Публицистика типологиясы

Б.Жақып

Публицистика типологиясы

Қазақ публицистикасының кеңестік дәуірдегі даму жолындағы негізгі бағыттарды біз талдап-таразылаған жарияланымдардың мазмұндық және түрлік жағынан біртұтас бірлікте қарастыра отырып айқындауға тырыстық. Олар: қоғамдық-саяси бағыт, көркемдік бағыт, сыншылдық-сатиралық бағыт, поэтикалық-философиялық бағыт, ұлттық психологиялық-көркемдік бағыт, проблемалық-аналитикалық бағыт, зерттеушілік, тарихи-танымдық бағыт болып табылады. Осы бағыттарда жазылған шығармалар тектік, түрлік тұрғыдан қандай өзгерістерге ұшырады? – деген сұрақ туады. Бұл сауалға жауап беру үшін ең алдымен жалпы әдебиеттің, өнердің түрлік классификациясы туралы бұрын-соңғы кейбір басты еңбектерге сүйенуімізге тура келеді. Орыс ғалымы В.Д.Пельт публицистика жанрлары теориясы туралы сөз қозғағанда былай дейді: “Разрабатывая теорию жанров публи-цистики, ученые часто обращаются к литературоведению. В ней ищут аналоги своих теоретических посылок и построений. Подобное стремление вполне объяснимо. Ибо у литературо-ведов в этом плане накоплен огромный исторический мате-риал, да и теоретический опыт значительно богаче” [268, 5 б.].
Жалпы әдебиет теориясы туралы алғашқы жүйелі ойларды көне грек философы, энциклопедист-ғалым Аристотель (б.э.д. 384-322 жж.) айтқан болатын. Өзінің “Поэтика” атты еңбегінде әдеби жанрлар мен стильдер туралы айта келіп, бүкіл сөз өнерін лирика, эпос және драмаға бөліп қарастырған. Көркем әдебиеттің негізгі тектерін бөліп көрсету осылайша басталған болатын [269].
Сол Аристотельді өзіне ұстаз санаған ұлы шығыс ғалымы, біздің қазақ топырағында дүниеге келген бабамыз Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950 ж.ж.) “Ғылымды классификациялау”, “Өлең туралы трактаттары” еңбектерінде әдебиет теориясы жайлы ойларын білдіреді. “Ибн Халликанның айтуына қарағанда Әбу Нәсір Аристотельдің “Метафизикасын” қырық, “Жан туралы еңбегін” жүз, ал “Риторикасын” екі жүз рет оқып шыққан сияқты. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген” [270, 14 б.]. Өзі де өлең жазған, өлең теориясын зерттеген Әбу Нәсір көп мәселеде өзінің ұлы ұстазының пікірлерін дамытты.
Отырар (Фараб) қаласында туған тағы бір ғұлама Әбу Ибраһим Исхак әл-Фараби (туған жылы белгісіз – қ.б.ж. 961) Диуани Әл-адаб” (“Әдеби жинақ”) деген еңбегінде әдебиетті өзінше классификациялап, поэзия, раджаз, нақыл сөз, ырғақты сөз, мақал, нақыл деген түрлерге бөліп жүйелейді. Оларға анықтама береді [270, 37 б.].
Классицизм теоретигі Буало (1636-1711) өзінің “Поэтикалық өнер” еңбегінде әдеби творчествоның көркем формаларына, жанрлар теориясына, көркем әдебиеттің өзіндік түрлеріне көп көңіл бөлген.
Әйгілі орыс сыншысы В.Г.Белинский (1811-1848) өзінің “Поэзияны тегіне, түріне қарай бөлу” атты мақаласында осы мәселеге тоқталып, әдебиетті эпостық поэзия, лирикалық поэзия, драма деп үшке бөліп қарастырады [271].
Қазақтың ұлы ғалымы А.Байтұрсынов (1873-1937) өзінің “Әдебиет танытқыш” атты еңбегінде төл әдебиетіміздің әрбір жанрының қазақ тіліндегі баламасын тауып, тұңғыш теориялық тұжырымдар жасады [1].
Академик Қ.Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” еңбегінде бұрын-соңды әлемдік көзқарастар ескеріле отырып қазақ әдебиетінің теориясы айқындалды [272]. Академик З.Қабдо-лов: “Әдеби жанр (французша genre – тек, түр ) термин ретінде шартты, екі мағынада қолданылады: 1) әдебиеттің тектері – эпос, лирика, драма; 2) әдеби шығарманың түрлері – әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия, т.б.” [132, 307 б.] деген нақты тұжырымға келді. Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде академик З.Ахметов: “Жанр – әдеби шығармалар-дың жеке түрлері, көркем әдебиеттің салалары…Орныққан жүйе бойынша әдеби шығармалар негізінен үш топқа бөлініп, жіктеледі: эпостық жанр, лирикалық жанр, драмалық жанр. Бұлар – әдебиеттің үш үлкен саласы, үш тармағы” [26, 90 б.], – деп көрсетіп берді.
