Шешендік сөздердегі публицистикалық белгілер

Шешендік сөздердегі публицистикалық белгілер

Б.Жақып

Ауыз әдебиетінің бір түрі – шешендік сөздердің құнды-лығы – олардың өмір шындығына негізделуінде ғана емес, ой тапқырлығында деуге болады. Шешендік сөздер халық даналығының қазақ халқының тіл байлығының жарқын көрінісі. “Халық барлық заттық байлықты жасаушы күш ғана емес, ол – рухани байлықтың да бірден-бір сарқылмайтын көзі, ол – барлық ұлы дастандар, жер жүзіндегі барлық трагедияларды және олардың ішіндегі ең ұлысы – бүкіл дүниежүзілік мәдениет тарихын жасаушы, шығарманың шығу уақыты, көркемдігі мен даналығы жағынан алғанда да ол бірінші философ, бірінші ақын” [108, 26 б.] – деп жазыпты орыс жазушысы М.Горький. Бұл ертеректе айтылса да, халық даналығына берілген шын баға деуге болады.
“Қиуадан шауып, қисынын тауып” сөз айту – әйгілі қазақ би-шешендеріне тән қасиет. Ғалым М.Балақаев пернелі шешендік сөздерді публицистиканың сөйлеу ретіндегі түрі [109, 248 б.],– деп айқын көрсетіп кеткен. Бізге керегі де шешендік сөздердің осы қыры.
Қазақтың ұлы перзенті Ш.Уәлиханов: “Билердің беделі Европадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздері-нің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған” [110, 77 б.], – деген тұжырым айтады.
Ал, жалпы шешендік-тапқырлық сөздер осы заманға әбден іріктеліп, сұрыпталып жеткен. Жаңа дәуірге сай жаңа мазмұн тауып, жаңғырып отырған.
“Бізге жеткен шешендік сөздердің ішінде белгілі адам-дардың атынан айтылғандары көп. Бұл айтушылар қоғамдық дамудың әр түрлі сатысында өмір сүрген, әр топтан шыққан адамдар…” [13, 4 б.]. Қазақ тарихында шешендік сөздерді – билер, ақындар, батырлар айтқан. Шәкәрім Құдайбердіұлы “Би һәм билік туралы” деген еңбегінде: “…Ақыры қазақтың әр билігінің мақалы бар. Мысалы:
1. Би екеу болса, дау төртеу болады”.
2. Дау құтырса биін табар, ит құтырса иесін қабар”.
3. “Куәлі істі куә табар, куәсіздерді күмән табар”.
4. “Айғақтың тазасы күмәнмен мойынға салар”.
5. “Бір дауда екі күмән жоқ, бір істе екі жаза жоқ” т.б. [96].
Ахмет Байтұрсынов болса: “Шешен сөздің зор мүшелері бесеу: а) бастамасы, ә) ұсынбасы, б) мазмұндамасы, в) қыз-дырмасы, г) қорытпасы” [1, 223 б.], – деген түйін жасайды шешендік сөздердің құрылымы хақында.
“Әдебиет тарихы” деген кітабында М.Әуезов: “Ауызша әдебиеттің ішінде елдің белгілі ұғымын білдіретін, жалпы дүниеге көзқарасын сездіріп, өткенді қалай түсінуін көрсететін сөздің барлығы да бір-ақ адамға тиісті емес, ол көптің өнері, жалпақ елдің сыбағасына тиетін өнер туысы” [72, 188 б.], – дей келе, билік айтыстарын” 1) дау мен билікті қоса айтып, ру жігінің бетімен сөйлейтіндері болады, 2) Екі бидің әділ билікке таласып айтқан талас сөздері, 3) Арбасып, ырғасып жұмбақ-пен, тұспалмен айтысатын талас билік, 4) Дау мен билік тұсында не жамандап не мақтап айтатын сөздер” [72, 188-191 бб.], – деп шартты түрде билік шешен сөздерін жіктейді.
Шешендік сөздерді зерттеу, жинақтау ісіне үлес қосқан-дардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол өзінің “Қазақ әдебиеті” деген кітабында “Билердің сөздері” деген тарау енгізіп, шешендік сөздер мен мақал-мәтелдердің ара қатынасына көңіл аударған. С.Сейфуллин шешендік сөздерге қатысты бір түйт-кілді дәл айтып берген: “Пәлен бидің сөзі екен деген сөздің көбін осы бидің өз жанынан шығарған сөзі деп бекіте айту қиын. Өйткені бір бидің сөзін екінші би жатқа алып өзінікі қылып айта берген. Осы күні бір рудан “пәлен би айтқан екен” деген сөздерді тексеріп келсең, ол биден талай жыл бұрын басқа бір би айтқан сөз болып шығады” [111, 144 б.] – деген екен.
Қазақ би-шешендері мұрасын жинақтап, көпшілікке ұсынуда көп еңбек сіңірген ғалым, профессор Н.Төреқұлов: “Қазақ ел таныған шешен, билерге кенде болмаған, ұлы Шоқанның айтуынша, оларды халық өздері қалап, би атап отырған, ешқандай арнайы сайлау, үкімет тарапынан тағайындау болмаған. Ал, би болып белгіленетін кісілер өзінің шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі ақылгөй, халық қамқоры болған” [112, 4 б.], – деп “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” мақалымен ой төркіндестіреді.
Шешендік өнердің табиғатын зерттеуші, профессор С.Негимов: “Қазақ қоғамында шешендік өнердің алатын орны зор. Ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде, елді сәулелен-діру жолында, әрине, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып екшелген, жинақталып жүйеленген ақыл-нақыл, өсиет-насихатқа негізделген отты да нақышты, шебер де шешен айтылатын ауызша сөздің тағылымдық-танымдық әрі тәрбиелік мәні айырықша” [113, 23 б.], – деген екен. Жалпы осындағы шешендік сөзді ерекшелейтін белгілердің қоғамда зор орын алуы, ұрпақ тәрбиесіне, ел басқару жүйесіне қатысуы, танымдық-тағылымдық мәні деген қасиеттердің бәрі публицистикаға да тән. Тек, “шешен сөз ауыз айтылады, көсем сөз жазумен айтылады” [1, 223] – деген жерден айырылады.
Енді арғы-бергі шешендік сөздердің кейбір үлгілерін қа-растырып, әйгілі би-шешен бабаларымыздың айтқандарының ішінен қоғамдық маңызы зор мәселелерге назар аударайық.
“Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген аталы сөз бүгінгі күндерге өзгермей жетті. Майқы би бабамыз – көп-теген әдеби, тарихи зерттеулерде қазақтың ғана емес, бүкіл түркі тіл-дес халықтарымыздың бас биі ретінде аталады. Майқы шешен ХІІ ғасырда өмір сүрген деген деректер де бар [112, 9-10 бб.].
Майқы би тауып айтатын тапқыр, әділін айтатын дана ғана емес, болашақты болжайтын әулие де болған деген аңыздар бар. Соның бірінде: “…Бірде Майқы би билік құрып отырып қалғып кетіпті дейді шежіре. Жанындағы билердің бірі мұны ұят көріп, Майқы қауырт келген ұйқыдан сергісін деп тамағын кенеп, жөткірініпті. Сонда көзін ашып алған Майқы:
Қап, шіркін-ай, аяғын біле алмай қалдым-ау! – депті. Қасындағы билер оның түрі кетіп, түсі қашқанынан шошып, үндей алмапты. Сөзді Майқы өзі бастапты:
Көзі қысық, тісі қисық жаудан гөрі, көзі шегір, өзі жемір жаудан ұрпағым көп қорлық көретін болды. Аяғын біле алмай қалдым. Ұрпағымның керегесі сөгіліп, уығы сынып, шаңырағы шайқалатын кез болады екен. Ұрпағым ынжықтық танытып, мына маған сөйлей алмай отырған сендер сияқты мөнді-мөнді деп ұзақ уақыт соның табанында болады екен. Әттең аяғын білгенімде шаңырағы шайқалмаудың амалын білетін едім, біреуің тамағыңды кенеп жөткіріндің, мажалы көзі шегір, өзі жемірге де алғашқы иек артуды өз тұқымым жасайтын болады екен. Әттең… [112, 10 б.].

Көне аңыз түрінде бізге жеткен осы әңгімедегі Майқы бидің әулиелігі – шын мәнінде бастан кешірген тарихи жағдайды еске салады. Үш ғасырға жуық уақыт көрші орыс патшалығының отарында болғанымызды көріп, болжаған екен баба би.
