Даму ауытқуы бар балалардың түйсіну мен қабылдау қабілеттері

Даму ауытқуы бар балалардың түйсіну мен қабылдау қабілеттері.
Кемақыл балалардың түйсінуі мен қабылдауы.
Түйсіну мен қабылдау — қоршаған ортаны танудың алғашқы сатысы. Бұл саты барлық өмір жолында маңызды болып қала береді. Кемақыл балалардың тежелген, шектелген қабылдау қабілеттері оның психикалық даму барысына орасан зор әсер етеді.
Түйсіну мен қабылдаудың дамуы ЖЖЖ қызметінің біртіндеп орнына келуінің көмегімен спонтанды түрде дамуы мүмкін.Осыған орай, жүйке процестері анағұрлым икемделіп, күшейе бастайды, сезіну мен қабылдау қарқыны жылдамдайды. Психикалық процестерді дамытуда ең алдымен мектептегі оқу бағдарламасы септігін тигізеді Ол тек оқу ғана емес, топсаяхаттар, серуендер, әр түрлі шаралар, ойындар, т.б. Өмірлік тәжірибесі молайған балалардың дүниетанымдары кеңейеді, мағлұматтары көбейеді. Айналаны тану — қабылдау мен сезіну сапасын жоғарылатудың негізгі жолы.
ПДТ балалардың түйсінуі мен қабылдауы
Жалпы бұл балалардың қоршаған орта туралы білімі өте шектеулі, фрагментарлық болып келеді. Қабылдаудың заттық және құрылымдық түрлері жеткіліксіз болып келеді. Бұл балалар кез келген затты таныс емес ракурста немесе схемалық түрінде, контур түрінде тани алмайды.Ұқсас әріптер мен әріп элементтерін үнемі шатастырады.
Көру арқылы қабылдау қабілеттерінің кемшілігі олардың оқу процесінде айтарлықтай қиындықтар туғызады. Сондай-ақ тұтас қабылдау мүмкіндігі бұзылған. Яғни, балалар объектінің жеке элементтерін ажырата алмайды. Заттар мен құбылыстардың бейнелері нақты емес. Олардың қиялындағы бейнелер көлемі аз. Сонымен қатар, тұтас бейнені жеке бөліктерге ажырата алмайды, бұл кемістіктер кешігіп қалпына келеді. Мұндай балалар тұтас бейнені қабылдау үшін ұзағырақ уақытты керек етеді. Бұл балалар сыртқы дүниені қабылдауда оның көптеген элементтерін көрмейді. Әсіресе қабылдау кеңістігінің тарлығы сезім органдары арқылы түсетін ақпараттарды қабылдау мен қорытуда байқалады. Жалпы ПДТ балаларға енжарлық тән. Бұл балалар көбінесе тапсырмаларды тездетіп орындап құтылуға тырысады. Тапсырманы таңдауда оны орындауға мүмкіндігі жете тұра, бәрібір оңайына қарай ұмтылады, Сөйтіп, бұл балалардың қабылдау деңгейі өте төмен екендігі анықталған. Анализ көлемі шектеулі және анализ синтезден басым, заттың дәйекті және дәйексіз белгілерін ажырата алмайды. Және жалпылауыш терминдер мен ұғымдарды пайдалана алмайтындары көрінеді. ПДТ балалардың объектіні зерттеуге мақсатты, жоспарлы әрекеттері қалыптаспаған. Олардың іздену әрекеттері импульсивті, бей-берекет жүргізіледі. Әсіресе, оң және сол жағын бағдарлауы қиындықпен қалыптасады.
Есту қабілеті зақымданған балалардың түйсінуі мен қабылдауы.
Көру арқылы қабылдау.Есту мүмкіндігінің орнын толтыруда көру арқылы қабылдау қабілетінің маңызы зор. Көру арқылы қабылдау қабілетін баланың жасқа сай даму кезеңдерімен бірге алып қарастырған дұрыс.Жоғарыда айтылып өткендей, бұл балалардың сау балаларға қарағанда заттардың кескіндерін тану машықтары кешірек қалыптасады.Қиынырақ ситуацияларда (мысалы, заттардың кескіндері таныс емес күйде тұрғанда) есту қабілеттері зақымдаған балалардың мүмкіндіктері айқынырақ көзге түседі. Демек, саңырау балалардың қабылдауындағы аналитикалық тип қабылдаудың синтетикалық типінен басым екендігі белгілі болады.
Заттардың формаларын қабылдауға олардың практикалық заттық — манипуляциялық әрекеттері мен оны тиісті сөздермен белгілеуді меңгеруі көмектеседі.
Мағыналы қабылдау қабілетінің орнығу ерекшеліктері бейнелерді, картиналарды қабылдаудағы анализден анық байқалады. Себебі картинада шын мәніндегі өмірдің жеке бір бөліктері бейнеленеді, сөйтіп, балаға оны көрсете отырып баланың өзі нақты өмірді қабылдауда жүріп өтетін сатылары туралы білуімізге мүмкіндік туады.
Бейнелерді көру арқылы қабылдаудың бірқатар ерекшеліктерін атап өтейік: саңырау балалар перспективалық бейнелерді түсіну мен қабылдауда қиналады, заттар арасындағы кеңістіктік – уақыттық қатынастарды орната алмайды; заттардың қозғалыстағы бейнелерін түсіне бермейді; таныс емес ракурстағы бейнелерді және контурмен берілген бейнелерді қабылдай алмайды; сондай-ақ егер заттың бейнесі жартылай басқа бейнемен жабылған болса тани алмаулары мүмкін.
Саңырау балалардың қоршаған орта туралы мағлұмат алуының бірден-бір мүмкіндігі – көру арқылы қабылдау. Сонымен бірге басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға жағдай тудырады. Қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау дактиль тілінде нәзік және дифференциалданған мимика, ымдау, саусақтардың, еріннің,беттің, бастың қимылын ажыратумен жүзеге асады. Демек саңырау баланың көру арқылы қабылдауын ерте кезеңде сөйлеу тілін меңгертумен қатар дамытқан дұрыс.
Кинестетикалық сезім арқылы қабылдау.Есту қабілеті бұзылған балалардың көпшілігі қимыл-қозғалыс дамуында өздерінің сау құрбыларынан кейіндеп қалады. А.А.Венгер, Г.Л.Выгодская және Э.И.Леонгардтың зерттеулерінде, бұл категориядағы балалардың 70 %-да нәресте кезіндегі басын ұстау, отыру, тұру сияқты қимыл-қозғалыс дағдылары кеш қалыптасады. Өздігінен жүру балалардың 50 %-да тежеледі. Тепе-теңдікті сақтай алмайды, қимыл-қозғалыс координациялары жеткіліксіз. Саусақ икемділігі мен артикуляциялық аппараттың жетілмеуі сияқты құбылыстар кездеседі.
Статикалық және динамикалық тепе-теңдікті сақтай алмау, тіпті мектеп жасындағы балаларда да жиі кезігеді.Көзі ашық күйде олар сау балалар сияқты жүре алады. Көзін жұмып жүргенде саңырау балалардың 45 % тепе-теңдікті сақтай алмайды, қозғалыс координациясын жоғалтады.Бұл құбылыс 12-14 жасқа дейін байқалады да, одан кейін біртіндеп жойылады. Әдетте мұндай балалар қимыл-қозғалыс машықтарын кеш меңгереді.Оған себеп, есту қабілетінің жоқтығы қимыл-қозғалыс сезімталдығының дамуына кері әсерін тигізеді.
Тері арқылы сезіну мүмкіндіктері.Тері арқылы түйсіну заттың теріге жанасуынан пайда болады. Тері арқылы түйсінулердің ішінде вибрациялық сезіну — есту бұзылуының орнын толтыруда өте маңызды сезім. Вибрация ауада, қатты немесе сұйық денеде беріледі .Адамның өзі вибрация шығаратын затқа жанаспаған жағдайда оны қоршаған ортадағы басқа заттардың жеткізуі арқылы қабылдай алады, вибрациялық сезімдер адамнан алыс тұрған заттар мен құбылыстар туралы білуге мүмкіндік береді. Есту кемістігінде бұл өте маңызды. Себебі, саңырау адам ең маңызды қабылдаушы аппарат – есту қабілетінен айрылған.
Сипап сезу арқылы қабылдау.Сипап сезудің көмегімен танымдық процесс жүзеге асады, сонымен бірге оған тері және қимыл түйсіктері қатысады. Есту қабілеті бұзылған балалардың сипап сезу қабілеттерінің дамуында да кәдімгі еститін балалардағыдай тенденция байқалады, бірақ сипап сезудің күрделі түрлерінде анағұрлым кейіндеу бар екендігі өзге түседі.
Осылайша,саңырау балалардың түйсік пен қабылдау процестерінің ерекшеліктеріне анализ жасау мынаған көз жеткізеді, бұл категориядағы балаларда жоғарыда аталған процестердің дамуында дефицитарлық дизонтогенияға тән даму заңдылықтары байқалады. Айталық, қабылдау жүйелерінің біріндегі жетілмеуі қимыл-қозғалыс сезімі мен сипап сезуде) мен басқа түрлерінің (көру арқылы қабылдау вибрациялық түйсік) жоғары деңгейде жетілуінен көрінетін асинхрония. Яғни, қабылдаудың бір жүйесінің кемістігі басқа сезімдер дамуының бұзылуына әкеп соғады. Бұл дефицитарлық дизонтогенез сипаттарының бірі.
Көру қабілеті зақымданған балалардың түйсінуі мен қабылдауы.
Сыртқы өмір бейнелерін қалыптастыру процесі сенсорлық жүйенің, көру кемістігінің жалпы сипаты мен зақымдану деңгейі жағдайымен тікелей байланысты болады. Қалдық көру мүмкіндігі бар балалардың бұл қабілеті қаншалықты аз болса да, ол қоршаған орта дүниесін тануда доминантты роль атқарады, себебі көру арқылы қабылдау сезімдердің ішінде жетекші маңызға ие.
Көру арқылы қабылдау. Адам 90 %-ға жуық ақпаратты көру арқылы алады. Бірақ бұл соқырлық пен ауыр көру кемістігінде адам соншалықты ақпаратты ала алмайды деген сөз емес: көру арқылы танылатын заттың қасиеттері мен белгілерін басқа анализаторлар тани алады. Мысалы, сипап сезу қабілеті көру сияқты заттың формасы, шамасы, алыс-жақындығы жайлы ақпарат бере алады.
Көру анализаторы қызметінің бұзылуы анализаторлардың жаңа ішкі және аралық байланыстарының түзілуіне, сенсорлық жүйе ішіндегі өзара қатынастардың өзгеруіне және соқырлар мен нашар көретіндерге ғана тән спецификалық психологиялық жүйенің құрылуына әкеледі. Осылайша, тотальдық соқырлық жағдайындағы шын мәнісіндегі өмірдің сенсорлық көрінісінде доминантты рольді басқа сенсорлық модальдылықтармен біріге әрекет ететін сипап сезу қабілеті атқарады. Ал қалдық көру мүмкіндігі бар соқырлар мен нашар көретіндерде қабылдау процесі қосымша стимулдардың көмегімен іске асады: тактильдік стимулдар оқу процесінде толыққанды бейнелердің қалыптасуына жәрдем жасайды.
Математика, ана тілі, денешынықтыру пәндерін оқыту, айналамен таныстыру процесінде түрлі түсті рельефті дидактикалық материалдардың көмегімен соқыр балалар сипап сезу арқылы қабылданған объектінің қасиеттері мен белгілерінің үлкен көлемін көрсете алуымен қатар, ең бастысы – сипап сезу мен көру мүмкіндігінің біріккен әрекетінің оқушылардың танымдық саласына, эмоционалдық күйіне оң әсер ететіндігі.
Мүлдем көрмейтін соқыр балалар мен көру мүмкіндігінің қалдығы бар балаларды Брайль кодтарына үйрету процесін салыстыру, соңғылардың оқу мен жазуды сипап сезу арқылы үйренуі қиынырақ, әрі ұзағырақ уақытты қажет ететіндігін анықтады. Бәлкім олар сипап сезу мүмкіндігін дәл соқырлар сияқты деңгейде пайдаланбайтындықтан модальдылықтың бұл түрін меңгерудің нәтижесі аз болатын болуы керек. (Р.Б.Каффеманас).
Қалдық көру мүмкіндігінің көмегімен сыртқы ортадағы заттар бейнелерін санада түзу соқырлар үшін жылдамырақ, әрі оңайырақ, нақтырақ іске асады және есте ұзақ сақталады. Бұл олардың сипап сезу қабілеттерінің анағұрлым жоғарылығын дәлелдейді. Брайль кодтарына үйретудің бастапқы кезеңдерінде, яғни әрбір таңбаның бейнесі сипап сезу мен көру арқылы орнығатын кезде қалдық көру мүмкіндігі бар балалар өте аз уақыттың ішінде, онша қиналмай бірден меңгеріп шығады. Көру арқылы алынатын мағлұматтың аздығына көру кемістігінен басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Көру мағлұматының бейнелілігі зат бейнесін санада жаңғырту, елестету, оның пішінін, көлемін,сапалық қасиеттерін қиялмен қабылдай білуге байланысты. Бұл балалар қабылдау процесінде заттардың, жануарлардың т.б. негізгі белгілерін дифференциалдай алмайды. Сондықтан олар зат туралы жаңсақ пікірде болуы мүмкін. Соның негізінде қоршаған орта туралы алған мағлұматтары қате қалыптасады және өте шектеулі болады. Айналаны танудағы сезімдік мүмкіндіктің шектелуі олардың танымдық әрекеттерін кеңейтуге, белсенділендіруге кедергі жасамайды, басқа қалыпты анализаторларды іске қосуға дағдыландырып, олардың айналаны дұрыс қабылдау процесін қалыптастыруға болады. Балалар пішін, өлшем, түс ,сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер туралы анық мәліметтер ала алмайды. Ал нашар көретін оқушылар заттардың немесе бейнелердің пропорцияларын айыра алмайды. Түсетін ақпараттың аздығына байланысты кейде олардың мағлұматтарында схематизм, вербализм байқалады.
Есту арқылы қабылдау. Соқыр және нашар көретін балаларда есту арқылы сыртқы ортаны қабылдау сау балалардағыдай қалыптасады. Есту анализаторының көмегімен алынған ақпаратты санада, қиялда жаңғырту арқылы қабылдайды. Есту анализаторларының қызметі көру анализаторларының орнын басады. Дыбысты дистантты түрде қабылдау мүмкіндігі өзгеше құндылыққа ие, ол дыбыстарды сыртқы ортадағы объектілердің өзара әрекетінің белгісі (сигналы) ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.Дыбыстар сигналдық маңызға ие болған сайын соқыр адамның санасында заттар мен адамдар, олардың әрекеттері туралы нақты мағлұматтар қалыптаса бастайды.
Жалпы алғанда, соқырлар үшін есту қабілетінің маңызы ерекше. Өткен ғасырлардағы зерттеу жұмыстарында (Д.Дидро, Н.Дюфо, J.Klein,J.Knie) соқыр адамдарда көру қабілеті жоғалғаннан кейін есту мүмкіндігі компенаация ретінде өзінен — өзі, автоматты түрде күшейе түсетіндігі жайлы айтылады. Бірақ А.А.Крогиус Д.Грисбахтың зерттеу нәтижелерін келтіріп, соқырларыдың есту қабілеттерінің сонша жоғары деңгейде емес екендігін, дыбыстарды локализация жасай алмайтындықтарын дәлелдейді. А.А.Крогиустың өз эксперименттерінде тек соқырлардың есту сезімдерінің едәуір жоғары деңгейі ғана айтылады.
Әр түрлі әрекеттер мен кеңістікті бағдарлау қажеттігі олардың әртүрлі дыбыстарды, шуларды дифференциалдай білуін, дыбыстың шығу көзін оқшаулауды, дыбыс толқынының бағытын анықтай білуді талап етеді, сондықтан да олардың есту қабілеттері жетіле түседі. Жалпы психологияда есту түйсігінің 3 түрі бар : сөйлеу тілі, музыка және шу.
Соқыр балалардың фонемалық қабылдау қабілеттерінің жақсы дамуы сау балалардағы сияқты сауат ашу ісінде қажет,фонемалық қабылдау оқу процесінде жетіле түседі, сөздің дыбыстық құрамы туралы мағлұмат орнығады. Есту арқылы қабылдауды дамытуда сөйлеу қабілетінің қалыптасуы маңызды роль атқарады.
Сипап сезу арқылы қабылдау. М.И.Земцова, Ю.А.Кулагин, Л.И.Солнцева, В.М.Воронин, Р.Б.Каффеманас тәрізді бірқатар ғалымдардың жүргізген зерттеулері сипап сезудің тек соқырлықтың ғана емес, нашар көрудің де орнын толтыра алатын күшті құрал екендігін дәлелдейді. Оқу мен еңбек процесінде олар сипап сезу мүмкіндігін көбірек пайдаланады, бұл сенсибилизация эффектін туғызады. Әрине мұдай нәзік сезімталдық іс-әрекетке қатысатын көбірек тері аймақтарында болады. Мысалы, саусақ терісінің сезімталдығына орай рельефті – нүктелі Брайль шрифтін меңгеруге болады. Рельефті – нүктелі Брайль жүйесінің көмегімен оқу процестерін зерттеумен көптеген тифлопсихологтар мен тифлопедагог ғалымдар айналысты (Б.И.Коваленко, М.И.Земцова, Н.С.Костючек, Л.И.Солнцева т.б.). Брайль әрпі бейнесінің қалыптасу процесі жүйелі, кешенді сипатқа ие. Бейне құрылымына әртүрлі модальдылықтар мен әр деңгейдегі қорытындылар енеді. Бұл Брайль алфавитінің сенсорлық бейнесін қалыптастыру әдістемесінде көрініс табады: әріптің бейнесі нақты заттармен сәйкестендіріледі, геометриялық эталондармен салыстырылады, көру мен сипап сезуге тірек ретінде түрлі түсті жиналмалы үлкен қалыптар пайдаланылады (Б.И.Коваленко, Б.Е.Тараканов) .
Соқыр балалардың сипап сезу арқылы қабылдау қабілетін зерттеген Р.Б.Каффеманастың еңбектері бұл балалардың қарастырылып отырған қабілеті сау балалармен салыстырғанда едәуір артық екендігін көрсетеді (әсіресе бастауыш сынып жасында). Перцептивтік әрекеттің екі түрі анықталады: а) екі қолдағы саусақтар қимылдарының синхрондылығы; б) қозғалыс енжарлығы. Нашар көретіндерге перцептивтік әрекеттер ретінің жоғары деңгейі тән болса, ал көретін сау балалардың сипап сезу қимылдары хаос күйінде ретсіз орындалады.
Қоршаған ортаны тану және қабылдау соқыр балаларда негізінен тактильдік әдіс арқылы жүзеге асатыны белгілі. Сипап сезудің өзі әртүрлі сезіледі: жанасу, қысым, қозғалыс, температура, ауырсыну, материалдың фактурасы, т.б. сондай-ақ заттың пішіні, өлшемі, салмағы тәрізді қасиеттері ажыратылады.
Бұлшық ет – қимыл-қозғалыс сезімі сипап сезу процесінің ғана маңызды компоненті емес, сонымен бірге, кеңістікті бағдарлау процесінің де бөлігі болып табылады (Б.Г.Ананьев, Э.М.Айрапетянц, А.С.Батуев, А.А.Люблинская). Қозғалыс анализаторы затты баланың өз денесіне өлшеп байқауына, кеңістікті бағдарлаудағы ішкі және сыртқы орта анализаторларының арасындағы байланыстар механизмі қызметін атқарады. көру арқылы бақылау мүмкін болмағандықтан, проприоцептивтік сезім негізінде бақылау жасау соқырлар мен нашар көретін балалардың қимыл-қозғалыс дәлдігінің дұрыс дамымауына себеп болады.
Қимыл-қозғалыс дәлдігі мен өзін-өзі бақылау машығына дағдылану ұзақ уақыт жаттығуды, жоғары танымдық процестердің қосылуын, өздерінің проприоцептивтік қабылдау дағдыларына анализ жасай білуді қажет етеді. Соқырлардың қозғалыс анализаторының жұмысы еңбек әрекетінде дәлдік, нақтылық сипатқа ие болады, дифференциалданады; қимыл-қозғалыс актілері автоматтандырылады да кейбір мамандық түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді (музыкант, теруші – машинист, оператор т.б.).
Дәм сезу арқылы қабылдау. Соқыр балаларда олардың жасына сәйкес дәм сезу қабілеті қалыптасады. Олардың дәм сезінуі дәм сезу анализаторына тамақтың әсер етуімен жүзеге асады. Дәм сезу арқылы алынатын түсінікке аштық, оттегінің тапшылығы, жарық, температура, кейбір токсиндік және дәрілік қоспалар әсер етеді. Дәм сезу тәтті, тұзды сияқты жеке дәм түрлерін меңгеруге көмектеседі.
Иіс сезу арқылы қабылдау.
Бұл балалардың иіс сезу қабілетінің қалыптасуына әртүрлі факторлар әсер етеді. Дәрілік кейбір препараттар, ағзадағы функционалдық бұзылулар, патологиялық күйлер, кейбір жоғары концентратты химиялық қоспалар иіс сезу клеткаларын зақымдайды. Сондықтан ата-аналар мен тәрбиешілер бақытсыз жағдайлардың алдын алу үшін, балаларды тиісті ережелермен таныстырады.
Сөйлеу тілі бұзылған балалардың түйсінуі мен қабылдауы.
Есту арқылы қабылдау.Сөйлеу тілі бұзылған балалардың барлығында дерлік фонетико-фонемалық қабылдау кемшілігі кездеседі және сөйлеу – есту мен сөйлеу – қозғалу анализаторларының байланысы міндетті түрде байқалады. Г.Ф.Сергееваның зертеулері бойынша (1973), сөйлеу-қозғалу анализаторлары функциясының бұзылуы , әсіресе, дизартрия мен ринолалияда фонемаларды есту арқылы қабылдауға қатты әсер етеді. Демек мұнда үнемі дыбыстау және дыбысты қабылдау кемшілігі болады деген сөз. Кейбір жағдайларда айтылуда қарама-қайшылығы жоқ фонемаларды ажыратылады, енді бір жағдайларда айтылуда дифференциалданатын фонемалардың өзі ажыратылмайды. Және мұнда қандай да бір белгілі пропорция сақталады : дыбыстауда қанша дыбыс саны дифференциалданса, соншалықты фонеманы естіп ажыратуға болады. Дыбыстаудағы «тірек» қаншалықты аз болса, фонема бейнелерін қалыптастыру соншалықты нашар болады. Ал фонемалық есту қабілетін дамыту тілдің барлық жағын қатар қамтып дамытумен тікелей байланысты, бұл өз кезегінде баланың жалпы дамуын қамтамасыз етеді.
Көру арқылы қабылдау. Сөйлеу патологиясы бар балалардың барлығында аталған психикалық қызмет тежеле дамиды. Зерттеулер көрсеткендей, нақты объектілер мен бейнелерді көру арқылы қабылдау бұл балаларда анағұрлым төмен деңгейде болады. әсіресе, таныс емес ракурста берілген бейнелер мен заттарды тану қиындық туғызады. Олар заттың бейнесін қабылдау үшін ұзағырақ уақытты қажет етеді. Мысалы, перцептивтік әрекеттерді қажет ететін тапсырмаларды орындауда (салыстыру, топтау) ұзақ ойланады. Бұлар бағдарлаудың ең элементерлы түрлерін ғана қолданады, айталық, эталонға сәйкестендіру сияқты. Мысалы, фигураларды салыстыруда олардың пішіндеріне емес, түстеріне ғана сүйенуі мүмкін. Ал қалыпты дамудағы балалар негізінен көру арқылы салыстыру жолын қолданады. Және бір ескеретін нәрсе, тәжірибе жасалғанда қыз балаларға қарағанда, ұл балалардың көрсеткен нәтижелер деңгейі өте төмен болып келген (Л.И.Белякова, Ю.Ф.Гаркуша, О.Н.Усанова, Э,Л.Фигередо,1991).
Оральдық және саусақ стереогнозын жалпы әдістемелердің көмегімен зерттеуге арналған еңбектер (А.Р.Лурия), сондай-ақ, Р.Л.Рингель әдістемесі мұндағы негізгі кемшіліктерді анықтайды.Балаға заттың пішінін ауызға салу арқылы ажырату тапсырмасы беріледі. Нәтижелері: оральдық стерегноздың бұзылуы, әсіресе, экспрессивті сөйлеу тілі бұзылған балаларда жиі кездеседі (алалия, дизартрия).Оральдық стреогноздың дөрекі бұзылуы бет гнозисі бұзылған балаларда қабат байқалған. Ал саусақ стерегнозының бұзылуы бұл балаларда кездеспейтіндігі анықталды (Е.М.Мастюкова,1991).
ТҚАЗ балалардың түйсінуі мен қабылдауы.
ЦСА бар балалардың көрумен және естумен бағдарлау реакцияларының өзгеше дамуы орын алады. Бұл балаларда оптикалық және дыбыстық тітіркендіргіштерге жауап ретінде жалпы қозғалыстардың тежелуі пайда болады. әрі мұнда бағдарлау реакциясының қозғалыс компоненті болмайды , яғни дыбыс немесе жарық түскен жаққа бас бұрылмайды. Кейбір балаларда бағдарлау реакциясының орнына сақтану – қорғаныс реакциясы пайда болады: селк ете қалу, шошу, жылау.
Көру арқылы қабылдау. ЦСА бар балалардың жанарын тіктеуі тек 4-8 ай шамасында ғана орнығады. Ол бірқатар патологиялық ерекшеліктермен, яғни қыли көзділікпен, нистагммен немесе көз бұлшық еттеріне позотониялық рефлекстердің әсер етуімен сипатталады.
Көзбен бағу қабілеті қалыпты жағдайларда баланың 1 айлық кезінен бастап қалыптасады. 3 ай шамасында бала ойыншықтың әртүрлі қозғалыстарын тік және көлденең жазықтықтарда баға алады. Ал ЦСА –на шалдыққан балаларда көзбен бағу анағұрлым кешірек қалыптасады және фрагменттілікпен, толқымалылықпен, көру аумағының шектелуімен сипатталады.
Қалыпты дамуда 5 — 6 ай шамасынан бастап қабылдаудың белсенділігі, тұтастығы мен құрылымы т.б. қасиеттері интенсивті дами бастайды. Бұл қасиеттердің барлығы белсенді перцептивтік әрекет негізінде ғана қалыптасады. Бала заттар әлеміне енеді де, біртіндеп кеңістікті белсенді түрде игере бастайды. Перцептивтік әрекетке белсенді көру — «зерттеу» әрекеттері мен сипап сезу қимылдары жатады. Мысалы, бала ойыншықпен танысқанда оны мұқият қарайды және сипап көреді. Затты бұлай көру – сипау арқылы тану бейнелік қабылдауды қалыптастырады.
Есту арқылы қабылдау. Церебральды сал аурулы кейбір балалардың есту қабілетінің төмендеуі де жиі байқалады, бұл өз кезегінде есту арқылы қабылдаудың қалыптасуы мен дамуына, фонемалық қабылдауға (айтылуы ұқсас сөздерді ажырата алмау) кері әсер етеді. Есту арқылы қабылдаудың кез келген бұзылуы тілдік дамуды тежейді. Фонемалық қабылдаудағы қателіктер ең алдымен жазуда айқын көрініс табады.
Сипап сезу арқылы қабылдау. Өз қимыл-қозғалыстарын нашар сезіну мен заттармен іс-әрекет орындау қиындығы ЦСА балалардың белсенді сипап сезу арқылы қабылдау мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігімен түсіндіріледі, оның ішінде заттарды сипап сезу арқылы тануы (стерегноз). Дені сау баланың қоршаған орта заттарымен танысуы оларды қолмен ұстап көру арқылы орындалатыны белгілі. Заттармен іс-әрекеттер жасаудың арқасында олардың түрлі қасиеттері мен белгілері, сапалары туралы мағлұмат алады: форма, салмақ, тығыздық, консистенция, термиялық қасиеттері, өлшем, пропорция, фактура т.б. Стереогноз баланың тумысынан біткен қасиет емес, оған белсенді заттық іс-әрекет процесінде ғана қол жеткізуге болады. ЦСА бар балалардың басым көпшілігінде заттық іс-әрекеттер қатты шектеледі, қолдарының сипап сезу мүмкіндігі өте әлсіз. Н.В.Симонованың зерттеу мәліметтері бойынша, ЦСА-ң атониялық – астатикалық формасында терең интеллектуальдық тежелумен бірге стерегноздың қалыптасу қиындықтары байқалады. Белсенді сипап сезу арқылы қабылдау мүмкіндігінің аздығы заттар мен олардың қасиеттерін тұтастай қабылдауға кедергі жасайды, қоршаған орта туралы білім қорының тапшылығы әртүрлі іс-әрекет түрлерінің орнығуына бөгет болады.
БЦСА-ң барлығында да кеңістіктік қабылдаудың бұзылуы орын алады. Гемиплегияда бүйірлік бағдарлау бұзылады, диплегияда — тік сызықтағы бағдар (вертикальдық), тетраплегияда — алдан артқа қарай бағдар жасау (сагиттальдық) бұзылады. Тетраплегияда сонымен бірге, кеңістіктік қабылдаудағы дөрекі бұрмаланулардың баланың психикасына тигізетін зардабы өте ауыр.
Осылайша, ЦСА бар балалардың өмірінің алғашқы жылында- ақ, қоршаған орта әлемін белсенді қабылдау процесінде бұзылулар болады, бұл көбіне тамаша интеллектуальдық мүмкіндіктер бола тұра психикалық дамудың тежелуіне себеп болады, себебі қабылдау, сезімдік таным ретінде барлық психикалық танымдық жүйенің іргетасын қалайды. ЕЖБА балалардың түйсінуі пен қабылдауы.
ЕЖБА бар балалар сенсорлық тітіркендіргіштерге өзінше реакция жасайды. Бұл көрініс олардың өте сезімталдығымен, өкпелегіштігімен, жалыққыштығымен т.б. түсіндіріледі.Әрі бұл балаларға сыртқы әсерлерді назарға алмау, мүлде көңіл аудармау мен әлеуметтік және физикалық стимулдармен жасалатын ықпалдарға реакцияның әртүрлілігі тән.
Егер қалыпты жағдайда адам — көңіл аударатын негізгі объект болып саналса, ал адамның жүзі ең қызықтысы болса да, бұл балалар үшін тез жалығу сезімін туғызады, сондықтан олар өзімен сөйлескен адамның жүзіне қарамауға, ешқандай қарым-қатынас жасамауға тырысады.
ЕЖБА синдромы бар деп есептелген балалардың 71 % қабылдау ерекшеліктері анықталған (К.С.Лебединскаяның зерттеулері бойынша,1992). Бұл балалардың «өзгешелігіне» ең алдымен, олардың ата-аналарының айтуынша, бала өмірінің алғашқы жылында-ақ көзге түсетін сенсорлық стимулдарға реакция жасаудың пародокстығы тән. Заттарға реакция жасауда үлкен кереғарлық байқалады. Балалардың бір бөлігінде «жаңалыққа» реакция жасау өте күшті болады, мысалы, бөлмедегі жарықтың өзгеруі тәрізді. Бұл өте шұғыл формада байқалады және тітіркендіргіштің әсері жоғалғаннан кейін де ұзақ сақталады. Көптеген балалар, керісінше,айқын заттармен аз ғана әуестенеді, сондай-ақ оқыс қатты дыбыстық тітіркендіргіштерге шошыну, жылау сияқты реакция жасамайды, әрі оларда әлсіз тітіркендіргіштерге деген сезімталдық байқалған: балалар сәл ғана естілетін сыбдырдан оянып кетеді, индефферентті және күнделікті үйреншікті тітіркендіргіштерге, айталық, үйдегі тұрмыстық құралдардың дыбысы, қатты қорқу мен шошыну сияқты реакциялар жасайды.
ЕЖБА бар баланың қабылдауында сонымен қатар; кеңістікті бағдарлау қабілетінің бұзылуы, шын мәнісіндегі өмірдің тұтас көрінісінің бұрмалануы да заңды құбылыс. Олар үшін маңызды нәрсе затың өзі емес, оның жеке сенсорлық сапалары: дыбыстары, формасы мен фактурасы, түстері.ЕЖБА бар балалардың басым көпшілігінде музыкаға деген шамадан тыс қызығушылық байқалады. Сондай-ақ әр түрлі иістер қатты әсер етеді. Таныс емес заттарды иіскеп, жалап танысуға тырысады.
Өз денесімен түйсінетін тактильдік, бұлшық ет сезімі де олар үшін өте маңызды. Үнемі сенсорлық жайсыздық күйінде болатын олар теңселу, бір орында айналу сияқты монотонды қимылдар жасау немесе қағаздарды, шүберекті ұзақ уақыт жырту, суды немесе құмды сапыру, жанып жатқан отты бақылау тәрізді әрекеттерден өздерінше рақаттанады. Ауырсыну сезімінің әлсіздігімен байланысты кейде өздеріне өздері түрлі жарақаттар салуға деген құмарлық кездеседі.
Күрделі сенсорлық кемістігі бар балаладың түйсінуі мен қабылдауы.
Тері арқылы түйсіну мен қимыл- қозғалыстық жады бұл балалардың қоршаған ортаны танудағы ерекше мүмкіндігі болып табылады. И.А.Соколянский соқыр-саңырау балалардың тіпті бөтен бөлмелердегі терезелер мен есіктерді қалай жылдам ажырататынын суреттейді. Демек олар таныс емес бөлмелерде есік пен терезенің орнын терімен сезінудің көмегімен ауа толқыны мен температура арқылы айналаны бағдарлай алады.
Ал сипап сезу тактильді және кинестетикалық сезімдерден тұрады. Ол адам денесінің ұйымдасқан қимыл-қозғалысының кеңістіктік сызбасына енеді. Адамның айнала қоршаған орта кеңістігін бағдарлау қабілеті оның өз денесінің қимыл-қозғалысын сезінумен қалыптасады. Соқыр немесе нашар көретін бала өз денесінің барлық қимыл-қозғалысын әуел бастан-ақ көріп бақылай алмайды. Есту қабілетінң бұзылуы да мұндай баланы дыбыстың көмегімен бағдау жасау мүмкіндігінен айырады. Соқыр-саңырау баланың барлық жағынан да жеке өзінің қимыл-қозғалыс және сипап сезу тәжірибесіне сүйенуіне тура келеді. Сондықтан бала неғұрлым ерте жастан өздігінен қозғалуға үйренсе – аударылып жату, созылу, ұстау, отыру, тұру, еңбектеу т.б. Соғұрлым ол келешекте кеңістікте еркін қозғала алады. Соқыр-саңырау баланың қимыл-қозғалысын ерте сәбилік шақтан дамыту өте маңызды.
Тактильдік сезім бұл балалардың айналаны танудағы негізгі қабілеттерінің бірі, яғни затпен тікелей жанасу арқылы оларды қабылдауға болады.Бұл балалар заттың пішінімен, текстурасымен, салмағымен, температурасымен сипап сезу арқылы танысады. Сол сияқты адам затпен белгілі бір арақашықтықта да таныса алады. Бірқатар авторлар бұл категорияяға жататын балалардың иіс сезу қабілеті әсіресе жақсы жетілгендігін атап өтеді.
Тактильдік — вибрациялық сезімдердің көмегімен адамдар мен заттардың қозғалысын, дыбыстарды, олардың қандай қашықтықта екендігін біле алады.Айналасында болып жатқан оқиғаларды, маңайындағы адамдарды ажыратады. Музыканы, қатты дыбыстарды табанымен сезінеді, адамдарды жүрісінен таниды. Вибрациялық сезім соқыр-саңырау балалардың сөйлеу тілін қабылдауда және қалыптастыруда негіз болуы мүмкін. Мысалы, Петербургтегі соқыр-саңыраулар мектептерінде балаларды сөйлеу тілін қолды сөйлеушінің тамағына қойып қабылдау жолын үйретеді. Әрі олардың өз сөйлеу тілдерін де осылайша бақылауларына болады.
Жоғарыда аталған сау сақталған иіс сезу, дәм сезу, сипап сезу, тактильдік-вибрациялық сезімталдық мүмкіндіктерімен бірге соқыр-саңырау балалар қалдық есту және көру мүмкіндіктерін де барынша пайдалануы керек. Ерте жаста жүргізілген аудиометрлік тексеру мен есту аппараттарын (екі құлаққа да) тағайындау балалардың есту мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді және дамытады. Қазіргі заманғы медицина жетістіктері кейбір соқыр-саңырау балаларға кохлеарлық имплантация көмегімен есту қабілетін қайтара алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *