Б.Жақып
Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси
бағыттағы публицистикасы
Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап, газет ісіне белсене араласып, публицистика саласында көп қалам тербегендердің бірі – Сәкен Сейфуллин болды. Оның публицистикадағы қалам алысы 1913 жылы “Айқап” жур-налында жарияланған “Омбының центрально-фельдшерская школасы” /А-п. 1913, №21/, мақаласымен басталған еді. Мұнан кейін “Айқапта” “Манап” драмасы туралы” /А-п. 1914, №23/, сын мақаласы басылып, “Жайлауда қымыз ішу” /А-п. 1915, №1/, “Туған жерім өз елім” /А-п. 1914, №11/ деген өлеңдері жарияланған болатын. 1916 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген Сәкен тәжірибелі публицист Рахымжан Дүйсенбаевпен бірлесіп, 1917 жылдан Ақмолада “Тіршілік” газетін шығара бастады. “Тіршілік” – Кеңес өкіметі саясатын жақтаған алғашқы басылымдардың бірі еді. Бұл жөнінде зерттеуші С.Н.Имашев: “1918 жылдың басында Ақмола уезіндегі революциялық комитеттің органына айналған “Тіршілік” газеті Совет үкіметі үшін халықты күреске жұмылдыруда орасан зор жұмыстар атқарды. “Тіршіліктің” шығуына аса көрнекті қазақ жазушысы, сол кезде Ақмола Совдепінің мүшесі болған С.Сейфуллин қатысты. Газетке жариялау үшін ол Совет үкіметінің “Россия мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына” деген белгілі үндеуін аударды” [184, 49 б.], – деген пікір айтты. “Тіршілік” газетінің негізгі жүгін көтерген Сәкен болды. “Сәкеннің журналистік қызметі 1917 жылдың апрель айында Ақмолада шыққан “Тіршілік” газетінен басталады. Ол газет тек бірнеше рет қана шықты. Оның ресми редакторы басқа кісі болды (Аты аталмай тұрған – Рахымжан Дүйсенбаев – Б.Ж.). Ал іс жүзінде газеттің редакторы, жаны, жүйке тамыры Сәкен болды, негізгі мақалаларын Сәкен жазды. Сонымен Сәкен өзінің журналистік қабілетін танытты” [188, 24 б.].
Шын мәнінде “Тіршіліктің” бетінде Сәкеннің мақала, өлеңдері жарық көрді. Әсіресе оның “Күзетші иттер” атты өлеңмен жазылған памфлеті үлкен резонанс туғызды. Кейіннен өзінің “Тар жол, тайғақ кешу” кітабында Сәкен бұл памфлеттің ішкі мазмұны туралы былай деп жазды: “Менің “Тіршіліктің” бір нөмірінде басқан “Күзетші иттер” деген өлеңіме комитеттің төр ағасы Құсайын Қожамбердіұлы едәуір шамданып жүрді. Бірақ не қылсын? Комитет елден ақша жинамақ болды. Байдан да жеті жарым сом, кедейден де жеті жарым сомнан… Өздерінің батагөйлері, мың-мың жылқылы байлар – Сағынай-дың Нұрмағамбеті, Олжабайлардан да жеті жарым жарым сом, Ақмоладағы жатақ Балақаннан да жеті жарым сом…
Әрине біз бұған қарсы тұрдық. “Тіршілік” арқылы да, әсіресе ауызша сөз жүргізіп, комитетке жөнді ақша бергізбедік” [190, 79 б.].
“Тіршілік” газеті С.Сейфуллиннің публицистік қаламы ұшталып, әлеуметтік көзқарасының қалыптасуында үлкен тәжірибе мектебі болды.