Майқы би кезінде бір тұтас қазақ елін құруда көп еңбек сіңірген қайраткер деп те айтады. Мәселен, Қазақ энцикло-педиясында бұл жайлы былай делінген: “Халық аңызында Майқы би (екінші Майқы) Орманбет би өліп, он сан Ноғайлы елі бөлінгенде қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер бейнесінде сипатталады. Майқы би қазақ руларын үш жүзге (“Жүз” – арапша “бөлік”, “бөлім”) топтап Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Қабанұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғамұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атады. Ноғайлы хандарының бірі Қызыл Арыстанның баласы Ахметті (Алаша хан) Ұлытауда үш жүздің ханы көтереді. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі. Ұлыста бірінші туды ұстаған Үйсінге “Жалау”, ортада жүретін Арғынға “Көз”, жауға алдымен шабатын Алшынға “Найза” таңбасын берген. 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Таңбалы тас – Майқы таңбасы кейін жер атымен Нұра таңбасы атанған” [114, 384 б.]. Сонымен Майқы би бабамыз аузы дуалы, сөзі уәлі шешен болумен қатар, қазақ елдігінің қалыптасуына үлес қосқан көсем де екен. Ол айтқан аталы сөздерде адамгершілік, ар-намыс, ел бірлігін сақтау мәселелері айқын көрінеді. Өз тұсындағы тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған Майқы би хандарға да, би, бектерге де батыл сөйлеген, кемшіліктерін көрсетіп, жақсылыққа жетелеген. Сол кездері ауызша жақұттай төгіліп түскен асыл меруерт сөздің қуаты да күшті болған. Билердің айтқан сөзіне тоқтап, ел мен ел соғыспаған, жаға жыртыспаған. Талай адамның тағдырын сөз күші шешкен. Сөз болғанда да, бүкіл елі, досы да дұшпаны да мойындаған асыл текті би-шешендерден қалған сөз. Майқы би бабадан бүгінге жетті деген сөздердің бір парасы мыналар:

“Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді”.

“Бірлік түбі-береке,
Береке түбі – мереке.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Ел болуды ойлаңдар”.

“Би екеу болса, дау төртеу болады”

“Аспан ашық болса,
Күн шуақты болады.
Хан әділ болса,
Халық ынтымақты болады…” [112, 15 б.].

Осы ел арасында жатталып, нақылға айналып кеткен баба шешен сөздері қаншама ғасырлар бойы халықты бірлікке, алауыз болмауға, елдікке, ерлікке, бейбітшілікке, әділдікке, ынтымаққа үндеп, шақырып келеді. Шешендік сөздердің публицистикалық әсер ету қуаты да ұзақ уақытты қамтитын-дығының дәлелі болса керек – бұл.
“Өлмейтұғын артына сөз қалдырған” би бабалардың бірі – Төле Әлібекұлы. 1663 жылы Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келіп, 1756 жылы қайтыс болған. Зираты – қазіргі Ташкент қаласында. Төле би шешті деген жер дауы, жесір дауы, мал дауы көп. Төле би айтты деген шешендік өсиет пен шешендік нақыл да ел аузында сақталып келген.
Профессор Ж.Дәдебаев: “Заманының кемеңгер саясаткері, сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем Төле бидің артында даналығына куә болып билік шешімі, тыңдаған жұрттың ойын ұйытып, сезімін балқытқан асыл сөздері, сырты күміс, іші алтын шешендік толғаулары қалды, солардың бәрінің өзегінде күн нұрындай жарығын шаша балқыған арман, бидің алдын-дағы ел-жұртын басы біріккен іргелі, егеменді ел етсем деген ұлы арманы қалды” [115, 186 б.], – деп ынтымақты тәуелсіз қазақ елінің болашағы үшін Төле бидің зор еңбек сіңіргенін атап көрсетеді.
Билер ел ішіндегі ахуалды реттеп отырумен бірге, жауға қарсы күрестерді де сөз күшімен ұйымдастырған. Мәселен, 1740 жылы жоңғар қалмақ билеушісі Қалдан Цереннің қол-шоқпарлары Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіреді. Төле би бастаған ел Ташкенттен қуылады.
Күлтөбенің басындағы ел басшылары жиынында Қарабек батыр:
Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ, – дейді.
Сонда Төле би: “Атадан ұл туса игі,// Ата жолын қуса игі.// Өзіне келер ұятын,// Өзі біліп тұрса игі.// Жаудан бұққан немені,// Ортасынан қуса игі”, – деп, шырық бұзғандарды қудырып жіберіп: жалынды бірігу, күреске шақыру сөзін төгеді.
“Уа, көсіле шабар, жерің бар,// Ту көтерер ерің бар.// Қол боларлық елің бар,// Атадан қалған жолың бар,// Құлдық ұрсаң дұшпанға// Арылмайтын сорың бар…// Құлдық ұрсаң дұшпанға,// Еркек болып туды деп// Мына сені кім айтар?” – деп бүкіл қазақтың намыс отын жағып, рухын көтеріп сөйлейді. Төленің осы төрелік сөзін өзгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктіріпті деседі” [112, 51-52 бб.]. Міне – ел басына күн туған шақтардағы шешендік сөздің көпшілікті иландыра отырып, ауыз екі ықпал етудің маңызы мен қуатының дәлелі.
Төле би айтты деген мына қанатты сөздерге назар аударайық:
“Асып тусаң Керей бол,// Үш қазаққа мерей бол.// Уақ болсаң Шоға бол,// Даулы істе жорға бол.// Арғын-Қыпшақ болсаң Алтай бол,// Найман-Қоңырат болсаң Матай бол.// Байұлы болсаң Адай бол,// Үйсін болсаң Ботбай бол.// Бұл алтауы болмасаң,// Қалай болсаң солай бол?” [112, 66 б.].
Бұл сөздерде қазақ руларына қатысты баба ойлары беріл-ген. Осы нақылдар әлі күнге ел аузында сақталып келеді. Ше-шендік сөздердің нақты өмір деректеріне құрылатындығы, ди-дактикалық сарын мен публицистикалық сипатының өміршең-дігіне көп мысалдар келтіруге болады. “Шежіре өрген сырлар-ға үңілсек, “Төле тауып айтады, Қазыбек қазып айтады, Әйтеке жарып айтады” деген тағылымды тәмсіл бар. Бұлар мемлекет тағдырына ерекше ықпал еткен. Тұйыққа тірелгенде тұйғын-дық, қапияда қырғилық танытқан… Түйіп айтқанда, бұлар – қазақ мемлекетінің келешегі үшін күрескен саңлақ қайраткер-лер, дәрежесі биік санаткерлер, ұлттық қаһармандар” [113, 49 б.].
Қазақтың шешендік өнеріне зор үлес қосқан тұлғаның бірі – Келдібекұлы Қазыбек. 1667 жылы туып – 1764 жылы дүние-ден өткен абыз қарт. Қазыбек шешен де ел ісіне ерте араласып, өзінің асыл туған тектілігін жау екеш жаудың алдында дәлелдеген деген сөз қалған көнеден.
Соның бірінің қысқаша мазмұны мынадай: Қалмақтың ханы Қонтажы қазақ елін үш рет шауып, малдан бөлек, бірталай қазақ ұл мен қызын тұтқынға әкетеді. Сонда қазақ билері: “Қалмақта ұлымыз құл, қызымыз күң боп кеткенше, шайқасайық!” – деп Абылайға келеді. Сонда Абылай хан “Біз әлі де тілі өткір елші жіберіп сынасқанымыз жоқ, іріктеп елші жіберейік оған есе бермесе сонсын шайқасайық”, – дейді. Бұл жұмысты Қаракесек Келдібек биге жүктейді. Келдібек өзі бара алмай, ақыры Қазыбек деген баласын сынамақшы болады. Алдымен Қазыбекті әкесі сынға алады, онан соң Абылай ханның сынынан да өтеді, сөйтіп бала Қазыбек үлкен жүк арқалап қалмақ ханы Қоңтажының алдынан бірақ шығады.
Өй өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.
Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым Қаракесек – депті.
Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! – депті хан.
Сонда Қазыбек:
Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
“Сен қалмақ та, біз қазақ,// Қарпысқалы келгенбіз,// Сен темір де біз көмір,// Еріткелі келгенбіз,// Екі еліктің лағын// Теліткелі келгенбіз.// Танымайтын жат елге// Танысқалы келгенбіз,// Танысуға келмесең,// Шабысқалы келгенбіз,// Сен қабылан да, біз арыстан,// Алысқалы келгенбіз,// Жаңа үйреткен жас тұлпар,// Жарысқалы келгенбіз,// Тұтқыр сары желімбіз// Жабысқалы келгенбіз,// Берсең жөндеп бітімді айт,// Бермесең дірілдемей жөніңді айт,// Не тұрысатын жеріңді айт!” – депті.
Сонда Қоңтажы не дерін білмей сасып қалыпты… Барлық қалмақ жиылып, ханның қасына келіпті:
Бір жұдырықтай баладан қарасуға түсіп, осынша дірілдеп кеткеніңіз не? – деді. Сонда Қоңтажы тұрып:
Сендер білген жоқсыңдар. Сөзді өңменімнен сұғып айтқан кезде, екі иығымнан екі аю ауызынан от шашып “тырп” етші, “көрейік” деп тұрды. Мінеки, мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен маған көрінді. Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ, мал мен жанын есептеп алдына салып беріңдер,– депті [112, 95-102 бб.].
Осындағы бала Қазыбектің төгіп айтқан кестелі сөздері, қазақ тілі өрнегінің, байлығының, өршіл лептілігінің жарқын дәлелі болса керек. Әсіресе бірінші иірімдегі елміз деген сөз қайталанған сайын қазақ елінің рухы аспандап, мәртебесі биіктей береді. Дәл осындай бір сөзді қайталау арқылы өз ойын күшейтіп жеткізу, өз идеясын әсерлі жеткізу тәсілі осы халықтық дәстүрден бастау алады. Сол дәстүрді әр жылдары жаңғыртып, өз публицистикасында қолданған тұлғалар ретінде Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтарды атауға болады.
Әйтеке (шын аты Айтық) Байбекұлы 1644-1722 жылдары өмір сүрген Кіші жүзден шыққан атақты шешен-би. “Қазақ руларының басын біріктіріп бір орталыққа бағындырған және туысқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарын одақтастырып Жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарап бірыңғай халық майданын құрған Тәуке ханның кеңесші, көмекшілерінің бірі Әйтеке болған. Сайып келгенде, Әйтеке шешендігімен бірге негізінде ел басқарған, заң жасасқан, феодалдық қазақ мемлекетін құрысып, нығайтуға үлес қосқан қоғам қайраткері” [116, 48 б.]. Әйтекенің жарып айтқан сөздері көп аузында сақталып, қалың елдің ту қып көтерер ұранына, шам қып жағар шырағына айналған.
Мәселен, Ормамбет биге қарап,
“– Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,// Батыр болсаң жауға найзаң тисін.// Бай болып елге пайдаң тимесе,// Батыр болып жауға найзаң тимесе,// Елден бөтен үйің күйсін!…” [112,
133 б.] – деген екен.
Төле би мен Қазыбек бидің әділ билігіне риза болып көп адамның алдында Әйтеке:
“Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса,//Бай болар кедей жігіт мүлкі болса.// Жақсылардың белгісі сол емес пе,// Қара қылды қақ жарған әділ болса”, – деген екен [112, 133 б.]. Жалпы Әйтеке бидің айтқан сөздерінде ел қамы, туған халқының зар-мұңын жеп айтқан, бірлікке, ынтымаққа үндеген, қазақтың тұтастығын ту қып ұстаған даналық маржандары көп-ақ.
Билік тарихында қазақтың Төле би, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің орны ерекше. Бұл үшеуін өз дәуірінде елін, жерін шапқыншы жаудан қорғап қалуда, елдің, халықтың бірлігін, ынтымағын сақтауда, адамгершілік, парасаттылық, ата-баба намысын, дәстүр-салтын сақтауда зор еңбек сіңірген хандарға, патшаларға, ақыл-кеңес берген билердің биі, ұлыстың ұлы биі, бас би, ата би, баба би, көсем би деп қадір тұтамыз.
Қазақ би-шешендерінің сөздері өз заманында маңызды қоғамдық рөл атқарған. Көне қазақ мемлекетінің қалыптасып дамуында сөз құдіретінің орны зор болған. Бір мезгілде қалың қауымға әсер етіп және оларды бірігіп іс-қимылға көшуге шешім қабылдауға сендіру, иландыру, керек жерінде ояту дәл сол кезеңде ауызша сөз айту пәрмені арқылы ғана жүзеге асатын еді. Ал қазақ қоғамындағы шешендік сөзге, билік шешімге жүгінудің орны орасан зор болатын. Өйткені қазақ даласындағы басқару ісі ауызша сөз арқылы жүзеге асты. Қазақ хандары да, билері де, елшілері мен батырлары да алмас сөздің қадірін біліп, әр сөзге мән беріп сөйлеген. Айтылған сөзді – атылған оққа теңеген. Ел мен елдің арасындағы көптеген дау-жанжал, түсінбестіктерді ақылмен, парасатпен, жарасымды, жігін тауып айтылған сөз арқылы тігісін жатқызып шешіп отырған. Сөз – қан төгуді болдырмаған. Сөз – бейбіт өмірдің берекесін кіргізген. Сөз – тәрбие құралы болған. Сөз — қазақтың ынтымақты бірлігінің шырайын кіргізген.
Шешендік өнер өрнегінен бірнеше мысалдар келтірейік:
“Ағайын ала болғанда,// Ауыздағы ас кетер.// Аңдыған дұшпан күшейіп,// Жау қолында бас кетер…” (Айтхожа шешен) [13, 81 б.].
“Аласаны атқа санама,// Жаманды затқа санама.// Бір сынаған жаманды// Егіз екі сынама,// Тіріде сыйласпаған туыс,// Көзіңе құм құйылсын,// Өлгенде жылама!”(Ізбасты шешен) [13, 82 б.].
“Көш бастау қиын емес,// Қонатын жерде су бар.// Қол бастау қиын емес,// Шабатын жерде жау бар.// Шаршы топта сөз бастау қиын,// Шешуін адам таппас дау бар”. (Бұқар жырау) [13, 88 б.].
“Батпағы бар көлдерден// Су ішетін сай артық.// Қамшылатқан шабаннан,// Өзі жүрген тай артық.// Ас болмайтын арықтан,// Достың берген наны артық.// Жаманмен жолдас болғанша// Аулақ жүрген көп артық.// Әділ бидің кегі жоқ,// Білімді туған жігіттің// Әділ биден кемі жоқ”. (Шауыпкелді шешен) [13, 87 б.].
Осы нақылға айналып кеткен шешендік сөздердің мән-мағынасы, қазақи тәрбиелік құны жыл өткен сайын күшейе бермек. Ендеше шешендік сөздердің ықпал ету, әсер ету қуаты – ғасырлар бойы сарқылмақ емес. Шешендік сөздер – халқы-мыздың дарындылығы мен ақыл-парасатын, тапқырлығы мен әділдігін, кеңпейілдігі мен қонақжайлылығын көрсететін, қазақ халқының сом тұлғасын сөзбен соққан мұқалмас асыл қазынамыз. Сондықтан да бүгінгі қазақ публицистикасының нәр алар бір бастау бұлағы да – сол би-шешендерден қалған сөздер. Ағылып айтқан, төгіліп айтқан, екпіндеп айтқан, екіленіп айтқан, сынап айтқан, мінеп айтқан, түйіп айтқан, жығып айтқан, қауып айтқан, тауып айтқан бабалардың інжу-маржан сөздерінде – жалпы қазақ сөз өнерінің таусылмас кені жатыр. Қазақтың шешендік сөздерін жинап, баға берген академик В.В.Радлов қазақ шешендік өнерінің өзіндік ерекшелігін де тап басып көрсетіпті: “Қазақ тілі – исләмнің бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай, түпкі таза түрін-түркі сыйпатын сақтап қалған тіл. Рас, мұнда да бірен-саран жат сөздердің енгені байқалады. Бірақ ол сөздер… қазақ тілінің үндестік заңына бағынып, бірыңғай халық тілінің қорына қосылған. Қазақ тілінің осы тазалығы мен табиғилығы, (астын сызған біз – Б.Ж.) сондай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегі мұраларды менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқаларын құрастырған жинақтардың толық бір томын ар-науыма себеп болды. Оның үстіне қазақтың басқа бауыр-ластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті” [117]. Бұл тұжырымда қазақ шешендік өнеріне зор баға берілген. Ал академик Радлов көрсеткен тіл тазалығы, табиғилық, тапқырлық және шешендік сияқты қасиеттер жаңадан қалыптасқан қазақ публицистикасының бойынан да табылатындығы, дәстүр мен жалғастықтың көрінісі болар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *