Даму ауытқуы бар балалардың зейін ерекшеліктері

Даму ауытқуы бар балалардың зейін ерекшеліктері.
Кемақыл балалардың зейін ерекшеліктері.
Кез келген даму патологиясында, әсіресе эмбриогенездің ерте кезеңдерінде миға зақым келетін жағдайларында, сондай-ақ, пери – және постнатальдық кезеңдерде мидың филогенетикалық анағұрлым жас және онтогенезде кешірек қалыптасатын ассоциативтік маңдай құрылымдары экзогендік зияндылықтарға сезімтал болады. Балалардың жай және күрделі сигналдарға реакция жасау уақытын тексеру эксперименттеріндегі психикалық жетілмеу дәрежесі мен төмен психофизиологиялық реакциялар көрсеткіштерінің арасындағы өзара байланыстылықты (корреляцияны) жоғарыда сипатталған сезімталдықпен ғана түсіндіруге болады. Жалпы психикалық жетілмеген балаларға сигналды тану үшін көбірек уақыт керек, ал танудың өзі де тұрақты емес екендігі белгілі.
Зерттеуші-ғалымдардың барлығы дерлік зейіннің, оның ішінде ырықты зейіннің жеткіліксіздігі туралы айтады. Кемақыл балалардың ырықты зейініне енжарлық тән, көңілдері бөлінгіш. Кейбір балаларда 10 – 15 минут жұмыс істегеннен кейін қимыл-қозғалыс, мазасыздық басталады.Ал енді біреулері селқос, енжар күйге ауысады.
Ырықты зейін деңгейінің төмендігі кемақыл балалардың ерік –жігер сапаларының жетілмеуімен де байланысты. Сонымен бірге әртүрлі объектілерге балалардың зейіндерінің таралуы да орындалуы мүмкін болмайтын әрекет. Себебі бала тым шыдамсыз, әлсін-әлсін орнынан сабаққа қатысы жоқ сұрақтарды қояды, орнында отырып айғай салады т.б.Мұндай қозғыш олигофрендерде қимыл-қозғалыс белсенділіктері мен көңілдерінің бөлінуі , алаңдау күйлері өте айқын көзге түседі.
Көмекші мектеп оқушыларның жасы өскен сайын ырықты зейін көлемі де ұлғаяды, тұрақтылығы мен таралу қасиеті де анағұрлым жақсара түседі, бірақ зейіннің белсенді шоғырлану уақыты сау құрбыларынан үнемі әлдеқайда кем болады.
ПДТ балалардың зейін ерекшеліктері.
ПДТ балалардың зейін қабілетін зерттеу саласында Л.И.Переслени, З.Тржесоглава, В.А.Пермякова, С.А. Домишкевич сияқты ғалымдар айналысып,зейіннің келесі ерекшеліктерін ашып көрсетті:
1. Зейіннің тұрақсыздығы(толқымалылығы) баланың жұмыс өнімділігін төмендетеді. Бала 5-15 минуттан артық өнімді жұмыс істей алмайды. 3-7 минут дем алып, келесі тапсырманы орындауға «күш жинайды» және осы уақытта оның зейіні мүлдем басқа нәрсеге ауысып кетеді. «Демалыс» минуттарында ол орындап отырған ісінен мүлдем алыстап, бөгде заттармен айналысып кетеді. Аздаған демалыстан кейін бала қайтадан өнімді жұмысқа кірісе алады.
2. Зейін шоғырлануыың төмендеуі баланың объектіге назарын толық аудара алмауынан көрінеді. Жұмыс өнімділігі төмендейді, қарқыны бәсеңдейді. Бұл әсіресе соматогендік және церебральды-органикалық ПДТ түрлерінде кездеседі.
3. Зейін көлемінің аздығы баланың ақпаратты тұтас қабылдай алмауымен түсіндіріледі. Сондықтан ойындағы, оқудағы, тұрмыстағы мәселелерді тұтас және тиімді шешуде қиналады.
