Б.Жақып
80-жылдардағы публицистика
“Лениншіл жастың” 80-ші жылдардың алғашқы бес жылындағы жарияланымдардың көбі саяси шеңбер ауқымынан шыға алмаған. Газет беті комсомол тұрмысы, түрлі фествильдар, орыс басылымдарынан аударылып басылған социалистік қоғамды көкке көтеретін, империализмді жер-жебіріне жете айыптайтын мақалаларға, бейбітшілікті қолдау туралы жалынды сөздерге толы. Оқырмандар, комсомол басшылары, механизаторлар мен шопандар атынан қолдан ұйымдастырылған бір-біріне ұқсас материалдарда жасандылық көзге ұрып тұр. “Ленин және жастар”, “Бейбітшілік. Достық. Ынтымақтастық”, “Москвадан! Фестивальдан!”, “Мазасыз маусым, мазмұнды жұмыс”, “Қарбалас шақта”, “Еңбек. Ізденіс. Романтика”, “Ұйым екеу болғанмен, мақсат біреу”, “Жарқын істерге жаршымыз”, “Екпінді вахтада – жас мұнайшылар”, тағы басқа тақырыптардың өзінен Кеңестік кезеңге тән жансыз, сұрқай, жалған есеп берушілік көрініп тұр. Бұл осы жылдардағы баспасөздің бәріне тән ортақ кемшілік. Публицистика да сол кеңестік саясаттың сойылына айналды. Құрғақ факті, қарбайыр ұраншылдыққа жол берілді. Сол кездегі заман талабы, цензура қыспағы да осыған алып келді. Публицистер де сол тар ауқымнан шыға алмай қалды. Ол үшін ешкімді де кінәлауға болмайды. Оған сол кездегі саясат, кеңестік тоталитарлық режим кінәлі еді. Очерктердің де көркемдік, сапалық деңгейі түсіп кеткен. Белгілі бір комсомолдық қалыпқа салынған, біріне-бірі ұқсас бастау, ұқсас тақырып, оқиғаның да ұқсастығы, тіпті табиғат көріністерін суреттеудегі таптаурындық – бәрі-бәрі жалықтырып жібереді. 1-бет әдетте одақтық саяси мәселелерге арналады, 2-бетте комсомол тұрмысына қатысты жарияланымдар беріледі. 3-бет те көбінесе саясиландырылады. Шет ел жаңалықтары осында көрініс табады. Ал 4-бетте спорт хабарлары мен шағын репортаждар беріледі. Сөйтіп жалпы газеттен 60-шы, 70-ші жылдардағы сияқты жаңалықтарды, оқырманды қызықтыратын материалдарды аз кездестірдік. Бұл газет айдарларынан да бірден аңғарылады: “Маңдай тердің майданы”, “Астықты алқаптың жас қаһармандары”, “Саяси әңгіме”, “Телетайп лентасында”, “Есеп беру мен сайлау”, “Құрлықтар”, “Спорт”, “Сүдігер алқабында”, “Күріш”, “Жүгері”, “Элеватор – молшылық қоймасы”, “Комсомол хроникасы”, “Жұмысшы – мәртебелі мамандық”, “Қырманда”, “Күріштікте” “Бесжылдық жүктеріне – жасыл көше”, “Еңбегіне қарай – құрмет пен даңқ!”, тағы басқа. Айдарлардың өзі осындай болған соң мақала тақырыптары да соншалықты жұтаң болып келеді. Ал оның ішкі мазмұны да сол шеңберден шықпайды. Жанрлық, пішіндік тұрғыдан қарасақ та, жаңалық мардымсыз. Негізінен заметка, есеп, репортаж, сұхбат, корреспонденция, мақала, шолу, рецензия, очерк жанрларын-дағы жағымды фактілерге жазылған материалдар жиі кезде-седі. Сонылық соқпақтары, ізденіс іздері сирек көрініс тапқан. Композициялық, стильдік, мазмұндық жағынан да қайталау көп.