1921 жылы 15 сентябрьден бастап тұңғыш кеңестік журнал “Қызыл Қазақстан” шығарыла бастады. Журнал бетінде Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешу” романының алғашқы тарау-лары мен бірнеше публицистикалық мақалалары жарияланды. Профессор Т.Қожакеев: “1922-24 жылдары С.Сейфуллин “Қызыл Қазақстан” журналына да көп мақалалар жазды. Мұнда “Аштардың рухтары”, “Эсер партиясы һәм олардың айыптылары туралы билік”, “Октябрь һәм ұлт мәселесі”, “Иван мен Мырзабек”, “Әдебиет һәм оның бағыттары”, “Әдебиет һәм оның ағымдары”, “Биылғы Совет сайлаулары”, “Ленин һәм оянып келе жатқан Күншығыс” деген мақалалары басылды” [160, 146 б.] – десе, зерттеуші Т.Ыдырысов: “1923-1924 жылдарда С.Сейфуллиннің “Биылғы совет сайлаулары”, “Қазіргі саяси хал һәм Октябрь революциясының 6 жылдығы”, “Өткен істердің қорытындылары және алдағы істердің бағдары” мақалалары жарияланды”[191, 183 б.], – деп жазды.
“Қазіргі саяси хал һәм Октябрь революциясының 6 жылдығы” деген публицистикалық мақаласында төңкерістен кейінгі елдегі жағдаймен, тіпті әлемдегі саяси ахуалмен оқырманды таныстырады. “1923 жылдың 7-ноябрінде Ұлы Октябрь төңкерісіне 6 жыл толады. Сол ұлы төңкеріске, ұлы өзгеріске 6 жыл толған қарсаңындағы жер жүзінің жалпы саяси жайы, оның бер жағында Европа елдерінің саяси жайы тасыған теңіздің ортасындағы қалтылдаған жеңіл қайық сияқты… Қазіргі Европадағы байлардың, төрелердің халдері “өте қауіпті, өте қорқынышты, өте тынышсыз”. Қазір Европадағы байлар мен олардың үкіметтері жанталасып өздерінің байлықтарын, үкіметтерін қолдарынан шығармауға аласұруда” /ҚҚ. 1923, №22/, – деп Сәкен – публицист Европадағы жағдайдың шиеленіскен, бай, кедей боп тартысқан жағдайын көрсетеді. Публицистика – дәуір үні екендігін білеміз. Кеңес-тік, большевиктік заманда Сәкен-публицист өз қоғамынан оқшаулана алмайды. Сол кезеңнің, сол дәуірдің тамырының солқылын, жүрегінің соғысын танытты. Ал алып кеңестік режимге қарсы сөйлеу – өлімге бара бар еді. Сәкен – публи-цист Кеңес өкіметінің жақсы саясатын да көре білді, әрі қазақ халқы үшін басқа жолдың жоқтығын алғашқылардың бірі болып тез түсінді. Кеңес саясатын жақтай отырып, ұлтқа қызмет еткісі келген публицист ойлары оның “Қызыл Қазақстанда” жарияланған “Октябрь һәм ұлт” мақаласында көрініс тапты.
“Россияда әр ұлттың автономиясы құрыла бастады. Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан, Қалмақ, Украина, Белорусь, Қырғыз, Азербайжан, Дағыстан һәм басқа автономиялар құрылып, бәрін де коммунистер жобасымен совет үкіметтері жасалып, бәрі құрасып орталық үкімет Мәскеуде болып жалпы Россиялық бірдейлік негізіне құрылған құрамалы Советті (кеңесті) республикасы болды.
Мұндай үкімет жасау, қазіргідей тәртіп жасап іс жүргізу коммунизмнің түпкі мақсатына бару үшін жасап отырған жол. Басқа түрлі үкімет жасалса, басқа тәртіппен іс жүргізілсе, коммунизмнің түпкі мақсаты, жер дүниеге бірдейлік, туыс-қандық, махаббат, бақыт орнатуы қиын” [192, 231 б.], – деп кеңес өкіметінің түпкі мақсатын жұртқа түсіндіреді.
“Бірдейлік деген не? Мен қалайша жалпы жұмыскер-лермен бірдейлесемін, мен бұл малды, бұл дәрежені одан тартып алып па едім дейді бай мен төре. Кәпір-мұсылман бірдей болады, бұлай болушы ма еді дейді тағы молдалар” [192, 231 б.], – деп шын мәніндегі Қазақ даласындағы ел түсінігін айқын жазады. Ұлттардың бәрін тең праволы ету жөніндегі кеңес саясатына Сәкен басында сенді. Оның саяси алдамшылық, өзгермелі қайшылықтарын кеш түсінді. Ол үшін Сәкен кінәлі емес. Кінәлі сол кездегі саясат, сол кездегі қоғам. Бізге маңыздысы – Сәкен шығармалары заман шындығын шырайын шығарып жеткізіп бергендігі.
“Қызыл Қазақстанда” Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешу” романынан үзінділер басылғанын айттық. Бұл шығарма туралы да көптеген ой-пікірлер бар. Біз оның публицистикалық сипатына тоқталамыз.
Публицистикалық шығармаларда фактілер деректер қаз-қалпында пайдаланылады, ал көркем шығармада фактілер шартты түрде қолданылады. “Публицистикаға нақтылық тән болса, көркем әдебиетке шарттылық тән” [31, 147 б.].
Автордың оқиғаларды суреттегенде белгілі бір хроноло-гиялық тәртіппен жүйелі түрде дәлме-дәл әңгімелеуі жағынан тарихи мемуарлық романға келеді. Ал оқиғаның болған жері, қатысушы кейіпкерлердің аты-жөні өзгеріссіз, дәл өмірдің өзіндегідей қаз-қалпында берілуі – публицистикаға тән белгілер. Осы жайларды ескере отырып профессор С.Қирабаев: “Тар жол, тайғақ кешу” романының тууы жаңа көтеріліп, дамып келе жатқан жас қазақ совет әдебиетін жаңа бір белеске көтеріп тастады. Және жанры жағынан да әдеттегі романдай емес, тарихи-автобиографиялық белгілерді де қоса қамтып, публицистикалық (астын сызған біз – Б.Ж.) шығармалардың бастамасы болды” [193, 296 б.], – деп атап көрсеткен екен.
Академик – жазушы Ғ.Мүсірепов романның маңызы туралы: “Жікшілдіктің, құр айқайдың негізінде “Тар жол, тайғақ кешуді” ешкім толық бағалаған жоқ. Бірақ Сәкеннің бұл еңбегі ешкімнің жамандағанынан бағасын жоятын емес, келешекте де үлкен мәні бар еңбек” [194], – деп орынды бағалады. Ал профессор Қ.Жұмалиев “Тар жол, тайғақ кешудің” жанрын таба алмай әуреленгендерді сынға ала отырып: “…мәселе оның жанрында емес, еңбекшілер жұртына келтірген пайдасында, шындықты көрсете алуында. Сондықтан бұл кітап тек әдебиетте емес, бүкіл Қазақстан тарихында үлкен орын алады” [195], – деп түйінді ой атты. Осы тұлғала-рымыздың пікірлерін топшылай келгенде, “Тар жол, тайғақ кешу” романы бір жағынан тарихи – мемуарлық шығарма десек, екінші жағынан публицистикалық белгілерге бай публицистикалық роман деуге толық негіз бар. Себебі бұл еңбекте автор очеркті де, мемуарды да, публицистиканы да, саяси сатираны да шебер тоғыстырып, тарихи документтер мен фактілерді ұтымды пайдаланған. Сәкеннің 20-жылдары туған бұл публицистикалық романы – қазақ публицистикасының тар аясын кеңейткен, көкжиегін ұлғайтқан шығарма, әрі қалай десек те, кеңестік кезеңнің жемісі, төңкерістен кейінгі аласапыран уақыттың шежіресі.
“Бұдан бұрынғы “Ұшқын” мен “Еңбек туының” жалғасы ретінде Ұлы Октябрь социалистік революциясының төрт жылдық мерекесі күні – 1921 жылы 7 ноябрьде Орынборда Қазақстан Өлкелік партия комитеті мен Қазақстан Орталық Атқару комитетінің органы «Еңбекші қазақтың“ бірінші нөмірі шықты. Құрамында С.Сейфуллин (редактор), С.Мұқанов, А.Сегізбаев және басқалар болған бірінші редколлегия құрылды” [189, 90-91 бб.], – деп жазды профессор Х.Бекхожин.
