Шоқан, Ыбырай, Абай публицистикасы

Шоқан, Ыбырай, Абай публицистикасы

 Б.Жақып

Қазақ публицистикасының тарихы туралы толғанатын болсақ та, қазақ жазба әдебиеті мен жазба публицистикасының қатар туып, қалыптасқандығына куә боламыз. Қазақ баспа-сөзінің тарихын тұңғыш зерттеуші, профессор Х.Н.Бекхожин өз еңбегінде қазақ публицистикасының негізін салушылар ретінде Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев есімдерін атайды [40]. Зерттеуші М.И.Фетисов Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерін қазақ демократиялық публицистикасының алғашқы үлгілері ретінде баға береді [4].
Шоқан Уәлиханов өзінің публицистикалық мақалалары мен очерктерінде өзі өмір сүрген тұстағы қоғамдық маңызы зор мәселелерді қозғады. Мәселен, Шоқан “Сот реформасы” атты мақаласында 1864 жылы қазақ елін билеу және онда сот жүргізуге патша өкіметінің жасаған өзгерістеріне қарсылық білдіріп, батыл сынға алады.
Шоқан – публицист “Сахарадағы мұсылманшылық туралы” мақаласында әйел теңдігі мәселесін көтерді, “Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары” атты әйгілі публицистикалық шығармасында дін тақырыбын, “Қазақтардың қонысы туралы” мақаласында патша өкіметінің жерді бөліске салудағы теңсіздігін жазды. Оның Ф.М.Достоевскийге, А.Н.Майковке жазған хаттары да – қазақ эпистолярлық публицистикасының тамаша үлгілері. “Оңтүстік сибирьлік тайпалар тарихы жөнінде”, “Абылай”, “Қырғыздар туралы” публицистикалық мақалаларының тарихи танымдық маңызы зор. Ал “Жоңғария очерктері” деген шығармасы – қазақ жолжазбаларының алғашқы үлгілерінің бірі. Шоқан бұл шығармасын 1860 жылы Петербургте жазып, 1861 жылы А.Н.Бекетовтің редакциясымен шығып тұрған “Орыс география қоғамының запискаларында” (І және ІІ кітаптарында) тұңғыш рет жариялады.
Шоқан – публицист қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтерді. Соның бірі – орыс әліпбиін қабылдау идеясы, қабылдағанда да қазақ тіліне тән дыбыстарды қосымша таңбалау қажеттігін қазақ зиялылары ішінде бірінші айтқан Шоқан болатын.
Қазақ жазба публицистикасының атасы болып саналатын қаламгерлердің бірі – Ыбырай Алтынсарин. “Алтынсариннің “Қазақ хрестоматиясы” әрі оқулық, әрі көпшілікке арналған публицистика және көркем әдебиет шығармаларының жинағы, халыққа әртүрлі білім беретін энциклопедияның ролін атқарды” [40, 18 б.], – деп жазды профессор Х.Бекхожин. Алтынсарин публицистикасы ағартушылық функцияны атқар-ды. Ыбырай өзінің 1862 жылғы бір хатында: “Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық. Бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз. Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық. Мәселе оны ағартуда болып отыр” [41, 186 б.], – деп жазды. Дәл осы ойлар оның көп публицистикалық шығармаларының алтын арқауы болды. Оның алғашқы публицистикалық мақалалары “Оренбургский листок” газетінде басылды. Алтынсарин көтерген ауқымды қоғамдық мәселелердің бірі – отырықшылыққа үндеу болатын. Бірақ ол қазақ халқының көшпелі тұрмысқа негізделген салтын бірден жойып жіберуге қарсы болды. Ол түбінде, бірте-бірте отырықшылық саясатының қажеттігін көпшілікке түсін-діруге тырысты. “Әрбір халық прогресті жолмен дами отырып, ақыр аяғында көшпелі салтпен отырықшылыққа айналуға тиіс”[42],– деген тұжырымы Ыбырай – публицист ойларының өміршеңдігін көрсететін дәлел. “Қазақ даласындағы ашаршы-лық жайында” деген мақаласында, жұт болып, аштық жайлаған қазақ халқының аянышты халын суреттей келіп, публицист патша үкіметінің отаршылдық саясатына ашық қарсы шыққан кезі де болды. В.Катаринскийге жазған хатында, шұрайлы жерлерді тартып алып, күштеп отырықшылыққа енгізу саясатын әшкерелеп: “осындай ерсі жобаларды оқығанда және естігенде салың суға кетеді. Сондықтан қолайсыздау істеп отырғанымды біле тұрсам да, өзімнің оған қарсы екендігімді білдіруге бел байладым” [42], – деп патша саясатына ашына, ашық қарсылық білдіреді. Жалпы Ыбырай публицистикасына тән қасиеттердің бірі – батылдық, өткірлік деген ойдамыз.
Ыбырайдың “Қыпшақ Сейітқұл” деген шығармасы – нағыз жазба публицистиканың алғашқы үлгілерінің бірі. Оған себеп – кейіпкер ретінде тарихта болған адам алынған. Сонымен бірге оқиғаның болған уақыты да нақты көрсетіледі. “Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830 жылдарда өтіпті-міс. Сол данышпан кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп” [43, 47 б.], – деп шындыққа құрған оқиға екендігін дәлелдейді автор. Алтынсарин шығармасындағы Қыпшақ Сейітқұлдың ұрпақ-тары қазіргі күнде де Қабырға өзенінің бойында, Қостанай облысы Аманкелді ауданында егін шаруашылығымен айналы-сып келеді. Публицистиканың күш-қуаты, онда айтылған ойдың өміршеңдігіне – бұл да бір дәлел болса керек.
Батыс және Шығыс мәдениетінің қайнарынан қанып ішкен ғұлама Абай шығармалары да – қазақтың жазба публицисти-касының көрнекті үлгілері болғандығы айқындалған. “Абай өзінің туындыларында оқу-ағарту, философия, педагогика, әдебиет пен өнер, мораль жөнінде және қоғамдық өмірдің проблемалық мәселелері жөнінде сөз қозғады” [40, 20 б.]. Абай өлеңдерінде сол заманның – ащы шындығы, қоғам көрінісі, дала қазақтарының бүкіл тұрмыс- тіршілігі көрініс табады.
Мысалы: “Қазақтың қайсысының бар санасы?// Қылт етерде дап-дайын бар жаласы.// Пысықтықтың белгісі – арыз беру// Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы” [45, 38 б.].
Немесе
“Жамантайдың баласы Көжек деген,//Әркімге өсек тасып безектеген.//Досын келіп досына жамандайды// Шіркінде ес болсайшы сезед деген” [45, 52 б.], – сияқты өлең жолдарында пысықайлық, арызқойлық, жалақорлық, өсекшілік, екіжүзділік секілді қазақ бойындағы жат қылықтар ащы сынға алынады. “Күлембайға”, “Назарға”, “Көжекбайға”, “Интернатта оқып жүр”, “Ғылым таппай мақтанба”, “Заман ақыр жастары”, “Қайғы шығар ілімнен”, “Қатыны мен Масақбай”, “Күйісбайға”, “Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап”, т.б. көптеген өлеңдерінде өз заманындағы адамдар бейнесін жасай отырып, сол кездегі қазақ қоғамының жамандығынан жирендіреді, жақсылығына үйрендіреді. Қоғамдық маңызы зор ой, идеяларды әсіресе жастар санасына сіңіруге тырысты.
“Стиль идеялық мазмұны жағынан алғанда Абайдың карасөздері – нағыз публицистикалық шығарма” [40, 21 б.],– деп айқын көрсетіпті профессор Х.Бекхожин.
Абайдың жиырма төртінші сөзінде: “Осы күнде жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллион қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрттануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?” [45, 118 б.] – деп қынжылады, қазақ бойындағы келеңсіз кепиеттерді сынға алады, оны қоғамның дерті ретінде сылып алып тастауды көздейді, санасында сәулесі бар жастардың намыс отын жанып, жарық жолға, жарқын болашаққа сүйрейді. Міне – Абай публицистикасының негізгі желісі осылайша өріледі. Абайдың қара сөздері қоғамдық, азаматтық ойларға толы. Бұл қазақ публицистикасының тамаша бастама үлгісі болып табылады. Абай қара сөздері ойға, түйіндеу, топшылауларға молынан қаныққан. Мұнда Абайдың өзгеге ұқсамайтын өз үні, өршіл публицистің өз идеалдары бар. Бүгінгі қазақ публицистикасының табиғаты да сол ұлылар Шоқан, Ыбырай, Абай ойларынан өріс алып жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *