Міржақып Дулатов «Айқап» журналында
Б.Жақып
Алғашқы қазақ журналының ел алдындағы бедел биігіне жетуіне күш қосқан, жаңадан шыға бастағанында үлкен жәрдем беріп, қалам қуатын, ой бұлағын аямаған арыстардың бірі – Міржақып Дулатов. Әсіресе журналдың 1911-1913 жыл-дардағы нөмірлерінде Міржақып Дулатов, Азамат Алашұлы, Азамат Алашұғлы, Арғын, М.Д. деп қол қойып, мақала, очерк, өлең, әңгімелерін жиі жариялап тұрды.
Міржақып Дулатов 1885 жылы 25 ноябрьде бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысында дүниеге келген. Ол 1897 жылы Торғай қаласындағы орыс-қазақ мектебіне түсіп, 1902 жылы ойдағыдай бітіреді. Мұнан кейін ел ішінде мұғалімдік қызметпен айналысады. Міржақыптың әдеби-публицистикалық қызметі Петербургте басталды. 1907 жылы Петербургте шығарылған “Серке” газетінде оның “Жастарға” деген өлеңі мен “Біздің мақсатымыз” атты алғашқы мақаласы басылады.
Мемлекеттік дума жайы қазақтың озық ойлы азаматтарын толғандырған мәселелердің бірі болды. Оның “Айқапта” жарияланған “Государственная дума һәм қазақ” атты мақаласы сан-салалы ойларға жетелейді, өз заманының өзекті тақырыбын көпшілік талқысына салады. Мақалада көтерілетін бірінші мәселе – патшаның жаңа низамы бойынша қазақтың думаға депутат сайлау хұқынан ажырап қалғандығы. Осыған орай, автор өз көзқарасын білдіреді. Депутатты оқыған өнерлі, білімді, халық үшін жанын пида ететін кісіден сайлау керектігін айтады. Депутаттыққа лайық адамдардың кезінде өтпей қалғанына өкініш білдіреді. “Заманымызда қазақ үшін ғұмырын, білімін жұмсап ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқында бірінші дерлік жол басшымыз Ғалихан Бөкейханов. Бірінші Дума сайлауында Қарқаралы уезінің Тоқыраунск болысының управителі выборчик болуға таласып, Бөкейхановтың үстінен жамандап рапорттар бергендігі күллі қазақтың депутат сайлауына нендей көзбен қарағандығын көрсетуге жетеді деп білемін” /А-п. 1911, №5/, – деген сөздері арқылы депутатыққа шын лайықты адамды сайлау керетігіне ел көзін жеткізеді.
Қазіргі уақытта қазақтан депутат жоқтығын, ал ноғай-лардан бәрі он кісі бар екенін айта келіп, туысқан ноғайлар қазақ үшін сөйлейтіндігін, бірақ олардың қазақтың тұрмысын, ғадет-ғұрпын, мұқтажын, қай заңның пайдалы, залалды болатындығын көздері көрмеген соң бізге пайда келтіруінің қиындығына тоқталады.
“Халық үшін нендей ғана закон түзелсе де дума арқылы өтеді. Біздің қазақ халқының ұғып тұрған бір ісі жоқ, солардың ішінде бірінші орын алып тұрғаны жер мәселесі аз да болса думада депутаттарымыз болса, сөздері ықтыбарға алынбаса да қазақ жері өз мүлкі екендігін селдей ағып келе жатқан хақолдар жерді тарылтып, (астын сызған біз – Б.Ж.) жұртты пақырлыққа айналтатын, хүкіметтің де бұл харекеті бізге ғаділсіздігін дума мінбесінен сөйлеп, отчетында жазылып қалар еді. Ақырында сөйлеген хақиқат үстіге бір шықпай қалмас еді…” /А-п. 1911, №5/ – деп қазақ үшін ең басты мәселе – жер мәселесіне соқпай өте алмайды. Өзінің 1906 жылы жазылған “Қазақ жерлері” деген бір өлеңінде осы мазмұндас, саяси мәселені ашық көтеріп, патшалық Ресейдің озбыр саясатын батыл әшкерелеп еді:
“Қазағым, жерің қайда ата мекен,// Қазақ қазақ болғалы мекен еткен?// Хазірде бәріңізді қуып шығып,// Орныңа қала салып “хахол” жеткен.// Шығарған жер өлшеуге землемерлер,// Қала үшін кеткен бізден жақсы жерлер.// Тәтті шөп, тұщы судың бәрі сонда,// Табатын бұған хәйлә қайда ерлер?” [158, 30-31 бб.] – осы жыр жолдарындағы, қазақ қалын жақсартуға айла табатын ерлер – М.Дулатов ойы бойынша депутаттар, бас көтерер зиялылар болса керек еді.
