Б.Жақып
Райымжан Марсеков – публицист
“Қазақ” газетінде маңызды қоғамдық мәселелерді көтеруге ат салысып, қалам қайратымен күрескен алаш ардақтыла-рының бірі – публицист Райымжан Марсеков болатын. Р.Марсеков 1879 жылы бұрынғы Семей облысы Өскемен уезі, Айыртау болысында дәулетті отбасында дүниеге келген. Уездік орыс-қазақ мектебін тәмамдағаннан кейін 1896 жылы Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университетте оқып жүріп саяси білімін шыңдайды. 1899 жыл-ғы студенттердің ақпан, наурыз толқуларына қатысқандығы үшін оқудан шығарылады. Аталмыш оқу орнын тек 1902 жылы бітірудің сәті түседі.
Р.Марсековтің алғашқы публицистикалық шығармасы 1899 жылы “Дала уалаятының газетінде” жарияланды. Сол жылғы газеттің 1 нөмірінде жарық көрген “В.М.” деген автордың “Әйел” деген статья турасынан” /ДУГ. 1899, №6/ деген атпен басылымның 6 нөмірінде жарияланады. Онда Марсеков алдыңғы автордың қазақ әйеліне қатысты айтқан кейбір пікірлері қырдағы елдің шынайы тұрмыс-тіршілігіне сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау білдіреді. Публицистикаға тән қасиеттердің бірі – оның полемикалық түрде де жазылатын-дығы. Белгілі бір қоғамдық маңызы зор мәселелерге арналып полемикалық мақалалар жариялау баспасөз тарихынан өз орнын алған. Ондағы мақсат белгілі – бір мәселенің ақ-қарасын айыруда, дұрыс-бұрысына көз жеткізуде полемикалық стильді қолдану. “Дала уалаятының газетінде” бұдан басқа да “Сайлау һәм оның ақырғы залалы” /ДУГ. 1899, №44, 45, 46/, “Қазақ билерінің тексерулері” /ДУГ. 1900, №1, 2/, Бір ауылдан бір ауылға шықпақ турасынан” /ДУГ. 1900, №6/ мақалалары, ал “Айқап” журналында “Қазақ қайтсе жерге ие болады” /А-п. 1912, №1/, “Бас қосудың керектігі” /А-п. 1913, №10/ атты мақалалары жарық көрді.
Марсеков – публицист “Қазақ” газетіне белсене араласты. Ол сол кездегі қазақ зиялыларының ішіндегі аз жазса да саз жазатын ірі қоғамдық мәселелерге ғана үн қататын, асқан білімді, беделді адамдардың бірі болған. Өзінің “Газеталарға сөз жазушыларға” деген ашық хатында бірнеше жайттарға тоқталады. Алдымен баспасөздің маңызы туралы сөз қозғайды. “Біздің бар қазаққа тараған бір газета, бір журналымыз бар. Ол екеуі де дүниеге жаңадан ғана келген жастар…” /Қ. 1914, №45/, – деп көпшілікті баспасөзді оқуға, басқа жұрттар газетімен салыстыра қарап бағалауға шақырады. “Қазақ” пен “Айқаптағы” жазылған сөздерді көріп, жазушылардың кейбі-реулерінің түріне қарасақ, әлі жазып үйренбегендіктің белгісі бар. Оның бергі жағында біздің сөз таластыруымыз қырдан көшіп газетаның бетіне ауатын іспетті” /Қ. 1914, №45/, – деп “Қазақ” пен “Айқап” арасындағы кейбір талас мәселелердің пайдасыздығына назар аударады. Әсіресе бас қосу, съез шақыру турасында екі түрлі пікір ұстанған екі басылым басындағыларға: “…бұл съез әңгімесімен әуре болып жүргенде өзге сөз сөйленбей қалып бара жатыр” /Қ. 1914, №45/, – деп, дер кезінде ақыл-кеңес айтады. Дауласқаннан гөрі үлкен қоғамдық мәселелерге көңіл бөлу керектігіне меңзейді. “Жазушылардың міндеті ол емес. Жазғанда біреуді кемітпей, мұқатпай, ешкімге тіл тигізбей сыпайы жазу лайық” /Қ. 1914, №45/, – деген пікірі бүгінгі қазақ журналистикасына да үлгі боларлық өсиет. Журналист әдебі мәселесін сол кездің өзінде-ақ көтерді. “Жаңада газетаға жазғанда біздің ойлауымызша, әркім ортаға өз білгенін айтып көпке пайда келтіремін бе, біреу ойламағанды біреу табады деген оймен жазу керек. Жазудың мағынасы жұрт қамы, ел сөзі болу керек” /Қ. 1914, №45/, – дегенінде арғы-бергі қазақ публицистикасының басты міндетін көрсетіп отыр.
Р.Мәрсеков – публицист Алаштың ардақтылары А.Байтұр-сынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтармен пікірлес, олардың ұсыныс-идеяларын қолдаған қаламгер болды. Бұл оның кейбір жапқан жала, жаққан күйеден Алаш көсемдерін ел алдында арашалаған мына ұлтжанды сөздерінен көрінеді: «Ол жетпесе біздің қадірлі мырзаларымыз Әлихан, Ахмет, Міржақыптың үкімет жағынан тұтқынға алынғанын, олардың бетіне басқандай қылады. Бұл заманда ондай іс білгендер бетке баспайтын нәрселер: Олар не үшін тұтқында болғанына көз жіберу керек; жамандық қылды ма, бұзақы, сотқар болды ма? Жоқ, жұрт үшін қайғырып, елі үшін күйініп жүрген ерлерге ондай іс батырдың басына соғыста салған жарадай болып, батырлық, қаһармандықтың белгісі деп атаймыз біз» /Қ. 1914, №45/. Міне осы сөйлемдерден Алаш ардақтыларының шынайы бағасы сол заманда-ақ берілгендігіне куә боламыз. Бұл Марсеков – публицистің қарақылды қақ жарған әділдік, батылдығын, шыншылдығын көрсететін дәлел. Сөз соңында: “Жазушы мырзалар, жазсаңыздар сөз көп. Муфти, би, земство мәселелері бар. Осыларды қолға алып, миға салу керек” /Қ. 1914, №45/, – деп қоғамдағы басты көкейкесті мәселелерге қаламгерлер назарын аударады. Осы аталған тақырыптың үшеуіне де өзі қалам тербеді. Мәселен, оның “Қазақ билерінің тексерулері” /ДУГ. 1900, №1, 2/, – билік тақырыбына, “Қазаққа бөлек муфтилік керек пе” /Қ. 1913, №43/, – дін тақырыбына, “Жер мәселесі” /Қ. 1914, №67/, – земство жайына арналды. “Қазақтың” 1915 жылғы 179 нөмірінде жарияланған “Ата қонысынан айырылған қазақ жайы” /Қ. 1915, №179/, атты проблемалық мақаласында жер мәселесіне қайта қайырылып соғады. Семей облысы Павлодар уезіне қарасты Басқұдық елінің 299 үйінің жері 1911 жылы “айрықша қазына пайдасына ағаштыққа” деп тартып алынады. Сорлы қазақтар көш десе көшпейді. Көшпесеңдер күшпен көшіремін – деген ұлық сөзі публицистің қабырғасына батады. Сол үшін де публицист елдің сөзін сөйлейді, мұңын мұңдайды, жоғын жоқтайды. Ол үшін “Степное положение” заңының 120-шы, 121-ші статьяларынан нақты нұсқаулар тексін келтіре отырып, қазақтың правосын қорғайды. Бұл жерде, әрине, Р.Марсековтің заңгерлік біліктілігі көмекке келеді. Ол сол заңгерлік білімін, газет бетінде қарапайым халықтың адвокаты болып пайдалана біледі. Осы тұрғыдан келгенде ол қазақтың тұңғыш заңгер – публицисі деген тұжырым да жасауымызға болады. “Дала ережесінің” өзіндегі қайшылықтарды тауып көрсетеді. Мәселен, Торғай облысындағы құмды жерлерді қазаққа алуға болады. Ал басқа шұрайлы жерлер туралы мұндай әңгіме жоқ. Патшалық Ресейдің отаршылдық жымысқы саясатының бет пердесін, өз заңындағы қайшылықтар арқылы ашып, әшкерелейді. 120-статьядағы: “Көшпелі халықтан артыларлық жер болса, ол жерлер диханшылық жайымен жер жұмысын басқаратын бас мекеменің еркіне тапсырылады” /Қ. 1915, №179/, – деген тұжырымдардың да қателігін көрсетеді.