Публицистика теориясын зерттеген орыс ғалымдары әр алуан пікір-тұжырымдарға барды. Сөйтіп публицистика текте-рі мен түрлері туралы мәселе жан-жақты талқылау, таразы-лаудан өтіп зерттелді. Мәселен, профессор В.Д.Пельт: “Родо-вые группы основных газетных публикаций следующие:
1. Информационные;
2. Аналитические;
3.Художественно-публицистические” [268, 19 б.], – дей келіп, хабар жанрларына: заметка, есеп, сұхбат, репортажды; талдамалы жанрларға: корреспонденция, баспасөзге шолу (обзор печати), шолу (обозрение), хат (эпистолярлық жанр ретінде), түсінік (комментарий); көркем-публицистикалық жанрларға: очерк, суреттеме, фельетон, памфлетты жатқызады [268, 19 б.].
Профессор М.С.Черепахов публицистика жанрлары типологиясына басқаша көзқарас тұрғысынан келді: “На основе существенных признаков все жанры публицистического рода литературы можно разделить на две основных вида:
Информационный.
Публицистический в собственном смысле слова.
Существуют и межвидовые формы – интервью и ком-ментарий, обладающие свойствами и информаций, и публи-цистического вида.
Необходимо выделить также и межродовые жанры – науч-но-публицистические и художественно-публицистические…” [27, 231 б.].
Бұл көзқарас төңірегінде біраз талас-тартыс туды. М.С.Черепахов тұжырымына қарсы жүйелі пікір айтқан ғалымдардың бірі профессор Е.П.Прохоров болды. Ол өзінің еңбегінде публицистика теориясы жайлы мынадай бағалы тоқтамға келді:
“В ходе своего развития публицистика претерпевела внутреннюю дифференциацию – выделялись: 1) роды (событийная, аналитическая, художественная публицистика); 2) виды (политическая, экономическая, морально-этическая, антирелигиозная и антиклерикальная, литературно-критичес-кая, и т.д.); 3) жанры (коррепонденция, статья, репортаж, очерк, фельетон, памфлет); 4) стили (полемическая, агита-ционно-ораторская, позитивно-пропагандистская, аналитико-критическая, сатирическая, и т.д.)” [28, 288 б.].
Қазақ публцистикасының теориясын қалыптастырушы ғалымдар да жанр мәселесіне баса көңіл бөлді. Профессор М.Барманқұлов өз зерттеулерінде баспасөз, радио, телевизия жанрларының салыстырмалы анализін жасады, жанрлар эволюциясы туралы соны ойлар айтты [8]. Профессор Т.Амандосов өз еңбектерінде публицистика теориясы хақында ғылыми жүйелі тұжырымдар жасады. “Публицистика жанрлары туралы сөз қозғағанда публицистика әдебиеттен бөлек, дербес пән екендігін анықтай кетуіміз керек… Публицистика дербес пән болғандықтан, оның мазмұны, формасы мен әдісі және функциясы бар… Сөйтіп,. публицистикалық шығармалар мынадай үш түрлі жүйеге бөлінеді: публицистикалық хабар, талдамалы және көркем публицистикалық жанрлар” [31, 146 б.], – дей келіп, хабар жанрларына: заметка, репортаж, есеп, сұхбат; талдамалы (аналитикалық) жанрларға: корреспонденция, мақала, рецен-зия, шолу және баспасөзге шолу, хат (письмо); публицистика-ның көркем жанрларына: очерк пен сатиралық жанрларды (памфлет, пародия, эпиграмма, фельетон) жатқызады. Профессор Т.Қожакеев жанрлар жүйесін хабарлама, талдама-лы, көркем-публицистикалық [32, 8 б.], – деп үш топқа бөліп қарастырады. “Қазақ радиожурналистикасы” атты моногра-фиясында профессор Н.Омашев радиохабар пішіндері мен қазақ радиожурналистикасы жанрларын публицистиканың жалпы теориясымен байланыста айқындап берді [273].
Міне, осындай тиянақты зерттеулерді негізге ала отырып, сондай-ақ, 1917-1990 жылдардағы публицистикалық шығар-маларды талдап, таразылай келе, кеңестік дәуірдегі қазақ публицистикасын тегіне, түріне қарап бөлу жөніндегі мынадай тұжырымдарға келдік:
1. Публицистиканың тектік тұрғыдан алғандағы жүйелерін үш топқа жіктеуге болады:
а) Ақпараттық-оқиғалы публицистика;
ә) Талдамалы публицистика;
б) Көркем публицистика.
2. Публицистиканың түрлік жағынан алғандағы типо-логиясы:
а) қоғамдық-саяси публицистика;
ә) экономикалық публицистика;
б) моральдық-этикалық публицистика;
в) әдеби публицистика;
г) сыни публицистика;
ғ) ғылыми-танымдық публицистика;
д) әскери публицистика.