Қазақ халқының атынан уәкіл жоқ болғандықтан, думада қандай заңдар қабылданып жатқанынан да бейхабар екендігіне өкініш білдіреді. Мәселен, 1910 жылы октябрьдегі дума жиылысында – бұрын бірде бір оқымаған балаларды сегіз жасқа келген соң мектепте оқытуға міндеттеу, ал балаларын оқуға бермеген ата-аналарға штраф салу туралы заң болғанды-ғын айтады. Ал бұл үлкен оқиғаны қазақтың білмейтіндігіне шүбә етеді. Мақала түйінінде: қазақ халқына енді не қылуға керек? – деп сауал қойып, “келер думаға қазақ халқының да депутаттар сайлануын сұрау керек” /А-п. 1911, №5/, – деп жалпақ жұртқа ой тастайды, елді оң жолға бұрады.
Сол кездің басты мәселесі – жер мәселесі екендігін автор алдыңғы мақалада айтып өткен еді. “Айқапта” жарық көрген “Жер мәселесі” мақаласының қоғамдық мәні зор болды. Мұнда публицист М.Дулатов жер мәселесін шешудің дұрыс жолын іздестіреді, көпшілікті ойласуға ақылдасуға шақырады.
“Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдағыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды. Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе, 15 десятинадан ер басына жер кестіріп қала болу керек пе?” /А-п. 1911, №11/ – деп заманауи сауал тастаған қаламгер болып жатқан өзгерістерді де шолып өтеді. Мәселен, қазақ оқығандарының бір тобы мен ноғай туғандарымыздың білімділері жақсы жерге орнығып отыруды пайдалы көріп, газеттерде жазып жатқанына тоқталады. “Атақты қазақ адвокаты 2 дума члені Сұлтан Бақытжан мырза Қаратаев өзіне ерген ағайындарымен тиісті жерін кестіріп алып, қала болды” /А-п. 1911, №11/, – деген мысалды да келтіреді.
“Бір халықтың тұрмысын түп-тамырынан бұзып өзгертуі (көшпенділіктен отырықшылыққа отырықшылықтан көшпен-ділікке шыққан секілді) оңай іс емес”, – екендігін еске салады. “Қазір алдымызда 4-5 айлық қыс тұр. Осындай еркін уақытта қазақ халқы журнал үстінде кеңесіп, жазға шейін я қала болуға, я бұрынғыдай көшпенділікте қалуға тізгінді мықтап қоярға керек” /А-п. 1911, №11/, – деген публицист сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Қазақтың өз мемлекеттілігі жоқ кезде, билік бөтен жұрттың қолында болған кезде қазақ публицистикасы, әсіресе көш бастаушы көсемсөзшілер қалың елді басылым бетіндегі нұсқау, ұсыныс, пікір, тұжырымдар арқылы басқарып отырғандығының дәлелі – бұл. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Шын мәнінде мемле-кеттігіміздің жоқ кезінде қалың қазақтың қарайтын жалғыз тұтқасы – елдің көзі ашық оқығандары топтасқан газет-журнал болғандығы дәлел тілемейді. Ал сондай ауыр кезеңде публи-цистика “басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады” [1, 224 б.].
М.Дулатов – публицист мақалада өз қаупін де жеткізеді: “15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал” /А-п. 1911, №11/. Міне сол қауіп-қатердің алдын-алу үшін қазақ дұрыс жолды таңдауы керек. Әйтпесе, кейін кеш болатынын ел есіне салады.
Егер де отырықшы болсақ, қандай артықшылығы бар. Алдымен соны ұғындырады.
“Жер жүзіндегі халықтардың һәммесі бір аз ғана болмаса, қала болып отыр. Мал бағып көшіп жүрмегендіктен қырылып қалғаны естілмейді. …Олар бізден кедей емес, бізден өнерсіз емес, бізден аз емес, бізден күшсіз емес. Бұларды көре тұра, біз қазақтарда қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып өзіміз де алдағы жұрттың істегенін істеп солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың, бірі бола аламыз” /А-п. 1911, №11/, – деп ой түйеді. Сөз соңында айтқан ойында: “қала болуды құптаушылар (өзімізді де солардың бірінен санаймын) – деп, өз көзқарасының қай жақта екенін де жасырмайды.
Бірақ көшпенділіктің де кейбір артықшылықтарын көрсе-тіп өтеді. “Қазақ халқы көшейін деп жүрген жоқ, жерінің ауасына (климатическая условия) қарап көшіп жүр. Адам тұрған жерінің құлы. Қазақ отырған жер егіншілікке жарамсыз. 12-15 жыл егін салған жер тозып шаңы шығады, тағы да жаңа жерге салу керек болады. Әлгі тозған жер егіндікке жарауына 20-25 жыл тынығуы керек.
…Халықтың ғұмыры 20-30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұруда үміт бар” /А-п. 1911, №11/, – деп көшпелі мал шаруашылығын түгел тастауды да құптамайтынын білдіреді. “Қазақ халқының егіншілікке айналмай, бұрынғыдай мал өсіру кәсібінде болғанда, бірінші өзіне, екінші мемлекетке зор пайда келтіреді”, – деп мал шаруашылығын дамытудың да қажет-тігіне назар аударады. Ендігі жерде “өзі қайда барарын білмей, адасып тұрған халықты бұрынғыдан жаман адастырып, басшыларымыздың бір жаққа тартуына қайғырып, тездетіп бір ынтымаққа келуін тілейміз” /А-п. 1911, №11/, – деп өз ойын аяқтайды. “Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының” кері, қиын заманда қысталаңнан жол тауып шығу оңай емес. Осы ауыр жүк ең алдымен Дулатов сияқты нағыз ұлт болашағын ойлаған азаматтар иығына түсті.
Ғасыр басында мерзімді басылымдар қазақ халқының зер-делі қаламгерлерінің үлкен тәрбие мектебіне айналды. Қуатты дарын, қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың 18 жасында орыстың “Трудовая Сибирь” журналында жарияланған “Қазақ әдебиеті” атты тарихи-талдау очеркі назар аударарлық. Онда ХХ ғасырдың бас кезінде публицистиканың ерекше дамыған-дығы жайынан, публицистердің кімдер екендігі жөнінен мына-дай деректер келтіріледі:
“Қазақ прозасына келетін болсақ, азын-аулақ жамандарды айтпағанда табысы ауыз толтырарлық емес. Қырғыз (қазақ – Б.Ж.) прозасында публицистика тәуірірек дамыған. Бір бастан олар қазақ халқының бостандығы мен әйел теңдігін қорғайды. Ең көрнекті қазақ публицистерінің арасында бірінші орында Ахмет Байтұрсынов тұр (бұл публицист болғанда да бесаспап), содан кейін Ә.Бөкейханов (тек саяси тақырыптарға ғана қалам тербейді) пен М.Дулатов (халыққа білім беру мен әйел теңдігін қорғайды) (астын сызған біз – Б.Ж.). Бұл бағыттағы жас күштердің арасынан Болғанбаев, Әлімбеков, Қауызжанов, Ғаббасов, Аймауытов, Әуезов, Кемеңгеров, Тұрғанбаев, Жәнібеков және басқалар көп үміт күттіреді” [159]. Осында айтылған әйел теңдігі тақырыбына жазуды М.Дулатов “Айқап” журналының бетінде бастады. Оған дәлел “Екі қыздың мұңы” атты ерекше бір шартты пішінде жазылған мақаласы. Қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігі проблемасы Нұрила және Ұлбосын есімді екі қыздың әңгіме диалогы негізінде ашылады. Бұл – жай үй-ішілік әңгіме емес, бүкіл қоғамдағы қазақ әйелінің басына түскен ауыр тауқыметті, азапты тағдырды сөз еткен, содан шығудың жолдарын іздестірген, көпшілік қауымға ой тастаған салмақты сөзге қонақ беру.
Екі қыз алдымен өз жеке бастарындағы тағдыр тауқыметін айтып, мұң шағысады. Бірте-бірте бүкіл қоғамдағы үлкен мәселеге бет бұрады. М.Дулатов – публицист қазақ әйелінің басындағы қара тұманды айықтырып, еңсесін көтеретін сөздерді Нұрила қыздың аузына салады.
“Нұрила: Бұрынғырақ заманда қыз-қатындарды кемге ұстау, оларды мал орнына сату (қазіргі біздің қазақ секілді) әр жұртта болған. Бұл кезде ол жұрттардың көбі оқу-өнерге молығып, арасынан білгіштер шығып, кітаптар жазып, дүниеге таратып, әйелдер жер жүзіндегі халықтардың жартысы ғана һәм олар халықтың анасы, тәрбиелі ананың балалары жақсы болып, көргенсіз ананың да баласы да көргенсіз болатын. Сол себепті әйелдерді ерлермен бір дәрежеде ұстау керектігін жұртқа түсіндіріп, берірек келген соң әйелдердің өздері де көтеріліп, бастарын қосып, дауыстарын жаңғырықтырып, өздерін жәбіршіліктен қорғап, оқу оқып, ақырында сондай теңдікке жеткен, бұ заманда қатыннан патша болғандар да бар…” /А-п. 1911, №12/,
М.Дулатов – публицист қазақ әйеліне жеткізетін ақыл-кеңесін де Нұриланың атынан айтады: “Нұрила: бір ғана сен емес, күллі қазақ қыздарына айтатұғын насихатым мынау. Атасының малға сатқан жеріне егер өзі риза болмаса, басын кессе де бармасын. Ғұмырын қол ұстасып өтсе де, өзінің сүйгенімен кетсін. Бұл іс шариғатқа да теріс емес. Қызын сатсын деген шариғат жоқ. Қыздың басына закон көптен ерік берген. Бұларды көре тұрып пайдалана алмаған қыздардың обалы өздеріне. Қызды балам деген аталар жылатпасын, оқуға берсін” /А-п. 1911, №12/. Міне ғасыр басындағы қазақ әйеліне теңдік әперуді көздеген публицистің ақжарма ойлары осылай ақтарылады. Мақала диалог түрінде жаңа пішіндік ізденіспен, қалың көпке түсінікті тілмен жазылған. Қаншама қазақ қызы-ның көкейіндегі арман-зарын, үміт-мұңын ашып көрсетеді.
“Айқап” бетінде жарияланған “Абылай” /А-п. 1912, №6/ танымдық очеркі нақты тарихи деректер негізінде жазылған. “Жазу тәртібі” /А-п. 1912, №8/ мақаласында әліпби өзгерту туралы А.Байтұрсынов үлгісін қолдап, қуаттайды. “Адамға тіршілік не үшін керек” /А-п. 1913, №1/ публицистикалық мақаласында Абайдың “Мәз болады болысың…” өлеңін мысалға келтіре отырып, заман, қоғам туралы толғанады. “Эсперанто тілі” /А-п. 1913, №9/ атты мақаласында жер бетіндегі халықтардың бір-бірімен қатынас құралы ретінде пайда болған тілге тоқталады. “Ақырында біздің заманымызда машһүр доктор Заменгоф деген жер жүзіндегі халықтарға бірдей ортақ “эсперанто” тілін ойлап шығарды… бұл тілдің үйренуге оңайлығы сонша: егер бірнеше ай көңіл бөліп үйренген кісі өзінің ана тіліндей болып шығады” /А-п. 1913, №9/, – деп, оқимын, әлемнен сыр тартамын, тіл үйренемін деген қазақ жастарына арзан кітаптарды қайдан алуға болатынына дейін көрсетіп береді.
М.Дулатов публицистикасы қоғамдық зор саяси-әлеумет-тік мәселелерді көтеруімен, қарапайым оқушыға тілінің түсініктілігімен, үлкен проблемалардың шешімін көрсетуімен, ағартушылық, ілгерілеушілік идеяларымен құнды. “Міржақып публицистикасының идеялық қуатын, позиция беріктігін арттыра түсетін және бір жайт – ол елді, азаматтарды үнемі бірлікке, ынтымаққа, өзара көмекке үндеп отырады… Тағы бір тамсандырар нәрсе: Міржақып – мақалдап, мәтелдеп жазудың шебері” [160, 62-63 бб.]. Айта берсек М.Дулатов публицис-тикасының жаңа қырларын да ашуға болады. Жақаң публицис-тикасының жарқырап ашылған тұсы – “Қазақ” газетінде жазған мақалаларынан айқын көрінеді. Оған орайы түскенде, қайта оралармыз.