“Осы статьяларға Басқұдық елінің 299 үйінің қыстауларын ұлықтың алып отырғаны қанау емес пе? Біздің білуімізше, әбден қанау. Алынған жерде “артыларлық” жер жоқ һәм артық екендігін ыспаттауға жер өлшеушілердің қолындағы бір күшті дәлел болушы еді, “ризамыз, ақшамызды алдық, көшеміз” дегізіп. Әрине, қазақ риза болса қандай жер болса да, “артық” болады. Ондай дәлел бұ жолы жоқ” /Қ. 1915, №179/, – деп қарапайым халықтың жерін ұлықтардың, мұжықтардың, т.б. заңсыз алып отырғандығын айқын дәлелдеп береді. Мақала қорытындысында бұл проблеманың шешімін айтады. Тек, Мемлекеттік Думаға қазақ өз ішінен депутат сайласа ғана, осындай мәселелер шешілер еді, — деп түйіндейді өз ойын. “Бюроға кісі жіберу” /Қ. 1916, №177, 178/ деген корреспонденциясында Думада депутат жоқтығы мәселесі әрі қарай жалғасын табады. Әңгімені азат халықтардан солдат алуды депутаттар шешіп, заң қабылдауға көшкені туралы “Қазақтың” 176-нөмірінде жазылғандығынан бастайды. Әрі қарай нақты 5 ұсынысын білдіреді:
Думада депутат жоқ болғандықтан, қазақтан бюроға кісі жіберу керектігі;
Баратын кісіге пұл табу жағын ойластыру, оған болыстар ат салысуы қажеттігі;
Әскерге қазақты алатын низам шығатын болса, біздің қазақ атты әскер болуды лайық көретіндігін жеткізу;
Кейбір ауырлықтарды жеңілту жолдары;
Соғыс болған уақытта бір үйлі жанның шаруасын басқарарлық бір адам қалдырылуын есепке алу.
Міне ел басына күн туғанда, қазақты әскерге алудың алдын-алып Марсеков – публицист осындай түйінді ойлар айтады. Петроградқа Әлихан Бөкейхановтың барып, қазақ сөзін сөйлеуін өтінген ұсыныстар түсіп жатқандығын да ел есіне салып өтеді. Бұдан бұрын да “Қазақ” газетінде Р.Марсековтің Петроградтан жазған хаты – “Райымжан хаты” /Қ. 1916, №175/, деген тақырыпта басылған еді. Онда да публицист қазақтан әскер қатарына адам алу мәселесіне тоқталып, бұл жайтқа Думадағылардың көзқарасын сараптап береді.