3. Жанрлық тұрғыдан алғанда, ақпараттық-оқиғалы публи-цистика тобына: заметка, есеп, репортаж, сұхбат; талдамалы публицистика тобына: корреспонденция, мақала, шолу, рецензия, баспасөзге шолу, хат (эпистолярлық жанр ретінде), түсіндірме (комментарий), қамту (обозрение), саяси портрет, жуналистік тексеріс; көркем публицистика тобына: суреттеме, очерк, эссе, фельетон, памфлет жанрларын кіріктіруге болады.
4. Публицистикалық шығармаларды стильдік тұрғыдан:
а) полемикалық (қақпайлы) публицистика;
ә) үгітшілік публицистика;
б) насихатшылық публицистика;
в) сатиралық публицистика;
г) эпистолярлық публицистика;
ғ) талдамалы-сыни публицистика;
д) деректі публицистика;
е) іскерлік публицистика,- деп жіктей аламыз.
5. Бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуына орай:
а) газет публицистикасы немесе баспасөздегі публицистика;
ә) радиопублицистика;
б) телепублицистика;
в) фотопублицистика;
г) кинопублицистика,- болып жіктеледі.
6. Сондай-ақ кеңестік дәуірдегі қазақ публицистикасы ағартушылық, үгітшілік, насихатшылық, ұйымдастырушылық, әшкерелеушілік, анықтамалық, жарнамалық, танымдық функ-цияларды атқарды.
Осы тұжырым-түйіндердің барлығы да қатып қалған догма емес. Асылы бүкіл теориялық ізденістер уақыт өткен сайын өзгеріп отыратындығын да ғылым тарихы көрсетеді. Өзгермейтін – ғасырлар тезінен өтсе де, түпқазыққа айналып кететін бүкіладамзаттық ақыл-ойдың биіктері ғана. Академик З.Қабдоловтың “Жанрлық дамудың өзі – тірі процесс. Жанрлар туады өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады…” [132, 311 б.] деген пікірінде зор мағына бар. Профессор Т.Амандосов болса: “Публицистика жанрының пайда болу, қалыптасу, даму тарихы бар. Осы ұзақ жолда жанрлардың сипаты, өз ерекшеліктері пайда болып отырған…” [31, 148 б.] – деген тұжырымға келген. Профессор М.Барманқұлов жанр эволюциясының төрт себебін ашып көрсетеді: оның алғашқысы әрі бастысы – жанр табиғатының өзгеруі өмірдің өзінен туындайтындығы; екіншісі – теоретик ғалымдардың ізденістеріне байланысты себеп, яғни олардың белгілі бір жанрды “ашуы” немесе “жабуы”; үшінші себеп – кейбір жанрлардың уақытпен үндесе отырып қайта жаңғыруы; жанрлар өзгерісінің төртінші себебі – баспасөз бетінде қалыптасқан жанрлдың басқа бұқаралық ақпарат құралдарына радиоға, телевизияға, деректі киноға өту барысында өзгеріске ұшырауы [8, 18-19 бб.]. Бұл айтылғандардың бәрі – публицистиканың түрлік кескін-келбетінің үнемі өзгерісте болатынын дәлелдейді.
Мәселен, біз қарастырған кеңестік дәуір кезеңдерінде қазақ публицистикасының әр жанры әр түрлі деңгейде баспасөзден орын алып отырды.
20, 30-шы жылдары заметка, хат, мақаланың проблемалық түрі, фельетон сияқты публицистика жанрлары көбірек көрініс тапты. 40-шы жылдары публицистикалық мақала, памфлет, үндеу, рух көтеруге бағытталған хаттар түріндегі публицистика ерекше дамыды. 50, 60, 70-ші жылдары очерк өз дамуының биігіне жетті. Очерктің физиологиялық, социологиялық, экономикалық, проблемалық-аналитикалық, портреттік, сапарнама, психологиялық, лирикалық, т.б. түрлері бірінен соң бірі жарқырап көрінді. Осы жылдары публицистикалық мақаланың “өлеңмен жазылған қарасөз” түрлері ерекше ынта-ықылас туғызды. Фельетон жанры қайта өрлеу жолына түсті. 80-ші жылдары сұхбат жанры мен репортаж кең қолданылды. Сұхбаттың диалог түріне қоса, сұхбат-монолог, сұхбат хабар, сұхбат-суреттеме, сұхбат-пікір, сұхбаттың анкета түрі, дөңгелек стол басындағы әңгіме, баспасөз конференциясы сияқты бірнеше жаңа түрлері қолданысқа енді.
Кеңестік дәуірдің барлық кезеңдерінде де заметка, корреспонденция, есеп, бас мақала, рецензия, шолу, баспасөзге шолу, мақала жанрлары баспасөз бетінен түскен жоқ. Мұның бәрі де дәуір мазмұны – сол дәуірдің өзіне тән түрді қажетсінетіндігінің айқын көрінісі. Жалпы қазақ публицистикасындағы жанрлар эволюциясы өз алдына бөлек зерттеу объектісі. Сондықтан да бұл мәселеге келер жылдар бедерінде қайта айналып соққан абзал.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *