әңгімелерінің басым көпшілігі адамның «тірі» қаңқасы, өлтіру, ұру-соғу, өртеу, өліктер, туралы болып келеді, өздеріне неше түрлі нашар қасиеттерді таңып алады, өзін «бандит» санайды.
Патологиялық қиялдар себепсіз үрейлердің орнығуына тамаша жағдай жасайды: жүннен жасалған киімнен, ойыншықтан, солған гүлдерден, баспалдақтан, бөтен адамдардан тағы да сол сияқты толып жатқан заттардан қорқады. Кейбір балалар көшеде жүруге қауіптенеді – машина басып кетсе қайтпек ?! Тіпті қолын былғап алса да, біреу оның заттарының жатқан ретін өзгертсе де олар байбалам салып жылай бастайды.
Бұл балалардағы қорқыныш сезімі қалыпты дамудағы балаларда кездесетін үйде жалғыз қалудан қорқу, қараңғылықтан қорқу сияқты табиғи қорқыныштардан гөрі анағұрлым айқынырақ. Кейбір балалар шамадан тыс көңілшек – мультфильм көрсе де жылайды.