Сәкен “Ұшқынға” да ат салысты, “Ғабдолла тірі екен!” деген мақала жариялап, онда Омбы абақтысына қамалған досы, елін сүйген азамат Абдолла Асылбековтің тірі екенін естіп, жүрегі жарыла қуанады. “Ұшқын” “Еңбек туы” болып жалғасқанда да Сәкеннің атақты “Жас қазақ марсельезасы” тұңғыш осында басылады. “Советтік Россияның жайы”, “Совет өкіметі һәм оның дұшпандары”, т.б. мақалалары жарық көреді.
Сәкеннің публицист ретіндегі бейнесі “Еңбекшіл қазақ” газетінің редакторы болған кезінен бастап тұлғалана түсті. Ол 1922 жылдың күзінен бастап 1924 жылдың көктеміне дейін орталық республикалық басылымның басында болды. “…Тек 1922 жылдың аяғы мен 1923 жылда 60-тан аса мақала жариялаған. Олардың ішінде “Қазақ халқының төмен тобының азаматтарына” , “Қазақ жұмыскер, кедейлері газет, журнал оқулары керек”, “Баспасөз майданында”, “Баспасөзді күшейту жұмысы”, “Қазақстан баспасөздері”, “Оқушы жастарға үлгі”, “Екі мейрам”, “Газетке не жазу керек” сияқты мақалаларында баспасөзді тарату, алдыру, оқу, оған қатысу, оның маңызы, мақсаты туралы орынды ойлар қозғаған” [160, 144 б.].
1923 жылы “Еңбекші қазақ” газетінде жарияланған “Баспасөзді күшейту жұмысы” мақаласында автор қазақ баспасөзінің жағдайымен таныстырады. “Революция болып патша тақтан түскен соң Қазақстанның әр жерінде газет, журнал шыға бастайды. Бұл газет, журналдар күні бүгінге дейін түрлі себептермен нашар шығып келді” [192, 334 б.], – деп баспасөз шығарудағы кемшіліктердің себептерін ашуға тырысады. Басты себеп – қаражат тапшылығы, оқушы қауым-ның аздығы мен жергілікті жерлерден газетке жазушылардың жетіспеушілігі екенін нақты дәлелдермен көрсетеді. “Алдымен баспасөзді үкімет тарапынан қаражатпен қамтамасыз ету керек, сосын елден газетке үзбей хабар, сөз жазып тұратын кісілер болсын. Қаладағы іс басында жүрген еңбекшіл тобының азаматтары газетке үзбей сөз жазып тұратын болсын”[192, 336 б.], – деп ел-елдегі тілшілердің газетке тартылуына баса назар аударады. Сәкен баспасөз туралы көпшіліктің пікірін қалыптастыруға күш салады. “Қазақ еңбекшісі! Газет оқымасаң меңіреу, құлақсыз саңыраусың! Әр үкіметтің, әр қауымның, әр таптың ойы, істемек ісінің аңғары, жобасы газеттерге түсіп отырады… Енді сілкініп газет оқу керек, қазақ кедейі қатардан қалма” [192, 336 б.], – деп қалың жұрттың көкірегіне білім жарығын газет арқылы түсіндіруді мақсат тұтады. “Еңбекшіл қазақ” бетінде жарияланған “Қазақ жұмыскер кедейлері газет-журнал оқулары керек” мақала-сында, жоғарыдағы ойды өрбіте түседі. “Адамзатқа екі түрлі ас керек: біреуі-тәніне, біреуі-рухына. Рухына керектің үлкені газет, журнал, кітап оқу. Газет оқыған адамның білімі дүниеге, тұрмысқа көзқарасы бірте-бірте кеңейе бермек, маңайында болып жатқан істердің не екенін, маңайында сапырылысып әрекет етіп жатқан адамдардың кім екенін, һәм өзінің кім екенін білмек” [192, 293 б.], – деп оқырман санасын ояту мақсатында үндеу тастайды.
“Еңбекшіл Қазақ” газетінің редакторы, әрі “Қызыл Қазақстан” журналының редколлегия мүшесі бола жүріп, Сәкен Сейфуллин шаруашылық – экономика тақырыбында да көптеген мақалалар жазды. Бұлардың көбі елдің экономикалық сауатын ашудағы баспасөздің рөлін күшейте түсті. “Қазақ шаруашылығы”, “Қазақ қаласы”, “Екібас заводында”, “Қазақ кедейіне фабрика керек”, “Ұшу бізге қажет”, “Кооперацияны күшейту керек” мақалаларында, тақырыбынан көрініп тұрғандай, өндіріс пен экономиканың түрлі саласындағы проблемаларын қозғады. Ал “Қызыл Қазақстан” журналында жарық көрген “Өткен істердің қорытындысы, һәм алдағы істердің бағдары”, “Қазақстанның Орталық кеңес комитетінің 3-ші жалпы жиналысының істеген істерінің қорытындысы” атты көлемді мақала, кеңейтілген есептерінде бүкіл республи-каның жалпы экономикалық жағдайына кеңінен тоқталып, өзінің біліктілігін танытады. Мәселен “Қызыл Қазақстанның” 1923 жылғы 24-нөмірінде жарияланған “Өткен істердің қорытындылары, һәм алдағы істердің бағдары” мақаласында қазақ даласындағы ауыр экономикалық ахуал баяндалады. “Қазақстанның бірінші жалпы кеңесі болып, үкіметі жасалғаннан бері тұрмыс жүзінде, тіршілік майданында талай уақиғаларды бастан кешірді. Германия соғысынан бері, сол соғыстың әсерінен және жұттың һәм түрлі індеттің әсерінен күйзеле бастаған қазақтың шаруашылығы Семей һәм Ақмола губернияларынан басқа губернияларының бәрінде жылмағай қанжылаған ақсүйек жұтқа шалынды, адам баласы көп көрмеген ашаршылыққа ұшырады.
Бұл әсіресе, 1921-1922 жылдар арасында, қазақ республикасының құрылғанына бір жыл толған шамада орын алды. Жалпы Қазақстан осы 5-6 жылдың ішінде бұрынғы малдың 80 процентінен айырылды” /ҚҚ. 1923, №23/, – деп ашаршылық нәубетінің түпкі себептерін іздейді. Қазақ басына түскен тауқыметтен арылу жолдарын шарқ ұрып іздейді. Қазақстанда болған азамат соғысы мен 1921-1922 жылдардағы ашаршылық нәубетінен негізінен жергілікті ұлт өкілдері зардап шекті. 1918 жылы 1, 2 миллион адам, ал 1922 жылы 2 миллион адам аштық зардабын шекті, мыңдаған балалар қорғансыз, панасыз қалды [196, 43 б.]. Сәкен – публицист елдегі ауыр ахуалға жаны ауыра отырып, тығырықтан шығудың жолдарын іздестіреді. “Осындай жағдайда халыққа ең қажетті:
Оқу – білім алу.
Халық шарушылығын оңдау
Халықтың денсаулығын қорғау – сияқты шаралар дамымай кенже қалды” /ҚҚ. 1923, №23/, – деп проблемаларды батыл көтереді. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін, тұралап қалған ел экономикасын даму жолына бағыттау үшін өз ойларын ортаға салады. “Міне, біздің ендігі ілгері істердің бағыты қандай? Ол мынандай:
Тез арада Қазақстан халқын жалпы отырықшы қылу, сөйтіп өнер-білім істеріне жалпы еңбекші халықты жұмыла кіргізу.
Оқу істерін нығайтып, көркейте беру, тез арада қызметкерлер даярлау.
Халықты саудагер – қуларға жем қылмау үшін өзара ұйымдастыру кооперациясын құрғызып, ортақ дүкендер ашқызып, халықтың сататын, һәм сатып алатын нәрселерін сол ортақ дүкен арқылы өткізу.
Осының алдындағы тоқталып, бүлініп қалған заводтарды және кәсіп дүкендерін бірте-бірте жүргізіп жіберу.
Және қазақ жастарын іс істеп, іскерлік ісіне үйретіп, өз міндетін өзіне таныту, міне осы.
Міне, біздің Қазақстан үкіметінің қазіргі алдында тұрған зор міндеттері, мойнына артқан зор жүктері, тарихи жүктері” /ҚҚ. 1923, №23/, – деп нақты даму бағыттарын, дағдарыстан шығудың жолдарын айқындап береді. Сәкен – публицистің ел дамуында, халықты іске жұмылдыруда өз кезеңінде бағдарламалық рөл атқарған мақалалары көп. Өзі ел басқару ісіне араласа жүріп, экономикалық даму ең басты мәселе екенін үнемі назарда ұстады. Бұл оның “Қазақстанның Орталық Кеңес комитетінің 3-ші жалпы жиналысының қорытындылары” деген кеңейтілген есебінен де айқын көрініс табады. Онда Сәкен жиналыста не мәселе қаралғандығын жұртқа таныстыра отырып, сол бағыттарда іс атқарып, қайрат қылуға барша қауымды шақырады:
“1. Қазақстанның Орталық Кеңес комитеті басқармасының істеген істері туралы баяндамасы.
2. 1923-24 жылғы ауыл шаруашылығына түскен бірыңғай жалғыз салықты қалай жинау туралы баяндама.
3. Ақша — қазына комиссариатының баяндамасы.
4. Ақмола губерниясының кеңес комитетінің істеген істері туралы баяндамасы.
5. Қазақстан республикасын жаңадан аудандау туралы баяндама.
6. Биылғы егіннің жиылуына қарсы сауда-саттық туралы баяндама.
7. Қазақстанда әуе кемесін жүргізу туралы баяндама.
8. Қазақстан мекемелерінде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы баяндама” /ҚҚ. 1923, №19/. Автор осы аталған мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жұртшы-лықты негізгі істермен таныстырады. Мәселен, қазақ даласын қайта аудандаудың маңызын былайша тұжырымдайды: “Губерния қалып енді алап болмақ. Алап губерниядан көлемі аз болмақ. Бір губерниядан екі-үш алап бөлініп шықпақ. Екінші уезд қалып, орнына аудан болмақ. Аудан (район) уезден көлемі кем. Бұл да бір жерде отырып ауданды, елді билеуге, басқаруға қолайлы, ықшамды болу үшін жасалып отырған нұсқа. Үшінші, болыс бұрынғы болыстардан көлемі зор болмақ, бұрынғы екі-үш болысты қосып, бір болыс қылмақ. Бұл шығынды азайтып, билеуге, басқаруға, болыс мекемесін бұрынғыдай дәйексіз, маңызсыз қылмай, байсалды, күшті қылу үшін жасалып отырған іс” /ҚҚ. 1923, №19/.
Тағы бір тұста: “Бір шеті мен бір шеті атан түйемен алты айлық жол, от арба, темір жол жоқ, пароход – кеме жүретін өзен дариялары жоқ Қазақстанда қатынасу, хабарласу үшін – аэроплан, әуе кемесінің керек екендігіне шек жоқ” /ҚҚ. 1923, №19/, – деп тың проблема көтереді.
Публицист бұл ойын “Ұшу бізге қажет”, “Аэропланнан құр қалмайық” деген проблемалық мақалаларында, одан әрі өрбітіп, кең толғайды. Сонау 20-жылдары Сәкен – публицист көтерген проблема өз нәтижесін бергендігін бүгінгі өмір дәлелдеп отыр.
Қазақ тілінде кеңес істерін жүргізу туралы кеңес шешімін қуана құптайды. Аса маңызды бұл мәселе төңірегінде Сәкен – публицист “Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек”, “Заң комиссариатына теңеліңдер” деген мақалаларын жазып, заң комиссариатында қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу тәжірибесінен үйренуге шақырады.
Сәкен публицистикасының ағартушылық функциясы ерекше болды. Ол оқу-ағарту мәселелеріне арнап, барлығы 50-ге тарта ірілі-ұсақты мақалалар жазды. 1921-1925 жылдар аралығында “Әр қазақтың жадында оқу болсын”, “Зор міндет”, “Барлық күш оқуға”, “Қазақ арасында сауатсыздықты жою” мақалаларында тек үндеу, шақырумен ғана шектеліп қалмай, кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында нақтылы жүзеге асып жатқан істерді көрсете отырып, оқу-білімнің басты мәселе-лердің бірі екендігін алға тартты. “Еңбекшіл қазақ” газетінде шыққан “Екі мың Орынборда” мақаласы соның дәлелі. Автор мұнда Қазақстан астанасы Орынбор қаласында екі мың қазақ жасының түрлі оқу орындарында білім алып жүргеніне жүрек-жарды қуанышын білдіреді. “Екі мың жас! Бұл Қазақстан тарихында өнер-білім ретінде болмаған іс. Патшаның заманында күллі Қазақстанда екі мың түгіл екі жүз бала оқыған уақыт болмаған еді. Енді міне, еңбекшіл халықтың өз үкіметінің заманында бір қалада екі мың жас оқып жүр” [197, 273 б.], – деп кеңестік оқу-білім саясатының артықшылығын, мұны дер кезінде пайдалану керектігін түсіндіреді.
Сәкен – публицист оқу-ағарту саласындағы жетістіктерді көрсетумен бірге, орын алып отырған кемшіліктерді де сынға алады. “Оқу-білім майданында” деген сын мақаласында тіл, жаңа термин мәселесіне назар аударады. Публицист Білім кеңесінің жұмысындағы самарқаулықты сынайды: “Білім” кеңесінің құрылғанына көп болды. Бір – екі рет газет, журнал бетінде біраз істеген істері туралы ғана мағлұмат ретінде сөздер басылды. Бұдан басқа жұрттың, көпшіліктің талқысына салған ешбір мәселесі көрінген жоқ. Оқу кітаптары жоқ, емлесі жоқ, жаңа кіргізілген сөздердің мәселелері баспасөздің майданына, талқыға түсіп отыруы керек еді. Білім кеңесі үйтпейді” /Е-л Қ. 1924, 24 март/, Сәкен – публицист кемшіліктерді жіпке тізіп, құр сын айтып қана қоймайды, қайта не істеу керектігіне тиісті адамдардың көңілін аударады.
“Қазіргі зор мәселе – жаңа сөздер мен жаңа жазу һәм кітап… Және қаралатын мәселелерді күн бұрын жариялау керек. Мәселелерді және баспасөз майданына салып отыру керек” /Е-л Қ. 1924, 24 март/, – деп газет бетінде талқыға салу арқылы қазақ тілінің, емле, термин, оқу кітаптарын шығару туралы мәселелердің шешімін табуға болатындығын баса айтады.
Сонымен Сәкен – публицист қазақ публицистикасының дамып, өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға. Қаламгер өзінің бүкіл саналы ғұмырында, 1913 жыл мен 1937 жылдың аралы-ғында 200-ден астам публицистикалық шығармалар жазып, өзі өмір сүрген уақыттың жарқын шежіресін жасады. Ол Қазақстандағы саяси ахуал, сыртқы жағдай, халық шаруа-шылығын көтеру, отырықшы болу, қала салу, егіншілікпен айналысу, өндірісті дамыту, кооперацияға бірігу, әуе қатына-сын жолға қою, оқу-білім, өнер, әдебиет, баспасөз, т.б. келелі тақырыптарға қалам тартты. Қандай мәселені болса да, зерттеп, даярлап барып жазу, заманындағы ең маңызды жайтқа назар аудару, проблемалардың шешімін табу, қарапайым жұртқа түсінікті тілмен жазу, негізгі міндеттерді санамалап тұрып көрсетіп беру, жетістіктермен бірге кемшіліктерге де көңіл бөліп отыру, елдегі жастарға үлкен сенім арту сияқты белгілер Сәкен Сейфуллин – публицистикасын айқындайтын өзгешеліктер десе де болады. Ал Сәкен публицистикасының басты ерекшелігі – оның қаламынан туған қай шығармада бол-сын, нағыз қайраткерлік қасиеттің көрініс табуы дер едік. Сә-кеннің өлең, поэма, прозалық шығармаларында да публицис-тикалық белгілер мол. Ол — өз алдына бөлек әңгіме арқауы.