4. Ал зейін таралуының төмендігі, бір уақытта бірнеше тапсырманы орындай алмауынан байқалады. Әсіресе егер ол әрекеттер саналы бақылауды қажет ететін болса.
5. Жоғары алаңдаушылық, қобалжу, көңілдің жиі бөлінуі ПДТ балаларға тән белгі. Сыртқы ортадағы әсерлер (шу, біреулердің дауысы) бұл балалардың өнімді жұмыс істеуіне бөгет жасайды. Олар кез келген дыбыстық, көріністік тітіркендіргіштерге сезімтал, жұмыстарында көп қателер жіберіп, абыржи бастайды.
6. З.Тржесоглава зейін тапшылығынан баланың салғырттығы, тапсырмалар мен инструкцияларды есте сақтай алмайтындығы байқалатындығын айтады. Баланың қателер жіберуі көп жағдайларда материалды меңгермегеннен емес, мұқиятсыздықтан болады.
Жоғарыда санамаланған зейін ерекшеліктеріне қарамай, кейде ПДТ балаларда өзіндік жеке көрсеткіштер де байқалады. Бір балада зейіннің аса қуатты кезі мен жоғары жұмыс өнімділігі тапсырма орындаудың басында байқалса, енді бір балада зейіннің жақсы шоғырлануы тапсырманың ортасына қарай пайда болады, ал үшінші бір балалардың зейіндері сабақтың соңында шоғырланып, олардың белсенділігі арта бастайды. Кейбір балаларда зейін үнемі толқымалы күйде болады.
Есту қабілеті зақымданған балалардың зейін ерекшеліктері.
Мектеп жасына дейінгі саңырау балаларда олардың сау құрбылары сияқты зейіннің негізгі түрі – ырықсық зейін жақсы дамиды. Бұл балалардың зейінін әр түрлі құбылыстар мен қызықты заттар арқылы аударуға болады. Зейіннің тұрақтылығы баланың жасына сай өзгереді. Саңырау бала жыл басында 3 минуттан артық бір іспен айналыса алмаса, жыл соңында жұмысқа қабілеттілік уақыты 10-12 минутқа көбейеді. Тапсырманың түрі өзгерсе тұрақты зейін уақыты 30-40 минутқа дейін ұлғаяды.
Мектеп жасындағы балаларда ырықты зейін түрі біртіндеп қалыптаса бастайды. Ол саналы және бақылауға көнетін бола бастайды, тұрақтылық, ауысу және таралу сапалары қалыптасады. Саңырау баланың зейінінің ауысуы қиындықпен жүзеге асады. Бұл іс-әрекет өнімділігінің төмендеуіне, қателердің көбеюіне алып келеді. Ал зейін тұрақтылығы мен ауыспалылығы қабылданатын материалдың көрнекілігіне байланысты болады. Материал қаншалықты айқын, көрнекі болса, бала ақпаратты соншалықты жақсы қабылдайды. Бұл балаларды оқытуда көрнекі құралдар кеңінен қолданылуы қажет. Мысалы, суреттер немесе айқын нәрселер ырықсыз зейінді аударса, кестелер мен сызбалар ырықты зейінді аударады. Ырықты зейіннің қалыптасуы сау құрбыларына қарағанда 3-4 жыл кейін қалыптасады.
Есту қабілеті бұзылған балалар үшін көру тітіркендіргіштері сау балалардағыдай емес, маңызды болып есептеледі, демек, түсетін ақпаратты қорытуда көру анализаторына негізгі күш түседі. Мысалы, сөйлеу тілін қабылдау сөйлеуші адамның бетіне мұқият қарап, оның ерін қимылын ұғынумен жүзеге асады. Бет мимикасының секунд сайын өзгеруі зейіннің шоғырлануын қажет етеді, бұл өз кезегінде тыңдаушыны шаршатады да зейіні ыдырайды. Ал зейіннің жоғарғы түрлері олардың тіл дамуының кемістіктеріне байланысты кешірек дамиды. Алғашқы кезде ерікті зейін ересек адамдардың ықпалымен қалыптасады. Ересек адамның сілтеу белгісі мен сөйлеу тілімен берілетін нұсқауы қоршаған ортадағы заттардың ішінен қажеттісіне баланың назарын аударады. Бала біртіндеп өзіндік нұсқаулар негізінде өз әрекетін басқара бастайды.