“Қазақ” газетінің 1915 жылғы 28 марттағы нөмірінде “Қазақ әдебиет кеші” деген репортаж жарияланады. Онда сол жылы 13 февральда Семей қаласында қазақ оқушыларына арналып әдеби кеш өткендігі баяндалып, “Кеш басталарда сағат 8 жарымда Райымжан мырза Марсеков шығып, қазақ әдебиеті туралы біраз сөз сөйледі”, — деп көрсетіледі. Нұрғали, Нәзипа Құлжановалар ұйымдастырған бұл әдеби кеш – алғашқы ойын-сауық кеші ретінде бағаланып та жүр. Оны Райымжан сөзінің бастауындағы: “Бұ күнгі жиын кітапша айтқанда әдебиет кеші деп аталады. Мұндай жиынның болуының, осындай ізгі іс жасауының қазақ ортасында бұл тұңғышы да шығар” /Қ. 1915, №114/, – дегені де қуаттай түседі. Марсеков қазақ әдебиетінің де білгірі екендігін осы баяндамасында көрсете алған. “Қазақ” газеті жалпы әлеумет кәдесіне жарату мақсатында “Қазақ әдебиеті жайынан” деген атпен Райымжан сөзін толық басып, жариялайды. Марсеков өзінің әдебиет туралы ойын жұртпен бөліседі. Әсіресе “…Әдебиет” сөз” деген мағынада. Сөз дегенмен сөздің сөзі болады. Сөздің сыры болса, сынды болып, іші мағыналы, ойлы болса, сонда ол әдебиет болып табылады. Өлең, жыр, мақал, жұмбақ, ертегі, хикая баршасы әдебиетке қосылады.
Бұл сөздің қай түрін алсаңыз да әр қайсысында мағына бар. Халықтың ойлаған ойын, пікірін білдіретін, мұңын, мұқтажын көрсететін осы әдебиет. Бұл жұрттың айнасы. Халықтың түрі, қалпы, салты бәрі сонда көрініп тұрады” /Қ. 1915, №112, №113/, – деген әдебиет туралы айқындама ойлары маңызын бүгін де жоймақ емес. Марсеков – публицист өзінің әдеби біліктілігін “Қалқаман – Мамыр” дастанынан, қазақ билерінің шешендік сөздерінен, Орынбай ақын жырынан, Абай мен Алтынсарин өлеңдерінен мысал келтіру арқылы дәлелдей түседі. Оның кәнігі әдеби зерттеушілік көзқарасын, қазақ әдебиетінің дамуын үш кезеңге бөліп қарастыруынан да, байқауға болады.
“Біздің қазақ әдебиетінің осы кезге шейінгісін үш дәуірге бөлуге болады: Бірінші дәуірі – ескі замандағы қазақ арасына жазу таралмай тұрғандағы кез…
Енді әдебиеттің екінші дәуірі келеді. Бұл екінші дәуірі жазудың халық арасына көбірек таралған заманы. …Түрлі-түрлі кітаптар таралып тіл кітапшаға айналып, ескі сөздер жазбаға түсіп, жақсы сөзге жұрт жаман көзбен қарап, кітапшаны үлгі қыла бастаған…
Өстіп әдебиетіміз төмендеп, тіл болса, кедейленіп бара жатқан уақытта ардақты Абай марқұм шығады. Қазақ әдебиетін көркейтіп, түрлендіріп, сөз қадірі кетіп бара жатқан уақытта сыртына өң беріп, ішіне жан кіргізіп, сөз қадірін танытқан осы Абай болды. …Абай марқұмнан бері қарай қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталды”. Р.Марсековтың әдебиет туралы бұл толғанысы – ғасыр басындағы салмақты, салиқалы сөздердің бірі. “Әдебиет те жас баламен бірдей, сүйеу күтеді. Халық жақсы көзбен қараса, әдебиетке демеу болып әдебиет өрге басады” – деп көрегендік пікірмен өз ойын тұжырым-дайды. Р.Марсеков баяндамасындағы “халықтың ойлаған ойын, пікірін білдіретін, мұңын, мұқтажын көрсететін… бұл жұрттың айнасы”, – деген сөздер қазақ публицистикасына да қатысты айтылған сияқты ойға келдік.
