Арнайы психологиядағы даму категориялары

Арнайы психологиядағы даму категориялары. Дизонтогенездің психологиялық параметрлері.
«Дизонтогенез» терминін клиникалық медицина өкілдері балалық шақта ағзаның морфофункциональдық жүйелері әлі жетілмеген кезінде пайда болатын қалыпты онтогенездің бұзылу түрлерін атау мақсатында енгізген.
1927 жылы Швальбе алғаш рет ағза құрылымының құрсақтағы кезіндегі қалыптасу ауытқуларын белгілеу үшін «дизонтогенез» терминін қолданды. Кейінірек бұл терминмен онтогенездегі түрлі бұзылулар, оның ішінде, ағзаның морфологиялық жүйелері жетілмеген, өте ерте постнатальдық кезеңдегі бұзылулардың барлығы аталатын болды. Бұған дейін арнайы психология мен арнайы педагогикада ұзақ уақытқа дейін «даму аномалиясы», яғни даму ауытқуы деген термин қолданылып келді, дефектологияның пайда болу кезеңінде «дефективті балалар», яғни кеміс балалар термині қолданылды. Соңғы жылдары субъект – объект педагогикасынан субъект – субъект педагогикасына ауысуға байланысты бүкіл әлемде даму кемістігі бар балаларды атайтын гуманды термин қарастырылды.
Балада пайда болатын дизонтогенез типтеріне әсер етуші факторларды клиницистер Г.Е.Сухарева мен М.С.Певзнердің мәлімдемелерімен және қазіргі заманғы нейропсихология саласындағы зерттеулермен (В.В.Лебединский, Э.Г.Симерницкая, А.В.Семенович т.б.) сәйкес қарастырған абзал : 1) зақымдаушы өкілдердің әсер ету уақыты мен мерзімі (жасқа сай); 2) олардың этиологиясы ; 3) ауыру процесінің таралуы – патогендік әсердің локальдылығы немесе жүйелілігі; 4) функция аралық байланыстардың бұзылу деңгейі. Бұл дизонтогенездің параметрлері, енді оларды кеңірек қарастырайық.
Дизонтогенездің жасқа сай шарттылығы.Баланың жеке дамуы барысында оның жетілмеген құрылымы және өсу мен даму қоры арасында үнемі күрес болады. Бірінші немесе екінші фактордың әсер ету күшіне қарай бір жағдайларда анағұрлым тұрақты патологиялық өзгерістер күтуге болады, ал екінші бір жағдайларда жеңілірек және коррекциялық — педагогикалық ықпалдар мен түзетілетін (Л.С.Выготский,Г.Е.Сухарева,
Г.Гельниц) өзгерістер болады. Балалық шақтың сыртқы қауіпке ең сезімтал кезеңдері — 3 жасқа дейінгі ағзаның «алғашқы жетілмеген» кезі, сондай-ақ, пубертат кезеңіндегі ағзаның қайта құрылу кезі. Бір айырмасы, бұл кезеңде баланың гармониялық түрде қалыптасып қалған жүйелері «ересектерше» қызмет жасауға қайта құрыла бастайды, өзінің тепе –теңдік күйін уақытша жоғалтады.
Клиникалық – психологиялық материалдар бойынша, психикалық функциялардың өрескел жетілмеулері ми құрылымының қарқынды жасушалық дифференциациясы кезінде (эмбриогенездің ерте кезеңі, жүктіліктің бірінші триместрі) әсер еткен зиянды күштерден болатындығы белгілі.
Ерте мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасы кезеңіндегі (3 – 11 жас аралығы) бала ағзасы күшті, әрі түзелмейтін ауытқуларға төтеп бере алатын мықты жүйені құрайды.
Бірақ әрбір жас кезеңі патогендің әсерлер жағдайларына реакция жасауға өзінің ізін қалдырып отырады.Бұл балалар мен жасөспірімдердің түрлі патогендік әсерлерге ететін жүйкелік – психикалық реакцияларының деңгейлері:
сомато – вегетативтік (0 –ден 3 жасқа дейін) — ағзаның барлық жүйелерінің жетілмеуінен осы жаста кез келген патогендік әсерлерге жалпы және вегетативтік қозғыштық ,дене қызуының көтерілуі, ұйқы мен тәбеттің, ас қорыту жүйесінің бұзылуы тәрізді сомато – вегетативтік реакциялар кешенімен жауап береді;
психомоторлық (4 – 7 жас) – мидың қыртыстарындағы қимыл – қозғалыс анализаторы бөліктерінің қарқынды түрде қалыптасуы, оның ішінде, мидың маңдай бөліктері бұл жүйені түрлі генезді гипердинамикалық бұзылуларға (психомоторлық қозғыштық, тартылулар, тұтығу, үрейлену) сезімтал етеді. Психогендік факторлардың ролі артады — отбасындағы жағымсыз, жанды жаралайтын қарым –қатынастар, балабақшаларға үйренуге деген реакциялар, жағымсыз тұлғааралық қатынастар;
аффективтік ( 7 – 12 жас) – кез келген зияндылыққа бала аффективті компонентпен – аутизациядан бастап, агрессия, невротикалық, аффективті қозғыштыққа дейін баратын реакциялармен жауап береді;
эмоциональдық –идеаторлық (12 – 16 жас) – пубертаттыққа дейінгі және пубертаттық кезеңдегі жетекші әсерлер. Патологиялық қиялмен, аса құнды қызығушылықтармен, аса құнды ипохондриялық идеялармен (құбыжықтыққа күмәндану сияқты идеялар, мысалы – дисморфофобия, жүйке анорексиясы), психогендік қарсылық реакцияларымен, оппозициямен, эмансипациямен сипатталады;
Жоғарыда санамаланған реакциялар кел келген зияндылыққа қалыпты дамудағы балалардың реакция жасауының асқынған түрі болып есептеледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *