1 Үндестік заңы. Буын және оның түрлері
ҮНДЕСТІК ЗАҢЫ (СИНГАРМОНИЗМ)
Түбір мен қосымшаның және сөз аралығындағы көрші дыбыстардың бір-біріне ықпал етіп, үйлесіп қолданылуын дыбыстардың үндестік заңы (сингармонизм) деп атайды. Үндестік заңы екіге бөлінеді: буын үндестігі және дыбыс үндестігі (ассимиляция).
Буын үндестігі: Сөздің соңғы буынының жуан, жіңішке болуына қарай қосымшалардың да бірыңғай жуан не жіңішке түрде жалғануын буын үндестігі немесе сингармонизм деп атаймыз. Мысалы: ән, қала сөздеріне қосымшалар жалғап көрейік: ән+ші, қала+ға. Түбір мен қосымша арасында буын үндестігінің мынадай заңдары бар:
а) Қазақтың байырғы түбір сөздерінің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымша да жуан, ал түбірдің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымшалар да жіңішке болады.Мысалы: жазу-шы-лар-ға, іні-лер-ім.
ә) Соңында жіңішкелік белгісі бар бір буынды сөздер мен –брь, -ль дыбыстарына аяқталған сөздерге қосымша жіңішке түрі жалғанады. Мысалы; роль-ден, циркуль-ді, сентябрь-де.
Тіліміздегі осындай заңдылықтармен бірге буын үндестігіне бағынбайтын мынадай қосымшалар бар:
-мен, -бен, -пен көмектес септігі: арба-мен, жас-пен, қыз-бен.
-қор: пәле-қор, бейнет-қор.
-паз: әсем-паз, өнер-паз.
-қой: сән-қой, әзіл-қой.
-нікі: (дікі, тікі): Асан-дікі, бала-нікі.
-тай, -тал, -еке: Ес-тай, өсім-тал.
-кер, -гер: талап-кер, қалам-гер.
-хана: ем-хана.
-күнем: пайда-күнем.
-ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -ист, -изм: Сәбитов, Балғабаева және т.б.
Басқа тілден енген термин сөздер кейде қазақ тілінің буын үндестігіне бағынбайды да, қосымшалар сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Мысалы: депутат-тар-ға, са-мо-лет-тер-і т.б.
Дыбыс үндестігі: Түбір мен қосымшаның сөз бен сөздің аралығындағы дауысты және дауыссыз дыбыстардың көршілес дауыссыз дыбыстарға ілгерінді-кейінді ықпал етіп өзгеруін дыбыс үндестігі (ассимиляция) деп аталады. Қазақ тілінде дыбыс үндестігінің екі түрі бар: ілгерінді ықпал және кейінді ықпал.
Ілгерінді ықпал: Сөз ішінде немесе сөздер аралығында алғашқы дыбыстың өзінен кейінгі дыбысқа әсерін тигізіп тұруын ілгерінді ықпал дейміз.
а) Сөздің соңғы дыбысы дауысты, я үнді, я ұяң дауыссыз дыбыстардың бірі болса, дауыссыздан басталатын қосымшаның бірінші дыбысы не үнді, не ұяң болады.Мысалы: қала-лар, сөз-дік.
ә) Сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, не сөз б, в, г, д дыбыстарының біріне аяқталса, оған қатаң дыбыстан басталатын қосымша жалғанады.Мысалы: ат-пен.
Кейінді ықпал: Сөз ішінде немесе сөздер аралығында кейінгі дыбыстың өзінен бұрынғы дыбысқа әсер етіп өзгеруін кейінді ықпал дейміз. Сөздің соңғы дыбысы қатаң п, қ, к болып, жалғанатын қосымша дауыстыдан басталса, олар ұяң сыңарларына (п-б, к-г, қ-ғ болып) айналады. Мысалы: доп-добы, парақ-парағы.
БУЫН ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ
Сөздегі дыбыс жасайтын буынның қарқынымен үзіліп, бөлшектеніп шығатын бір дауысты немесе бірнеше дыбыс тобы буын деп аталады.Буын құрайтын дауысты және дауыссыз дыбыстардың орнына байланысты қазақ тілінде буынның үш түрі бар: 1) ашық буын, 2) тұйық буын, 3) бітеу буын.
1. Ашық буын бір ғана дауыстыдан тұрады немесе дауыссыз дыбыстан тұрады немесе дауыссыз дыбыстан басталып дауыстыға бітеді. Мысалы, а-на, те-ре-зе деген буындар ашық буын болып табылады.
2. Тұйық буын дауысты дыбыстан басталып, дауыссызға бітеді. Мысалы:от, ар-ба, өрт, ант, ас-тық деген сөздегі от, ар, өрт, ант, ас –тық деген сөздегі от, ар, өрт, ант, ас тәрізді буындар тұйық буын болып табылады.
3. Бітеу буын дауыссыздан басталып, дауыссызға бітеді. Бітеу буында кем дегенде үш дыбыс болады: дауыссыз+дауысты+дауыссыз. Кейде ортасында бір дауысты басында я соңында екі дауыссыз болады. Мысалы, қант, мек-теп, жас-тық, гүл және т.б.