Р.Марсековтің “Көлбайдың сөзінен шындық табылар ма екен?” /Қ. 1915, №137/, полемикалық мақаласында қорғансыз қазақтарды сот үкімінен қорғап қалғандығы, әділдік жайы, орыс сотының әділетсіздігі сөз болады. Петроградта оқып, жоғары білім алған Райымжан “Патшалық” /Қ. 1913, №44; 1914, №№46, 47, 54/, “Патшалықтар арасындағы заң” /Қ. 1914, №63, 64/, атты саяси-танымдық мақалаларында жалпы мемлекеттің пайда болуын, Ресей мемлекетінің саясатын, оның шет мемлекеттермен қарым-қатынасын оқырманға әңгіме-лейді. “Қазаққа бөлек муфтилік керек пе?” /Қ. 1913, №43/, мақаласында дін тақырыбына қалам тартса, “Қазақ қайда бара жатыр?” /Қ. 1914, №62/, проблемалық мақаласында оқу-ағарту, мәдениет, билік тақырыптарын қозғайды. Сөйтіп Райымжан – публицист қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелерге дер кезінде үн қатты. Оның қамтыған тақырыптарының аясы да кең: діннен оқу-ағартуға дейін, саясаттан шаруашылық мәселесіне дейін, жер, отаршылдық қиянаттары, әйел теңдігі, мәдениет, әдебиет, баспасөз, билік, сайлау сияқты ауқымды қамтиды. Аталған тақырыптарды ашып жазуда, өзінің заңгерлік білімін тиімді пайдаланып, кез-келген мәселені шешуді заң тұрғысынан жүйелеп, елге пайдалы етуді басты мақсат тұтады. Бұл – оның публицистикасының негізгі ерекше-лігі десек те болады. Тағы бір өзгешелігі – публицистикалық пікірталастарға қатысқанда, қаламгер шындықты, әділдікті ұстануы керектігін тәжірибе жүзінде көрсетіп береді. Өз мақалаларына “Р.М.”, “Ром”, “Райымжан” “Марсеков” деп қол қойып, қазақ публицистикасының қалыптасуына үлкен үлесін қосады.
Қазақ халқы жол таппай дағдарған 1917 жылы Райымжан мырза Алаш партиясы жағына шығып, өз табандылығын, ел бостандығын аңсаушылардың бірі екендігін ісімен дәлелдейді. Орынборда 1917 жылы 21-26 июльде болған жалпы қазақ съезінде Алаш партиясының құрылтайшы кеңесіне сайланған депутаттардың бел ортасында Марсеков есімі аталады. Бұл “Қазақ” газетіндегі Ә.Бөкейханов, М.Дулатов есептері мен мақалаларында кездеседі. Мәселен, “Қазақта” 1917 жылы жа-рияланған “Алаш партиясы атынан учредительное собраниеге аталған депутаттар” деген редакциялық мақалада әрбір депутаттың кім екендігіне қысқаша мінездеме беріледі. Сонда: “9) Райымжан Марсеков – присяженный поверенный. Қазір Семей облысының қазақ комитетінде ағза һәм облосной судтың председателі. Біздің қазақ юристі арасында бұрыннан әлеумет ісіне кірісіп жүрген адвокат Райымжан” /Қ. 1917, №№246, 248, 249, 254/, – деп жазыпты.
Алаш қозғалысы туралы еңбектер жазған Хасен Оралтай дерегіне қарағанда: “1917 жылы маусым айында Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасұлымен бірге Семейде “Сарыарқа” атты журнал шығара бастайды” [174]. Зерттеуші Сәкен Өзбекұлы болса: “Райымжан Мәрсеков Қазақстанның заң, құқықтану ғылымында тұңғыш болып мемлекет және құқық теориясының мәселелерін жазған қайраткер. Ол 1913-1914 жылдары “Қазақ” газетінің бірнеше санында басылған “Патшалық” деп аталатын мақаласында мемлекеттің шығу жолдарын, оның формаларын және анықтамасын берген еді” [154, 157 б.] – деген ой қосады. Бұл айтылғандардың бәрі бүкіл ғұмырын қазақ елінің азаттығына бағыштаған Алаш ардақты-сының алып тұлғасын біздің жүрегімізге бұрынғыдан да жа-қындата түседі. Ал оның өзіндік ерекшелігі бар публицисти-касы – әр қарағанда жаңа қырынан көрінетін, ашылар құпиясы мол, білімді, қанатты қаламгер творчествосының жемісі екендігіне көз жеткіздік.