Бүкіл қазақ публицистикасының дамуын бір басылым бетіндегі жарияланған газеттік мақала, очерктермен айқындаудан аулақпыз. Журналистикаға келген жаңа лек, жас толқын алдымен “Лениншіл жас” басылымында шыңдалғаны да шындық. Біздің жылт еткен жаңалық ағыстарын іздеп, жастар газеті жарияланымдарына үңілуіміздің сыры да сонда жатыр. Ондай жарқ еткен ізденістер 60- 70-ші жылдардағы сияқты, 80-ші жылдарда да ең алдымен осы газетте көрінді.
“Жұлдыздар тоңған түн еді” атты лирикалық очерктен сондай жылылық лебін сездік. Авторы – Ертай Айғалиев.
60-шы жылдардың аяғында Шұбартаулық жастар бастамасымен мектеп бітірген түлектер қой шаруашылығын өркендетуге тартылды. Бұл үрдіс 80-ші жылдары да жалғасын тапты. Тақырып – сондай заман талабымен еңбек етіп жүрген жас малшы өмірі. Очеркте Сәкен Найманбаев атты азаматтың көркем бейнесі жасалады. Ол қазақ даласында еңбек етіп жүрген мыңдаған жастардың бірі ғана болатын. Очерктің композициялық құрылымында өзгешелік бар. Жас жігіттің әкесі айтқан бір ой жадында өшпестей жазылып қалған. Шығармада ол былай көрініс табады: “Әкесі айтатын: Әркімнің өз жұлдызы болады. Сен жер басып жүрсең жұлдызың да жарқырай жанып, биіктей түседі. Күндердің күнінде демің таусыла қалған сәтте жұлдызың жерге құлап түседі” /ЛЖ. 1985, 1 январь/. Осы ой әрі қарай сюжеттік желісте өрбітіле түседі. Кейіпкердің ішкі ойы арқылы оның бүкіл өмір жолын, қиындық пен тұрмыс тауқыметін түгел көрсету бар. Очерктегі ең бір ұтымды тұс – адам жанының нәзік иірімдерін таба білуге талпыныс. “…Аспанға қарады. Түн түңлігін ашқандықтан ба дір-дір еткен жұлдыздар көзге әзер шалынды. Жұлдыздар да “тоңады екен-ау”,– деп ойлады Сәкен” /ЛЖ. 1985, 1 январь/ – осы үзіндіден адам мен кеңістік арасындағы тылсым байланысты ашуға ден қойған сәттілік байқалады.
Қаламгер шығарма түйінін диалогты шебер пайдалану арқылы тұжырымдайды: “– Ауылға барған соң не істейсің?
– Өз жұлдызымды іздеймін.
Кейін де осы бір сөзің жаңғырығып есімнен кетпей қойды. Егер де өз жұлдызыңды таба қалсаң маған хат жаз, Сәкен!” /ЛЖ. 1985, 1 январь/. Бар болғаны осы. Шығарма авторы әр жасты өз жұлдызын іздеуге шақырады. Ал осы түпқазық ой – өмірден өз орнын табу философиясының қай кезде де маңыздылығын ескерсек, очеркист талпынысын тек құптауға болады.
Нұрлытай Үркімбаеваның “Тартылыс заңы” суреттемесі тың формалық ізденіспен жазылған. Автор өсіп-өнген отбасының алтын той өткізгенін жаза отырып, шаңырақ берекесі, татулық мәселесін қозғайды.
Қонысбай Әбіловтің “Ерлікке толы екі күн”, Ертай Бекқұловтың “Боран” атты суреттемелерінде табиғат апатына қарсы тұрып, қайсарлықпен жеңіп шыққан малшылар бейнесі шынайы сомдалады. Бұл екі суреттеме де “Журналист оқиға ортасында” айдарымен беріледі.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40-жылдығына арналған материалдар көп басылған. Соның ішінде Чернобыль қаласын жаудан азат етуде ерлікпен қазақ тапқан Кеңес Одағының Батырлары Әбу Досмұхамбетов пен Петр Баюк туралы жазылған Қайнар Олжаевтың “Құшақтасқан қос батыр” очеркінің көркемдік көкжиегі кең. Халықтар достығы нақты өмірлік дерек-дәйектер арқылы шынайы көрсетіледі. Ал Ерғали Сағаттың “Б.Момышұлы: “Батыр ұрпағы бардың арманы жоқ” суреттеме-корреспонденциясында Бауыржан аттас балалардың хаттары арқылы Батыр тұлғасын биіктете түседі.
80-ші жылдардағы бір тосын ізденіс – “Лениншіл жастың” Шоқан ғұмыр кешкен мекендерге экспедициясы нәтижесінде жазылған Жарылқап Бейсенбаевтың тарихи-танымдық жолжазба очерктер циклы. Обаған бойынан, Қостанай өңірінен, Омбы қаласынан, Ыстықкөл мен Қашғардан, Алатау аясы Алматыдан, Ленинградтан, Көкшетау, Сырымбеттен, Матай таудың баурайынан жазылған көлемді жеті очерктің көркемдік ізденістері де, пішіндік жаңалықтары да мол. Әсіресе ұлы Шоқан жүріп өткен мекендерге бүгінгі ұрпақ көзқарасы тұрғысынан қайта қараудың берген тағылымы: біріншіден, ұлы Шоқан ойларын ұрпақ жадында қайта жаңғыртады, екіншіден, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың соңғы ширегі аралығындағы өзгерістерді салыстыра отырып ой елегінен өткізеді.
Газеттегі “Маздақ” мәдени-тұрмыстық клубы, “Ақ отау” жас семья клубы, “Ақшам” сенбілік беті, “Шартарап” саяхатшылар клубы арнасында берілген публицистикалық шығармалардың тәрбиелік, танымдық ықпалы зор болды. 80-ші жылдарда қазақ публицистикасын өзіндік ой-өрнегімен байытуға Өтеген Оралбаев, Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбаев, Сапарбай Парманқұлов, Жұмагүл Солтиева, Қамбар Керейқұлов, Мұхтар Наушабаев, Қасым Әзімханов, Қайнар Олжаев, Серікқали Байменшин, Әділғазы Қайырбеков, Айқын Несіпбаев, Қуаныш Жиенбаев, Қонысбек Ботбаев, Серік Байхонов, Жүсіпбек Қорғасбеков, Баян Болатханова сияқты талантты журналистер үлес қосты.
Мәселен, Жанболат Аупбаев көпшілікке беймәлім деректердің бетін ашып, соны оқырманға таныстыруды – өзінің публицистік қызметінің арқауы етті. Журналист үнемі ізденіс үстінде болуы керектігін қазақ қаламгерлерінің көп жылдар бойғы тәжірибесі көрсетіп келеді. Соның бір дәлелі Жанболат Аупбаевтың творчестволық лабораториясы. Оның әр шығармасы сондай өмірлік ізденістен, өмірде жиған-терген, көрген-білген деректер мен құбылыстарды жеріне жеткізе зерттеуден туындайды. Ол бірде теледидар экранынан Латвиядағы ағаш өсірудің теңізден бораған ұсақ тас боранды тоқтатқанын көріп, естиді. Сол сәтте қаламгер құм бораған Арал өңіріне де осындай ағаштар өсіруді қолға алса шіркін!- деген ойға кетеді. Ал ең қызығы сол Латвияда бір алып ағаш бар екенін көреді. Журналист сол мезетте: “Біздің Қазақстанда осындай алып ағаш бар ма екен?” деген ой жетегіне ереді. Қасындағы Жанат есімді азаматпен осы ойын бөліскенде, ол Жаркент өңірінде сондай үлкен алып ағаштың бар екенін айтады. Міне сол ағашты көзбен көріп, журналистік зерттеу жүргізеді. “Алып ағаш” атты мақала /ЛЖ. 1985, 12 июль/ жазады. Бәйтеректің биіктігі 14-15 метр де, диаметрі жеті адамның құлашындай болып шығады. Өте ірі бұтақтарын қосқанда, тұтас бір шоғыр орман сияқты жерді алып жатыр. Публицист биолог ғалымдарға ой салады. Мұндай табиғат таңғажайыптарын қорғау керектігіне назар аударады. Энциклопедияны, басқа да кітаптарды ақтарып, бұрынғы Кеңес Одағы территориясында 6 одақтас республикада мұндай алып ағаштар бар екенін оқырманға жеткізеді. Солардың ішіндегі ең ірілері 700 жылдан жасы асып кеткен Украинадағы, Өзбекстандағы алып ағаштар екеніне көз жеткізеді. Ал Қазақстандағы Жаркент өңіріндегі алып ағаш туралы еш жерде дерек жоқ болып шығады. Кең байтақ Қазақ даласында табиғаттың осындай өзгеше құбылыстарының көптеп табылатындығы, оларды мемлекет тарапынан қорғау қажеттігі туралы проблеманың ұшығы шығады. Тақырып – тың. Оқырманды елең еткізерлік дерек те бар. Соны қорытынды етіп әңгімелеу де бар. Мақалада көтерілген басты проблема – қоршаған ортаны қорғау, табиғат таңғажайыптарына адам қамқорлығының керектігі.
Ж.Аупбаев – публицист өз шығармасының тақырыбымен де, шығарманың басталуымен де, оқиғаның өрбуімен де оқырманды қызықтырып отырады. Мәселен, бір очеркінің таырыбы – “Үш рет “өліп…тірілген” деп аталады. Ол алғашқы сөйлемдерден-ақ:
“Бұл күндері Холм қаласында Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен шайқасып қазақ тапқан 46 қазақстандық жауынгерге арнап ескерткіш орнатылған. Одан сіз “С.Мамыров” деген адамның аты-жөнін кездестіреріңіз анық. Бірақ ол тірі, Жамбыл облысында тұрады. Таңқаларлығы сол, соғыс жылдарының әр кезінде оның семьясына “ол өлді” деген суық хабарға толы қара қағаз” бір емес, үш рет келген. Майдангерге бұл жай елге келгенде ғана мәлім болған. Қазір ол бейбіт еңбектің иесі” /ЛЖ. 1985, 21 февраль/, – деп оқырманды еліктіріп, ерте отырып бастайды.
Очеркте жауынгердің үш қазадан қалай аман қалғандығы тартымды баяндалады. Қысқаша мазмұны мынандай:
Бірінші: Москва түбіндегі шайқаста үш адам аман қалады. Киімі қоңырси жанып жатқан пулеметші қазақ жігітін Д.Волганкин атты жауынгер құтқарады.
Екінші: Днепрден өтерде ауыр контуззия алып, мең-зең болып жатқан оны басқа бір рота өздерімен бірге ала кетеді.
Үшінші: Варшава түбіндегі орманда үш жауынгер минаға түседі. Екеуі тіл тартпай кетеді. Қаза тапқандарды жинастырып жүрген арнаулы топ топырақтан аяғы ғана шығып жатқан оны тауып алғанда, қансыраған ес-түссіз жатыр еді. Жаралы жан бір аптадан соң көзін ашты… /ЛЖ. 1985, 21 февраль/. Міне – “үш рет өліп.. тірілген” қазақ жауынгерінің азапты да ауыр тағдыры.
Оқырманды сол жауынгердің қазіргі өмірі қызықты-ратыны сөзсіз. Автор да тура сондай жауаппен өз шығармасын аяқтайды: “Сол Сыйқымбай Мамыров қазір Шу қаласында тұрады. 10 жыл тракторшы, 24 жыл шоферлық қызмет атқарған, қазір автотранспорт кәсіпорнында бақылаушы, 7 баланың әкесі” /ЛЖ. 1985, 21 февраль/.
“Майданда шырқалған ән” атты очеркінде /ЛЖ. 1985, 25 январь/ 1942 жылы Солтүстік Батыс майданында түсірілген бір суреттің сырын ақтару үшін, сұрапыл жылдарда концерт бригадаларын жасақтаумен тікелей айналысқан академик Серғали Толыбековты тауып алады. Сөйтіп суреттегі өнер шеберлерінің Зылиқа Мұхамедова, Манарбек Ержанов, Нина Куклина, Үрия Тұрдықұлова, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Елубай Өмірзақов екендігін жұртқа баян етеді. Очерктің ерекшелігі – бір ғана сурет сырын аша отырып, майдан кезіндегі Қазақстан өнер шеберлерінің ғажайып еңбек, ерлігін көрсетеді. Соғыс жылдарында 14 бригада жасақталған-дығы, өнерпаздардың айлап майдангерлер арасында, ұрыс даласында жүргендігі, тылда 30 мыңнан астам концерт қойғандығы туралы тың деректердің бетін ашады, соған дәйек табады.
“Танк колоннасын тапсырған қыз” атты очерк те тың да, тосын тақырыпқа арналған. Соғыс жылдарында “Қазақстан комсомолы” атты танк колоннасы құрылып, ол үшін 11 мил-лион сомнан астам қаржы жинақталғанын, сөйтіп майданға жіберілгенін, оны сол кездегі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің секретары Нұрхан Ахметова мен Қызылорда облыстық комсомол комитетінің секретары Нағашыбай Нұрпейісов майданға жеткізіп, тапсыру салтанатында сөз сөйлегенін архив құжаттары мен сол кезде шыққан газет беттерінен ақтарып табады. Сол оқиғаның тікелей куәгерлері Нұрхан апай Алматыда тұратынын, ал Нағашыбай Нұрпейісов Ақтөбеде тұратынын іздеп анықтап, олармен жүздеседі. Сөйтіп 45 танктен құралған колонна туралы көп мәліметтер жинайды. Соңында қарт танкист З.Тұрарбеков пен майдангер М.Фрейн-манмен кездесіп, Қазақстан жастары күшімен жасақталған танктердің Берлинге дейін барғанын айғақтайтын дәйектерді келтіреді. Міне – бұл журналистің ізденімпаздығын, бір деректің соңына түсіп, өткен тарих ақиқатын ашуға күш жұмсайтын зерттеушілік қабілетін көрсетеді. Оны публицист жазбасының: “…Қазақстан комсомолы” танк колоннасын майданға апарып тапсырған жандарға хабарласып, жолықпас бұрын сол бастаманың тарихын жете біліп, зерттеп алуымыз керек қой. Міне осы оймен 1941-1945 жылдары өз республикамызда үзбей шығып тұрған мерзімді басылымдарды мұқият қарап шығуға бел байладық” /ЛЖ. 1985, 27 июль/, – деген жолдарынан аңғаруға болады.
Жанболаттың 80-ші жылдары жарық көрген “Волгоградтағы “Қазақ” көшесі” деген корреспонденциясы да, “Ана және алау” атты публицистикалық толғанысы да, өзінің Кеңес Одағының батыры атағына ие болғанын білмейтін Сабалақ Оразалинов туралы очеркі де сондай ізденістерден туған.
Сөйтіп, 80-ші жылдары қазақ публицистикасының дамуында зерттеушілік, тарихи-танымдық бағыт анық орнықты. Бұл басқа публицистерге де үлгі болып, тұтас ізденіс негізінде, журналистік зерттеулер нәтижесінде тарих қойнауында жасырын жатқан деректердің беті ашыла бастады.
Кеңестік дәуірде қазақ публицистикасы тектік, түрлік, жанрлық, стильдік тұрғыдан қалыптасып, дамыды. Публицис-тиканың өз алдына дербес теориясы да жасалды. Осы өзгеріс-терге орыс публицистикасының теориясы мен тәжірибесі орасан зор ықпал етті. Егер алғашқы газет “Түркістан уалаятының газеті” бетінде ақпараттық жанрлардағы публицистика қалыптасқан болса, “Дала уалаятының газеті”, “Айқап”, “Қазақстан”, “Қазақ”, “Ұран”, “Алаш”, “Сарыарқа”, “Абай”, “Ақжол”, “Шолпан”, “Таң” басылымдарының бетінде талдамалы жанрлардағы публицистика қалыптасты. Ал кеңестік дәуірде публицистиканың бай жанрлық палитрасы көрініс тауып, өркендеді.