Көру қабілеті зақымданған баллардың зейін ерекшеліктері.
Зейіннің барлық түрлері — белсенділік, бағыттылық, ауқымдылық ( көлем, таралу), ауысу, интенсивтілік, шоғырлану, тұрақтылық тәрізді зейін түрлері мен сапаларына көру кемістігі өз ықпалын тигізбей қоймайды. Әйтсе де зейіннің аталған түрлері дамуға қабілетті, кейде сау балалардағыдан да жоғары деңгейде дамуы мүмкін. Сыртқы әсерлердің шектелуі зейін сапаларының дамуына кері әсерін тигізеді. Сипап сезу арқылы немесе зақымданған көру анализаторы арқылы жүзеге асатын қабылдау процесінің баяулығы зейіннің ауысу қарқынына ықпал етеді және қабылданған бейнелердің үзік-үзік, жартылай күйде қалуына себеп болады.
Қандай да бір іс-әрекетті сәтті, дұрыс орындау үшін зейіннің тиісті сапасы қажет болады. Мысалы, оқу әрекетінде зейіннің еріктілігі, шоғырлануы маңызды. Себебі оқу материалын ұғыну үшін барлық назар соған аударылуы керек, көңіл бөлінбеуі шарт т.б.
Сол сияқты кеңістікті бағдарлау тәрізді спецификалық әрекетте және еңбек әрекетінде зейіннің таралуы, нақты практикалық мәселелерді шешуге шоғырлануы нәтижеге жеткізеді.Соқыр немесе нашар көретін бала көру кемістігінің орнын толтыру мақсатында барлық сау сақталған анализаторлар арқылы сырттан түскен ақпаратты барынша пайдалану қажет.
Көрмейтін балаларда да сау балалардағыдай түрлі аурулардың және шаршаудың салдарынан зейіндері тұрақсызданады. Ауыру кезеңінде екінші соматогендік қорғаныс механизмі іске қосылады. Ал шаршағанда бірінші қорғаныс механизмі іске қосылады. Дем алыстың әсерінен науқастардың ауруы немесе шаршау белгілері біртіндеп жоғалады. Яғни ағзаның интрофизиологиялық механизмдеріндегі және басқа да функционалдық жүйелеріндегі бұзылулар қалпына келеді. Зейіннің әлсіреуі, әсіресе, астениялық күйлерде байқалады (сылбырлық, шаршағыштық, жүйке жүйесінің қалжырауы). Астения күйі сондай-ақ ,улану, жұқпалы ауру, жарақат, т.б. соң пайда болуы мүмкін. Зейін қабілетін зерттеуде оның әртүрлі әрекеттер кезіндегі ерекшеліктері мен жалпы ағза жағдайы есепке алынуы керек. Сонымен бірге оқушы қандай сабақтарда зейіндірек екендігі (соңғы сабақта ма, әлде бірінші сабақта ма, апта аяғында ма, әлде апта басында ма т.б.), каникулдан кейінгі кезеңдегі зейіні қандай екендігі есепке алынады. Түрлі профилактикалық және сауықтыру шаралары жүргізіледі.
Балалардың зейіні оқу және ойын процесінде дамиды. Баланы бақылауға, байқауға, тыңдауға, әртүрлі заттардың сапаларын сипап сезуге үйрету қажет. Мектепке дейінгі жастағы балаларда ырықсыз зейін маңызды роль атқарады. Мектеп жасына дейінгі балаларда ырықты зейін түрін қалыптастыру керек. Бала ойын немесе оқу әрекетінде шығармашылық қызығушылыққа жеткенде оның ырықсыз зейіні қалыптаса бастайды. Мұны толық жүзеге асыру үшін мақсатты ойындар қолданылады, ал мектеп жасындағы балалар үшін шығармашылық тапсырмалар мен оқу мәселелері қолданылады.
Сөйлеу тілі бұзылған балалардың зейін ерекшеліктері.
Сөйлеу тілі бұзылған балалардың зейіндері де бірқатар өзіндік ерекшеліктермен сипатталады: олардың зейіндері тұрақсыз, ырықты зейіндері төмен, өз іс-әрекеттерін жоспарлай алмайды. Мақсатты әрекеттерде,оның ішінде, шешім қабылдауда зейіндерін шоғырландыра алмайды.
Модальдық тітіркендіргіштердің түріне қарай (есту немесе көру) олардың зейіндерін шоғырландырулары да әр түрлі: айталық, көріп қабылдағаннан гөрі, естіп қабылдаған инструкцияны орындау анағұрлым қиынырақ.. Бірінші жағдайда жіберілетін қателердің саны анағұрлым көп, себебі, түс, форма, фигуралардың орналасуы бойынша дифференциация жасау бұзылған.
Жалпы тіл дамуы жетілмеген балалардағы іс-әрекет қарқыны жұмыс процесінің соңына қарай төмендейді. Және сөйлеу мен тәжірибелік іс-әрекет арасындағы зейіннің таралуы өте қиын, тіпті мүлдем шешілмейтін мәселе болуы мүмкін. Сонмен бірге сөзбен нақтылау, констатация жасау реакциясы басым, ал қалыпты дамудағы балаларда керісінше, орындалып жатқан іске қатысты мұндай қабаттасқан реакциялар байқалмайды.
Жалпы тіл дамуы жетілмеген балалардағы зейін кемшілігінен кететін қателер іс-әрекет барысында сақталады, олар мұны дер кезінде байқап түзете алмайды.Қателердің сипаты мен таралу уақыты сапалық жағынан сау балалардан өзгеше екендігі белгілі.
Іс-әрекетті бақылаудың барлық түрлерінің (алдын-ала бақылау, ағымдық бақылау, соңынан бақылау) қалыптаспауы жиі ұшырасады, немесе айтарлықтай бұзылған болады, оның ішінде ең көп зардап шегетіні тапсырманың шартымен байланысты болатын алдын-ала бақылау түрі және тапсырманы орындау процесімен байланысты ағымдық бақылау түрі. Алнған нәтижемен байланысты болатын соңынан бақылау түрі мен оның жеке элементтері негізінен педагогтың көмегімен іске асады: инструкция қайталанады, үлгі қайтадан көрсетіледі, нақты нұсқулар беріледі т.б. Ырықты зейін ерекшеліктері бұл балаларда көңілдерінің бөлінуімен анықталады. Егер тілдік дамуы қалыпты балаларға іс-әрекет барысында «экспериментаторға» көңілдері бөліну тенденциясы тән болса (балалар эспериментаторға қарап оның орындалып жатқан тапсырмаға реакциясын білгісі келеді, яғни дұрыс — бұрыстығы), ал тілдік патологиясы бар балалардың көңілдерінің бөлінуіне келесі жайлар себеп болады: жан-жағына немесе терезеге қарау, тапсырмаға қатысы жоқ әрекетпен шұғылдану т.б. Ырықты зейіннің төмен деңгейі олардың іс-әрекет құрылымының қалыптаспауына немесе бұзылуына себеп болады (О.Н.Усанова, Ю.Ф.Гаркуша, 1985).
ТҚАЗ балалардың зейін ерекшеліктері.
ЦСА –на шалдыққан балалардың зейіндері патологиялық ерекшеліктер қатарымен сипатталады. БЦСА бар балалардың басым көпшілігінде жоғары психикалық сарқылғыштық пен шаршағыштық, жұмыс істеу қабілетінің төмендігі көзге түседі.Балалар тапсырмаға зейіндерін бірден шоғырландыра алмайды, тез арада сүлесоқтық, ашушаңдық күйіне түседі.
Зейіннің зақымдануы тек цереброастениялық құбылыстармен ғана емес, көру анализаторының қызметіндегі ауытқулармен де байланысты : жанарды тіктей алмау, көзбен бағу мүмкіндігінің төмендігі, көру аумағының шектелуі, нистагм т.б.
Әдетте церебральды сал аурулы баланың зейінінің барлық сапалары өз дамуында тежеледі және өзіндік қасиетке ие болады. Зейіннің таңдағыштығы, тұрақтылығы, шоғырлану, ауысуы және таралуының қалыптасуылары бұзылады. Мысалы, «Корректуралық байқау» әдістемесінің тапсырмасын орындауда элементтерді (заттардың суреттері, әріптер, цифрлар) қалдырып кету, тұтас жолдарды қалдырып кету, кескіні ұқсас белгілерді сызу сияқты мұқиятсыздықтан кеткен қателер кездеседі. Алынған нәтиже жұмыс істеу қабілетінің әркелкілігімен өзгешеленеді. Сондай-ақ , зейіннің ауысу қиындығы, психикалық әрекеттердің инерттілігіне байланысты жеке элементтерге «байланып қалу» тәрізді белгілер бар.
Әсіресе ерікті зейіннің қалыптасуы айтарлықтай қиындықпен жүзеге асады.Кейде бала элементарлы әрекеттердің өзін мақсатты түрде орындай алмайды. Белсенді ерікті зейіннің әлсіздігі байқалады. Белсенді ерікті зейіннің бұзылуында танымдық актінің бастауыш сатысы – ақпаратты қабылдау мен қорыту кезіндегі назар аудару мен ерікті таңдау зардап шегеді.
ЦСА бар мектеп жасына дейінгі балалардың (4 жасқа дейін) зейін қабілеттерін Н.В.Симонова зерттеді. Ауыр қимыл-қозғалыс патологиялары (еш қозғалыссыз) бар, әрі сөйлеу тілі жоқ және терең интеллектуалдық даму тежелуі бар балалардың зейін қабілеттерінде дөрекі бұзылулар аңғарылған. Бұл балалар өз назарларын тіпті айналадағы адамдар мен заттарға да тұрақты тіктей алмаған. Ал өз іс-әрекеттеріне керісінше зейіндерін аудара алған, күнделікті пайдаланатын заттарға назарларын аудару тек жартылай ғана мүмкін болған. БЦСА-ң барлық формаларында зейіннің ауысуы, әсіресе қатты зардап шегеді (көп жағдайларда ұзақ уақыт пен әлденеше рет стимуляция жасау қажет).
БЦСА-ғы зейіннің жоғарыда сипатталған бұзылулары танымдық процестің барлық келесі сатыларында, тұтас танымдық жүйенің қызметінде көрініс береді.
ЕЖБА балалардың зейін ерекшеліктері.
Бұл балаларда жалпы тонустың, оның ішінде психикалық тонустың жеткіліксіздігі жоғары сенсорлық және эмоциональдық сезімталдықпен ұласады да, белсенді зейін деңгейін қатты төмендетеді. Ерте сәбилік кезден бастап-ақ бұл балаларда қоршаған орта дүниесіне бұл балалардың жағымсыз, кері реакциясы байқалады немесе ешқандай реакция болмайды. ЕЖБА-нен зардап шешетін балалар зейінінің мақсаттылық және ырықтылық қасиеттерінде дөрекі бұзылулар болуына қарай, олардың психикалық қызметтері дұрыс қалыптаспайды. Бірақ кейде олардың назарын қоршаған ортадағы заттардан шығатын дыбыстық немесе көріністік әсерлердің көмегімен аударып, мұны зейінді шоғырландыру мақсатында пайдалануға болады. Бұл өте қызықты дыбыс немесе жарқыраған айқын заттар болуы мүмкін.
Бірақ мұндай әдіс өте аз уақытқа ғана жетеді. Себебі бұл балаларда өте күшті психологиялық жалығушылық болады, зейін тұрақтылығы бірнеше секундқа немесе минутқа ғана созылады, және бұл ЕЖБА синдромының негізгі белгіс болып табылады. Балалардың кейде жалығатыны соншалық, алдында ғана өзінің зейінін аударған затты құртып-жойып жіберуге бар күшін салады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *